ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ӨЗЕГІ – МЕМЛЕКЕТШІЛДІКТІ ОРНЫҚТЫРУ
19.07.2024
77
0

Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың табысты болуы мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысына байланысты болмағы түсінікті. Бұл, әрине, мемлекеттік басқарушылардың сапасына тікелей қатысты. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жүйесіндегі өзгерістер уақыт талабына қаншалық жақын, мемлекеттік саяси және әкімшілік лауазымдарға үміткерлердің тұлғалық болмысы, оларға қойылатын біліктілік талаптары мен шектеулер, іріктеу, қабылдау барысында меритократия қағидаты, әділеттілік, ашықтық қалай жүзеге асырылады, жалпы басқару элитасын тәрбиелеп, өсіру мақсатындағы шаралар туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сұрақтар жолдаған едік. Төменде агенттік мәліметтері негізінде дайындалған материалды оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Мемлекеттік қызметшілерді іріктеудегі оң өзгерістер

Жақсы маман болу үшін әр азаматтың бойында терең білім, әдептілік, жауапкершілік сияқты қасиеттер болуы керек.
«Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген ұғыммен еңбек еткісі келетін азамат­тарымызға мемлекеттік қызметтің есігі әрдайым ашық. Себебі, мансаптық және позициялық модель элементтерін байланыстыра отырып, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыру үрдісі қолға алынды.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет жүйе­сіне қабылдау конкурстық және белгілі бір лауазымдар үшін конкурссыз тәртіпте іріктеу тетіктері заңмен реттелді. Енді мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілерді ішкі ілгерілету рәсімімен қатар, жеке сектордан жаңа көзқарастағы тың идеялары бар тәжірибелі мамандар мен жоғары оқу орнын үздік аяқтаған білімді жастарды тарту ісі тәжірибеге алғаш енгізілді.
Сонымен қатар, заман талабына сай мемлекеттік қызметте мамандарды іріктеудің цифрландырылған жаңа жүйесін енгізу жұмыстары басталды. «Еqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет-порталында іске қосылған бұл жүйенің басты артықшылығы – кез келген азамат конкурстың барлық кезеңдеріне онлайн түрде қашықтықтан, интернетке қолжетімді жерден және қалаған уақытында қатыса алады.
Нәтижесінде, азаматтар тарапынан бұл іріктеу жүйесіне деген сенімділік артып, конкурстарға қатысуға ниет білдірген адам­дардың саны өсіп отыр.
Бұл дегеніміз – «адами факторсыз», автоматтандырылған және объективті іріктеу жүйесіне қол жеткізуіміздің айқын көрінісі.
Осы жүйе негізінде конкурсқа қатысып жатқан үміткерлер өз құжаттарын бұрынғыдай қағаз түрінде тапсырмайды, мемлекеттік органдармен жасалған интеграция арқасында деректер автоматты түрде жүйеде тартылады. Сонымен қатар, тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны екі есеге, яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды.
Өз кезегінде, үміткерлер әңгімелесу кезеңі­не дейін жеке қасиеттерін, сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, сондай-ақ эссе жазу кезеңдерінен өтеді. Бүгінгі таңда, 2024 жыл­дың ақпан айынан бастап барлық мем­лекеттік органдарға кезең-кезеңімен енгізіле отырып, аталған жүйені масштабтау басталды.

Үміткерлердің тұлғалық болмысы және құндылықтар

Мемлекеттік қызмет – осы салада жүрген әрбір қызметшіден ашықтық пен адалдық, жауапкершілік пен кәсібилік сынды қасиеттерді, «Адал азамат» идеалдарына, сондай-ақ кәсіби және тұлғалық қасиеттері жоғары азаматтық болмысына сәйкес болуын талап етеді.
Данышпан Абай атамыз жалпы адам баласын бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырды. Осындай асыл қасиеттер де, яғни қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя алатын, «ең алдымен адамдар» қағидатын ұстанатын қасиеттер мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік қызметке келуге ниетті тұлғаларға да тән болуы тиіс.
Жалпы, өмірін мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келетін азаматтарға қойылатын талаптар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңда толықтай көрсетілген, яғни мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және заңдарда белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген еліміздің азаматтарын қабылдауға болады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке келуге ниетті тұлғаларды қандай жағдайда қабылдауға болмайтыны аталған заңның 16-бабында нақты көрсетілген. Атап айтқанда, сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таны­ған адамды, белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған адамды, шектеулердi қабылдаудан бас тартқан адамды, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды және заңда көзделген өзге де жағдайларда мемлекеттік қызметке қабылдауға болмайды.

