ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ – ІЗГІЛІК пен МЕЙІРІМДЕ
27.04.2024
1320
1

       Қазіргі қазақ балалар әдебиетінен проза жанрында 2023 жылы шыққан кітаптардың бәрі дей алмаймыз, бір тобы қолымызға тиді.

Аты айтып тұрғандай, проза – көркем әдебиеттің ең сүйекті жанры. Өз кітабыңды прозалық кітап деп атау үшін ең алдымен жазушының өзі: «Жанр тазалығын сақтадым ба? Осы менің жазғаным көркем проза ма? Жоқ публицистикалық, беллетристикалық естелік пе, болмаса жай мақала ма, сұхбат па?» – деп ойлануы қажет. Сол сұраққа әділ жауап тапқан кезде, кітаптың жанры да айқындалады. Деректі проза мен көркем прозаның ара жігі ашылады. Жазушының осы бастапқы шешімі көркем әдебиетке деген адалдықтың да кілті болмақ.
Осы тұрғыдан алғанда алдымен белгілі балалар жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайымның «Фолиант» баспасынан шыққан «Ақ кептер» атты әңгімелер, ертегілер, хикаяттар жинағынан бастап сөз еткенді жөн көрдік. Кітап «Абай жолы» кітапханасы сериясымен шыққан, 352 беттен тұрады. Таралымы – 500 дана. М.Әуезовтің: «Шағын шығармамен де шалқар шындықты танытуға болады», – деген тұжырымына Толымбек Әбдірайымның қысқа да нұсқа, тілі бала ұғымына жеңіл, ғибратты ойға құрылған шағын әңгімелерін оқи отырып көз жеткіземіз. Мәселен, «Ақ кептерге» жаралы кептерді «ветеринар» дәрігерге ота жасатып, жазылғанша күтіп-баққан баланың өнегелі ісі арқау етілсе, «Құстың ұясындағы» құстарға ұя жасаған екі достың әрекеті, «Көпеннің көпіріндегі» өзі білек сыбана бастап, сынған көпірді жөндеуге ауыл балаларын жұмылдыра білген Көпен есімді баланың көшбасшылығы, адамгершілігі – кімге де болса үлгі.
«Қырық мың теңге» әңгімесінде немересін дұрыс жолға бағыттаған қарияның тәлімі бейнеленген. Балабақша арқылы тілі орысша шыққан бала қазақ сыныбында оқып жүріп қатты қиналады. Алғашында қазақ сыныбына өз еркімен барған оқушы қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмай, кітап оқи алмай қиналып, орыс сыныбына көшпек болады. Мұны естіген атасы немересімен жақсылап сөйлесіп, шағымын тыңдап болған соң немересінің жігерін жанып, намысын оятып: «Қазақ тілі – өз ана тілің, күш салып, ынта қойсаң, әлі-ақ меңгере аласың», – деп ақылын айтады. «Мен саған сенем, балам. Бірінші сыныпты әлі үздік бітіретін боласың. Сол кезде мен саған сыйлық ретінде 40 мың теңге беремін», – деп жігерлендіреді. «Шын айтасыз ба, ата? Мен ол ақшаға велосипед сатып аламын онда», – деп немересі атасының ұсынысына қуана жауап береді.
Атасының жігерлендіруінің арқасында кішкентай Досымжан сабақтан тыс уақытта қазақша кітаптарды көп оқиды. Нәтижесінде шынымен-ақ бірінші класты үздік бітіреді. Атасы уәдесінде тұрып, немересіне қырық мың теңге сыйлайды.
Кітаптағы «Екі достың ерлігі», «Мөлдір бұлақ», «Үпілмәлік», «Қоңыр қозы», «Күрең бие», «Әуелеп ұшқан тырналар», «Ормандағы оқиға», «Сәдібектің саябағы», тағы басқа әңгімелер жас ұрпақты экологияны аялауға баулиды. Қаламгер кейіпкердің шынайы әрекет, түсініктері арқылы қысқа да ұтымды детальдарды пайдаланып, бала жанына жақын шығармалар тудырады.
