«Қара қағаз»
13.05.2024
254
0

2024 жылғы 3 мамырда Қазақ­стан Республикасының Ұлт­тық кітапханасында белгілі суретші, журналист, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Нұразханның «Қаһарман Қасым» ат­ты кітабының тұсаукесер рәсімі өт­ті. Қазақ­станның Халық қаһарманы, даңқты партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің жеке хатшысы қызметін атқарған Еркін Нұразхан бұл кітабында батырдың өз аузынан естіген әңгімелері мен қоғамдық мәселелерді көтерген хат­тарын және сол уақыт­та жазылған өз күнделігінен үзінділер мен баспасөз бет­терінде жарық көрген мақалаларын топтастырған. Сондай-ақ Қасым Қайсеновтің өмірлік жары Асылхан Қабышқызының жазбалары да қаһарман бейнесін толықтыра түскен.

Шараның модераторы: Қазақ радиосы Алматы студиясының жетекшісі, ақын, журналист Бақыт Жағыпарұлы. Жиынды ҚР Ұлт­тық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы құт­тықтау сөзбен ашты. Сонымен қатар Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д. профессор Кенжехан Ісләмжанұлы, Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, белгілі журналист, профессор Марат Тоқашбаев, жазушы, журналист Қали Сәрсенбай, ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, жазушы, ғалым, ф.ғ.д. Нұрдәулет Ақыш және т.б. зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Халық қаһарманы, батыр Қасым Қайсенов туралы жазылған «Қаһарман Қасым» ат­ты кітаптың мәні мен маңызына тоқталды.
Қатысушылар: ақын-жазушылар, суретшілер, замандастары, ҚР Мемлекет­тік күзет қызметі қызметкерлері, Алматы мемлекет­тік көлік және коммуникациялар колледжі студент­тері және т.б.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында осы кітапқа енген Қасым ағаның өмірлік жары болған Асылхан Қабышқызы Қайсенованың жазбаларынан «Қара қағаз» деген естелік-толғанысын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Редакция

«Ұлы Отан соғысының біткеніне 60 жыл толды», – деп газет-журналдар, теледидар хабарлай бастады. Бұл – апат кезінде өмір сүрген адамдардың ескі жарасының аузын тырнап, өткен өмірде көрген қиыншылықты, қайғы-зарды еске түсіретін жағдай.
Біздің туған-туыстардан Қасыммен бірге туған екі қайын сіңлімнің күйеулері, Қасымның ағасы, менің екі сіңлім мен апайымның күйеулері соғыс басталысымен майданға кет­ті. Немере қайын сіңілім – Алтын әне-міне тұрмысқа шығам деп отырғанда жігіті майданға ат­танып: «Ленинградқа келіп түстім», – дегеннен кейін еш хабар болмады!
Соғысты еске алғанда менің көз алдыма «қара қағаз» елестейді. Өйткені соғысқа кеткен азамат­тардың көбінен «қара қағаз» келді. Тек қайын ағам ғана жараланып, мүгедек болып елге оралды. Ал екі қайын сіңлімнің күйеулерінен «қара қағаз» келгенде, екеуінің қайғы-зары ерекше болды. Күндіз-түні жылау, оған Қасымды күтіп жүрген мен қосылам және немере қайын сіңілім Алтын қосылады. Сөйтіп, күнде кешке бәріміз жиналып жылауды бастаймыз. Бізге шешелеріміз қосылады.
Осылайша «қара қағаз» десе, жүрегіміз дір ете қалатын халге жет­тік. Пошташы да сол қайғылы хабардың бәріне өзі кінәлі адамдай: «Ана үйге «қара қағаз» келді, не деймін, қалай апарамын», – деп қиналатын еді.
«Қара қағаз» толастамады. Біреу­дің – «Қайран әкем-ай!», екіншісінің – «Жалғызым-ай!», тағы біреуінің – «Құдай қосқан қосағым-ай!» – деген зарлауы жер-көкті күңірент­ті. Ол үйлерге бару қиын. Тіпті кейде сол үйлердің қасынан өтіп бара жатсаң, зарлаған дауыстар жүрегіңді сыздатады. Әсіресе қарт аналардың дауыстарын естігенде дүниеге бекер-ақ келген екенбіз деп өкінгендей боласың.
Адамның қайғысында шек жоқ екен, оны сөзбен айтып жеткізу қиын.
Біз – Сақыпзада, Шәмшия, Алтын және мен күнде жылауды әдетке айналдырдық. Сілеміз қатқанша жылап, ақыры бір-бірімізді уатып, Гитлерді қарғап, өшімізді аламыз.
Сөйте-сөйте «қара қағаздың» өзін жазалайтын болдық. «Қара қағазды» қалай болса, солай жібере салатындай көрінеді. Оны алғандардың кейбіреулерінің күйеулерінен, балаларынан хат келіп жатыр», – дейді деп бір-бірімізге тоқтау айтып, жұбатуға көштік. Сөйтіп, күйеулерімізді соңғы адрестері бойынша іздеуге кірістік. Іздеу хатымызда: «Өлгендердің, хабарсыз кеткендердің тізімінде жоқ. Спиранский», – деген жауап келеді. Бұл жауаптың анық-қанығын байқау үшін мен госпитальда жаралы болып жатқан қайын ағамды іздеп (адресі белгілі еді) хат жолдадым. Сол баяғы Спиранский дегеннен бұрынғыша жауап келді. Енді оның жазған жауаптарының көбі көңіл алдау қағазы екеніне көз жеткізе бастадық.
Ашығын айтқанда мен атаған қыздардың бәрі де онша бақыт­ты болмады. Кейін кейбіреулері тұрмыс құрған болды. Оңашада алғашқы махаббат­тарын еске алып, көз жасын төгетін еді.
Ал Алтын болса, жігітін соғыстан кейін екі жыл күт­ті. Әбден күдерін үзгеннен кейін, йод ішіп өлді.
Сол сұрапыл жылдардағы жылағандардың көз жасын жинаса, үлкен бір көл болар еді… Сондағы қайғы-қасірет тартқандардың тақсыреті кейінгі ұрпақтың есінде жүретіндей ескерткіш-көл орнатса да артықтық жасамас еді-ау!
«Қара қағаз» соғыс уақытында атқарған «айласын» кейін тағы өзгерт­ті. «Өмір – әрі қызық, әрі күйік» деген осы болар. Азамат­тарын зарыға күтіп жүрген қыз-келіншектердің кейбіреулері сол адал сағыныштан опық жеді. Майданнан аман оралғандардың кейбіреулері: «Біз соғысып келдік», – деп арақ ішуге кірісті. Әрине, күндіз-түні арақ ішкеннен үйде не береке қалады. Ұрыс естіп, таяқ жей бастаған келіншектері: «Мұндай өмірі құрысын, онан да бұдан бұрынғы жақсы қылықтарын мәңгі еске алып, «қара қағазын», аруағын аялаған бұрынғы күнім жақсы екен», – деп жылайтын күйге түсті.
Менің де мінезім мақтарлық жан емеспін. Шәрбану деген немерелес сіңілім болды. Соның құда баласынан «қара қағаз» келіп, «күтіп отырған келіншегі қат­ты жылап, есінен танып қалыпты, – деп естіген едім! Одан кейін «ел құлағы елу» деген «Шәрбанның құдасы тірі екен, хат келіпті», – деп дүрліктік. Біз де, оның отбасы да атың өшкір «қара қағаз» хабарының өтірік болғанына қуандық!
Сөйтіп жүріп соғыс бітер-бітпесте тағы бір хабар естідік. «Шәрбанудың сол кұдасы орыстан әйел алып келіп, күтіп отырған келіншегін қуып жіберіпті», – десті. Біраз уақыт өткеннен кейін Шәрбанудың үйінде қонақта отыр едік, әлгі құдасы екі бірдей орыс әйелін ертіп, кіріп келді. Алған әйелі бір кемпірдің жалғыз қызы екен. Біздің құданың елі есіне түсіп, Қазақ­станға қайтуға жолға шыққанда, әйелі жалғыз шешесін тастамай ала келіпті. Келіншегі – өзінен ұзын, сап-сары, сиықсыздау біреу. Үріп ауызға салғандай әдемі келіншегінен безінген жігіт­тің топастығына қынжылдым. Екі етегі жасқа толған көркем де көрікті қазақ әйеліне аянышым бұрынғыдан да арта түсті. «Біреу қойға айналса, біреу тойға айналады», – деген ғой! Құда бала – жігіт­тің бар «олжасы» осы екен!..
Сол кұда соғыстағы жасаған керемет ерліктері мен көрген қиыншылықтарын әңгімелеп, отырғандарға дес бермей жүрді. Бірде мен тыныш отыра алмай, әлгі жігітке: «Қарағым-ай, сонау Украинадан осында әкелген билетіңнің құнына тұрмайтын біреуді қайдан таптың? Не өңі, не көркі жоқ», – дегенім ғой. Шәрбану сіңілім жаратпай қалды. Жігіт ешнәрсе дей алмады.
Есімнен кетпейтін тағы екі оқиға бар. Неміс тілінен сабақ беретін бір неміс әйел болды. Ол біз түсінбейтін бірдеңелерді айтып, дода-додасы шығып, әбден шаршағанша жылайтын. Бір күні жайлап, жанашырлық білдіріп: «Қат­ты жылайсыз, денсаулығыңызды ойласаңызшы», – деп оны сабырға шақырдым. Ол өзінің жағдайын айт­ты. Еділ бойындағы немістің әйелі екен. Күйеуін майданға алып, өзін Қазақ­станға жіберіпті. Өте аянышы-ақ. Бөтен жер, бөтен ел, ол аңырамай кім аңырасын. Кейін бәріміз оған жанашырлық білдіріп, кейде бірге жылайтын болдық.
…Екінші есімнен кетпейтін оқиға: 1944 жылы Алматыға 3 айлық курсқа келіп, Бақтыбай деген қайнымның үйіне түстім. Оның үйімен қабырғалас орыстың шал-кемпірі тұрады екен. Шалы кеңкілдеп, кемпірі айқайлап күнде жылайды. Тіпті күндіз жылағаны аз болғандай қарт ана түн ортасында:
– «Сынок, сыночек», – деп зарлағанда адам шыдап тұра алмайды. Бір күні ол кісіден: «Неге сонша жылайсыз?», – деп сұрадым. Оның жалғыз ұлы Қара теңізде әскери теңізші болып қызмет еткен екен. «Қара қағаз» келіпті.
Мен өмірімде жылаған жандарды көп көрдім. Өзім де құр қалғаным жоқ. Осы күнде ойлаймын, сонша қайғыру – біздің надандығымыз ба, әлде адалдығымыз ба? Топас, мәдениетсіздігіміз бе? Өйткені осы күнде еш қайғырмай-ақ айырылыса салады. Бір күйеуден екінші күйеуге шыға салады, не болмаса бірнеше рет үйленеді. Оларға бәрі оңай, көйлегін ауыстырып киген сияқты. Еш қайғы-қасірет жоқ. Соған қарағанда бұл өте «мәдениет­ті», «өркениет­ті» болғандықтың белгісі ме деп ойлаймын.
Соғыс уақытында 3-4 баламен жесір қалған қазақтың әйелдері 100 грамм нанды бөлісіп жеп, балаларын әкесіз-ақ адам етіп өсірді. Сол балалардан небір жақсы мамандар, ақын-жазушылар шықты. Олар өте инабат­ты, мейірімді болып өсті.
Құдайға шүкір, қазір 100 грамм нанды бөліп жеп отырған отбасы жоқ. Ал кейбір қазақ қыздары ішінен шыққан нәрестені неге көң-қоқысқа тастап жатыр?
Кейбір «азамат­тар» ақша үшін әке-шешесін, туған-туыстарын өлтіріп жатыр. Еліміздің келешегі – асыл қазынамыз балаларды шетелге сатып, ұялмай ақшаға құнығамыз!
Атам қазақ: «Балалы үй – базар», «Бала тумаған әйелден, лақты ешкім артық», «Құдай баламды алғанша, өзімді алсын», – дейтін еді ғой.
Адамның ең асыл қасиет­терінің бірі – махаббатпен тең тұратын намыс. Біз сол қасиет­терді жойып алдық. Амал не, қазақы әдет-ғұрыпты – надандық, мәдениетсіздік деп түсінетін болдық.
Осыншама азғындық қайдан келді? Көп жағдайда көгілдір экран кінәлі. Ол жастарға қат­ты әсер етеді. Ашып қалсаң, жалаңаш әйелдер, кісі өлтіріп жатқан бұзықтар. (Шетел киноларының ешбірінде еңбек етіп, адал қызмет етіп жүрген адамдарды көрсетпейді). Қазақтың «көргені жаман» деген сөзі осыдан шыққан ғой. Жастар көргенін істейді.
Қорыта айтқанда, біз соғысты тек қарумен ғана жеңгеміз жоқ. Бізде отаншыл патриот­тық сезім, ұлт­тар достығы күшті болды. «Отан отбасынан басталады» дегендей, әр отбасында адал, саналы, еңбеққор, мейірімді, өте төзімді адамдар болды. Мәселен, соғыс кезінде Еділ бойынан, Кавқаздан келген адамдарды қазақтар құдасы келгендей қарсы алды. Ең жақсы бөлмесін босатып берді, аз ғана тамағын солармен бөлісіп ішті. Олардың қайғысына ортақтасты.
Қазір екі сөзіміздің бірі – Батыс, Америка, солардан үйрену керек дейді. Барлық бұзақылық қырық рудан жиналған Америкадан шықты. Ұятсыздық, мейірімсіздік, ұрлық-зорлықты біз солардан үйреңдік. Солар бізді әбден бүлдірді. Ал, керісінше, олар адамгершілікті, мейірімді, барлық жақсы қасиет­ті, бізден – қазақтан үйренуі керек еді.
Әсіресе қазақ әйелдері өздерінің махаббатқа адалдығын, еңбеққорлығын, мейірімін паш ет­ті.
«Қара қағаз» алып, күйеулері соғыстан қайтпай қалған қазақтың келіншектері ата-енесімен өмірін бірге өткізіп, сол үйдің азаматына айналды. Ата-енесін бақты.
Жұбан Молдағалиев: «Мен қазақ әйеліне қайран қалам», – деп, бекер жазбаған ғой. Шіркін, ақын-жазушылар соғыс кезіндегі қазақ әйелдерінің бейнесін сомдауға мән берсе, артық болмас еді.

Халықтың Қаһарманы,
Батыр Қасым!
Беліне ел намысын – түйген Қасым!
Жауына жай оғындай – тиген Қасым!
Көз жұмған ерлігіне,
Елін қорғап,
Карпаттың тауы басын –
Иген Қасым!
Марфуға

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір