ІЗГІЛІК СӘУЛЕСІ
06.05.2026
32
0

Әдетте қазақ ғылымына үлес қосқан ірі тұлғалар жайлы айтқанда, оларды танымал еткен ғылыми еңбектерінің маңыздылығы, қандай атақты қашан алғаны секілді қатаң ақпараттар тізбесімен ғана таныс болады екенбіз. Жүріп өткен өмір жолына азды-көпті ой жүгіртіп, табандылығы мен ізденімпаздығын үлгі етеміз. Бірақ олардың өмірдегі болмысын көп айта бермейміз. Белгілі бір салада, ғылымда үлкен жетістіктерге жетіп, халық игілігіне аянбай қызмет еткен кісілер ел арасында, қарапайым қалың қазақтың ортасында жүріп, ел-жұртына сыйлы, аузы дуалы, абыз ақсақалдардың бірі болары сөзсіз.

Осындай ғибратты тұлғалардың бірі, қазақ тіл ғылымында қазақ терминологиясының дамуына зор үлес қосқан филология ғылымдарының докторы, академик Өмірзақ Айтбайұлы бүгінде көзі тірі болса 90-ға келер еді. «Ғалымның хаты өшпейді». Иә, Өмірзақ Айтбайұлының ғылымдағы жаққан шамшырағы талай шәкіртінің өмір жолына жарық түсіріп келеді. Сондай шәкірттерінің бірі ретінде ұстаз рухына деген құрметімді жүрекжарды естелігіммен білдіргім келеді.
Өмірзақ ағаймен сырттай таныстығым сонау бала күнімнен басталды. Ол кезде шалғайдағы ауылдық жерде түрлі-түсті теледидардың өзі қат болатын. Соған қарамастан, ақ-қара экрандағы барлық хабар біз үшін ерекше бір әлем секілді еді. Қазақ телевидениесінің уақыты қысқа, күнделікті музыкалық бағдарламаларды, фильмдерді қалт жібермеуге тырысамыз. Бір күні теледидардан «Алые маки Иссыккуля» деген фильм көрсетілді. Не айтып жатқанын түсінбесем де балалық қызығушылықпен теледидарға үңіліп отырған сәтте фильмнің бас кейіпкері домбырасын қолына алып, қазақша бір әнді орындап қоя берді. Әннің әуені де, орындау мәнері де ерекше, ашынудың да, сағыныштың да иірімі бар. Кейіп­кердің сол сәттегі жан дүниесін дөп ашқан керемет үн… Алты-жеті жасар бала болсам да сол дауыстан қатты әсерлендім, құлағымнан кетпей қалды. Балалық жүрегіме бірден жетіп, көңіл түкпірінде сақталып қалған әлгі әуенді ұмытпай, ара-тұра ыңылдап айтып жүремін. Осы кино сол ән үшін менің сүйікті фильміме айналды. Сөйтсем, кинодағы кейіпкерлердің орнына кейде өзге әншілердің даусы қойылады екен ғой. Кейінірек Қазақ радиосы арқылы мен ұнатып жүрген туынды Біржан салдың «Теміртас» әні екенін, оның шығу тарихын және бұл әнді орындау­шылардың бірі әрі бірегейі Өмірзақ Айтбайұлы екенін естідім. «Қандай кісі екен, ә?» деп ойлайтынмын. Алайда мектеп оқушысымын, ол кісінің өнер мен ғылымды қатар ұстап жүрген тұлға екенінен хабарым жоқ еді. Бірақ «не болса да адамның ниетінен» деген рас қой, ешқашан көрмесем де, танымасам да дауысы құлағымда қалып қойған тұлғаға бір күні шәкірт болып, тәлімін алатыным сол кезден бастап бағыма жазылды-ау деп ойлаймын.
Арада қанша жыл өтіп, жоғары оқу орнынан кейін тіл біліміне деген қызығушылықпен ғылым академиясына жұмысқа тұруды мақсат етіп жүрген кезім, 2003 жылдың ақпан айында академик Өмірзақ Айтбайұлының жеке ән кешіне қатысудың бақыты бұйырды. Академияның көрерменге лық толы үлкен акт залында өткен бұл кеште ағай өзге де халық композиторларының әндерімен қатар осы «Теміртасты» орындады. Жүрегімде бала күннен сақталған, жанымды шымырлатқан ән орындаушысын шынайы сахнадан көргенде ерекше сезімге бөлендім. Расында, дауыс қоюдың жасанды әдістерін арнайы оқып барып көпшіліктің алдына шықпаса, рухы суық адамдар әнді осынша табиғи орындап, көңіл төрінен шығара алмайды. Жасы жетпіске таяп қалса да Өмірзақ ағайдың тың дауысына бүкіл зал сілтідей тынды. Таңданып әрі тамсанып тыңдадым. Ғылымда айқын ізі бар әрі өнерде де жұлдызы жарқыраған еңселі тұлғаның алдында іштей бас идім, шәкірті болуды қиялдадым. «Ізденген жетер мұратқа», талпынысымның нәтижесінде академик Өмірзақ Айтбайұлы басқаратын терминология бөліміне қызметке қабылдандым. Қатты қуан­дым. Ғылым академиясы ғылымның ғана емес, тәрбиенің де ортасы әрі киелі шаңырақ қой… Бірнеше жыл ағайдың қарамағында қызмет істеп жүріп көп дүниені жаңаша таныдым, көзқарасым өзгерді, ғылымның не екенін түсіне бастадым.
Өмірзақ ағай өзі де қазақтың бір­туар тұлғаларынан білім алған, әр ойын байыппен айтатын, оқыс мінезі жоқ, бір ауыз сөзбен-ақ адамды тәрбиелеп отыратын көреген ұстаз еді. Бекерге уақыт жоғалтып, бейғам жүргенді қош көрмейтін. Нағыз тіл маманы болу үшін филология факультетіне сырттай оқуға қайта түскенімде, ағай: «Мақсатыңа қарай бір қадам жасадың. Енді қорғау­ларға қатыс, не айтады екен, қалай айтады екен, тыңда, ғылыми сөйлеуге тырыс, терминдердің мағынасын түсін, біраз ғылыми қор жинасаң, ақырындап өзіңнің де бағытың айқындалады. Тіл біліміндегі жаңа бағыттарды зерделе», – деп үлкен қолдау білдірді. Ұлағаты мен сұсы қатар жүретін Өмірзақ ұстаз осылайша мені реттілік пен тынымсыз ізденісті талап ететін ғылым ортасына жетеледі. Әрі біраз ширасын, орта көрсін, тәжірибе жинасын деді ме, ара-тұра қалалық әкімшіліктегі өзі басшылық ететін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мәжіліс хаттамаларын компьютерге түсіріп отыруға шақыртып тұрды. Бір күні сол жұмыспен қоғамға барсам, Өмірзақ ағай бір шаруамен шығып кеткен екен, тапсырылған шаруаларды бітірген соң қызығушылығым түртпектеп, ағайдың кабнетіне рұқсатсыз кіріп, шкафтағы кітаптарын қарадым. Бір сәтте креслосына отырып, ағайдың образына кіріп «жиналыс ашып» отыр едім, көзім түсіп кетті, қашаннан бері бақылап тұрғанын білмеймін, есіктен суық жүзбен қарап тұр екен. «Не істеп отырсың? Бұл не қылған жөнсіздік?!» – деді қатқыл дауыспен. Жүрегім ұшып, ұяттан қып-қызыл болып, жүгіріп шықтым. «Кірерге тесік таппау» деген осындай болса керек, көзім жыпылықтап: «Кешіріңіз, ағай, кешіріңіз», – деп ұялғанымнан жылап жібердім. «Ойпырмай, енді не болар екен» деп іштей қатты уайымдадым. Бірақ ол кісі содан кейін осы оқиға туралы қайталап ештеңе айтпады, онсыз да көзіне көрінуден қысылып жүргенімді байқады ма екен… Бәлкім, ол кісінің орнында басқа адам болғанда жер-жебіріме жетіп, мүлде жұмыстан шығарып жіберер ме еді… Ағай кеңдік жасады. Анау-мынауға ұсақтала бермейтін көк аспандай кең кісі еді ғой, жарықтық.
Биіктігі де, кісілігі де Алатаудай айбынды көрінетін Өмірзақ ағайда кейде ірі кісілерде кездесетін аңғалдық та бар еді. Бірде ұялы телефонына бір кісі қоңырау шалды. Сөз соңында ағай: «Менің ұялы телефонымның нөмірі бар ма еді, жоқ болса, жазып ал», – дегені. Естіп отырған біз еріксіз жымидық. Тілдесіп тұрған кісі де айтқан болуы керек, ағайдың өзі де күліп жіберді.
Ағай соғыстың сүреңсіз сұрқын көрген ұрпақтардың қатарынан ғой, бірақ ол туралы көп айта бермейтін. Дегенмен бір әңгімесі есте қалыпты. «Соғыстың қызып тұрған уақыты, жерде қар жатқан суық кез. Бір топ бала жүгіріп жүр едік, бізді бір үлкендеу кісі (кім екенін ұмыттым): «Бері келіңдер» деп шақырды. Қасына жүгіріп жетіп едік, ол: «Анооу тұрған жерге жалаң аяқ жүгіріп барып келсеңдер, кім озады, соған қалам берем», – деді. Ол заманда қалам-қағазды табу өте қиын, баламыз ғой, біразымыз келісе кеттік. Сөйтіп, аяқ киімдерімізді шешіп-шешіп тастап бірталай жерге жүгіріп, басымыздан буымыз бұрқырап кері қайттық. Жүгіріп барып-келгенше аяғымыз қып-қызыл болып кетті. Сонда бірінші болып келіп кішкентай қалам алғаныма қуанғаным бар. Міне, оқу-білімге осылай құштар болғанбыз», – деген еді ағай өз өмірінен де, сол жылдардың көрінісінен де сыр суыртпақтап.
Сыртқы келбеті мен жан сұлулығы үйлесім тапқан Өмірзақ ағай сөз кие­сін жоғары қоятын. «Сөз саптағанда етістікке болымсыздық мәнін қосып айтып-жазудан мейлінше аулақ болыңдар, тірлігіңе кедергісі тиеді. Сөзде құдырет бар, сондықтан басқаша жеткізуге тырысыңдар. Қырсығынан қиғаштап сөз саптамаңдар, әдеттеріңе айналғаны жақсы емес», – дейтін. «Қанша жерден білімді, мықты маман болсаң да, мінезіңмен сыйлысың, мінездерің көркем болсын, мүмкіндігінше бір-бірлеріңе жақсы сөз айтыңдар, ал ол қолдарыңнан келмесе, үндемеңдер. Адамның жаны жылы сөзге шөлдейді», «Адамға қонған бақытты басып отыратын салмақ керек», «Орнын білген – адамның жақсысы», – деп отыратын. Ғылымдағы сара жолымен де, адамдығымен де өшпес із қалдырып, академик те, өнегелі ақсақал да бола білген қайран ұстаз! Таулардың биіктігі алыстаған сайын білінеді екен ғой…
Өмірзақ Айтбайұлы – қазақ тіл білімінің ірі өкілі ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани келбетін танытатын тұлға. Оның ғылымдағы еңбегі – ұлтқа қызмет етудің үлгісі болса, ұстаздық жолы – адам тәрбиелеудің биік мектебі. Мен үшін ол – бала жүрегімде әуелі әнімен сақталған, кейін ғылымдағы биігімен қайран еткен, өмірде жолымды айқындаған ұстаз. Ғалымның бізге дарытқан өнегесі мен тәрбиесін бүгінде өзімнен білім алып жүрген шәкірттеріме сіңіріп келемін. Академиктің өміршең асыл мұрасы ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтар игілігіне, халық руханиятына қызмет ете бермек!

Шәрбат АРЗЫҚҰЛҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір