Гүлнұр СҮЙЕУОВА, Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы: «БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ»
Халық пен атқарушы биліктің сындарлы серіктестігіне ықпал ететін бірден-бір күш – азаматтық қоғам. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялап, азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға да басымдық берген болатын. Соның негізінде үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалды. Азаматтық қоғам институттарының заңнамалық негізі қаланып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Осы ретте атыраулық үкіметтік емес ұйымдардың қоғамның өркендеуіне қосып жүрген үлесі, қызметі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуовамен әңгіменің өзегі болды.
– Кемелденген азаматтық қоғам қалыптасып, сана жаңғыруы үшін азаматтардың белсенділік танытуы маңызды. Ал игі іске бастамашыл болып, өзекті мәселелердің оң шешім табуы жолында үкіметтік емес ұйымдар қоғамның ұйытқысына айналып келеді. Гүлнұр Жалғасқызы, Атырау облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы туралы баяндап берсеңіз.
– Атырау облысында 744 үкіметтік емес ұйым, 18 этно-мәдени бірлестік, 50 бұқаралық ақпарат құралы, 7 партияның облыстық филиалы қызмет атқарады. «Үшінші сектор» атанған үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық диалогтың қалыптасуына үлес қосып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып жүр. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың ішінде қазіргі таңда 150-ден астамы белсенді түрде қызмет атқаруда.
ҮЕҰ азаматтардың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық келісімді нығайту, білім және ғылым, ақпарат, спорт және дене шынықтыру, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, қоршаған ортаны қорғау, гендерлік саясат, басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша жұмыс істеп жүр. Облыстағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық бойынша Кеңес құрылды. Кеңес отырысы жылына екі рет өтеді.
– Қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қаржыландыру жайы қалай?
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау қағидалары негізінде өткен жылы 18 ҮЕҰ 10 бағыт бойынша 61 жобаны қолға алса, биыл 1 255,4 млн. теңгеге 66 жоба бойынша жұмыс жүруде.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптарын айқындауда стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, өңірдің өзекті мәселелеріне, зерттеулердің қорытындыларына басымдық беріледі.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-мен үкіметтік емес ұйымдар үшін жергілікті бюджеттен 2022 жылы 41 071,0 теңгеге сегіз, 2023 жылы 79 363,0 теңгеге 11 гранттық жоба жүзеге асырылды.
– Облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан аймақтағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған Азаматтық орталық ашылғанынан хабардармыз. Бұл орталық ҮЕҰ жұмысын ілгерілету, азаматтық қоғам институттарының өзекті мәселелерін шешу бағытында қандай жұмыстарды атқарып жатыр?
– Иә, 2017 жылдан бастап өңірде Азаматтық орталық ашылып, барлық ауданда өкілдері қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда орталық ҮЕҰ-мен ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жүргізудің басты алаңына айналды.
Азаматтық орталық үкіметтік емес ұйымдарға тұрақты түрде кеңес беріп келеді. 2023 жылы орталықтан 293 кеңес алса, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 383-ке жетті. Орталықпен «Үкіметтік емес ұйым мектебі» жобасы тұрақты өткізіледі. ҮЕҰ мүшелеріне жоба жазу, көшбасшылық, коммуникация және тиімді команда құру және оны басқару дағдысын қалыптастыру бағытында 2023 жылы 13 семинар-тренингке 281 адам қатысса, 2024 жылы сегіз семинарда 100 адам қамтылды.
– Ал үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бағытында қандай жобалар бар?
– Өңірдегі түрлі салада қызмет ететін үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосу, оларды қолдау және бір-бірімен тәжірибе алмасу мақсатында қолға алынған «Белсенді үкіметтік емес ұйымдар ауданда» жобасын атап өткім келеді. Жобаға 80-ге жуық ҮЕҰ қатысты. Алдағы қыркүйек-қазан айларында «QOLDAY» байқауы ұйымдастырылады. 2021 жылдан бері ҮЕҰ қолдау, әлеуметтік жобаларды анықтау мақсатында «QOLDAY» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаға 85 ұсыным түсіп, 15 ҮЕҰ жеңімпаз атанып, 21 800 000 қаржы табысталды. Сонымен қатар ҮЕҰ арасында Атырау облысының «Үздік әлеуметтік жоба-2023» байқауы өтті. Нәтижесінде 10 жеңімпаз 5 аталым бойынша Алматы және Астана қалаларына барып, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, 2021 жылдан бері облыс волонтерлері мен волонтерлік ұйымдарды қолдау мақсатында «DEMEY» облыстық байқауы ұйымдастырылып келеді.
Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша уәкілетті тұлғалардың қызметін жандандыру үшін жыл сайын Атырау облысы әкімі, жергілікті атқарушы органдар басшылары, Атырау қаласы және аудандар әкімдері ҮЕҰ өкілдерімен кездесулер өткізіп тұрады. 2022 жылы 21 кездесу ұйымдастырылып, оған 266 ҮЕҰ өкілі қатысса, 2023 жылы 13 кездесу алаңы ұйымдастырылып, оған 200-ге жуық ҮЕҰ өкілі қатысты. Кездесулер фасилитация форматында өтіп, мемлекеттік органдар тарапынан атқарылған жұмыстары мен жоспарлары тыңдалады. Биыл 21 кездесу жоспарланды. Қазіргі таңда 8 кездесу алаңы ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық ҮЕҰ қатысты.
Атырау облыстық Азаматтық Альянспен бірлесе «Әлеуметтік әріптестік құралдары – өңірдің табысты дамуының негізі» тақырыбында Атырау облысының ХІ-Азаматтық форумы өтті. Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде белсенді ҮЕҰ-дың саны артып, 2022 жылы – 190, 2023жылы – 250 ұйымға дейін өсті.
Сондай-ақ, биыл республикалық форумда атыраулық бес ҮЕҰ «Таңдау» сыйлығына ие болды.
– Өңірдегі ҮЕҰ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстармен қатар ұлттық компаниялар мен халықаралық гранттардың қолдауына ие болып жүр.
– Бұл бағытта атап айтқанда, 2021 жылы – 16, 2022 жылы – 12, 2023 жылы – 30 ҮЕҰ грантқа ие болды (Самұрұқ Қазына компаниясынан «Миялы» мүгедектер қоғамы 81 207 000 тг. грант ұтып алды). 2024 жылы қаңтар-тамыз айы аралығында дейін 15 ҮЕҰ грантқа қатысып, 73 782 000 теңгеге ие болды.
Сонымен қатар азаматтық сектор өкілдері әлеуметтік кәсіпкерлік бағытына бет бұрып, 20-дан астам ҮЕҰ осы салада жұмыс істеп отыр.
Облыс бойынша азаматтық қоғамды дамыту бағытында «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, Азаматтық орталық, «Жастар ресурстық орталығы» коммуналды мемлекеттік мекемелері өз қызметтерін атқаруда.
Жалпы Атырау облысы әкімдігі белсенді жұмыс істейтін ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның, басқа да институттардың санын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын дамыту бағытындағы бастамаларды жаңа деңгейге көтеру үшін жұмыс істеп жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бақытгүл БАБАШ