Осы кітаптың «Қиял қанаты» деп аталатын үшінші бөлімінде 12 ертегі топтастырылған екен. Т.Әбдірайымның ертегі кейіпкерлері де оқырманды өз әрекеттерінің оң не терістігі арқылы өмірлік қорытынды жасауға жетелейді. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтықтан» тәкаппарлыққа ұшырап, адасып табылған «Тарғыл мысық», алды-артын ойланбай жаңалығына, жастығына мастанған «Мақтаншақ сары сағат», «Қызғаншақ арпа», жалқаулықпен дос болған «Берден баланың хикаясы», т.б. ойлы ертегілердің қай-қайсысы да өмірде кездесетін жайттарды сөз етеді. Құрғақ насихатпен емес, астарлап айтылған мысал ертегілер нанымды әрі бала танымына ұғынықты шыққан.
«Ана аманаты» ертегі-хикаятында да автор ізгілікті мұрат еткен. Ертегі-хикаят­тардың тілі көркем, қай-қайсысы да қиял-ғажайып, фэнтези үлгісінде жазылған.
Осы – 2023 жылғы қазақ балалар әдебиеті прозасына қосылған сүбелі шығарма ретінде балалар әдебиеті тақырыбына көптен қалам тартып, өндіріп жазып жүрген қаламгер Қанат Қайымның «Патшалар алқабына саяхат» көркем-деректі, тарихи, этнографиялық, танымдық романын айтуға болады. Кітап 2023 жылы «Ол-Жас» баспасы ЖШС-інде шыққан.
Жазғы демалыс кезінде алматылық оқушы бала Берден археолог атасы Әбдеш Ташкенұлының 50-мерейтойлық археологиялық экспедициясына қатысу үшін жолға шығады. Ата мен немереге жолсерік боп сапарға шыққан тағы бір ғалым ата – Егісбек-Епекей қария. Шәкірт бала Берденнің алғаш рет туған өлкеге саяхат­таудан алған әсері оқырманды да бейтарап қалдырмайды.
Қазірдің өзінде мектептерде тек қазақ тарихы оқытылады. Оның өзінде тәуелсіз Қазақстан тарихы кеңес заманындағы қысқарту, бұрмалаушылықтан адаланып, қайта зерттеліп жазылуда. Ал этнография, археология, топонимика, архитектура, геральдика, сфрагитика деген ғылым салаларын мектеп шәкірттері түгілі ұстаздардың терең білуі екіталай.
Осы ретте, негізінде кәсіптік бағдар беру мектептен басталуы тиіс, қызықты кәсіптер: туған жер тарихын зерттеу, өлкетану, археология, этнография, топонимика ғылымдарынан мол энциклопедиялық мәлімет алуға болатын мазмұнды кітап дүниеге келгенін айтуға тиіспіз. Автордың жай ғылыми баяндау емес, кейіпкерлердің жол-жөнекей өзара әңгімелесуі, сұрақ-жауап тәсілдерін пайдаланып, оқырманның әдеби зердесін тосын тақырыппен шым-шымдап, тереңдете байытуы ұтымды шыққан. Бір байқағаным, материал өте мол. Бір кітап емес, бірнеше кітапқа арқау боларлықтай дүниелер қамтылыпты. Тақырып та – тосын, зәру. Сондықтан алдағы кезде танымдық романдағы кесек, іргелі ақпараттарды ары қарай таратып, кітаптың жалғасын жазуға болатындай. Қаламгер Қанат Қайым өзі қолға алған тың тақырыбын әлі де дамыта береді деп сенеміз. Жастарды отансүйгіштікке, ел-жер тарихын білуге баулитын көркем деректі шығарманың маңызы зор.
Дәл осы қалпында да кітап – басталуы, негізгі бөлімі, қорытындысы бар, құрылымдық жағынан басы бүтін, толыққанды танымдық туынды. Әр мектеп кітапханасында болуға тиіс, ұстаздардың оқушыларға тарих, археология, өлкетану пәндерін оқытуда көмекші құрал ретінде пайдалануына лайық. Кәсіптік бағдар беруші мекемелер үшін де тиімді көрнекілік құрал.
Қандас қаламгер Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Өсиет» атты кітабы «Runа» баспасынан мемлекеттік бағдарламамен шыққан екен. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде прозалық әңгімелер мен хикаят жинақталған. Екінші бөлімде өлеңдер топтастырылған.
Автордың «Ақ бота» әңгімесі арғы бетте жүргенде жазылған. Шекарадан кездейсоқ өтіп кеткен ботаның боздаған үні, мына жақта ботасын іздеген тұмса інген қасіреті шекара заңының қаталдығын көз алдыңа келтіреді. Адам түгілі үй хайуанаттары, жан-жануарға да оңай тимейтін шекара заңдары кім-кімді де бейжай қалдырмайды.
«Өсиет» әңгімесінде өмір бойы ешкіммен араласпай, тек бір өзі, жалғыз тұрып, мал-мүлік жинаған Байқоныс қайтыс болғанда ел-жұрт ол кісіні о дүниеге арулап жөнелтуге өз мал-мүлкі артығымен жетеді деседі. Марқұмның соңында қалған дүние-мүлкін тексергенде Байқоныстың әкелік өсиет жазып қалдырғаны белгілі болады. «Нүрпия деген ақ некелі жарыммен ажырасқан болатынмын. Ол төркініне іштегі баламен кетіп, аман-есен босанған екен. Өзі сол бала үстінде қайтыс болады. Балам Қазақстанда. Аман-есен туған елге бір келер болса, балама табыстайын деп бар жиған-тергенімді тұяғыма арнадым. Сандығымда 10 мың доллар бар. Соны балама табыстаңдар. Әкелік қарызымнан құтыла­йын. Артымды үнемшілдікпен жөнелтіңіздер, ағайын», – деп жазылған өсиет-аманатта. Жалпы, қандас бауырлардың қаламына тән ауыр тағдыр, сағыныш сазы мұнда да байқалады. Қарапайым азаматтың өзі көрмеген перзентіне деген қамқорлығы риза етеді. Отанымыздағы алимент төлеуден қашатын кейбір әкелер еріксіз еске түседі.
«Үрей» әңгімесіндегі әкейдің жазықсыз құрларға тұзақ құруы, аңқау құрлардың жаппай тұзаққа түсіп, жан тапсыруы, мұны көрген кішкене баланың психологиялық шошымалы дертке ұшырауы ойландырады. Табиғатқа қиянат жасау зауалсыз кетпейтіні рас екеніне көз жеткіземіз. Ал мына «Жаутоғайдың мәңгүрті» әңгімесіне арқау болған қатыгездік жүректі ауыртады екен. «Соқыр қораздың соңғы тағдыры», «Ақ қоян» әңгімелері де – осындай қатыгездік мысалында жазылған дүниелер. «Әдебиет – ардың ісі», «кітап – тәрбие құралы» десек, осындай жабайы қабандарды жантүршігерлікпен азаптау әрекеттері туралы әңгіме балалар әдебиеті деп айдар тағылған кітапқа жарияланғаны артық деп есептеймін. Өйткені біз жас ұрпақты қатыгездік мысалдарымен емес, мейірім, ақыл, өнеге, сабырлы мінез иірімдерімен тәрбиелейміз.
Автордың «Көкектің балапаны» әңгімесінде шетелге сатылған жетім бала тағдыры суреттеледі. «Домалақ ана әжем сияқты екен», «Ұлыстың ұлы күні», «Отамалы», «Айдана ауылда», «Әкемнің жүрегі», «Арманның панасы», т.б. әңгімелері – бала танымына жақын, ізгілікпен тәрбиелеуге арналған дүниелер. Осындай парасатты әңгімелерді тереңдетіп жазуға қаламгердің тілі де, пайымы да жетеді деп ойлаймын. «Бақыттың атасының айтқандары» атты хикаят-аңыз желісімен құрылған, бала танымына түсінікті, көркем дүние. Қаламгер Тұрсынәлі Рыскелдиевтің болашақта осындай ізденістері көп болса екен дейміз.
ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Алтыншаш Жақиянова кейінгі жылдары балаларға арнап прозалық шығармалар да жазып жүр. 2023 жылы «Мереке» баспалар үйі ЖШС-нен шыққан «Апа, сені сағындым» повестер мен әңгімелер, хикаят­тар жинағында жарық көрген «Апа, сені сағындым», «Өміршең өрен» хикаяттары – өмірден алынған шынайы шығармалар.
«Апа, сені сағындым» повесінде, атының өзі айтып тұрғандай, ата-анасы ажырасқан отбасындағы психологиялық ахуал бала мінезіне қатты әсер ететіні өмірлік мысалдар арқылы бейнеленеді. Толық емес отбасында өсу шынымен-ақ жасөспірім баланың өмірін өксітетіні жасырын емес. Екі отбасының бірі ажырасып жатқан қазіргі қоғамда бұл – тәрбиелік мәні бар өзекті тақырып.
«Өміршең өрен» хикаяты Семей полигонының зардабын тартқан жас сәбидің тағдырына арналған. Ядролық сынақ жарылыстары – XX ғасырдағы қазақ қасіреті екені күллі әлемге аян.
Арқасында жұдырықтай томпақ қалы бар нысаналы бала Қалдыбайға кішкентай кезінде күрделі ота жасатып, ата-анасы перзентінің тірі қалуы үшін күресіп бағады. Кішкентайынан ата-анасының көмегімен, кейін өзі жанкештілікпен күресіп, толыққанды азамат, тұлға, білікті маман, кәсіпкер дәрежесіне жеткен Қалдыбайдың өмірі – жастарға өнеге деуге, позитивті қаһарман бейнесі деуге әбден лайық. Әдебиетімізде осындай қарапайым халық арасынан шыққан шынайы қаһармандар көп болсын.
Жазушы, публицист Дәулет Сейсенұлы­ның «Алгорифм» баспасынан шыққан «Жеті жұлдыз» кітабы «Бала тілі – бал» айдарымен топтастырылған балдырғандардың ой-тұжырымынан тұрады. Әулет­тің атасы – автор Дәулет Сейсенұлының ұтқан жері әр немересіне, яғни жеті немере, жиеніне жеті бөлім арнап, қызықты лебіздерін топтап шығарыпты. Тәрбиелік мәні бар, балалардың әрқайсысының қалыптасып келе жатқан мінез қырларынан хабар беретін кітап отбасылық суреттермен толықтырылған. Кітапшаның отбасылық, әулеттік бала тәрбиесінде тәлімдік-тәрбие­лік, өсиет-өнегелік мәні зор.
Прозашы Маркиза Базарбаеваның «Мен сені сүйемін, өмір», «Өгей» атты роман, әңгімелерден тұратын қос жинағы жарияланған екен. «Өгей» романының демеушісі – «Бибі-Ана» қайырымдылық қоры. Маркиза Базарбайқызының шығармалары шынайы өмірлік шындықтарды сөз ете отырып, ой қорытудан тұрады. Әйел тағдыры жан-жақты әңгімеленеді. Өнегелік тақырыптарды сөз еткен шығармалар желісі оқырманын бейтарап қалдырмайды.

 

Баян БОЛАТХАНОВА,
Халықаралық «Дарабоз»
әдеби сыйлығының иегері

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 29.04.2024 | 17:02

Кәден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір