БӘРІ ЕГЕМЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫМЕН БАСТАЛҒАН
24.10.2023
224
0

Ханкелді Әбжанов, ҰҒА академигі

КСРО-да егемендік жайлы Декларацияны  Эстония, Латвия, Литва 1988-1989 жылдары қабылдап, империяның іргесін шайқады. 1990 жылы үдеріс тереңдей түсті. Ресей құрамындағы автономиялы республикалар да осындай құжатты қабылдап жатты. Мәселен, 1990 жылғы шілде айында татар бауырларымыз мемлекетінің атауынан «кеңестік социалистік» деген анықтауышты алып тастап, «Татар Республикасы» атанды.

Қазақстанда Декларация мәтінін даярлау ерте көктемде басталды. Жұмыс жаз бойы жалғасты. Алғашқы жобасы БАҚ бетінде жарияланды,  Жоғарғы Кеңес президиумында екі мәрте, Президент кеңесінде  екі мәрте талқыланды.

  Ақырында Жоғарғы Кеңес пен «Демократиялық Қазақстан» тобы ұсынған негізгі және балама екі жоба талқылауға қабылданды.

Жоғарғы Кеңес сессиясындағы талқылау екі күнге – 15-16 қазан- созылды.  Жарыссөз өте  тартысты өтті. 40-қа жуық депутат мінбеге көтерілді. Ортақ пайым-тұжырымға келу қиынға соққандықтан Жоғарғы Кеңес арнайы комиссия құрғанды жөн санады. Комиссия талқылау барысында айтылған ұсыныстарды, сын-ескертулерді басқа да пікірлерді қорытындылауға міндеттелді. Төрағасы академик С.Зиманов, орынбасарлары З.Л. Федотова, М.Т. Оспанов комиссияның құрамына 25 депутат кірді. Бұлар тынбастан екі жұма жұмыс істеді.

25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі екінші сессиясынын ертеңгі отырысы басталды. Комиссия басшысы С.Зиманов үйлестіру  жұмысын қорытындылаған баяндамасын оқыды.  Құжаттың басты міндеттері кіріспе бөлімде /преамбула/ ашылды. Олар бес топқа бөлінген. Біріншісі – Қазақстан халқының еркін білдіру, барлық азаматтарға лайықты өмір сүретін жағдай туғызу. Екіншісі – Қазақстан халқының достығын нығайтуды басты міндет санау. Үшіншісі – адам құқықтарының декларациясын және халықтардың өзін-өзі басқару құқын тану. Төртіншісі – қазақ ұлтының тағдырына, ізгілікті демократиялық құқықтық мемлекет құруға жауапкершілікті мойынға алу. Бесіншісі – қазақ елінің егемендігін жариялау және Декларацияны қабылдау.

Төртінші топқа жататын міндетке, яғни қазақ ұлтының тағдырына жауапкершілік мәселесіне келгенде қызу талас туды. Депутаттардың бір тобы қазақтарды бөле-жара айтудың қажеті жоқ деді. Баяндамашы байырғы халыққа қамқорлық Армения мен Грузияның конституциясында, Молдова мен Тәжікстанның мемлекеттік егемендік туралы Декларациясында қадап-қадап көрсетілгенін алға тартты.

Пікір алуандығын сылтауратып Декларацияны бүкілхалықтық референдуммен қабылдауды ұсынған депутат та болды. Бірақ референдум туралы Заң әзірге  болмағандықтан ұсыныс өтпеді. Депутат А.Ф.Козлов екінші баптағы қазақ халқы деген сөз тіркесін қазақ ұлты деп нақтылауды дәйектеді. Дауысқа салғанда, ұсынысы қолдау тапты.

Декларацияда халық атынан сөйлеу кұкығы Жоғарғы Кеңеске берілгені айтылған. Депутат Т.Н.Нұрахметов осындай құқықты Президентке де беруді жөн санапты. Бірақ ұсыныс өтпеді. Арада бес жыл өткенде Қазақстанның екінші Конституциясы күшіне енгені белгілі. Осы Ата Заң Декларация орнықтырған парламенттік-президенттік билікті біржолата президенттік билік институтымен алмастырды. Демек, уақыт өте келе Декларация мазмұнына өзгеріс енді.

Таңертеңгі отырыс преамбула мен бес бапты талқылаумен аяқталды. 16.00-де кешкі отырыс басталды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған депутат А.А.Княгинин өте қызықты ұсыныс айтты. Ол халықаралық қатынастар мен Біріккен Ұлттар Ұйымында Қазақ КСР-і қазақ халқының атынан сөйлейді деп нақты жазғанды қалады. Өкініштісі – дауыс берушілер басқа пікірде қала берді.

Қазақстанның Бас прокурорын тағайындау тәртібі қызу талқыланда. Үміткерді КСРО прокуроры да, ҚР Президенті де ұсынбасын дегендер болды. Н.Ә.Назарбаев республика прокурорын Мәскеудің мақұлдауымен Президент ұсынады, Жоғары Кеңес бекітеді формуласын қолдады. Дауысқа салу Назарбаевтың нұсқасын жақтап шықты.

Жобада сот органдары жанынан саяси партиялар мен бірлестіктер құруға болмайтыны қарастырылған еді. Депутат Е.А.Мустафетов көп партиялы қоғамда мәселені осылай қою кәсіпке тыйым салғанмен пара-пар деді. Нәтижесінде бап тұтасымен алынып тасталды. Сөйтіп құжатта 17 бап қалды.

Декларацияның әрбір бабы маңызды. Сөйте тұра ерекше маңыздыларына мыналарды жатқызуға болады: республика өз аумағында Қазақстан заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолданылуын тоқтата алады, қазақ жеріне қол сұғуға, оны бөлуге, келісімінсіз өзгертуге болмайды, Жоғары Кеңестің рұқсатынсыз республика аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, әскери базалары орналаса алмайды, Қазақстан өзінің дербес ішкі әскерін, мемлекеттің және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы.

Талқылау алты сағатқа созылды. Кешкі 19.00-ге бірнеше минуттар қалғанда құжат қабылданды. 360 депутаттың 20 пайызы қарсы дауыс берді. Кеңестік билік  өмір сүріп тұрғанына қарамастан, қазақ әлі демографиялық азшылықта болса да, осындайлық батыл әрі ізашар шешімнің қабылдануы халқымыздың жасампаздық қабілетін, тарих көшін алға сүйреуге даяр ұл-қыздары барын куәлендірді. Халқымыздың біртуар азаматы, Комиссия төрағасы С.Зиманов алты сағат бойы аяғынан тік тұрып әрбір сұраққа, әрбір ұсынысқа, әрбір даулы таласқа егжей-тегжейлі жауап берумен болды. Стенограммамен танысу барысында екі нәрсеге тәнті болдым. Бірі — жасы 70-ке қараған ақсақалдың күш-қуатының молдығы, екіншісі – аса терең білім иесі екендігі. Сол күні 46 рет сөйлепті. Әлемдік деңгейдегі ойшыл екенін көрсетті. Егер әйгілі академик барша ғұмырында бір ғана Декларацияны жазумен және парламентте қорғаумен шектелсе де, тарихтың төрінен ойып тұрып орын алар еді.

2022 жылы өткен Ұлттық Құрылтайда  ҚР Президенті Қ.Тоқаев егемендік жайлы Декларация қабылдаған күнге айрықша мәртебе беру керектігі туралы айтқаны көптің көңілінен шыққан бастама болды. Менің ойымша, қайта оралған ұлттық мерекені Қазақ мемлекеттілігі күні деп ұлықтасақ ақиқаттың жөні  болар. Ол тарихи зердеге, мемлекетшіл санаға,  ғылыми танымға соны серпін береді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір