Алақандай ауылдың Алатаудай рухы
28.02.2024
1258
11

Адамның мінезі, болмысы, табиғаты туған жеріне тартады дейді. Туған жер, туған топырақ – әр жанның жүрегіндегі аяулы мекен. Сондықтан болар алыстап кетсек ел жақтағы жаңалыққа құлағымыз түрік жүретіні. Ауыл өмірінен жететін жаңалықтар, үлкенді-кішілі өтіп жатқан іс-шаралар жанымызды ерітіп, көңілімізді көктемдей өсіреді. Бірлігі бекем, тірлігі көркем ауылымда жуырда жанды жылытқан сондай іс-шара өткен еді…

Ұлғайша Молдабекова монолог оқуда

Республикалық ардагерлер ұйымының Панфилов аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Қарттарым – асыл қазынам» атты өнер фестивалі Жоңғар Алатаудың бауырындағы алақандай ауылымда да өтті. Жай өткен жоқ, шашауы шықпай, жоғары деңгейде өтті.

Рухани құнардан ажырай қоймаған Бөрібай би ауылының тұрғындары бұл іс-шараның маңыздылығын түсіне отырып, тайлы-таяғы қалмай атсалысты. Ұйымдастырушылар ардагерлердің бос уақытын мақсатты өткізуді ұйымдастыру, ардагерлердің өнерін бағалау, жастарға аға буынның өнерін насихаттау арқылы ұлттық мәдениетімізді дамыту мақсатын ұстанған екен. Және сол мақсаттың орындалуы үшін он жанр бекітіпті. Ауыл өнерпаздары көрсетілген ережеге сай барлық жанрға қатысты.

Бақытхан Тулақбаева қолөнер көрмесін таныстыруда.

Ардагерлерден құралған хор «Бейбітшілік сақталады» деп шырқаса, оркестр халық күйі «Келіншекті» күмбірлетті. Күләш Аманбаева апамыз көнеден келе жатқан «Жорға тай» әнін, Ербосын Боранбаев «Сары бидай» әнін нақышына келтіре орындап берді. «Ару ғұмыр» әжелер вокалы да, ұлттық би өнері де, ата-әжелер ансамблі де фестивальдің маңыздылығын аша түсті. Қазақ хандары мен билерінің шешендік сөздерінен монолог оқыған Ұлғайша Молдабекова сол кезеңдің жай-күйін, тебіренісін жеткізе білді.

Бөрібай би ауылдық клубының директоры Меңтай Оралханқызы.

Ал тыңғылықты дайындықпен ұсынылған «Ат тергеу» дәстүріне арналған қойылым әділқазылардың көңілінен шығып, ризашылығын алды. Көрініске қатысқан Жақсылықбай Еркінбеков, Сейілхан Халықов, Сейдахмет Іркітбаев, Алмас Мырзаев, Әкімғали Әкімбеков, Құрманғали Байдалиев, Бүбіхан Оспанова, Дүрдана Қозыбаева, Нұрболат Смаилов, Ұлдахан Садықов, Айдар Боранбаев, Сәттібек Тасболатов, Сәуле Байтулақова, Оразгүл Канетова, Нұрбике Ахметжанова, Әлия Жетпісбаева, Жанат Үсенбекова, Ләззат Малаева, Айнұр Тайтазарова, Күлпия Әлдибекова ұмыт бола бастаған дәстүрдің мән-мағынасын ашып берді. Бақытхан Тулақбаева апай таныстырған қолөнер бұйымдары ауылда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнердің түрі екендігі айтпаса да түсінікті болды.


— Ауылымыз шағын болса да қадірменді қарияларымызбен, ақ жаулықты аналарымызбен кездесулер ұйымдастырып, жастарды тәрбиелеп отырамыз. Өскелең жас ұлтының қасиетін білуі керек. Рухани азық алып, ұлттық тәрбиені, болмысты, құндылықты ұмытпауы керек. Әрбір өткізген шарамызды ерекшелендіруге тырысамыз. Тұрғындардың қызығушылығын оятуды мақсат тұтамыз, — дейді Бөрібай би ауылдық клубының директоры Меңтай Оралханқызы. Музыкалық жетекші Толқын Сейткулова мен әдіскер Алмас Мырзаев та ауыл мәдениетінің артуына ерекше атсалысып келе жатқан жандар.
Міне, рухани құндылықтарды жүректерінің төріне құндақтаған Панфилов ауданының Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Бөрібай би ауылы осындай!

Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Журналист

ПІКІРЛЕР11
Қонақ 28.02.2024 | 10:28

Ауылым Алтын бесігім❤️❤️❤️ Асыл қарттарымыз аман болсын!

Қонақ 28.02.2024 | 12:18

Керемет! Ауылымыздың қарттары аман болсын!

Қонақ 28.02.2024 | 13:39

Қарты бар үйдің қазынасы бар!!!

Қонақ 28.02.2024 | 14:01

Ауыл өмірі көркейе берсін. Ауылымның үлкен -кішісі амандықта болсын. Жетістікке жете берсін 😘

Қонақ 28.02.2024 | 14:41

Ауылым туралы бір жылы сөз естісем, солардың ауызбірлігін көрсем қайран қалып отырам.Әй қаймағы бұзылмаған қуылым ай деп мақтана алам.Ауылымның қазыналы қарттары аман болсын .Өнерді бағалай білетін азаматтарымыз әрқашан өнердің төрінде жүрсін.

Қонақ 28.02.2024 | 15:39

БӘРЕКЕЛДІ, АУЫЛЫМ АЛТЫН БЕСІГІМ. СЫРТА БІЗДЕ МАРҚАЙЫП ЖҮРЕМІЗ. АУЫЛЫМЫЗДЫҢ ҮЛКЕН КІШІСІ ДЕНДАРІҢІЗ САУ, ЕҢБЕКТЕРІҢІЗ ЖЕМІСТІ БОЛСЫН

Қонақ 28.02.2024 | 16:32

Қарттар із аман болсын артынан] ерген жастарда өркендеп осе берсин. Биздин устаздарымыз ауылдастарымыз биздин мактанышымыз

Қонақ 28.02.2024 | 17:58

Өте тамаша! Жарайсыздар!
Қарттарым аман -сау жүрсін!

Қонақ 28.02.2024 | 21:12

Ұлы Дала елінің рухани құндылығын, салт-дәстүрін, мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа үлгі етіп көрсеткен қарттарымыздың бастамасы жалғасын таба берсін!👏👏👏🌹🌹🌹

Қонақ 29.02.2024 | 07:39

Әльхәмдулиллах, ауылымыздың үлкен кісілеріне Алла ұзақ ғұмыр берсін. Кеінгі жастарға үлгі болатындай ізгі іс қандырып жүр. АЛЛАҒА ШҮКІР. ӨСЕ БЕРСІН АУЫЛЫМЫЗ.

Қонақ 04.03.2024 | 10:49

Ауылымызбен мақтанамыз осы ауылға келін болып түскелі 24 жыл болыпты алақандай ауылда өнерлі қарттарымыз бен жастарымыз көп , әрине көз тимесін

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір