Референдум – халық талқысы
21.06.2024
128
0

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді дана халқымыз. Мемлекеттік аса маңызды мәселелерді халық болып келісіп, өзара ақылдаса отырып шешудің басты тетігінің бірі – референдум.

Елдің бүкіл аумағын қамтитын референдум талқысына республикамыздың Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу, мемлекеттік өзге де аса маңызды мәселелер шығарылуы мүмкін. Референдумға өзіндік қалауы бойынша қатысатын әрбір азамат жалпыхалықтық талқыға ұсынылған мәселеге қатысты өз қолдауын иә қарсылығын дауыс беру арқылы білдіріп, өз ұстаным-пікірінің мемлекет үшін маңызды екенін түсінеді, еліміздің ертеңі үшін әр адамның жауапты болмағын сезінеді. Ата Заңға өзгерістер енгізу жөніндегі соңғы референдум еліміздің саяси өміріндегі осындай айрықша мәні бар тарихи оқиға болды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІ сессиясында референдум маңызды дип­ломатиялық институт екенін айтып, «Конституцияның республика жұртшылығының дауыс беруі арқылы өзгеруі халықтың еркін білдірудің айқын көрінісі деп атады. Президенттің айтуынша, түзетулердің мақсаты – «жаңа мемлекеттік үлгіге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшу. Бұл сапалы ауысуды Екінші Республика деп атауға болады». Осыған орай жұртшылық назарына ұсынылған конс­титуциялық реформалар қоғамда қызу талқыланған болатын.
Президент бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар барысы халықтың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығының көрінісі деп айтуға болады. Республикамыздың жаңа даму кезеңіндегі саяси реформалар Ата Заңға өзгерістер енгізумен басталды. Елімізді жан-жақты жаңғырту жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылмақ. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамалық реформа жүргізу міндетін алға қояды.
Осы ретте мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат­ты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасатынын, басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетінін атап айтты. Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі. Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрінің мақсаты – жаңа, әділетті Қазақстан құру. Барша жұрт дауыс беріп, қолдаған конституциялық реформалардан халық күткен, үміт еткен нақты нәтиже де осы.
Айта кетейік, референдумның негізгі екі түрі бар. Бірінші, резолютивті референдумда қабылданған шешім ешбір қосымша бекітусіз бірден мемлекет аумағында міндетті күшіне енеді. Оның күші жаңа референдумда ғана жойылады. Екінші, консультативтік мәндегі референдум халықтың белгілі бір маңызды мәселе жайындағы пікірін білу үшін өткізіледі. Оның қорытындысы өкімет үшін міндетті болмайды. Елімізде референдум өткізу туралы шешімді мемлекет басшысы қабылдайды. Референдум республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы референдум 1995 жылы өткізіліп, халық бірауыздан Ата Заңды қабылдады.

Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір