БҰЛ РОМАН – РОМАН-РЕКВИЕМ
23.04.2024
378
0

Бастап кетсең болды, басыңды көтере алмай оқуға мәжбүрлейтін келісті әңгіме, қилы-қызық хикая, тынысы кең, ойы терең, оқиғасы күрделі романдар болады. Жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы да сондай алдыүзік, шыға шаппа шығармалардың сойынан екенін мен сенімді түрде айта аламын. Дәл осылай берік байлам жасауыма романды оқыған оқырманның да көзі жетіп менімен мекерлеспей келісеріне және сенімдімін.
«Жер» деп аталатын адамизатқа ортақ алып үйдің тұрғындары – ұлттар мен халықтар десек, сол әр ұлттың, әр халықтың басында жеке қайғы, жетім зар бар. Соның бәрі жиналып, тұтаса келгенде жаһандық ортақ мәселеге айналуы мүмкін. Осының жай-жапсарын жете түсіне алмайтын біздің кейбір қаламгер інілеріміз: «Қазақ әдебиетінде ғалам жұртын толғандыратын сауал жоқ», – дейді де, тақырыпты алыстан іздеп таусылады. Сөйтеді де, саусақты сорып отырып жазуға кіріседі. Ал саусақ сорудан саф-саумал туындының дүниеге келуі екіталай. Ізденген жанға, көре білер көзге нон-фикшн тақырыптар бүгінгі қазақ қоғамында жетіп-артылады. Қанат – міне, осыны терең ұғынып жазатын жаңашыл жазушы.
Құрметті оқырман! Қанат Әбілқайыр­дың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы – роман- реквием. Шығармадан шырғалаңға түскен жандардың жан азасы естіледі.
Сонымен, романға келейік. Романның алғашқы жолында-ақ, оқушы абақтыдан босаған аты жоқ адаммен ұшырасады. Ол адам алып-ұшып Ағырабын бетке алып шығады да, кенеттен көңілі су сепкендей басылады. Ағырапқа барғанда ол кімге бармақ, қайда бармақ? Темір тордың азабын он төрт жыл тартқан атсыз адамның Ағыраптағы туған інісі – сатқын, әкесінен болса да хабар жоқ, анасы бұдан бар-жоғы жеті-сегіз жас үлкен жігітпен бас құрапты. Жалғыз сүйгені – Әния. Ал бұл Әнияның жаны ышқынып қорған іздегенде бас сауғалап қашып жүрген. Сол Әния қазір қайда екен? Бар ма екен? Жалғызілікті камераның тасмешел еденін қауып жатқан кездерінде сормаңдай тағдыр иесін елес бейнесімен арбап ертеңгі өмірге талпындырған бір ғана жан болса, ол Әния еді ғой. Бірақ атсыз адам Әнияға опасыздық қылған. Әния оны кешірмейді. Әйтсе де, атсыздың бір арманы бар. Арманы – туған бауыры Елдесті көру. Елдесті көрсе, өлімші етіп тепкілеуі мүмкін, тіпті өлімге душар етіп, жабылған жаланың қарымтасын қайтармақ. Осындай бір ызалы, кекті адам Ағырапқа келе жатыр…
Әуелі ол «Маңқыстақ» вокзалынан пойызға отырады. Көптің аяғымен тапталып, ысырылып қалған вагонның еденіндегі кілемшеге кірген бойда сүрініп кеткен ырымшыл байқұс бұл жағдайды алдағы сәтсіздікке балайды. Автор ендігі оқиғаның бәрін атсыз адамға жолыққан Әлия атты келіншек пен қасын сүрмелеп, шашын бояп алған шешеймен арадағы әңгімелерге қатыстыра отырып баяндайды. Иә, баяндайды. Себебі роман атсыз адамның ғана атынан және бірыңғай баяндау формасында құрылған. Жазушы осы форманы оңтайлы көрген сияқты. Бастабында баяндау тәсіліне бағынған романның структурасы көңіліңе олқы тигенімен, болат жолда бауырын жазып көсілген пойыз секілді ол да бірте-бірте ширап-ширыға түседі. Аздан соң автордың осы баяндауына сен де еріксіз бағынып, байланып қаласың.
Мен білгенде Қанат Әбілқайыр – ескінің өзінен жаңалық жасай білетін модернист қаламгер. Мұндада сол: Қанаттың романдағы баяндауы баяндаудың тың түріне түрен салған. Аты жоқ адам вокзалда кездескен Әлиямен әңгімелессін мейлі немесе оның жүзінен Әнияға ұқсас нышан көре қалсын, кей-кейде бояуға көмілген кемпірмен жоқты-барды сөз қылсын, қала берді вагонның пешінде жанып жатқан «Қаражыраның» көміріне көзі түссін – ілкі сәттен кейінге кетіп, өткен өмірінің бұлың-пұшпағын қалдырмай шарлап оралады.
«Кірпік қақпай Әлияның жүзіне қадалдым да қалдым. Оның көз қарашығынан тағы да Әниямды көрдім. Әниямның бейнесі Нұршықтағы үйді есіме салды.
Айтқан ауызға оңай болғанымен, жер басып алудың тауқыметі қиын екен. Әкем үй бетін көрмей, бірер ай далада түнеп жүрді. Біз Елдес екеуміз әкеме ас-ауқат тасимыз.
«Тарный цехтен» Нұршыққа дейін үш автобус ауыстырып мінеміз. Ол кезде ай сайын екі жүз теңгеге жол жүру билетін сатып алатынбыз. Ол билет мектептен берілетін оқушы екеніңді растайтын анықтама болған кезде ғана жарамды. Анықтамаға суретің жапсырылып, шетіне мектептің мөрі басылатын.
Біз інім екеумізге бір билет қана сатып алушы едік. Сатып алған билетті қақ ортасынан бөліп, кішкене блокнот жапсарының бұрышына сүңгітіп жіберетінбіз. Сосын жапсардың қалған жартысына анықтаманың сурет пен мөрі бар тұсын бүктеп тыға саламыз. Өстіп бір билет екеу болады. Кондукторлар анықтама мен жол билетін екі бөлек көрсеткісі келмейтін еріншек балалардай көріп, біздің айламызға мән бермейді.
Билеттен үнемдеген аз ақшамен інім екеуміз шала байып қаламыз. Бірер күн он теңгелік балмұздақ жеп, бір жасап қалушы едік.
Сол екі жүз теңгелік жол билеті Елдес екеумізді қаланың қай қиырына болсын тегін жеткізеді. Күні бойы Нұршықта – әкеміздің қасында боламыз.
Кеш бата «Тарный цех» қайдасың» деп кері қайтамыз.
Әкем шағын лашық тігіп алған. Лашық та болса, өзіміздікі… Лашық та болса, кең сарай… Басып алған алты сотық ұлтарақтай жеріміздің төрт бұрышында төрт қада бар. Лашық пен төрт қададан басқа түгіміз жоқ. Төрт қадаға төрт құбыласы тең адамдай көз тоя қараймыз. «Біздікі» деген, «менікі» деген жып-жылы сөз кеудеге қуаныш сыйлайды».
Осы бір үзіндідегі Нұршық ауылы – Ағыраптағы катарсис нүктесіне ұқсайды. Ағырапты жайлаған сұмдықтың бәрі Нұршық ауылындағы аласапыранда жын атып, апокалипсистік сипат иеленеді.
Сондай сұрапыл сұмдық оқиғалардың ортасында ержетіп қалған аты жоқ адам, әкесі, анасы, інісі Елдес, көрші үйдегі Қабыл аға, қызметкер бейнесіндегі қорғансыз, жылаулы елге жанашыр аға, қала маңынан қазақтарға жерді тегін берген Жәкең, сосын аяулы Әния жүр. Бұларды езіп-жаншып тастауға ұмтылған қара күштердің қорқау бейнесі де бар. Ішіне май толтырылған бөтелкелер, баллондар, тастар, ыстық су шашатын машиналар, қалағы қалқайған үйлерді сүріп тастайтын аждаһа тракторлар… Әйелдер, аналар – Ағыраптағы қалаймақаннан көрініс беріп өтеді.
Нұршықтағы жарбиған жаман тамдарын жан алысып, жан берісіп жүріп қорғаған «көтерілісшілер» қуғынға ұшырап, әкелі-балалы екеуі барар жер, басар тау қалмаған соң, діни ағымдардың соңына еріп кетеді. Автор осы арада әкелі-балалы екеудің дағауатшылармен жүріп дін уағыздаған сәттерін әрін келтіріп әдемі юмормен баяндапты. Аты жоқ адамның аяқ астынан дағауатшыға айналуы қорғансыз хәліне пана табудың қарекеті еді. Бірақ дәрілбақи дүниесіндегі жұмақты ғана уәде қылатын дін аты жоқ бейшараны бұ дүниенің тозағынан құтқара алмады. Атсыз адам ұсталып абақтыға жабылады.
Қанышер тергеушінің тұтқындарды ұрып-соғуы, қоғамның мүшесі ретіндегі қақынан айырылған сорлылардың «қылмысын» еркінен тыс мойындату әдісі оқыған адамның жанын түршіктіреді.
«Тергеуші әй-шай демей, басыма қара пакет кигізді. Мойын тұсымнан пакеттің аузын бүрді де, қылғындырып біраз ұстап тұрды. Құлағыма күңгірлеп: «Ал сарнайсың қазір», – деген тергеушінің дауысы естілді. Бірер минутта-ақ пакет ішіндегі аз ауа тарылып, дем жетпей қалды. Көз алдым қарауытып, есімнен танып бара жатқанда мойнымды босатып жіберді.
– Кеңесовті өртегеніңді өз еркіңмен мойындай сал! – деді бағанағы сөзін қайталап. Үні баяу. Құлағыма ақырын ғана сыбырлады.
– Кеңесов деген кім? – дедім мен түк білмейтін адамдай жүзіне ожырая қарап.
– Нұршықта өртеніп кеткен полицей.
– Мен оның өртенгенін көргенім жоқ.
– Көрдің.
Қайтадан басыма пакет кигізді. Қайтадан ауа жетпей, есімнен танып барамын. Пакетті шешіп еді, көз алдым тағы да қарауытып кетті».
«– Қазір бәрін мойныңа аласың? – деді сосын жымиып.
Аяғымды өзіне қарай тартып тұрып, тырнағымның астындағы жұқа етке инені піскілеп жіберді. Адамның ең жанды жері тырнақтың астында болатынын кім білсін?! Жаным көзімнің алдына көрініп, шыңғырып жібердім».
Саяси тұтқын аталып абақтыға жабылар алдында осындай азап кешкен аты жоқ өзін сыртынан көрсетіп жіберген жанның бірі – інісі Елдес екенін біледі. Сөйтіп, ол Ағырапқа келген бетінде Елдесті тауып алады.
«– Атының кім екенін сұраңыз, – деді оң көзі жыпылықтап тұрған психиатр шынтағымнан түртіп …
Табаны күректей он төрт жыл бойы зарыға күткен сәт туды. Елдестің не деп ақталарын көргім келетін. Көзіне тіке қарағым келетін. Он төрт жыл тартқан азабымның өтеуін сұрағым келетін. Соның бәрі жайына қалды.
Кеудемдегі керіштей қатқан кек жіпсіп сала берді. Туған інім Елдеспен бұлай кездесемін, өзімнің Елдесімді, артымнан ерген бір түйір қарамды мынау атың өшкір жындыханадан табамын деп ойлаппын ба, мен бейбақ?».
Ендігі оқиғаны баяндап отырудың қажеті шамалы шығар. Аты жоқ адамның інісі Елдес айықпас дертке ұшыраған екен. Оның санасындағы жарықшақты автор бала Елдестің басында болған жайттармен астарластыра отырып, психикалық ауытқулардың әйгілі писихиатр-жазушы Зигмунд Фрейд ашқан қабаттарына тереңдеп барады. Романның мазмұнын байытып, салмағын арттырып тұрған жолдар мен толғамдар да Елдестің осы жайынан аңғарылады. Ағасын Ібіліс деп түсінетін Елдес бауырының бауырынан жылылық тауып, кей сәттерде дұрыс сөйлей де бастайды. Бәріне төзген, бәрін де кешіре алатын аты жоқ адамның бойындағы мейірім арқылы автор: «Ұлттың бойындағы дертті ешқандай психолог, психиатр емес, адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы мен ізгі ниеті ғана емдеп жаза алады» , – дейді. Кейіпкердің Елдес есімін иеленуі де, сірә, тегін болмаса керек. Автор бұл ретте «ел бол», «елдес» «біріңе-бірің селбес» дегенді меңзеп тұрғандай…
Қабыл аға мен Кенен (Елдес пен аты жоқ адамның әкесі) үйінің арасында бұрын жер астынан тартылған электр сымы болған еді. Аты жоқ адам жерді қарбыта қазып әлгі сымды тауып алады да: «Нұршықтан маған бұйырғаны осы ғана», – дейді. Автор Қабылдың қызы Әния мен аты жоқ адамның арасындағы байланыстың мәңгілікке үзілгенін үзілген электр сымының кескінімен тұспалдайды.
«Ағыраптағы аты жоқ адам» – бас кейіпкерінің аты белгісіз қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман. Автор неге кейіпкеріне бір ат тауып қоймады? Мүмкін ол бейшараның аты менің, оның, олардың бірінің, біріміздің атымыз шығар?.. Бәлкім, оның есімін сен арқалап келе жатқан шығарсың? Есімін де, тағдырын да…
Айналаңа абайлап қарашы, аты жоқ адам тап қасыңда тұрған жоқ па екен?..

Дәурен ҚУАТ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір