ШЫМКЕНТТІҢ БАТЫС ҮЛГІСІНДЕГІ ҚАЛА БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫ
Шымкентті Черняев бастаған орыс отаршылдары 1864 жылдың 22 шілдесінде басып алған. Ол 1865 жылы Түркістан облысының орталығы болды. Сол жылы Черняев бастаған орыс шенеуніктері Шымкентті Ресейлік типтегі қалаға айналдыру жөнінде шешім қабылдап, қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі жазықтан әкімшілік және орыс солдаттары мен қызметкерлері, қатардағы тұрғындары тұратын ұзынынан бір көше, көлденеңінен екі көше салуды ұйғарады.
Алғашқыда қазіргі Ордабасы алаңынан солтүстікке қарай екі шақырымға созылатын бас көшенің жоспары құрылады. Бас көше Царская деп, ал оның орта белінен шығысқа қарай созылған бірінші көше – Мещанская, екінші көше – Александр, үшінші көше Черняев деп аталатын болады. Сәл кейінірек Степная көшесі пайда болады.
Әу баста Царская деп аталуы тиіс көше артынша – Николай, Черняев – Садовая болып өзгертіледі. (Николай көшесі бүгінгі – Қазыбек би, Мещанская – Түркістан, Александр – Майлықожа, Садовая – Тәуке хан көшелері, Степная – Қонаев бульвары). Черняев 1865 жылы Николай (Царская) көшесінің басынан өзіне және облыс қызметкерлеріне арнап, бір қабатты әкімшілік және тұрғын жайлар салдыра бастайды.
1866 жылы Шымкентте қалалық полицияның алғашқы бөлімі құрылады. Бір жылдан кейін оған жандармерия тобы қосылады. Оларға қоса, екі рота арнайы әскер де жасақталады. Қазіргі орталық базардың астындағы көлдің шығыс бетіндегі жазықтан екі кірпіш зауыты бірдей салынады. Бұлардың кірпіш өндірісін қатты жүргізгендері сондай, 1866-67 жылдары Николай көшесінің басынан (қазіргі «Ордабасы» қонақ үйі тұрған жер) әскерилерге арналған қазарма, бір дүкен мен монша (қаржы полициясы орналасқан аумақ), оның қарама-қарсысынан күйдірілген кірпіштен қала шенеуніктеріне арналған барак типтес корпустар салынады (бұл тұс – қазіргі ескі «Универмаг» пен «Қазпоштаның» аралығы).
1868 жылы Николай және Садовая көшелерінің батыс жақ бетіндегі қиылысынан әскери казарма бой көтереді. Казарманың бір бұрышынан уездегі бірінші дәріхана ашылады. 1870 жылдардың басында осы күнгі «Ордабасы» алаңынан Төле би көшесін жағалай бір қатар үйлер түсіп, ол квартал «Солдатский» немесе «Русская слободка» деп аталады (бұл жерлерде әзір «Айту би» жиһаз дүкені, «Заря» аяқ киім шеберханасы және бес қабатты екі-үш үй тұр).
1869 жылы Шымкент қаласында 6 700 адам тұрған. 1872 жылы Николай көшесінің бойынан отаршыл ұлттар слободасына арналған кішкене би алаңы мен шағын клуб тұрғызылады. Сол клубтың қарама-қарсы бетінен, нақтысы, қазіргі «Вольщебница» салоны тұрған жерден қоғамдық тамақтану орны мен арнайы ішкілік ішетін «кабак» және солдаттар мен офицерлер ерікті түрде күш сынасатын «Кулачный бойға» арналған алаң ашылады. 1886 жылы осы жерден орыстардың зиялы қауымы жиналатын жабық үлкен клуб бой көтереді. Бұл клуб 1946 жылға дейін бұзылмай тұрған.
1886 жылы уезд полициясының бастығы, үлкен кітап жанашыры Самойловтың бастамасымен кітапханаға арналған екі бөлмелі кішкене үй тұрғызылады. Оған жергілікті шенеуніктер мен солдаттардан, көпестерден, сондай-ақ мұсылман саудагерлері мен молдаларының үйлерінен жиналған 250-дей кітаптан тұратын және сол кездегі орыс жазбагерлерінің қолжазбалары қоры жинақталған алғашқы ақылы кітапхана ашылады.
1869 жылы сол заманға лайықталған уезд орталығының кеңсесі, 1870 жылы Николай және Александр көшелерінің қиылысынан он койкалы әскери лазарет, шығыс жағынан бір қабатты түрме салынады. 1873 жылы дәріханалардың саны төртеуге жетеді.
Осы жылы Алматыдан Ташкентке қарай тартылған телеграф сымы Шымкентке жетеді. Жан-жақтан хабар алатын және тарататын телеграф орталығы алғашқыда Николай көшесіндегі уездің полиция мен жандермерия кеңсесінде орналасады. 1889 жылы телеграф орталығы Степная көшесінің бойына ауыстырылады.
1875 жылы Шымкентте Вознесенский деген священник Николай көшесінің бойынан өз қаражатына бір жылдық халық училищесінің ғимаратын салдырады, 1891 жылы бұл мектепке Белинскийдің аты беріледі.
Қаладағы алғашқы орыс шіркеуі 1866 жылы Николай көшесінде ағашпен салынған екен. 1883 жылы ағаш шіркеу қиратылып, архитектор В.С.Гейнцельманның жобасымен күйген кірпіштен үлкен әрі бекем, төбесінде 500 келі тартатын қоңырауы (колокол) бар жаңа діни ғибадатхана салынады. Ол – 1886 жылы бітіп, Сергий Радонежский шіркеуі аталады.
Алғашқы парк 1884 жылы ашылған. Ол – «Патша бағы» аталған. 1888 жылы уезд бастығы Благовидовтың бұйрығымен «Патша бағының» аты өзгертіледі және екінші парктың негізі қаланады. Николай көшесінің бойындағы бұрынғы «Патша бағы» – «Қалалық қоғамдық бақ» (Общественный городской сад) болып өзгертіледі. Ал Николай және Садовая көшелерінің қиылысынан жаңадан ашылған екінші парк – «Соборный сад» деген атауға ие болады.
1894 жылы Николай көшесінен екі қабатты уездік кеңсе салынады. Мұның екінші қабатында уезд бастығының кеңсесі орналасады.
Қазіргі Кенбаба паркінің ішінде тұрған Никольск кафедральды соборы, яғни провослав христиандары епархиясы шіркеуінің құрылысы 1896 жылы басталып, 1904 жылы біткен.
Қоқандық жазбагерлердің көрсетуі бойынша, ХІХ ғасырда Шымқалада 10 керуен сарай, 16 диірмен, 12 тері илейтін, 7 кетпен-күрек, тырма, бесақа, қылыш-қанжар, пышақ-мыштар дайындайтын темір ұстаханалары мен көрік басатын орын, 5 ат арба, өгіз арба құрастыратын, олардың дөңгелектері мен ат әбзелдерін жасайтын шеберхана, 15 тігін үйлері, 6 шаштаразы, 5 қышхана, 12 шайхана, 3 майда базар, 3 ағаш ұстаханасы, 1 шыны ыдыстар, 4 саз балшықтан құмыра мен ыдыстар дайындайтын, 9 мақта тазалайтын орын болған.
ХХ ғасырдың басында Шымкент уезд орталығы ретінде сол заманның өркениетіне сай әжептеуір-ақ дамыды. Бұл кезде қалада 3 май сығатын, 5 тері өңдейтін, 15 сабын қайнататын, 15 кірпіш шығаратын зауыт, 15 темір ұстаханасы, 26 диірмен, 4 мақта тазалайтын өндіріс орны жұмыс істеді. Бұлармен қатар 19 мануфактуралық, 87 тері және ыдыс-аяқ, 70 ұсақ-түйек лавкалары, 50 шайхана, 9 асхана, 27 ұн сататын шағын дүкендер болған.
1897 жылғы санақта Шымкент қаласындағы халық саны 11 мың 194 адамға жеткен. Оның – 6185-і еркек, 5009-ы әйел екен.
1909 жылы Шымкент қаласының алғашқы гербі жасалады. 1914 жылдың көктемінде Шымкент уезді – Черняев уезді, Шымкент қаласы – Черняев қаласы болып өзгертіледі.
1905 жылы Арыс қаласы арқылы өтетін Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысы бітіп, 1906 жылдан екі арада пойыздар қатынай бастайды. Шымкент-Арыс арасына тартылған теміржол құрылысы 1915 жылы аяқталып, сол жылдың 6 қарашасында Арыстан Шымкентке алғаш рет екі вагонды паравоз келеді.
1916 жылдың басында Жетісу тарапына жаңадан салынып жатқан жол бойынан Шымкент пен Манкент арасына, сондай-ақ Түлкібас станциясына дейін адам таситын тауар-көлік пойызы жүргізіледі.
Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,
жазушы