Ел дегенде еңiреп, жер дегенде жүрегiн жұлып беретін азамат
19.07.2024
375
1

Қазақта ақын көп. Ақынмын деп жүргендер одан да көп. Талантты деп жүргендерiмiздiң барлығы бiрдей шын ақын емес. Егер ол елiнiң жоғын жоқтай алмаса, мұңын мұңдай алмаса, ұлтының ұлттық құндылықтарын сақтап қалуда батыл қадамға бара алмаса, оның несi ақын?! Әдебиет пен мәдениеттi көкке көтеру үшiн, тiл мен дiлдi сақтап қалу үшiн күреспеген ақынның тiрлiгi – сөзi мен iсi қабыспаған зиянды жанның тiрлiгi. Ел дегенде, жер дегенде, намыс дегенде өзiндiк ұстанымы бар, қалыптасқан, айнымас көзқарасы бар ақын – шын ақын. Сондай шын ақындардың бірі десек те, бірегейі десек те, лайықты тұлға – Қазыбек Иса.

Менi талай ақындар тойларына шақырған. Ел қиналып жатқан бiр кез­дерде еңкейiп-бұғып қалған олардың тойына барғаным жоқ. Ал, Қазыбек 2012 жылы ердің жасы елуге келгенде, тойы сонау шалғайдағы Шардарада өтіп жатса да, мен жүрегімді емдетіп, ауруханадан енді шыққаныма қарамай, арнайы барып, ақ тілегімді айт­тым. Тек тойына барып қана қойған жоқпын, Алматыда «Жалын» журналы редакциясында қаламгер қауымын шақырып, ақын бауырымның арнайы елу жасын атап өтіп, құрметтеп шапан жауып, ақ батамды бердім.
Мен оны тек ақын ғана емес, ел дегенде еңiреген, жер дегенде жүрегiн жұлып бере алатын азамат­тығы үшiн, қайсар қайраткерлігі үшін сыйлаймын. Осындай ұлды туған елді де құрметтеймін, сондықтан сонау Оңтүстікке арнайы барғанмын.
Ақын бұрын ешкім айтпаған сөзді айтуы керек. Мен әйгілі ақын Әбділда Тәжібаевқа: «Сіздің бар кітаптарыңызды ақтарып, екі-ақ жол таптым», – деп едім, ол кісі ренжіп қалды. Сонда: «Ойбау-ау, басқа ақындардан ондай екі жол да таппадым», – деп көңілін аулап кеттім. Ал Қазыбек Исаның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Сыртолғау» жыр кітабында ойы терең, тілі бай, көркемдігі күшті үздік өлеңдер молынан жетіп артылады. Афоризмге айналар айшықты жолдар жадыңда жатталып қалады.
Мысалы:
«Бақытсыздар көп ойлайды
Бақытын,
Бақыт деген – БАҚЫТ
жайлы ойламау!» –
деген өлеңі маған ерекше қатты ұнады. Бұл – бұрын айтылмаған тың тұжырым, соны жаңалық.
Маңдайын күйге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген,
Қайран ел, қазақ ақысын,
Қайтару үшін жүрмін мен!.. –
деген асқақ сөзді айту үшін де арыны мен дарыны келіскен өр ақын, шын ақын болу керек!
 Немесе:
Шаңыраққа баладық Күндi биiк,
Бiр Құдайға ден қойдық бiрлiк ұйып.
Топырағыңды басқанда жалаңаяқ,
Тұла бойға туған жер нұрды құйып,
Алтын жұққан табаным
тұрды күйiп… –
деген туған жерге ғашық, тұнық сезімді мұндай керемет теңеулер, кестелі тіркестермен жырлау кез келген ақынның қолынан келмейді. Бұндай маржан жолдарды ақынның аузына Алла ғана салады.
 Ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа нағыз лайықты туынды деп білемін. Егер бүгінде біз аңсаған әділет­тік орнаған болса, онда Қазыбектің аты аламанда алдымен келіп, ақ маңдайы жарқырауы керек деп сенеміз.
Ақиқат үшін күрескен ақын бауырымды Алла қолдасын!

Мұхтар ШАХАНОВ, 
Қазақстанның Еңбек Ері,
Қазақстанның Халық жазушысы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.07.2024 | 21:08

Мұқтар аға, аман жүріңіз. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір