ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕКТЕРІ
6 желтоқсан күні Алматы қаласындағы Достық үйінде «Әуезов және Айтматов: қазақ-қырғыз руханиятының алтын діңгектері» атты әдеби-танымдық, шығармашылық жиын өтті.
Зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер басқосқан жиында қазақтың көрнекті жазушысы М.Әуезов пен қырғыз халқын әлемге танытқан, заңғар жазушы Ш.Айтматовтың шығармашылығы, түркі әлеміндегі орны, екеуінің ұлы достығы, қырғыз- қазақ руханиятындағы баға жетпес мұралары туралы келелі әңгіме өрбіді. Жиын төрінде Айтматовтың досы, Халық жазушысы, Еңбек ері, ақын Мұхтар Шаханов Айтматовтың әлемдік әдебиеттегі биік орны жайында тебіреністі естеліктерімен бөлісіп, жыр оқыды.
ҚР Жазушылар одағы басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің арнайы жіберуімен белгілі ғалым Қансейіт Әбдез «Әуезов, Айтматов және түркі әлемі» атты баяндамасында қос алыптың шығармаларын сабақтастыра талдап, түркі жұртынан шыққан Жалаладдин Руми, Юнус Эмре, Нихал Атсыз, Анадолы топырағында софылық поэзияның дәнін еккен Бекташ Уәли, т. б. әлемді жаулаған түркілік ғұламалар мен әйгілі шайырлар жайлы толғамды ойын баяндады, әр тұлғаның адамзат өркениетіне сіңірген еңбегі хақында тарқата сөйледі.
Сондай-ақ Д.Ысқақұлы, А.Жақсылықов, А.Мәуленов сынды өзге де профессорлар қауымы Бішкекте өткен ғылыми конференцияда Әуезовтің өткен ғасырдың 50-жылдарының басында қызыл империя тарапынан жасалған шабуылдардан әйгілі қырғыз эпосын қалай арашалап қалғандығы туралы баяндамаларын оқыды. Қырғыз елінен арнайы келген ғалымдар мен ақын-жазушылар да сөз сөйлеп, қазақ жазушысының қырғыз руханияты үшін баға жетпес, ұмытылмас ерлік жасағанын айта келе, бауырлас, қандас қос халыққа жарқын болашақ, береке, бірлік тіледі.
«Осынау өрелі, тағылымды жиын 12 желтоқсанда туғанына 95 жыл толатын «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Төреқұлұлына арналды. Өткен жылы М.Әуезовтің 125 жылдығын кең көлемде атап өттік. Осы жылы Айтматовтың 95 жылдығына орай көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Екі тұлға да — қос халықтың ортақ қазынасы, қуанышы, құндылығы деп есептеймін!» — дейді аталмыш шара туралы Қансейіт Әбдезұлы.
Сонымен қатар осы басқосуда Дандай Ысқақұлының «Адамзаттың Айтматовы» атты зерттеу кітабының тұсауы кесіліп, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Ш.Айтматовтың шығармасының желісімен «Ақ кеме» қойылымын сахналады.