Меритократия әділеттілік, ашықтық қағидаты

Ашықтық, әділдік және меритократия қағидаттарын басшылыққа алу негізінде мемлекеттік қызметке қабілетті әрі білікті азаматтарды, әсіресе дарынды жастарды тартуға кеңінен жол ашылуда.
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қатарында дарынды мамандарға жаңа мүмкіндіктер беретін өзгерістер аз емес.
Қолданыстағы тәжірибеде мемлекеттік органда төмен емес бос орын пайда болған жағдайда меритократия қағидатын нығайту мақсатында бірінші кезекте мемлекеттік орган қызметшілерінің қатысу құқығы берілген конкурс жарияланады.
Сонымен қатар, өткен жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерді бағалау жүйесіне де жаңашылдықтар енгізіліп, оларды бағалау тоқсан сайын жүргізіліп келеді. Ендігі кезекте, соңғы төрт тоқсан қатарынан өзінің функционалдық міндеттерін «тиімді» атқарған қызметшілерді келесі тұрған лауазымға ілгерілетуге мүмкіндік берілді.
Бұдан өзге, сіздің алғашқы сауалыңызға жауап ретінде көрсеткен тәжірибеге алғаш енгізіліп отырған іріктеудің жаңа тәртібінде үміткерлердің конкурс кезеңдерінің нәтижесін жүйе автоматты түрде қалыптастырады, яғни адамдардың тарапынан ықпал ету мүмкіндігі жоқ. «Адами факторды» болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде дербес деректерді құпияландыру, анонимдікті қамтамасыз ету мақсатында үміткерлер ID-нөмірленеді және тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет жүйесінде «Б» корпусының жекелеген жоғары лауазымдарына олардың салалық тәжірибесі мен таңдаған лауазымының функционалын ескере отырып, нақты сектордан кандидаттарды тікелей тағайындау қарастырылды. Сәйкесінше, кандидат­тың функционалдық бағытына сәйкес мемлекеттік қызметтегі өтілімен қатар, квазимемлекеттік және жеке секторлардағы жалпы жиынтық жұмыс өтілін ескеру бойынша талаптар көзделді, яғни салалық тәжірибе мемлекеттік қызмет тәжірибесіне теңестірілді.
Бүгінде мемлекеттік органдардағы құрылымдық бөлімшелердің басшыларына осындай тәртіппен 450-ден астам маман тағайындалды.
Заңға енгізілген тағы бір өзгеріс нәтижесінде мемлекеттік органдар ұлттық және өзге де жобаларды жүзеге асыру үшін белгілі бір мерзімге тиісті салалық мамандарды «келісімшарттық қызметші» ретінде тарта алады.
Осылайша, қазіргі таңда бірнеше маман келісімшарт бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқарып келеді.
Жоғарыда атап өткен деректер мем­ле­кет­тік қызметте шынайылық пен ашық­тықты қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі деп білуге болады.

Президенттік жастар кадр резерві

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз», – дей келіп, 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру идеясын және жас әрі талантты мамандарды мемлекеттік қызмет жүйесінде ілгерілету қажеттігін өзінің сайлауалды бағдарламасында жария етті.
Резерв – мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдер енгізе алатын, зама­науи ойлау дағдысы қалыптасқан, қоғам өмірінің әртүрлі салаларында өзінің ерекше қабілет-қарымын көрсетіп жүрген дарынды жастарға арналған әлеуметтік лифт болды деуге болады.
Бұл жоба әрбір қатысушыға әлеуметтік мәртебесі немесе тұрғылықты жеріне қарамастан өзінің кәсіби және жеке қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, дарынды жастар мемлекеттік органдарда негізгі позицияларды иеленуге мүмкіндік алды, бұл білікті басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етті.
Бүгінгі таңда резервке енген 400 жас маманның 300-ге жуығы түрлі деңгейдегі лауазымдарға тағайындалды. Лауазымдарға тағайындалған резервшілердің ішінде мансабы бойынша жоғарылаған, өңірді дамытуға өз үлесін қосу мақсатында аймақтарға барып жұмыс істеп жатқан жас резервшілеріміз қаншама.
Осындай мүмкіндіктер өткізіліп жатқан Өңірлік кадр резервтері аясында да қарастырылмақ. Өңірлік кадр резерві өңірде дамытуды қажет ететін салаларға кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді және жастарға әлеуметтік қолдау болады. Әрбір өңірлік резерв бойынша нақты салалық бағыттар мен резервшілердің саны өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтары ескеріле отырып, өңірлік кадр комиссияларымен айқындалатын болады.
Іріктеуге қатысуға 11 мыңнан астам үміткер өтініш беріп, бірнеше сатылық іріктеуде бақтарын сынауда. Олардың ішінде 1031-і құзыреттіліктерін бағалау бойынша іріктеу кезеңіне жетті. Бұл орайда іріктеуге қатысқан жас мамандардың мемлекеттік қызметке деген жоғары қызығушылығын және меритократия қағидаттарына кәміл сенетіндіктерін байқауға болады.
Жастар тарапынан жақсы қолдауға ие болып отырған, мемлекеттік қызметке түсуде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтің қолжетімдігін қамтамасыз етуге бағытталған тағы бір жоба – мемлекеттік грантпен оқу орындарын тәмамдаған үздік түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу мүмкіндігінің берілуі. Бұл білімді, білікті, өз ісіне адал жас мамандарымызды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, аудандық, әсіресе ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығын азайтуға үлкен септігін тигізуде.
Осындай мүмкіндікті пайдаланып, «ауылдың өмірін жақсарта отырып, елдің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз» деген ұранмен ауылдық және аудандық деңгейдегі түрлі лауазымдарға 200-ге жуық түлек конкурстан тыс тағайындалып, ел игілігі жолындағы қызметін бастады.
Бұл өз кезегінде жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамының білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір