«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» БЕЗГЕГІ
Игілігін көрсек деген инвесторлар соңғы кездері сорымызға айналды. «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем» демекші, Қазақстан экономикасына қыруар қаржы құйып, халықтың әл-ауқатын арттырады деп шақырған кейбір шетелдік алпауыттарыңыз бұл күндері еліміздің экологиялық мәселесіне тіптен бас қатырмайтын болған. Әлеуметтік сақтандыру мен жалақы мәселесінде әу бастан-ақ алалауға жол берген.
Өнеркәсіп орындарындағы қарапайым жұмысшылардың ай аралатып митинг өткізіп жатуы да осы инвесторлардың әлеуметтік жауапкершіліктерін жете сезінбеуінен туындап отырған жайт екені жасырын емес. Бұл жағдайда талабын орындата алмайтын үкімет пен мемлекет заңына бағындыра алмайтын биліктің әрекеті жетім баланың жасық кейпін көз алдымызға әкеледі. Жасыратын несі бар, тоқсаныншы жылдардың тоқырауындағы талмауыр тұста жемқор басшылардың жер астындағы есепсіз байлықты ел-жұртпен ақылдаспай-ақ болмашы тиынға шетелдік инвесторлардың қолына ұстата салуы мемлекет мүддесіне де, ешқандай нарық заңдылығына да сай келмейтін еді. Алайда құлқынның қамын ойлағандар қарашаны азаттықпен алдарқатып, мемлекет байлығын оңды-солды шашып бақты.
Биліктің ең жоғарғы эшелонынан қолдау тапқан инвесторларыңыз да сол сәтте қитұрқылықтың қырық әдісін ойлап тапқан еді. Социалистік жүйенің жоспарлы экономикасына үйренген әрі жеке басының қамын күйттеуге көшкен шенеуніктерді бір доллардан жүз доллар жасап үйренген капиталистік қоғамның пысықайлары шайнамай жұтты. Ел экономикасына қаржы құймай-ақ, өндірістік тарихы қалыптасқан алпауыт кәсіпорындарды өте арзан бағаға қарызға алып, қоймаларда лықа толып тұрған дайын өнімдерді сатуға қол жеткізді. Осылайша мемлекет алдындағы болмашы қарызынан құтылып, біразы айналдырған үш-төрт жылда әлемдік байшыкештердің қатарын толықтырды. Бізге келген инвест әріптестердің шығынға батқаны жоқ шығар. Саяси элитаны жағалағандарының жағдайы тіпті жақсы болды.
Өткен апта соңында қырық алты отбасыны қара жамылтып кеткен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Костенко шахтасында болған қайғылы жағдай да Лакшми Митталдың өзі иелік етіп отырған кен орындарына жеткілікті көңіл бөлмейтінін анық көрсетті. Қайта-қайта қайталана берген қайғылы жағдай кәсіпорынның кеңестік кезеңнен бері технологиялық тұрғыда жаңармағанын, өндірісті автоматтандыру жұмыстары атқарылмағанын, шахтерлердің қауіпсіздік мәселесі ескерілмегенін көрер көзге аймаңдай етіп көрсетті. Тамызда ғана болған бес шахтердің өлімі де металл магнатына шыбын шаққан құрлы әсер етпепті. Осыған дейінгі он сегіз апат та үнді миллиардерінің ойлануына негіз болмапты. Соның салдары міне, Лакшми иелік еткелі екі жүзге жуық шахтер жер астында жан тапсырған.
Қазіргі уақытта кәсіпорынды мемлекет пайдасына қайтару бойынша мәселе шешімін тапқан сыңайлы. Үкімет «АрселорМиттал Теміртаудың» меншік құқығын Қазақстан пайдасына қайтару туралы рәсімнің аяқталғанын хабарлады. Дегенмен бұл істің қалай жүзеге асырылатыны бізге беймәлім. Назарбаев дәуірінде бар болғаны 200 млн долларға сатылып кеткен кәсіпорынды Миттал бастаған акционерлер енді өзімізге кемі 4-5 миллиард доллар нарық құнымен бағалап сатуы мүмкін. Осы арада айта кетейік, саяси элита ортасында «Майшеке» аталып кеткен Машкевичтің жетегіне еріп келіп, Қарағандыдағы кен орындарына иелік етіп, шылқа байыған, бұл күнде «бизнес акуласы» атанып, 24 миллиард долларды қалтасына басқан қара үндіс қазынамызды оңайлықпен өзімізге қайтара қоюы да қиын сияқты. Оның үстіне бізде өндірістік апатқа жол берген, адам өміріне қауіп төндірген, мемлекет және қарапайым жұмысшылар алдындағы міндеттерін орындамаған нашар инвестордың меншігіндегі активті ұлттандыру /национализациялау/ туралы заң да жоқ. Депутаттардың ендігі айналысатын шаруасы да осы болуы керек. Әлемдік тәжірибе мен халықаралық юрисдикцияға сүйене отырып, бір кездері қалтасын ойлаған тоғышарлардың құлқыны үшін сатылып кеткен жер асты байлығын мемлекет меншігіне қайтаратын уақыт әлдеқашан жетті. Қарағандыда болған қайғылы жағдай бұл үрдісті тездетіп қолға алуды анық ұқтырып отыр. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктің талайымен бетпе-бет келуіміз ықтимал. Қазақстан аумағындағы әрбір жер асты байлығында жергілікті халықтың үлесі болуы тиіс. Инвесторыңыз да мемлекет пен халықтың пайдасына жұмыс істеуі керек. Халықтың талабы да, тілегі де – осы.
Алайда ел көкейінде бір инвесторды қуғанмен, оның орнына кім келеді деген де алаңға толы сауал бар. Саясаттың самалына бетін тосып, болжам жасайтын жағдайға жеткен көпшілік соңғы уақыттары елімізге еркін еніп, төр менікі деп тайраңдай бастаған Қытай мен Ресей инвесторларынан іш жиып, үрейленіп отыр. Дегенмен, Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ны басқа шетелдік инвесторларға беру туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін, үкімет «АМТ» АҚ-ны әрі қарай басқа шетелдік инвесторларға беру мәселесін қарастырып жатпағанын мәлімдеді. Мемлекет меншігіне өтетін кәсіпорынды жүргізуге қауқарлы, пайда табуға мүдделі отандық кәсіпкерлер де табылар. Пайда да тапсын. Ең бастысы кәсіпорынды заманауи технологиялармен жабдықтап, жұмысшыларға қолайлы жағдай туғызып, қауіпсіздігін басты орынға қойса болғаны. Өйткені төртінші өнеркәсіптік революция қауіпсіздікті ту етіп адамзат игілігіне қызмет істеп жатқанда азаматтарымызды ажалдың «апанына» айдап салғанымыз жарамас. Адам өмірінен асқан қандай байлық болуы мүмкін?
Қарағанды көмір бассейні тарихындағы ең ірі апат – Костенко шахтасында болған сұмдық қаншама отбасыны асыраушысынан, арыстай азаматтарынан айырды. Енді олардың орнын ештеңе де толтыра алмақ емес. Мемлекет пен аталмыш компания марқұмдардың отбасыларына көмектесудің түрлі жолын, амалдарын айтуда. Иә, қара жамылған әулет иелеріне пәтер берерміз, әлеуметтік жәрдемақы тағайындармыз, балаларын оқытармыз. Алайда аңыраған жетімнің көз жасын кім құрғатады? Жұмыстан қайтқан жүзі шаршаңқы шахтердің аяулы бейнесін аңсаған баланың сағынышын кім басады?
Үкімет қайғы жамылған отбасыларға көмек беріп құтылуды мақсат тұтпай, апатты жағдай орын алса, аза тұту күнін белгілеп қойып отыра бермей, бюджеті бір ғана өнеркәсіпке тәуелді қалалардың экономикасын әртатаптандыруға жұмыстану тиіс. Адам өліміне жол берген кәсіпорындармен, талап пен заңға бағынбаған инвест әріптестермен келісім шарттарды қайта қарауға жаңа Қазақстанымыз қауқарлы деп сенеміз. Тек қарақан басының қамын ойлайтын, ел бюджеті үшін бір тиындық пайдасы жоқ инвесторлардың мәселесін күн тәртібіне шығаруға Смайылов басқарған үкіметіміз мүдделі болсын.
Ұлттың ұлы тұлғасы Әлихан Бөкейханның сөзімен айтар болсақ, «қазақ жерінің әрбір түйір тасы қазақ баласының өңіріне алтын түйме болып қадалуы тиіс». Терлігін терге шірітіп ұлан-ғайыр жерді қорғаған бабаларымыз осы жердің игілігін инвесторлар мен биліктің бишігін ұстаған жемқорлар көрсін деп ғазиз жандарын құрбан қылған жоқ.
Қаралы күндердің соңы, азалы күндердің ақыры осы болғай!
P.S. Айтпақшы, ҚР Президентінің Телерадиокешені әзірлеген «Очаг смерти – документальный фильм. Самая крупная трагедия на шахте им. Костенко Казахстан сегодня» атты 20 минуттық деректі фильмде экс-премьер Серік Ахметов: «10 жылда қаншама осындай қайғылы оқиғалар болып, кеншілеріміз бен мықты мамандарымыздан айрылдық. Олардың соңында ата-анасы, бала-шағасы, туған-туыстары аңырап қалды. Бұл – үлкен жауапкершілік. Ендеше, «АрселорМиттал Теміртау» жауапқа тартылуы керек және тек Қазақстанда ғана емес, оны халықаралық деңгейде жазалау керек», – деді. Рас, солай істеу керек. Әйтпесе ел қазынасын үптеген үндіден үндемей құтылғанымыз елдігімізге сын болады.
Дархан БЕЙСЕНБЕК