Мейіржан Әуелханұлы: Өнертабыстар – ғылымдағы үлкен дүмпу
Бүгінгі ғылымның даму қарқынын «ұшқан құстай» деп сипаттаған дұрыс шығар. Жасанды интеллект ғылым дамуының қай сатысы? Ол адамзатқа не береді? Осы секілді сауалдарды IT маманы, журналист Мейіржан Әуелханұлына қойдық.
– Жасанды интеллект ғылым дамуының қай сатысы дер едіңіз?
– Жалпы ірі өнертабыстан кейін дүниежүзі тарихы өте үлкен өзгерістерге ұшырап отырған. Өзіңізге белгілі, адамзат күні бүгінге дейін үш өндірістік революциядан өтті. Әуелгі өндірістік революция – бу машинасын ойлап табумен жасалды. Содан соң жарылғыш затты қалай жасау керек екенін білген кезімізде де әлемдік өндіріс керемет қарқын алды. Кейінгісі – атом бомбасының «өмірге келгені». Осыдан соң адамзаттың ақыл-ойы жарықты, телеграфты, интернетті, т.б. керемет технологияларды өндірді. Аталған өнертабыстарды ғылымдағы үлкен дүмпу деп айтуға болады.
– Жасанды интеллект болашақта ақын-жазушы, жалпы өнер адамдарын тығырыққа тіреуі мүмкін бе?
– «Өнер туындыларын жаратуда жасанды интеллект несімен ерекшеленеді?» деген сұраққа жауап тапсақ, сіздің сауалыңызға да автоматты түрде жауап берілуі мүмкін. Жасанды интеллекттің жұмыс істеу барысын түсіндіріп көрейік. Бағдарламалаушы алдымен оның базасына философияның, әдебиеттегі барлық жанрдың озық үлгілерін және оны қалай жазу керек екенін енгізіп, үйретеді де: «Осының бәрін түк қалдырмай оқып шық, кейін біреу сенен тура осындай шығарма жазуды сұраса, айтқанын екі етпей орындап бер!» – деп бұйырады.
Ең қызығы, ЖИ әдебиет тарихындағы алыптардың жазу стилі, ойлау жүйесі мен заманауи бағыттарды араластырып та жаза алатын қасиетке ие. Мәселен, сіз ChatGPT-ден заманауи әдеби тәсілдерді қолдана отырып, Байронның стилімен өлең жазып беруін сұрай аласыз. Бұл ретте жасанды интеллекке шығарма жаздыратын «қаламгерлер» шынайы жазатын ақын-жазушыларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Ал жасанды интеллектінің өзі біздің әдебиетке, біздің ғана емес, әлемдік әдебиетке осылай бәсекелес болып, не тығырыққа тіреуі мүмкін.
Осы орайда қаламгердің немесе қаламгер болғысы келетін кісінің әдебиетке деген адалдығы, жеке басының этикасы да үлкен рөл ойнайды. Біреу жасанды интеллектіні қолданып, ұзын-сонар жақсы шығарма жазуы мүмкін, ең соңында: «Міне, мен осы шығарманы жасанды интеллектке дұрыс тапсырма беріп, бүкіл ақыл-ойымды қолданып, қалай жазу керек екенін сұрап барып қана жазып шықтым», – деп ашық мойындауы мүмкін. Бұл автордың жеке бас этикасына байланысты.
– Біздің қоғам үшін жаппай жасанды интеллектті пайдаланатын уақыт бола ма? Болса қанша жыл аралық деп болжар ең?
– Ол үшін машиналық оқыту қазақ ІТ мамандарының ішінде жақсы дамуы және бір жыл ішінде соған жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуі керек. Жасанды интеллект үшін бір жыл да өте ұзақ уақыт. Өйткені ЖИ әр ай, тіпті апта сайын дамып, жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Сондықтан кешеуілдеген әр күніміз өзімізді орасан зор шығынға ұшыратады. Сол себепті әзірше біздің қоғам жасанды интеллектпен шет тілдер арқылы байланыс орнатады. Ал оны шығармашылық үшін, тек қазақ тілінде пайдаланатын уақыт біздің машиналық оқыту үдерісіміздің жылдамдауына, тездігіне байланысты деп ойлаймын. Мүмкін осыған жауапты министрлік белгілі бір уақыттан соң кадрларды шетелге жіберетін шығар. Олар бір жыл тағылымдамадан өтіп, машиналық оқыту технологиясын меңгеріп келіп, команда жасақтап, қазақ тілін түгел машиналық оқытуға енгіземіз десе, бір-екі жылдың ішінде біздің де өз ChatGPT-іміз пайда болуы кәдік. Сол кезде ғана ЖИ қазақтың төл тілінде, яғни Әуезовтің, Жүсіпбектің, Бейімбеттің стилінде шығарма жазып беретін болар. Ол үшін ұлт әдебиеті алыптарының шығармашылығын тұтастай ЖИ базасына енгізуіміз қажет.
– Жасанды интеллект тудыратын дағдарысты қалай мөлшерлейсің, сипаттайсың?
– Бұл жерде «ЖИ тудырған дағдарыс» деген сөзді мен «ЖИ тудырған мүмкіндік» деген сөзбен ауыстыратын едім. Себебі жасанды интеллект – өз алдына бөлек жаратылыс емес, оны тоғыз басты айдаһар ретінде елестетпеймін. Мен оны қазіргі білім алу, медицина, бизнес саласына келген үлкен бір мүмкіндік деп бағалаймын. Мұның мүмкіндіктерін қолданып, біз жақсы жетістіктерге, жақсы деңгейлерге шыға аламыз. Өйткені ЖИ-дің пайда болғанына көп өткен жоқ. Ол дамығаннан кейін көп ұзамай әр мемлекет өзінің заңдық шеңберінде қолдана бастайды. Жер бетінің халқы тұтас жиылып, осыған қатысты ортақ шешім қабылдауы да ғажап емес. Демек, қайткенде де оның басты қозғаушы күші адам болады. Сіз оған мынаны істе деп бұйрық бермейінше ол тырп етпейді. Яғни жасанды интеллект факторы емес, адамның ниет-қалауы мен мақсат-мүддесі алдыңғы қатарға шығады.
Жасанды интеллектіні қолдануға байланысты, оны әртүрлі салаға енгізуге байланысты, машиналық оқытуға байланысты, медицинада, білім беруде, өнер саласында, маркетинг саласында пайдалануда жаңа мамандықтар пайда болып, мүмкіндіктері көбейеді. Сондықтан сіздің сұрақты екіжақты қарастыруға болады. Бірінші, жасанды интеллекттің пайда болуымен жұмыссыз қалатын мамандықтар, екіншісі, керісінше, жасанды интеллекттің пайда болуымен жаңадан пайда болатын мамандықтар және сол жаңадан пайда болатын мамандықтарды қаншалықты деңгейде меңгеруіміз. Келер күндері осы мәселе алдымыздан шығады деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан: Ы. Дәбей,
А. Қуанышұлы