Елдің жақсы болуы – әкімінен
28.06.2024
105
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру» мәселесін көтеріп, ортаға орамды ой тастаған еді.

«Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мәселен, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзіреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», – деген болатын ел Президенті халыққа Жолдауында.
Әр адам өз ұшқан ұясының, өскен, өмір сүріп жатқан ортасының гүлденіп, дамығанын қалайды. Демек, ауыл әкімдерін сайлау – халықтың іскер, сол округті көркейтуге білімі мен білігі жететін кандидатты таңдау құқығы әрі өз болашақтарын қалыптастыруға деген сенімдері деп түсінгеніміз абзал. Сондай таңдаудың нәтижесінде ауыл әкімі болып сайланып, ел үмітін ақтап отырған азамат­тың бірі – Ердос Бауыржанұлы.
Ол 2023 жылдың 10-желтоқсанында халық таңдауы бойынша Алматы облысына қарасты Райымбек ауданы Қақпақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Екі елді мекеннен құралған аумақта 2569 халық тұрады. Халық таңдауына түскен 3 үміткердің арасынан үздік деп танылып, бүгінде халықтың қолдауына ие болған Ердос Сайынов ел үмітін ақтауда елеулі еңбек етіп келеді.
«Жарты жылдан астам уақыт аралығында түрлі қиындықтарды да, маңызды мәселелерді де халықпен ақылдаса отырып шешіп келеміз. Маған сенім артқан ел-жұрттың үдесінен шығу үшін қолымнан келген шаруаны жылдамдатып шешуге, бастаған ісімді аяқсыз қалдырмауға тырысамын. Кейбір мәселеде ауыл ақсақалдарына жүгініп, ақыл-кеңес сұрайтын кездерім де болады. Ауылдағы мәдени-әдеби ортаның жұмысына, жеткіншектерді спорт саласына баулу, ауыз су, жол, басқа да түйткілді мәселелердің түйінін шешу мақсатында халықпен тығыз байланыс орнатып, туризм саласын дамытуда, кәсіпкерлікті жандандыруда халықпен бірге жұмыла жұмыс істеп жатқан жайы­мыз бар», – дейді жас та бол бас болып отырған Ердос Бауыржанұлы.
«Әннің жақсы болуы – мәтінінен, елдің жақсы болуы – әкімінен» демекші байтақ еліміздің әр өңірінде Ердос секілді ел үшін аянбай еңбек етіп, Отанымыздың көркеюіне, дамуына, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына үлес қосар жастарымыз көбейсе еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ болары хақ.

Айнаш ӘЛДИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір