АТАМҰРАНЫҢ ҮЛКЕН СЫЙЫ – «АТТИЛА»
Биылғы жылдың үлкен жаңалығы – маусым айында Республикамыздың «Атамұра» кітап дүкендерінде, белгілі зерттеуші ғалым, Хунтанушы және Аттилатанушы, тарихшы Самат Өтениязовтың «Аттила» және оның Еуразия тарихындағы орны атты екі томдық кітабының сатыла бастағаны болды. Ғалым өмірінің соңғы 45 жылын осы аталған тақырыпқа арнаған. Аттила және хундар мәселесін Еуропа ғалымдары соңғы үш ғасыр бойы зерттеп келеді.
Алайда, олардың 95 пайызы христиан дінінің ықпалымен, яғни біздің бабаларымыздың адамзат тарихындағы орнын мейлінше бұрмалап, көрсетпеу мақсатындағы біржақты көзқараспен жазылған дүниелер еді. Дегенмен Еуропа тарихшыларының ішінде де ақиқат тарихты жазғандары болды. Солардың бірі – ХVІІ ғасырда өмір сүрген италян скульпторы А.Алгарди. Христиан дінінің қылышынан қан тамып тұрған заманында Аттила бабамызға өшпес ескерткіш тұрғызған, сонымен қатар хундарды нақақтан айыптап жүргендердің өтіріктерін әшкере қылған тарихи ірі тұлға. Төрт ғасырдан кейін қазақ зерттеушісі «ЖАСАСЫН АЛГАРДИ» деп үлкен тебіреніспен тұлға танымына бас иеді.
С.Өтениязов – аталған тақырыпты өмір бойы жалғыз зерттеген ғалым. Бірнеше рет Білім және Ғылым министрлігінің ғылыми жобаларға арналған конкурстарына қатысып, әншейінде көшедегі көк аттылының қанжығасында кете баратын көп жобалардың бірде-біріне қол жеткізе алмаса да кездескен қиындықтарға мойымай, бір институттың жұмысын бір өзі атқарды.
Барлық Түркітілдес халықтардың бабасы, яғни төркіні – хундар және Хун ордасы. Олардың мемлекеттік дәрежеге көтерілуі б.э. бұрынғы ІІІ ғасыр. Біз шынында Хун ордасының мұрагеріміз. Ғалым бесінші ғасырдағы тарихи этнографиялық материалдарды осы күнгі қазақ халқының әдеп, салтымен салыстыра зерттеп, олардан жазу, сызуды (орхон енисей жазбасын да) алғанымызды кеңінен көрсетеді. Еуразия тарихында ерекше орын алатын Хун ордасының асыл ғұрыптарын, салт, дәстүрін осы күнге дейін түгел жеткізген қазақ халқы екенін дәлелдейді. Екінші томда Еділ батырдың Еуропа тарихы, әдебиеті мен өнеріндегі орны жайлы жан жақты жазады.
Бұл кітаптың ең үлкен жаңалығының бірі – Аттиланы көзбен көрген жазушы Прискустің біздің заманға жеткен кітабының үзіндісін алғаш рет қосымша бөлімге кіргізгені. Бұл – біздің гуманитарлық ғылым үшін таптырмас рухани қазына. Прискустің аталған аса құнды еңбегі Еуропаның барлық тілдеріне аударылып, ХІХ ғасырдан бері зерттеушілердің үлкен табысына айналды. Ресейде үш рет жарық көрді. Ал, Қазақстанда алғаш рет С.Өтениязовтың осы аталған екі томдық зерттеуінде жарық көріп отыр. Демек, болашақ зерттеушілер үшін үлкен сый. Осындай әркімнің тісі бата бермейтін және аса көкейкесті тақырыпты жазып жүрген Самат Өтениязов туралы бірер ауыз сөз айта кетсек. Сәкең – әлі де болса қазақ жұршылығы арасында лайықты өз бағасын ала алмай келе жатқан білімпаз, әрі еңбекқор ғалым. Қой көрмесек те қи көрген ешкілі байдың қызы едік демекші, ол сонау Еуропа ғұламаларының жәдігерлерін ақтарып, сарқытын ішкен, Ә.Марғұлан, С.Зиманов, Б.Көмеков сияқты академик, ғұлама ғалымдармен бірге ғылыми жұмыс жасаған, әрі үзеңгілес шәкірті болған адам. Сонау сексенінші жылдардың басында Ә.Марғұланның басшылығымен «Білім және Еңбек» журналына Аттила тұралы көлемді мақала жариялап, соны ізімен көзге түскен, Қазақстан Гуманитарлық ғылымында танымал бола бастаған. Одан кейін де оның Аттила мен хундардың адамзат тарихындағы орны туралы зерттеулері әр жылдарда жарық көрді. Кезінде М.Әуезов, Г.Бельгер, Р.Нұрғалиев сынды талай ғылым майталмандарының жоғары бағасын алды. Оның ішінде ерекше бағасын да батасын да берген ғұламалар Ә.Марғұлан, С.Зиманов, З.Қабдоловтар да бар. Ал, осындай баға алған зерттеудің осынша жылдан соң, яғни он үш жылдай кешігіп шыққаны қалай? Біріншіден оның негізгі себебі, ғылымға келгенде өзіне қатаң талап биігінен қарайтын ғалымның ешкімге ұқсамайтын өр мінезі болса, екіншіден, 2011 жылы ұстазы С.Зимановтың мезгілсіз дүние салуы қолбайлау болған көрінеді. Өйткені, мұндай ауқымды дүниелерді жарыққа әкелу үшін де қайыспас қара нарлар керек қой.
Одан бері де талай уақыт өтті. Ғалым қайта қарады, қырнады, жонды, жүйеге салып, қайта бір ой елегінен өткізді. Сөйтіп жүргенде 2017 жылы С.Өтениязовтың үйі тоналып, ноутбугі қолды болады. Баспаға дайындап отырған «Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы» және «Абулхаир жертва историков» атты кітаптар қолжазбасымен қоса аталған кітаптың толық нұсқасынан айырлады. Архивтардан тірнектеп жинаған Аттила қолжазбасын бұрынғы қалпына келтіру авторға оңай болмаған. Қазір, міне, екі том болып «Атамұра» баспа корпорациясынан шығып жатқан басылым сол бұрынғы нұсқаның 95 пайызы көрінеді.
Қолда барын жинақтап, 2021 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаевтың басшылығымен «Аттила және оның әлем әдебиетіндегі орны» атты кітапты жарыққа шығарғаны көңілге үлкен медет болған еді. Артынан іле-шала «Атамұра» баспа корпорациясынан екі том болып, толық жинақтың жарық көруі ғалымды бір серпілтіп тастаған көрінеді.
Жалпы,( С.Өтениязовтың осынау екі томдық аса құнды зерттеуінің ғұндар қарашаңырағы біздің республикамызда жарық көруі – түркі гуманитарлық ғылымындағы үлкен жаңалық болғанын мақтанышпен айтамыз.
– Зерттеу 2010 жылы жарыққа шығуға дайын болған, бірақ түрлі себептермен кедергілер болды. Қазақтың ұлтжанды азаматтарының бірі – Мұхтар Құл-Мұхамед араласпағанда мұндай жақсы кітаптың дәл осы дәрежеде жарыққа шығуы екіталай болатын. Жалпы ол азамат – сегіз қырлы бір сырлы жан ғой, оның үстіне нағыз ғалым. Ұлтқа қажет дүниелерге үнемі жанашыр болып отырады. Әттең, биліктегілер арасында Мұхтар сияқты азаматтар көбірек болса ғой… Ол кісіге деген алғысым шексіз, – дейді автор.
Қорыта айтқанда, ештен кеш жақсы дегендей, сонымен зерттеу екі том болып, қазақ оқырмандарына жол тартты. Бұл үлкен жетістік және үлкен жаңалық – қазақ гуманитарлық ғылымының өте үлкен табыстарының бірі деп айтсақ та болады. Мұндай құнды жәдігер әр қазақтың төрінде тұрса да артық болмас еді.
Сансызбай МӘДИЕВ,
филология ғылымының кандидаты