ӨНЕРДІҢ СЫРТЫ – СҰЛУ, ІШІ – МАЙДАН
28.08.2023
1220
2

«Сөз ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде»
Мұхтар Әуезов

Өмір – жалған, еңбек – зая, өнер – өксік. Үш таған, бір мысал. Өнер жолы осылай.
Өткенге сөз, ертеңгіге елес болған өнер жолыңыз осылай өт­ті, Ән-аға. Жанашыры жоқ өнердің жалғыздығы қашанда жанға жылу, жүрекке ауыр екені талантқа аян. Талабы ауыр тар заманда, талант­тың табылуы да қиынның қиыны. Табылса таланар, болмаса қорлықтың көп қасіретінің бірінде өтер. Өнер адамына да керегі деннің саулығы, абыройдың қымбат­тығы. Алыс-жұлыс кер заманда, өнер жақсылығын жамандардан жасырсаң да кейбір ортақол талант­тардан асыра да алмайтын кез­дерің болады. Жамандықтың жазасы ауыр. Өмірдің жаназасында жан таза болғанға не жетсін.   
Сонау 70-жылдары «киноны таста, өнер көзі театр. Киноның қадірі бүгін бар, ертең жоқсың. Кет­тік театрға» деп жетелеп келген өзіңіз едіңіз. Содан бері театрдың (төрінде жүрсек те) тепкісіне көніп, атысып-шабысып, жаман-жақсы бұйыртқанын көрудей-ақ көріп келеміз. Өнердің сырты сұлу болса да, іші – майдан. Талас-тартыс, егес-жұлыс, көреалмау­шылық, ит тірлік. Құдайдан бағың жанса өскенің, жанбаса өшкенің.
Қалтарысы көп өнердің соқпағында қалмай іні болдық, артыңызға ердік. Соның бірі – дос-замандасыңыз, режиссер Райымбек Сейітметовтің Мұхаңның (Әуезов) ерте заманда жазылып ұмытылған «Алуа» пьесасын 1982 жылы Тюз театрында сахналап, театр тарихында ең алғаш рет «Мемлекет­тік сыйлық» алған сәт. Мұхаңның қызы Ләйла тәтеміз көзіне жас алып, небір естелік айт­қаны да сол кез. Спектакль соңында Хамит Ерғалиев ағамыз бастап өзіңіз қостап: «Образ талант деген – осы. Ерсайын ойнаған Жалтыр – таза бейне» деген бір ауыз сөзіңіз баға жетпес, ұмытылмас көріністей әлі есте. Осылай жүріп қатардан қалмай, өзіңіздей алдыңғы ағалардың берген бағасымен көркейдік, өстік. Сахна өнерінде актердің актерға баға беруі – өте сирек құбылыс. Жүрек кеңдігі де осында. Қызғаныш, көреалмаушылық дегеннен ада өткен бір жан болса – ол өзіңіз. Кісілік келбет, ағалық жол болса, осындай-ақ болар.
Баян жеңешем екеуіңіз өнер жолына қол ұстасып келгеннен, өздеріңізге деген қамқор жандар болмады емес, болды. Сонда да «менің ұстазым» деген бөлектеу сөзді өзіңізден естімедік. Әрине, ұстазыңыз болмады емес, болған шығар. Дегенмен дара талантыңызды өзгеден биіктеткен өз күшіңіз. Бұл солай. Өнерден бұйыртқан небір бәйгенің ортақ шабысында жалғыз шауып, қашанда дара келдіңіз. Бас бәйгеден құр қалған жеріңіз жоқ. Дегенмен талантқа тосыннан келер ауыр қиянат­тың бірі – алам-ау дегеніңді ала алмай, жеңем деген жерден жеңіліп, жігеріңнің құм болғанынан ауыр сәт жоқ. Төтеннен келер бұйрықтар, бұйырғаныңды бұйырт­пайтын зорлықтар. Сұрағынан жауабы көп өнердің өз заңы. Айтсаң ауыз жаман, өзің ақымақ, басқалар жақсы.
Сіз – актерсіз! Актер болғанда да нағыз білікті, бірегей. Өрге салса ерлеген, еңіске салса гулеген, «Кәтептің қара нарындай» таза тұяқ, асыл сүйек. Өзіңізден кейін дәл сіздей талант­ты тұяқ туып жатса ел көріп, жұрт бағалап, өнер айтар еді. О да жоқ. Бүгінде өзіңіздей төрт аяғы тең түскен саңлақ (талант­тар) жоқтың қасы. Осыған орай ел есінен қалтарыстау қалған кейбір жайт­тарды айтып жазсақ, келер ұрпаққа үлгі болсын дегеніміз. Басқадай еңбек, жасаған бейне образдарыңыз талай айтылып, талай жазылған. Бұл басқа.
Көргенім. Қадыр Мырзалиевтің (1976 жыл) инсценировкасы бойынша қойылған қойылымда Фарида Шәріпова тәтем екеуіңіз әрқайсыңыз (поэзия формасында жазылған) 50 бет­тен сөз жат­тап, әр сәт қимылды жастық күшпен тоқтамастан жатқа айтып, өнер құдіретінің не екенін танытқандарыңыз осы күнге дейін көз алдымызда. Құлаш-құлаш жат­талған сөзден басқа, әр (жанды) кейіпкердің алыс-жұлысында жүгіріп жүріп алысып, тоқтамастан, екі сағатқа жуық тер төгіп, жалынды сөз, асқақ үнмен от боп жанып, өнердің ұлы құдіретін мойындат­тыңыздар. Аласұрған бейне, жалын атқан асау жүрек, жастық. Өлім. Өмір. Жеңіс. Өнер. Міне, актер феномені, актер динамикасы.
Қойылым біткенде мұңайып, ауыр жүріспен бөлмеңізге келдіңіз. Арқадан аққан тер солдат­тық қалың шинельдің сыртынан сорғалап, еденге төгілгені де бір ғажап. Жаны жақын дос-жарандар мәре-сәре болып келіп-кетіп (өтірікте болса), құт­тықтап жат­ты. Оған мән берген сіз болмадыңыз. Тоқтаусыз жүгіріс, аласұрған арпалыстан құтылғаныңызға риза болғандай, болмаса басқадай бір дүние көңілге кірбең түсіргендей көп отырдыңыз. Құлақ естір көрші бөлмеден өзіңіз жайлы жағымсыздау айтылған бір көреалмаушылықтың от­тамасы әсер ет­ті ме, кім білген. Бөлек көрініс, қияс қызғаныш. Бұл театр – өмір театры.
Әрине, бұл қойылым – қатардағы көп қойылымның бірі. Дегенмен бұл еңбектің тері бөлек. Өнер – бірде былай, бірде олай итжығыс ит өмірден құралған беті бар, арты жоқ көш керуен. Тек көңілге келетіні осындай ерен еңбектің «адал терінде» сырт киімнің сыртынан су боп аққан қара тердің басқалай бағасы. Тәт­ті еңбектің ащы зарында сорғалаған қара сорпа – еңбектің құнсыздығы. Өнер өлшемі кейде осылай. Талантқа талант жолы тасқия. Шыдайсың, көнесің.
Осындайда көз көрген – Нұрмұхан Жантөрин, Байділдә Қалтаев, Әбілқасым Жаңбырбаев, Тұрысжан Айнақұлов, Алтынбек Кенжеков, Шапай Зұлқашев, Қарабай Сатқанбаев, Төлеген Қуанышев, Рамазан Баймағанбетовтей алымды, бөлек дара талант­тардың бөлек келбет, ерен еңбектері еске түседі. Шоғыры бөлек, шоқтығы биік, шашасына шаң жұқтырмас нағыз жүйріктер солар еді. Осылардың бойындағы от жалын асау жүрек, алапат күштің өздерімен бірге кеткені ғана өнерге ауыр. Сол заманның есе жібермес нағыз марқасқа мықтылары қалай айтсақ та солар болды. Қай рөлге салсаң да тар қапас, шығар есігі жоқ өнерде сағы сынбайтын нағыз ерлер. Таза талантқа баға жоқ, болмайды да. Болса да, алған атақ, берген бағаға байланбайтын асыл талант­тар қашанда бөлек. Сахнаға біткен ерекше бет, түр-нұсқа, өткір көз, қоңыр үн, таза тіл. Оған қоса, шерлі көкіректен күңірене шыққан зор дауыстарынан сахна төңкеріліп, өнер әлемі оянғандай бейнелері қандай. Әсіресе әр ойнаған рөлге тұтастай берілген жан-жарасының нақты бейне, таза кейпі тіптен басқа. Сахнадағы әр рөл туар бейненің кейпінде өссе, міне, сол – өнер. Бар жауап осында. «Образ» қымбат. Жат­таған сөз, жапсырған грим, жайдақ қойылым өнер емес. ХЛАМ (художник, литератор, актер, музыкант) Халтура.
1965 жылғы «Ән қанатында» фильміндегі ақын Мұса (Иса Байзақов) бейнесі театрдан (Қарағанды театры) кино әлеміне бастау болды. Өнер көгіне бастады, көтерді. Жеңіске жеткізген тарихи жыл. Мұндай ірі жеңіс 1967 жылғы Мемлекет­тік сыйлыққа жеткізсе, 1971 жылы Еңбек сіңірген артисі, одан 1976 жылғы Халық артисі марапатына дейін өсірді. Әр еңбектің жемісі өз уақытынан қалмай, дер кезінде бағаланды. Өнер жақсылығы жастықтың жалынында жалындады. Браво. Мойындат­тыңыз. Қоспасынан арылған таза өнердің өз бейне, өз туындысы.
Кейде талант­тың танылуына кино да керек. «Қыз-Жібектегі» Шеге бейнесі – сол фильмдегі өз бейне кейпінде орнымен қағылған нағыз «мық шеге», таза бейне. Өмірдегі Әнуар атыңыз – өнердегі «Шеге» атын шаппай алған таза жеңіс. Әнуар – Шеге, Шеге – Әнуар. Бұл еңбек жолында алдымен Бекежан, одан соң Төлегенге (кино проба) бақ сынап барып, Шегенің бағын жаққан қайталанбас таза «образ». Домбыра ұстап, ән салып көрмеген басыңыз қара домбыраның қасіретін әнмен төгілте күй төгіп, қазақтың күй өнерін (Нұрғиса Тілендиев) әлемге танытқан бейнеңіз – нағыз сұлулықтың биік шыңы. Осы фильмде, бір емес бірнеше кейіпкерді де қоңыр үніңізбен (дубляж) тірілткеніңіз, ғажап өнердің жасырын жұмбақ тылсым күшіндей.
Алғашқы (10 жыл) жемісті жылдардың жеңісінде өтсе, соңғы жылдар театр өнерінің адам түсінбес тоқырауына ұшырады. Бұл да – бір тарих. Театрдан Әзекең кетіп, небір алдыңғы буын саңлақтардың сансыраған кезеңі басталды. Солай болғанның өзінде 1982 жылғы Антон Чеховтың «Дядя Ванясында» (театр өнерінде) өшпес атыңыз қайта көтерілді. Орыстың төл туындысын өз отаны Мәскеуде дәлелдеу – талант­тың талантына ғана тән. Әлемдік театрдың бір табысы – Чехов. Сол Чеховтың «Дядя Ванясын» (Иван Войницкий) өз сомдауыңызда мүлдем бөлек туынды (образ) болды. Дара образ, бөлек бейне. Театрдың осалдығы мен керемет­тігі де осында, көрсең көрдің, көрмесең қалдың. Көрмегендердің көрімдігін тарих жазып, өнер айт­ты.
Пьеса. «Дядя Ваня». Қойылым. Жалғыз қалған жарадар. Сүлесоқ қажыған, тірі бейне. Жат келбет. Жұмбақ жан. Көз жас, терең тағдыр. Өткен өкініш, зар запыран. Табыт­тай ауыр соңғы сағат, кері уақыт. Сахна кейпінде күй кешкен, өнер-өлім, өмір-өнер. Өткеннен бүгінге жеткен тірі бейне, киелі образ. Чеховтың өз тағдыры өзіне у болған сұм заман. Соған орай туған соңғы монолог: «Рәсуа болған есіл өмірім-ай, талант­ты едім, батыл едім, ақылды едім, енді бәрі біт­ті. Ақылымнан алжаса бастадым. Қазір қырық жетідемін, алпысқа дейін әлі 13 жыл бар, тым ұзақ. Сол қалған ғұмырда басқаша өмір сүру мүмкін бе? Жаңа өмір бастасам, оны енді қайтіп бастаймын?..». Жауапсыз сұрақтар, үзілген үміт. Таланған тағдыр. Сахна. Театр. Аплодисмент.
Соңғы рөл қашанда тағдырлы. «Роковой» Кім білген… Әлде тағдыр. Ұқсастық. Өзіңіз де сол қырық жеті жастың ұшар басында елу деген жастың тойын да көрмей, өмірге оралмастай боп (күтпеген жағдай) мәңгілікке ат­тандыңыз. Пьеса авторы Чехов өз өмірін қалай жазса, ол да солай өткендей. 40-тың үстінде қырқылған қырсыз, опасыз дүние. Кер мазақтың кеселі. Театр – сөз, өнер – у. Өнер тағдырының кейде білдіртпей келіп, жақыннан, арт­тан, осылай соғатыны да бір «қылмыс». Әлде, мұны да ұқсастық дейміз бе? Мүмкін..
Жаныңызға ерген жақсы серік (партнер) Фарида тәтемнің, екі күннің бірінде жоқтап айт­қан жалғыз сөзі де осы болды. «Қайран Әнуар, жарқылдап келіп, жайнап жүріп, бір-ақ сәт­те от болып жандың да кет­тің. Соңғы рөліңде не айтсаң, сол болғандай. 50-ге де жетпедің, өнерден кет­тің, өмірден өт­тің. Әт­тең, сол рөлді ойнамағанда тағдырың басқадай болар ма еді?» дегені жоқтау, қимастық.
Шекспир, Әуезов, Чеховтан бастап рөл бұйырмады емес, бұйырды. Бұйырса да тағдыр бұйрығы әрқилы. Драматургияның дарабозы Шекспирдің «Ричард-дын» да қолға алдыңыз, белге салдыңыз. Болмады, болыңқырамады. Серіктес топтың кемшін болмысы мен режиссер дайындықсыздығы тұсау болғандай. Оның алдында қойылған М.Ульяновтың «Ричарды» өнер биігін тым биікке көтергені де бір себеп. Өнер – жарыс әрі күрес. Жеңсең жеңдің, жеңілсең қалдың. Тек өкініштісі, осы «Ричардтағы» бойға біткен алапат күшіңіз бекер кеткендей. Актерлік (энергия) күшіңіз сол М.Ульяновтан аспаса, кем емес. Еңбек зая. Қандай талантқа да керегі «Үш таған». Драматургия. Режиссер. Актер. Театр өнерінде онсыз жеңіс жоқ. Қайталанбас ұлы өнердің жемісі де осы үштіктің бірлігі мен күшінде. Өнердің өзінен өкініші қиын екені тағы да қайталанды. Қайта оралмас мүмкіндік (рөл) уысыңнан бір кетсе, сол кесел. Іште кетер қыжылдың қырсығынан асқан жамандық жоқ. Ауыр дерт­тің ащы запыраны таңдайда қалса тіптен қиын. Жүрек дерті осылай туып, осылай келеді.
Сонау, 1975 жылы Әзекең (Мәмбетов) қойған «Абай» теле-фильміндегі қапа-көңіл көз жасыңыз да есте. Қапшағай бойы дала көрінісі. Натура. Павильон. Бұл таспа жоғалып кетпесе, архивте бар болар. Сондағы келеңсіз бір жайдың кесірі де көңілде. Өнер адамдарын қанша ұлы десек те, пендешіліктің де өзара басым түсер сәт­тері болады. Өмір. Өзіңіз ойнаған «Керімнің» Абай алдындағы қиянат­ты сәт­тің ауыр көрінісінен үзінді түсіріліп жатқан шақ. Сер-ағаң, Қапан ағалар бастаған топ. Неден, кімнен басталғаны белгісіз, үлкені бастап, жандайшаптары қостап, жөнсіз жерден өзіңізді мүйіздеу басталды. Ненің неден, кімнің кімнен болғанын білмесек те, кей нәрсені сезетін халдеміз. Ауыз ашарға шама жоқ, іштен тындық. Нақты «себеп иесі» мен «түртіп жіберетіндердің» кім екенін де біліп тұрмыз. Былай қарасаң жұмыс, олай қарасаң «көреалмаушылықтың» ит қырсығы. Мұндайдың талай құқа­йын көрген басыңыз іштен тындыңыз, көндіңіз. Қалай десек те, қиянаты басым түсер ауыр күннің бірі осылай өт­ті. Сьемка соңында жалғыз қалып, грим сүртпестен ұзақ отырдыңыз. Көрген көзге не шара, қапа көңіл, жалғыздық. Жұмысты үндемей аяқтап, өксікке булығып, үйге қайт­тыңыз. Қасыңыздан қалмай қоса ердік, ердік те үндеместен қала бердік. Осы сәт­тегі көңілдің көз жасы талай жылдан соң Чеховтан табылғандай. Өмір – есеп.
Өмір тірлігінде театр өнері де – өз алдына бір әлем. Апта сайын өтетін «апталық» күннің айғайына араласып, жиналысына жармасып, жанжалдасқан жеріңіз болған емес. Адами қалыптан өзгермей, тек талантыңыздың таза табысында өт­тіңіз. Қандай, қай рөлді ойнасаңыз да, ашқұрсақтанып, «осы бейненің әлі де жетпей жатқан кем жерлері бар-ау» деп, өз еңбегіңізге өзіңіздің көңіліңіз толмаған талай сәт­тер болды. Кейде, бәз-біреулердің (жорта) болмаса шын ниетімен айт­қан мақтау құрметіне қарадай ыңғайсызданған кезіңіз, әркімде бола бермейтін өнер тазалығы, тек өзіңізге біткен сұлу жарасымдылық. Сіздің осы дәрежеңізге жеткендер болса, әр жерден пайда қуып, төрден орнын сайлап «МЕН» меннің «мені» боп өтер еді. Артыңызға ерген талай жастардың біразына үй алып, тағы басқадай істеріне шын көңілмен қол ұшын бергеніңіздің өзі неге тұрады. Ағалық, қамқорлық. Үйде отырып бала көңілмен өнер сырын, әртүрлі ағаш бұтақ, не бір керексіз зат­тардан түйін түйіп ізденуіңіз де бір қызық еді.
«Идиот­тың» пенделері мен, «делетант­тардың» тірілерінен жаралған шарасыз «шарлатандар» заманы мәңгілік. Сіздер өсірген өнердің өлмес бағасын, бүгінде өлместің кебінін киген арзанқол шуылдақ «шоумендер» басты. Ақшаға ар сатқан сайқал заман. Конкурс. Бәйге. Фестиваль. Бітпейтін мақтан. Арзан премьера. Дүмбілез драматург. Сапасыз қойылым. Ойсыз режиссер. Арсыз атақ. Кино деуге келмейтін кино, театр деуге келмейтін келеңсіз қойылымдар. Одан қалса «актер театра и кино» деген жалаң құрмет. Ақшаға бағаланған атақ марапат. Ақша, тек ақша. Сынсыз «сын» емес, таза «пікір» айтатын арлылар кеткен қор заман. Сахнадағы «СӨЗ» құдіреті, «Образ» бейнесі, «Өнер» бағасы, «Тазалық» келбеті, келместің кебісінде кеткеніне де талай жыл. Жала десе «алтын ғасыр» дегенді айтып жүргендер жауапты. Шындық. Мойындаймыз. Мойындамайтындар болса, ақылы алқымынан аспағандар болар.
Әт­тең, әт­тең дейміз-ау… Аман-есен осы күнге жеткеніңізде, қорлық, надандықтың бұғауында өткен Абайдың ішкі жан-жарасының азабын, басқадай тудыратыныңызға өнер сенімі кәміл. Ойлы жан қараған көзге, түр-келбетіңіздің ұқсастығы, үніңіз, ой-парасатыңыз Абайдың өзіндей. Осындай шешім образ, өз талант күшіңіздің өз несібесінен туатыны да шындық. Оған қарсы келер ойға дауымыз жоқ. Абай мінезі, Абай ойы, Абай тартысын есептесек, Абайды ойнамай кеткен сіздің келісті келбетіңізде кеткені де ауыр өкініш. Бітпес асау арманның бір арманы осылай өткендей…
Бүгінге дейін аман-есен болғаныңызда бар Алаштың жалғыз көсемі болған Әлихан Бөкейханның от­ты бейнесі, жер үшін жан берген жолбарыс мінез Жұмабек Тәшеновтің күресі актер Молдабековтің қайсар мінез, жалынды үнінде қайта түлейтіні және анық. Үн-дауыс, келбет-рухы тек осылардан. Бұл бейнелер, тек сіздің дара талантыңызға біткен бейнелердің өшпес портрет­тері болып қалар ма еді. Әт­тең,.. Ахмет Байтұрсыновтай ұлы тұлғаны қайта тірілтіп, жаңғыртары да сөзсіз еді…
Сахна әрекеті өзіңіздей ойлы, жанды кейіпкер актерға зар. Бүгінде тұлғалы актерлер азайып, сахнадан ойлы сөздің құдірет күші кет­ті. Көп деуге келмейтін «Аздың» бірі – өзіңіз едіңіз. Тарихи тұлғадағы талай бейнелерді, театр кинода дәлелдегеніңізге өз өткен тарихыңыз куә. Бұл – еш әсерсіз, талай айтылған еңбектің өз жемісі, өз жеңісі.
Қолға қалам алып, пьеса жазарда қасыңыздан қалмай өскеннен бе, үніңіз құлақтан, келбетіңіз естен кетпейді. Жазып отырған кейіпкерлердің көбі «Сіздің» үніңізбен туып, бейне-келбетіңізде жазылды. Өзім көрген талай аға-апаларым өз бейне-кейпінде осылай жазылды, қойылды. Бұл – өмір мен өнер шындығының табиғатынан туған өз шындығы. Түс – өмір, түс – өнер. Сізден кейінгі бұл өмірдің кейбір өнер көріністері, өзіңіз өткен жолдың алды Арыстан, арты бақа-шаян болған келеңсіз кер заман. «Сөз ем болудан кетіп, жел есебінде болған» мына заманға «Сіз» жетпейсіз. Әнуар Молдабековтай тұлғалы, ойлы актер жоқ. Өмір – өнер. Қайта гүлдеп түлеп жатса, табиғат­тың келер ұрпаққа деген өз сыбағасы. Ұлт өнері, заман талабы осылай. Ойлай берсең ойдың өзі – У. «Әреке деген көк ауру, сені тияр талқы жоқ. Ішті жеген жегінің, жерге кірер қалпы жоқ» деп, бір күйіктен бір күйікті ем көрген Мұхаңның театр өнеріндегі өлмес бір сағынышы болса, ол өзіңіз. Қазақ­станның халық артисі – Әнуар Молдабеков. Өмір – жалған, еңбек – зая, өнер – өксік. Үш таған – бір мысал. Талант – қашан да талант. Өнер жолы осылай. Өткен тарих, келер өнер – сағыныш.

Ерсайын Төлеубай,
режиссер-драматург

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 30.08.2023 | 20:39

Сағынышыңыз шерменде шер боп төгілген екен. Аман жүріңіз, Ереке.

Қонақ 22.04.2024 | 22:49

Не деген өкінішке толы сағыныш… Бала кезімізде Төлеген мен Жібектің тағдырын тәтті етеді деп үміт артқан «Шеге»… Сұлу да сымбатты актер… Авторға сырлы да мұңды естелігі үшін рақмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір