ҰЛПАН – ЕЛ АНАСЫ
16.08.2024
323
0

Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, академик-жазушы, драматург, қоғам қайраткері, Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов артына мол әдеби мұра қалдырды. Оның шығармашылығында әйел-ана, арулар тақырыбы айрықша орын алады. Сөз зергерінің қаламынан осы тақырыпқа арналған оншақты туындысы дүниеге келді. Шығармаларында қазақ әйелінің, қазақ қызының алуан қырлы образдарын сомдады. Қазақ халқының тарихын терең білген жазушы өз шығармаларында әйел-ананың әлеумет­тік рөлін, қоғамдық мәнін, ұлт­тық, тұлғалық биік қасиет­терін зор шабытпен бейнеледі. Қаламгер 1932 жылы жазушы М.Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» ат­ты екі әңгімесін қазақ тіліне аударды. Адам өміріндегі ең аяулы да құдірет­ті жан туралы аудармасы жазушыға үлкен ой салғаны даусыз. Бұдан соң жазушының «Ашынған ана» (1932 ж.), «Ананың анасы» (1934 ж.), «Ананың арашасы» (1934 ж.), «Ер ана» (1942 ж.), «Ақлима» (1944 ж.), «Әмина» (1965 ж.), «Ана жыры» (1977 ж.) т.б. туындылары оқырманға жол тарт­ты. Оның аналар тақырыбына арналған әңгімелері туралы жазушы, филология ғылымының докторы У.Қалижан: «Жазушы кейіпкерлер тағдырын мейлінше қызық штрихтармен бейнелей отырып, қайсар, қайтпас рух иелері етіп көрсетеді. Бұлардың бәрі де нәзікжандылар болғанымен, рухы күшті, күрескер әйелдер. Жазушы асқақ ана бейнелерін қиын тартыстар үстінде көрсете отырып, қоғамдағы алатын орнын, рухтарының мықтылығы мен анаға тән тамаша қасиет­терін қызғылықты оқиғалар үстінде әсем бейнелейді», – деп тұжырым жасайды. Жазушының әңгімелері 1934 жылы «Ана», 1948 жылы «Ана туралы аңыз», 1982 жылы «Қазақ әйелі» деген атпен жеке кітап болып шықты. «Ашынған ана» әңгімесінің желісімен фильм түсіріліп, 2006 жылы қаңтар айында экранға шықты. Режиссері – Ұлжан Қолдауова. Фильм Алматы маңында экрандалған.
Жазушының ана тақырыбына арнап жазған шығармаларының ішіндегі көлемдісі де, көрнектісі де – «Ұлпан» романы. Туынды 1974 жылы жазылып біткен. Алғаш рет сол жылы «Жұлдыз» журналының 6, 7, 12-сандарында жарияланады, яғни биыл шығарманың жазылғанына 50 жыл толып отыр. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шықты. 1976 жылы роман «Улпан ее имя» деген атпен орыс тілінде «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Аударған – Алексей Белянинов.
Ғ.Мүсірепов өзінің 338-қойын дәптерінде: «Менің Джокондам – Ұлпан. Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, т.т.», – деген екен. Осыдан-ақ Ғ.Мүсіреповтің Ұлпан бейнесін жасауға өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденгені, толғанғаны байқалады. 335-қойын кітапшасында: «– Ұлпан» не жайындағы повесть?» – деп сұрады Снегин.
– «Ұлпан» менің Мона Лизам, – дедім оған», – деп жазған екен.
Сөз зергері сомдаған Ұлпан бейнесі қазақ тарихында ел тағдыры үшін күреске шыққан аналар образының жиынтық үлгісі десе де болады. Роман ХІХ ғасырда болған тарихи шындыққа негізделген. Кейіпкерлері – өмірде болған адамдар: бас кейіпкер Есеней – қалың Керей-Уақтың билігін қолына ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы, батыры. Ұзақ ойланып, байламын бір-ақ кесіп айт­қан, ұры-қарыға өте қат­ты, әділ де қатал би атанған. Ұлпанның әкесі Артықбай батыр – Есенейдің жақын жолдасы, атақты батырларының бірі. Ұлпан ата-анасының тұңғышы әрі жалғызы болғандықтан, өте еркін өседі. 60 жастағы Есенеймен қосылғанда ол бар-жоғы 18-ақ жаста болған. Жар қызығын, перзент қуанышын көрген Есеней көп ұзамай сал ауруына ұшырап, ел билігінің тізгінін Ұлпанға ұсынады. Ұлпан айналасы аз жылда дүйім елге билігін айта алар дана тұлғаға айналды. Қазақ аулында осыған де­йін болмаған монша, қыстық үй салуды енгізу арқылы елге жаңалық әкелді. Ел-жұртының қамын ойлап, мұң-мұқтажын сезіне алған Ұлпан Есенейдің қалың жылқысын қарауындағы елге бөліп береді. Елге жасаған жақсылығы, даналығы, адамгершілігі, адалдығы, парасат­тылығы, өткірлігі, өжет­тігі, тазалығы, әділ билігі жұртқа тарайды, өнегелі ісімен бүкіл сыбан елінің анасы атанады. Ұлпанның осы бекзат­тығын көзі тірісінде бағалай білген Есеней оған өз атын қиып қана қоймай, «Ақнарым» деп те атайды. Өз бойына қашанда азаматын жоғары қойып, ерін сыйлап өткен қазақ әйеліне тән игі қасиет­терді сіңіре білген Ұлпан өзін ешқашан да Есенейден жоғары қоймайды, артық сезінбейді, байлыққа масат­танып, өктемдік жүргізбейді. Өкінішке қарай, шығарма соңында алдымен Есенейден, одан соң қызы Біжікеннен айрылып, өмірде тірексіз қалған Ұлпанның өмірі қайғылы аяқталады.
Осы орайда, көпшілік оқырман біле бермеуі мүмкін шығарма туралы қызықты, қолда бар дерекпен бөлісе кеткеніміз жөн болар. Ұлпанның жан құрбысы, оны арулап өз қолымен қойған Шынар анамыз (өмірдегі шын есімі – Асылтас) – Ғабеңнің ұлы әжесі. Бұл жайында жазушының інісі Екпін Махмұтов өз естелігінде баяндайды («Ғ.Мүсірепов туралы естеліктер», 2012).
Жазушы Ж.Ысмағұлов: «Ұлпан бейнесі – жазушы жүрегінің терең тебіренісінен туған, үлкен жүректің мол сезімінен жаралған, оның барлық мейірі мен махаббатын, қадірі мен құрметін суреткерлік талаптың елегінен өткізіп, әбден екшеп барып, қапысыз мүсінделіп, кемеліне келтіре жасалған бейне», – деп баға берді.
Романның желісімен жазушы, драматург Қ.Ысқақ «Есеней – Ұлпан» пьесасын жазады. Пьеса 1997 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда сахналанды. Қоюшы режиссері – Қазақ­станның халық артисі Б.Омаров. Ұлпанның жас кезін сол кез­де театрға жақында келген актриса, бүгінде танымал әнші Меруерт Түсіпбаева, егде шағын Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі Раиса Мұхамедиярова, Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі Жібек Леубаева сомдайды. Араға 27 жыл салып, биылғы жылдың 28 шілдесінде Ғабең атындағы театрда «Ұлпан» өнерсүйер қауыммен тағы да қауышты. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Мәскеудегі Вахтангов театрынан арнайы шақырылған Гүлназ Балпеисова. Басты рөлдерде: Есенейді Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Серпер» сыйлығының лауреаты Әсет Иманғалиев, Ұлпан бейнесін Мәдениет саласының үздігі Толқын Нұрбекова сомдады.
Осы спектакль қойылар қарсаңында режиссер Гүлназ ханым бастаған театрдың бір топ артистері Ғабең музей-үйінде қонақта болып, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Музей кешенінің аға ғылыми қызметкері Ә.Қайырбековпен жүздесіп, туынды туралы келелі әңгіме өткізген болатын. Премьера күндері Музей кешені театр фойесінде «Ұлпан» ат­ты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Көрмеде Ғ.Мүсіреповтің шығармалары, өмірінен сыр шертер фотосурет­тер, жеке тұтынған зат­тары – сиясауыты мен қаламы, қарындаштары (жазушы шығармаларын қарындашпен жазған), мүштіктері, костюмі, қалпағы, сөз зергерінің күріштен жасалған портреті, жазушыға берілген сыйзат­тар, т.б. құнды жәдігерлер көрерменге ұсынылды.
Спектакль үш күн қатарынан аншлаг­пен өт­ті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен арнайы осы Ғабеңнің «Ұлпаны» үшін келген көрермендердің көптігі көңіл қуант­ты. Бұл сөз зергері шығармаларының әлі де өміршеңдігін көрсетсе керек.

Рашида ОТАРОВА,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің
ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір