«Кино өнері еркіндікті қажет етеді»
23.10.2023
340
0

«Respublica» партиясы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, оны тиімді шешу жолдарын қарастыру мақсатымен «Respublica алаңы» сарапшылар кеңесін құрды.
Осыған орай, 19 қазан күні «InterContinentai Almaty» қонақ үйінің «Абай» залында «Respublica» партиясының ұйымдастыруымен «Отандық киноиндустрия: бүгіні мен болашағы» тақырыбында сарапшылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Республика күні аясында және Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған жиын отандық кино саласын дамытудың басты негіздерін анықтап, Қазақстанда сапалы киноиндустрия­ны қалыптастыруға қолдау көрсетуді мақсат тұтты. Алқалы басқосуға бүгінде телеэкрандарда көрерменді жаулап алған фильмдердің авторлары мен кино мамандары қатысып, қазіргі қазақ киноөнері жайлы ойларын ортаға салды. Бүгінгі қоғам көрінісін сатиралық элементтермен бейнелеген «Келінжан» телесериалының продюсері Гүлнұр Мамасарипова: «Кино өнері – еркіндікті қажет ететін өнер. Мұнда «Былай істеу­ге болмайды, былай істеген дұрыс» деген талаптар жүре бермейді. Қазіргі жастар – өте талантты.

Олардың қай-қайсысы да ел дамуына өзінше үлес қосуға мүдделі әрі оған қарым-қабілеттері де молынан жетеді. Сондықтан еңбек етем деген жас буынның қанатын қайырып алмай, керісінше олардың қанатын қатайтуға үлес қосайық. «Өнерге әркімнің де бар таласы» дегім келеді. Аузы күйгендер қояды. Немесе қанша аузы күйсе де, өнерді шын жақсы көретіндер беті қайтпай алға ұмтыла береді. Ал керегін, көретінін халық өзі екшеп, сұрыптап алады», – десе, Кино орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов: «Кинотеатрларда қазақ киноларын көрсетуге басымдық беру керек. Қаншама фильмдер алыс-жақын шетелдердегі түрлі конкурстарда жүлделі орын алып жатыр. Бірақ сол туындылармен қазақ көрермендері таныс емес. Яғни ортақ қуанышқа арқау болған сол фильмдер не кинотеатрларда, не басқа жерлерде көрсетілмейді. Осы мәселені шешу жолдарын қарастырғанымыз жөн», – деді бүгінгі өзекті жайларға тоқтала келе. Шара барысында өзге де түйткілді жағдайлар талданып, партия мүшелері мен мамандар шешімін табуға тиіс түйткілдерді алдағы жоспарларынан қалдырмауға келісті.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір