Қар (әңгіме)
03.07.2023
2806
0

Сұлтан Раев

  

Сырт­та биылғы қыстың алғашқы қары толассыз жауып тұр…Тап-таза, түбіт­тей жеңіл қар. Әжептәуір кешігіп жауған соң адамдар қарды сағынып қалған ба, әншейінде абыр-сабыр болып жататын қаланың ырғағы бәсеңдеп, арлы-берлі ызғып өтіп жататын көліктердің де қозғалысы тыйылған.
Орталық алаңда ерсілі-қарсылы өткен бірді-екілі көлік болмаса, адамдардың барлығы үлкен-кіші демей қалада Жаңа жыл қарсаңында орнатылған шыршаның айналасында жүр… Аяз ата мен Ақшақар болып киінгендер ерекше құрметке бөленген, жан-жақтан қаумалап келіп қолтықтап, олармен суретке түсемін деушілердің қарасы қалың. Қоңыр күзден бері аспаннан қар түгілі бір тамшы жаңбыр тамбаған. Қара суық, арлы-берлі зуылдай ағылған көліктердің түтіні, құрғақ, бірақ іштен үдей соққан жел қала тұрғындарының берекесін алып қойып еді.
Кеңсе терезесінен сыртқа жіті назар салып тұрған Марат Әлиев жиырма минут­тан кейін үкімет­тегі жиынға кетеді. Кейде қым-қуыт, қарбалас тірліктің арасынан мезет тауып, сыртқа бір қарап алмаса, бас-аяғы жоқ бітпейтін тіршілік өзінің диірменіне салып қойып, бидайды жаншығандай жанши бермек. Тапсырма бастан асады, қайсысын бітіріп, қайсысын бітірмегенін өзі де түсіне алмай келеді. Біріншісін бітірсең, екіншісі шығады, онан кейін үшіншісі… Атқамінерлердің көрген күні – осы. Жанын салып, қыл шайнап істесе де, жақтырғаннан жақтырмайтындар көп. Жаңа жыл өте сала демалысқа Еуропаны бетке алып тайып тұрсам ба деп те ойлап жүр. Енді бір-екі күннен кейін Жаңа жыл. Осы ойдың жетегінде қиял әлемінің тереңіне сүңгіп кеткен бе, телефонның шырылдағанын естімей қалыпты. Қоңырау шалған хатшы қыз екен.
– Марат Алиевич, сізге бір қыз келіп тұр, қабылдауыңызды өтінеді, – деді хатшы қыз.
– Қыз? – деп бұл сұраулы үн қат­ты.
– Иә… Тығыз бір жұмысым бар дейді, – деді хатшы қыз ыңғайсыздана.
– Мен қазір… жиналысқа барамын ғой… – Үстелдің үстінде тұрған қағаздарын сөмкесіне салып жатып: – Жиналысқа барады демейсің бе, – деді.
– Айт­тым, ағай. Тығыз шаруа дейді…
– Тығыз болғанда, жұмыс бойынша ма әлде жеке мәселе ме?..
– Жеке мәселе…
– Жеке мәселе болса, бейсенбі күні түстен кейін келсін. – Ол тұтқаны қоя берейін дегенде, хатшы қызы қысқа ғана айтып үлгерді.
– Ертең Ошқа ұшатын едім, – дейді. – Сіздің ауылыңыздан екен, – деді хатшы қыз. Хатшы қыздың шорт кесіп, қысқа жауап беріп, қызды жолға салып қоя бермегеніне осы сөз себеп болғандай сезілді оған.
– Менің ауылымнан?..
– Қарасудан…
Ол қабырғадағы сағатқа қарады. Тағы он жеті минут бар екен. Аз да болса уақыт бар. Қысқа ғана қабылдап, ары қарай жиналысқа кетпек болды.
– Кірсін… уақыты өте тығыз деп қой, – деді ол.
– Жақсы. – Хатшы қыз тұтқаны қойды.
Ол есікке аңтарыла қарап тұр. Қыз есікті ақырын ашып, кабинетке кіріп келе жатып:
– Сәлеметсіз бе, аға! – деді.
– Сәлеметсіз… кіріңіз… мен асығыспын… Жиналысқа баруым керек, – деп ол орындықты нұсқады.
Қыз ақырын келіп, тізе бүкті. Мынадай ат шаптырым кабинетке бірінші кіріп отырғандықтан, айналасына ұрлана қарап алды. Қолындағы сөмкесінен бірдеңені алып шығып, қысыла сөз бастады.
– Кешірерсіз, аға… айып етпеңізші… уақытыңыздың тар екенін білемін… – деді қыз. Өзі өте ажарлы, аппақ, көздері мойылдай қап-қара. – Алаң болмаңыз…тоқетерін ғана айтайын…
– Айт, қызым… – қызды қайтадан ыңғайсыздандырғысы келмегендіктен, жиналысқа асығып тұрғандығын білдірген жоқ. Қыз сәлден соң үн қат­ты.
– Мен Алшаның қызымын… – деді.
– Алшаның? – Ол кім дегендей, қыздың жүзіне сұраулы кейіпте қарады.
– Сіздің кластасыңыз… Алшаның қызымын… – деді тартыншақтап.
Ол бұл сөзді естігенде мезгіл дүрмегіне ілесіп кетіп, баяғыда жадынан өше бастаған естеліктердің елесімен қайта қауышқандай болды. Арада қанша жыл өтіпті. Ол үшін кластас деген сөз де, өте ескі заманның сөзіндей ұмытылып бара жатыр екен. Мектепті бітіргеніне қырық жылдай уақыт болып қалыпты.
– Ммм… – деген ол тіл қатпастан, қабырғадағы сағатқа қарады.
– Аға, апамның аманаты бар еді, – деді қыз. Қыздың «апамның» деген сөзін естігенде, ол баяғы өтіп кеткен балалық шағына қайта оралғандай сезінді. Көз алдынан барлығы қайта жөңкіліп өт­ті. Енді есіне алды… Алшаны… Кластасы Алшаны… Қызы тура Алшаның өзі, өңі құйып қойғандай ұқсас екен. Бұл жас қыздың бет әлпеті Алшаның елесін көз алдына қайта қайтарып әкеліп бергендей болды. Алша да осы қыз секілді әдемі, ақша жүзді, көздері мойылдай мөлдіреген қап-қара емес пе еді. Ол өзінің ұмыт қалған балалығы үшін сәл ұялып тұрды. Уақыт­ты қарасаңшы, күні кеше ғана емес пе еді, алайда барлығы естен шығып, ұмытылып бара жатыр екен… Ол іштей тебіреніп кет­ті. Қыз сөмкесінен қағаз папканы алып шықты.
– Мынаны… сізге апарып бер деген… Баяғыда беруім керек еді… бір-екі рет келгенімде мені кіргізбей қойды… Апамның мұны бергеніне екі ай болды, кешіктіріп әкелгенімді айып көрмеңіз, оқудан қолым тимей… – деді қыз кібіртіктеп.
– Рақмет, қызым. Өзің апаңнан аумай қалған екенсің. Жас кезінде апаң да дәл сендей еді… сұлу… – деді ол. – Айтпақшы, Алшалар қалай? – Неге екенін көпше түрде сұрады. – Әкең, туған-туысқандарың, барлығы жақсы ма? – деді.
– Жақсы, – деді қыз. Қыздың «жақсы» деген сөзі сенімсіз шықты. Қызды өзінен ұялып тұр деп болжап қойды.
– Қызым, – ол асыға қабырғадағы сағатқа қарады. – Он екі минут­тай уақыт қалыпты, жиналыстан кешігуге де болмайды. Оның үстіне, екінші мәселе бойынша өзі сөйлейді. – Мен асығып тұр едім. Апаңның аманатына рақмет. Менен сәлем айтып қой. Аға Алша деген есіміңізді естігенде қуанып кет­ті де. Мақұл ма? – деді де орнынан тұрды. – Айтпақшы, телефоныңды менің хатшы қызыма, Шаһаркүлге беріп қой, иә, – деді.
Қыз кетпекке ыңғайланып орнынан тұрды.
– Атың кім сенің, қызым? – деді ол, есікті ашып, қызға жол беріп жатып.
Қыз шығып бара жатып, нәзік үн қат­ты:
– Айшолпан…
– Атың керемет әдемі…өзіңе жарасып тұр екен, – деді де, қызға жалт етіп бір қарап қойды. Қыздың жүзінен баяғы бала шақтағы кластасы Алшаны көргендей болды. Бозбала кезіндегідей қызарақтап, сәл ыңғайсызданып қалды. Ішінен: «Анасы мен қызы осылай да ұқсайды екен-ау» – деп қойды. Сосын: «Мен саған қоңырау шаламын», – деп қыздың қолын қыса қоштасты.
Ол сыртқа шыққанда, биылғы қыстың алғашқы қары толассыз жауып, мамықтай үлбіреп жерге қонып жат­ты. Айнала аппақ тон кигендей, ғажайып…

* * *

Жиын кеш біт­ті. Ол ес-түсін білмей шаршады. Жиыннан шыққанында қала көшелері көлікпен тығындалып қалыпты. Ешкім қарды дәл бұлай жауады деп күтпеген. Қала шетіндегі үйіне екі сағат­тың шамасында әрең жет­ті. Келе сала диванға жата кеткісі келді. Қат­ты шаршаулы. Үйде әйелі екеуі ғана. Балаларының барлығы бастарын құрап, өз алдарына үй болып кеткен. Өздері де, немерелер де алыста. Әйелі дайындап қойған кешкі асқа мүлдем тәбеті тартпады. Өз бөлмесіне кіріп қисая кеткені сол еді, телефон шырылдады. Мұның шекесі тырысты. Дәл осындай кез­де шырылдай қалады. Ұйқысы шайдай ашылды, осындай жаман әдеті бар. Енді мүлде ұйықтай алмайды. Телефонды алып, тұтқасын құлағына тақап еді, үзік-үзік гудок қана келді құлағына. Қоңырау шалғанның кім екенін де білмейді. Бейтаныс нөмір. Телефон шырылы шекесін тырыстырса да, өзі әлгі нөмірге қайыра қоңырау шалды. Телефонды алып: «Алло» – деп үн қатайын деп жатқанда, арғы жақтан:
– Братан, я по ошибке… косяк менен, кешіріп қой! – деген қатқыл дауыс шықты. Бейуақта шатасып қоңыраулатқан жас жігіт­тің дауысы онан сайын жынын қоздырды. Телефонды біржола өшіріп тастады. Тағы қисайып көріп еді, көзі ілінбеді. Ұйықтай алмай ұзақ жат­ты. Әйелі жүрген жақтан үн шықпай қалды. Ол да жатып қалған болу керек. Ертең ертемен университет­тегі сабағына асығады… Жарықшамды жағып алып, маңдайын уқалап біраз отырды да өзін алдарқату үшін Кутзеенің «Осень в Петербурге» деген кітабын парақтап көрді.
Парақ бетіндегі әріптер жыпырлап, көзіне дұрыс ілінбей қойды ма, әлде кітап оқуға өзін қинағысы келмеді ме, парақтап-парақтап, кітапты қайта орнына қойды. Түн ортасынан ауып барады. Ұйқысы мүлдем қашып кет­ті…Түнгі терезенің алдына келді. Қар әлі жапалақтап жауып тұр. Бұл қар таңертең келген қызды есіне салды. Ол жоғалтып алған бір нәрсесін қайта тауып алғандай қуанып кет­ті. Қыз мүлдем есінен шығып кетіпті. Оған қоңырау шаламын деп айтып қойды емес пе?! Қыз шынында да анасы Алшаға аумай тартқан екен. Екеуінің жастығы екі мезгілге тура келіп тұрса да, егіз тамшыдай ұқсастық бар. Бәлкім, Алшаны да сонау алыста қалған балалық шағында осы қызға ұқсатып, қуыршақтай қылып киіндіріп, бояндырып қойса ол да құдды қызы секілді ажарлы болар ма еді?.. Әр заманның өз бояуы бар. Алша табиғатынан сұлу қыз еді. Ол қағаз папкадағы «аманат­ты» ашып, жарықшамның жанына алып келгенде көзіне сол баяғы оқушы кез­дегі шақпақ дәптер, оның бетіндегі бұның өз қолымен жазған хаты түсті. Өзінің қолтаңбасын дереу тани қойды. Хат­тағы ирек-ирек жазылған сөздерді бұл өзі жазған. Дәптердің беті біраз сарғайғаны болмаса, осы қазір ғана жазылғандай болып көрінді көзіне. Дәптер бетіне «шариковый» қаламмен жазылған өлеңді оқыды. Ол кез­де «шариковый» қаламдар енді шығып, оқушылардың барлығы соны қолдануға көшкен. Оған дейін сиямен жазып жүрген. Сияның тамшысындай болған балалығын мына ескі парақ есіне салды. Бұл өлеңді Марат жазған, шындығын айтқанда, бұл оған тиесілі емес. Алшаның көңілін өзіне бұру үшін Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» деген поэмасынан көшіріп, «Нестан» деген жерін «Алша» деп өзгерткен. Осы өлеңді оқығандағы Алшаның тамсанғанын көрсең. Күні бүгінгідей есінде. Папканың ішінде «Советский экран», «Корея» деген журнал… өлең жазылған шақпақ дәптер… «С Новым годом» деген открытка… оның да бетінде мұның ретсіз, ирек шимайлары кестеленіпті. Папканың ішіндегілер мұның жүрегін орнынан қозғап жібергендей. Арада қаншама жыл өт­ті. Бұл қағаздарды ғана емес, осы Алшаның өзін де ұмытып барады екен… Алшаны қарамайсың ба, әлгі зат­тарды бұл дәл бүгін бергендей сақтап келіпті. Көз алдына балалық шағы бәз-баяғы күйінде қайта оралды. Қайран Алшаның аманаты… осы кезге дейін сақтап келгенін қарасаңшы?.. Оның жадына балалық шағы, сонау 70– жылдардың арасында қалған бір бүктем қағаздай қайта ұшып келді.
Сырт­тағы қар тоқтамай әлі жауып тұр. Өткен күннің елесі оның көкірегін тілгілеп кет­ті…

* * *

Ауылы ат төбеліндей ғана ауыл еді. Ауылдың ең шетінде бұлардың үйі. Ауылдың ортасында он жылдық мектеп бар, таң ертемен барлық бала сол мектепке қарай бет алады. Мектеп бес ауылға ортақ мектеп. Қыста мектепке бару бұлар үшін өліммен тең, ауыр. Қарды белуардан кешіп барғандары аздай, жолда кез­десетін қабаған ит­терден көретін көресілері тағы бар. Көкейіне көк тастай ауыр тиетін. Ит­тің аты ит. Ешкімге қарап үрмесе де, мұны көрсе абалап, соңына түседі. Бұл болса сөлпиген арық, басында қоян тымақ. Пальтосы да ұзын. Қарды омбылап, зорға келеді. Ит­тің түрі құрысын, аузынан сілекейі ағып, мұның жіптей арық аяқтарын тістеп алсам дей ме, Марат­ты көрсе болды, ит­тердің қуалағысы келіп тұрады. Әлде бұл да ит жылы туған, ит ит­ті көргенін түсініп қоя ма… Ит­тер бұны өлтіргілері кеп жүргендей көрінеді. Кейде осы ит­терден қорқып, сабаққа бармай қоюды әдет қылып алған.
Бір жолы анау төрт көз, қысқа құйрық итке нанның ішіне ине тығып беріп те көрген. Ол «біт­ті, бұл ит өледі» деп ойлаған, ертесі ештеңеден бейхабар мектепке бара жатса, баяғы төрт көз ит өлген түгі де жоқ, артынан бұрнағысынан да қат­ты өшігіп қуып берді… Амалсыз сөмкесіне орап салып алған нанын итке лақтыра беріп, өзі әрең қашып құтылған.
Алша да мектепке осы жолмен барады. Ол бұған қарағанда өте ширақ, ерте тұрып, сабаққа ерте барады. Бұлардың класында Шона деген бар, бәрінен бұрын тұрады да, мектепке бара жатқан жалғыз аяқ жолдың шетіне сідігімен «А+М=луйбоф» [2] деп жазып кетеді. Мұны көрген Алша ашуланып, қарды аяғымен тебе бастайды. Ал Марат­тың таңғы тәт­ті ұйқыдан оянғысы жоқ. Оның мектепке құдайдың құт­ты күні кешігіп келгені келген. Сақтап қойғандай, ең шырын түстер бұған таңға жуық келеді. Шешесі келіп оятпаса, түрлі-түсті тәт­ті түстен айыққысы келмей жата бермек…
Сол жылы қар қалың түсті… Қар қалың түскен жылы ол Алшаны «сүйіп қалған». Алшаның сабағы орташа, тәртіпті, ең бастысы елге ұқсап сабаққа кешігіп келмейді. Олардың үйі бұлардыкінен біраз төмен.
Алшаны «сүйіп» қалғаннан бері ол сабақтан кешікпейтін болды, ерте тұрып, жолайрықта оны күтіп тұрады. Одан ары екеуі қарды белуардан кешіп, мектепке қарай жөнеледі. Баяғы төрт көз, келте құйрық ит­тің ырылдағанын шыбын шаққан құрлы көрмей қалды. Ал ит болса жалықты ма, кейінгі кез­де бұған қарап үруді де қойды.
… Екеуінің «махаббаты» ертегідей бір қыстың күні басталған. Қай класта оқығандары қазір анық есінде жоқ. Жапалақтап қар жауып тұрған. Екеуі мектептен қайтып келе жатқанда сөзді Марат бастады.
– Алша, мен бір сөз айтсам, оған көнесің бе? – деді ол.
– Алдымен айтсаңшы, – деді Алша, оның көздеріне тесіп жіберердей қарап. Алшаның бала кез­дегі көздерін айтсаңшы, әлемнің сұлулығы осы көздің ішіне тұнып қалғандай сезілетін оған. – Айт енді… – Алша дегбірсізденіп, мұның не айтарын білгісі келді.
– Үш күннен кейін 23-ақпан. Еркектердің мейрамы. – Ол бұл сөзді аузын толтыра, өзін қаһарман ерлердің қатарына қосып, көтеріңкі дауыспен айт­ты. – Біздің мейрам!
– Білемін сенсіз де… – Алша қысқа қайырды.
– Сен маған сыйлық бересің бе? – деді ол.
– Неменеге береді екенмін?.. – деді Алша көз аясын үлкейте ашып.
– Мен саған 8-наурызда сыйлық жасаймын, – деді ол. – Әйелдер мейрамында… – Ол бұл мейрамды «Әйелдердің мейрамы» деп әбден құлағына сіңіріп алған, қалай бар, солай айт­ты.
– Алдап тұрсың ғой сен… – Алша ентіге сөйледі.
– Алдасам өліп кетейін. Честно пионерский! – деді ол қолын шекесіне апарып.
– Честно ма?.. Пионерский ме?.. – Алша күдіктене сұрады.
– Честно!.. – Ол қолын шекесіне қайта апарып, салтанат­ты жауап берді.
– Мейлі онда… – Алша бұл ұсынысқа көне қалды.
Бұлардың класындағы оқушылар жылдың екі мейрамында құт­тықтап, бір-біріне сыйлық берісетін. Кейбірі алдын ала «мен саған беремін, сен маған бересің» деп келісіп алатын. Бұл екеуі де солай қылмақ болды. Былтыр Марат Сапаргүлге сыйлық берген… амалсыздан. Себебі Сапаргүл кластағы ең үздік оқитын оқушы. Сабақта диктант­ты басқа оқушыларға көшіртпесе де, Маратқа көшіртетін. Осы үшін сыйлығын Сапаргүлге берген.
Екеуі қарды сықырлата басып келе жат­ты…
– Алша, тағы бір нәрсе айтсам саған ұнай ма?– деді ол демін жиі алып. Алшаның алдына шығып тұра қалды.
– Ий-ий, айта бер, – деді Алша естуге құштарлығы артып.

– Өскенде… менімен сөйлесесің бе? – деді ол. Бұларда «сөйлесесің бе» «жүресің бе» деген сөз, екі адамның қарым-қатынасын білдіреді.
– О, қуын қарай гөр! – деді Алша аяғының астындағы қарды нығыздай басып. – Алдағалы тұрсың ғой, сөйлесемін десем, мазақ қылмақсың ғой, ә? Тапқан екенсің! – Алша басын шайқады. – Сыйлық та бермеймін… сыйлығыңның да керегі жоқ… Сапаргүлің берсін саған! – деді. Алшаға бұл дүниеде күлгеннен басқа ештеңе жараспайды, күлкі оның жүзінен құйылып келіп, екі бетінің ұшындағы шұңқырға ұйып қалғандай көрінетін… Ал қазіргі түрі бетінен біреу шапалақпен салып қалғандай, әлем-тапырақ болып ашуланып кет­ті. Бірақ қанша ашуланса да қауызын енді жарған гүл секілді әдемі қалпында қала береді екен.
– Мен сені жақсы көремін, жалған айтсам өліп кетейін! – Ол ақтала сөйледі. – Честно пионерский! – Қайтадан қолын шекесіне апарды.
– Честно демей-ақ қой! Сенің «жақсы көрем» дегенің ұят сөз! Ұят сөзге «честно пионерский» дегенің тіпті жараспайды! – деді Алша тік сөйлеп.
– Өліп кетейін!.. – Ол өмірін қия салардай ант етіп, қарғана бастады.
– Өлемін дейді ғой… маған десең… өле қал! – деді Алша.
Бұл сөздер Алшаның айтатын сөзі емес, апасының сөздері еді. Алша соны қайталады.
– Мен сені аламын! – деді амалы таусылған бұл.
– Аламын?.. Сапаргүлді ал да жүре берсеңші? – деді Алша. Мұның жылан шақпай, жылқы теппей ашуланып жатқанының себебі де Сапаргүл еді.
– Мен Сапаргүлді атамын десе де алмаймын… Оның бетінде секпіл бар!.. – деп салды бұл жаны шығардай ышқынып. – Батпақ сары…
– Нан ұрсын де! – деді жуаси қалған Алша оның осы әлсіз тұсын пайдаланып.
– Нан ұрсын! – Ол тағы да қарғана жөнелді.
– Әнеугүні жаныма отыршы дегенімде, не үшін келіспей қойдың?! Сапаргүл сары батпақтың жанынан шықпай?.. – Алша бұл сөзді Марат­тың көзіне сынай қарап айт­ты.
– Қашан? – деп аңқауланды бұл.
– Әнеугүні ше?.. – Алша аузын бұртит­ты.– Завуч апай көзін алайтқан күні…
– Аа… анау ма?.. Жай отырғанмын… Диктант көшіргенмін… Сен де мен секілді нашар оқисың ғой…
– Ой, сүмелек! Бәлесің, ә!.. Диктант­та Сапаргүлмен, диктант жоқта менімен…

– Онда тұрған не бар?.. Екеуіміз де «екі» алсақ жақсы ма?.. Саған да көшіруге бердім ғой? – деді ол ақтала.
– Ал екінші сағат­та ше? – деп бастырмалат­ты Алша. – Сол кез­де де отырмай қойдың ғой?
– Сапаргүлде өріктің қағы бар екен… Әкесі Оштан алып келіпті.
– Білдім сенің ойыңды… Сапаргүл өрік берсе, мені алдап, оны алып аласың. – Алша қайта тырыса қалды.
– Қойшы сол сары қызды… жек көремін… ұрысқақ қыз!.. – деп жақтырмай қалды бұл.
– Сен мені алсаң, мен не істеймін сонда, а?..
– Бөпелі боласың, завуч апай секілді…
– Қалай?
– Солай енді…
– Солай болғанда қандай?..
– Қазанға жапқан нандай!
– Егіз бе?..
– Жо-жоқ! Сегіз!..
– Ай-иий! Соншалық көп пе?!
– Атын кім деп қоямыз?
– Атын ба? Қыз тусам Айшолпан, ұл тусам Шолпанбек…
Екеуі мәз болып күліп алды.
– Сен маған жапон жаулық алып бересің бе, сонда? – деді Алша.
Бұлардың түсінігінде жапон жаулық өте бағалы еді ол кез­де. Апасы да: «Алша, үлкейгенде маған жапон жаулық алып бересің бе?» – деп сұрай беретін. Осыны естіп алған Алша да бұл сұрақты Маратқа қойған.
– Алып берем. Біреу емес, екеуін! Болды ма?..
– Болды!.. – Екеуі жарыса күліп жіберді. Осы сәт­те бұлардан бақыт­ты ешкім жоқтай сезілді.
– Пушкиннің өлеңін жат­тадың ба? – деді Алша.
– Ал сен?
– Жат­тадым…
– Мен де… – деді бұл.
– Кел, бір жолын сен, бір жолын мен айтайын, – деді Алша. Екеуі Пушкиннің «Қысқы кеш» өлеңін бір-бір жолдан жатқа айта бастады. Бірінші болып Алша бастады.
– Буря мною небо кроет, – деді Алша.
– Вихри снежные крутя, – деді бұл.
– То, как зверь, она завоет, – деді Алша.
– То заплачет, как дитя, – деді бұл.
– Ура! Жат­таппыз! – деп Алша сөмкесін аспанға ат­ты.
Екеуінің үйлеріне әлі алыс еді.
– Былай істейік, – деп ұсынысын айт­ты Алша. – Сен қаш, мен саған қар лақтырамын. Егер саған тисе, мен қашамын, Сен маған лақтырасың… Мақұл ма?
Марат алға түсіп балпаңдай жөнелді. Ағасынан қалған ұзын пальтоның етегі қарға сүйретіліп барады…
Артында Алша. Алшаның лақтырған қары Маратқа дәлдеп тиген жоқ. Алша қат­ты шаршады.
– Енді сен лақтыр, мен қашайын. Бірақ біраз дем алып алайын… Өпкем өшті, – деді Алша. Алша біраз дем алды да, саңқылдай күліп, жалма-жан артқа бұрылып қаша жөнелді. Алысқа шырқап барады. Бір мезет­те артына жалт бұрылып қарағанда, Марат­тың лақтырған қары дәл көзіне тиді. Көзінің оты жарқ ете қалды. Марат­тың қорыққаннан жүрегі су ете қалды. Алшаның көзінің айналасы қызарып шыға келді. Ауырған көзін қолымен басқан Алша шыдамай жылап жіберді. Марат не істерін білмей дағдарды. Қызды жұбатайын деді де, меңірейіп тұрып қалды. Бар айтқан сөзі:
– Кешір мені, Алша!
– Ақымақсың! – Алша қолын көзінен алмай жылай берді. Марат Алшаны өзіне қарай тартып, қат­ты құшақтады. Қыздың оған әлі жетпеді. Марат Алшаның қып-қызыл болып қызарған көзінен қалай сүйіп алғанын байқамай қалды. Өмірінде қызды алғаш сүюі. Алша жылағанын қоя қойды. Алшамен қанша сөйлесіп, бірге оқып, бірге жүрсе де, осы кезге дейін оның иісін сезбеген екен. Қат­ты құшақтап, көзінен сүйген кез­де, оның самайынан өзгеше бір әдемі иісті сезді. Керемет иіс екен. Бұл иістен оның басы айналды.
Күн сіңген иіс… қыздың исі… Қыстың осынау күнінде екеуі үйлеріне үнсіз тарасқан…

* * *

…Сонан кейін екеуі біраз «сөйлескен»… Сыйлықты бірінші болып Алша берді. Сыйлығын жылтырақ қағазға қолапайсыз орап, төрт жағынан кендір жіппен шиедей қылып байлапты. Ішінде екі тиындық үш шақпақ дәптер мен қара қарындаш. «Индонезия ертегілері» деген бірер парағы жыртылған кітап, онан соң «Марат, сені 23-февраль – Совет­тік Армия күнімен шын жүректен құт­тықтаймын!». Алша» деп жазған открыткасы бар (Открытканың сыртында «С Новым годом!» деген жазу, Аяз атаның, Ақшақардың суреті.) Алша бұл сыйлықты кластағылардың барлығына көрсетіп, маңыздана тапсырды. Кластас қыздардың барлығы ұл балаларға сыйлықтарын берді. Тек Сапаргүл ғана Марат­тың жанынан өтіп бара жатып май құйрықтан аямай шымшып алды да, ақсары жүзі түнеріп: «Сені ме, асықпа!» – деп қойды. Мұны екеуінен басқа ешкім байқамады. Алша да… Көп өтпей көктем келіп, 8-март та жақындады. Әйелдердің халықаралық мейрамы.
Енді кезек Маратқа келді… Бірақ Марат­тың сыйлығы Алшаға кешігіп тиді. Сол күні (7-март­та) ол сабаққа келмей қалды.
«Ий, қу неме, алдаған екен», – деді Алша пұшаймын болып. Марат­ты: «Сабаққа келсе екен» – деп Алша көп күт­ті. Кластағылардың барлығы бір-біріне сыйлық беріп болды. Марат қана жоқ. Хабар-ошарсыз. «Бұдан былай Маратқа мүлде сенбейтін боламын» деп қарғанды Алша. Сол күні кластағы қыздардан Алша ғана сыйлықсыз қайт­ты. Мұны көрген Сапаргүлдің құдайы беріп қалды. Ол өзінің жанындағы қыздарға (одан диктант көшіретін қыздарға) «пыш-пыш» деп бірдеңе айтқансып, Алшаны ымдап, қасын қаққан… Алша түннің бір уағында терезенің тырсылын естіп қалды. Терезені ашса, Марат тұр. Неге екені белгісіз ентігіп тұр. Ол сәлден соң барып:
– Мә! – деп газетке оралған нәрсені Алшаға ұстата беріп: – Құтылдым ба? Мен кет­тім… – деді ол.
– Құтылдың. Ертерек бермейсің бе? – Алша қырсыға сөйледі. – Бергеніңді қыздар да көрмей қалды…
– Кешір мені… Сиырымыз бұзаулап еді. Қарайтын ешкім жоқ болған соң, үйден шыға алмадым, – деген ол асығыс келген жағына қарай тартып отырды.
Марат­тың сыйлығының да Алшаныкінен асып кеткені шамалы. «Советский экран» деген журнал. Мұқабасында Юрий Никулиннің суреті. «Корея» журналы. Бұл журналда автомат­ты кеудесіне қат­ты қысып, жымиып тұрған корей қызының суреті бар екен. (Марат­тың әкесі осы ауылдың пошташысы, бұл журналды ол әкесінің қоржынынан ұрлап алған. Мынадай журналды бұлардың кішкене ғана ауылында қандай мұғалім оқиды, оны білмейді екен.) Тургеневтің сырты көкшіл «Муму» деген кітабы. Кітаптың сыртында Мумуды суға батыруға алып бара жатқан мылқау Герасимнің суреті. Ал оның ішкі бетінде қолмен ирелеңдете жазған мынадай тілек: «Құрмет­ті, Алша! Сені құшақ жайып келе жатқан 8-Март – Әйелдердің халықаралық мейрамымен құт­тықтаймын! Саған индиялық таза махаббат, сібірдің мықты денсаулығын, кавказдықтардың ұзақ өмірін тілеймін! Марат.» (Бұл оны ағасының бір қызға жазған құт­тықтауынан көшірген.) Сыйлықтың ішінде жартысы ғана қалған «Кармэн» опасы (әпкесінікі болса керек). Анадайдан мұрныңды жарып жіберетін өзгеше иісі бар…
Марат­тың өлеңі ше? Шақпақ дәптердің парағына әдейілеп Алшаға «арнап жазған өлеңді» көргенде, қыздың көзі жасаурап кеткендей болды. Бұл өлеңді Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасынан көшіріп, Алшаға «өз өлеңім» деп өтірікті ысқыртып жібергенін білді де, «мырс» етіп күліп алды.
«Сәулем, талай-талай істер дүниеде жаралды да,
Жиһан қанша жарық болсын, сенсіз маған қараңғы да.
Жан сүйгенім, сеніменен құрсын әмір мені айырған,
Жүзіңді енді көру қайда, қуанышты құмарланған,
Жүрегімді қайтып жазам? Садағыңмен жараланған,
Сыр жұмбағын саған аштым, ойындағы қиялданған» –
деп жазып, аяғына: «Марат» – деп қол қойыпты.
Бұл өлеңді оқыды да, дәл осылай көшіріп, Алшаға арнағанына таңғалып қалды. Екеуі де сол сәт­те осы жырда не жазылғанын түсіне алды ма екен? Дәл қазір оған миы жетпей тұрды…
… Алыс қалған балалығының елестерін қайта көз алдына әкелген осы бір үзік естелік Марат­тың жүрек тұсын жып-жылы етіп жіберді. Алшаның осылардың барлығын күні бүгінге дейін сақтап келгенін айтсаңшы. Бұл сол сәт­тердің естелігі. Осы естеліктерде бұлардың балалығы бар… Марат маңдайын қат­ты-қат­ты уқалап қойып, алыстағы алақандай ауылына құстай ұшып барғысы келді. Қазір ғана сол мезгілдің жүрегінен құс секілді ұшып өткенін сезінді. Алшаның қаншама жыл бойы осыларды жанында тұтып, сақтап қана қоймай, Маратқа деген жылы сезімдерінің отын сөндірмей келгенін, ол ғана ма, сонау жылғы қыста, қызды болсақ атын Айшолпан қоямыз дегенін де ұмытпағанын бүгін кабинетке келген қызды көргенде түсінді…
«Әйелдің жүрегі өзгеше ме?» деген ой көңілін алай-дүлей ет­ті. Қанша уақыт өтсе де бұған деген балалық сезімін тәбәріктей сақтап келгенін айтсаңшы… Мұны ойлаған сайын іші қыз-қыз қайнады. Қайнағаны сол… мектепті бітіріп, екеуінің жолы екі айырылғаннан бері Алшаны есіне алмағанына, оның тұрмыс-тіршілігінен мүлде хабарсыз қалғанына, мұндай адамның өмірде бар екені ұмытылған парақтай болып қалғанын да енді ғана түйсініп, енді ғана сезіп тұрғандай өкініп, өрт-жалын болып күйіп тұрды. Ол дәл қазір мектепті бітіріп, соңғы қоңыраудан кейінгі есінде қалған елесті көз алдына әкелді.

* * *

Марат пен Алша соңғы қоңырау кешінен кеш қайт­ты… Бұл күні түнгі аспанда жыпырлаған көп жұлдыз жайнап тұрды… Айналаны жазғы жайлы ауа жайлап алған. Мылқау түн. Құлаққа ұрған танадай мылқау тыныштық… Жаңа ғана туған айдың жарығы аспаннан нұрын төгеді… Екеуі үн-түнсіз… Көкіректері ғана сайрап тұрғандай… («Марат: Ешкім жоқта сүйіп алсам ба екен? Кішкене кезімізден бірге келеміз. Ол кез­де… тіпті бала едік. Қазір қолын ұстауға да тартынасың… жақындай алмайсың… Егер өбіп алсам, ертең бетіне қайтіп қараймын. Ұят қой… Әлде тәуекел етсем бе екен?…»). («Алша: Неге үндемей келе жатыр, аузына талқан салып алғандай… Екеуміз осы уақытқа дейін сүйіспеппіз. Қандай болады екен өзі? Бір рет сүйісіп көрсек болмай ма. Сүйіп алса екен!»). Екеуі үнсіз ғана ойларымен арпалысып келе жат­ты…
Марат­тың от­ты көздері Алшаға ұшқын ата қадалды. Не деп айтарын, сөзді неден бастарын білмей, ойы онға бөлінді… Ақыры айтар сөз тапты да, оған өзі қуанып кет­ті…
– Оқуыңды бітірген соң қайда барасың? Фрунзеге ме, Ошқа ма?.. – деді ол. Осы сөз ойына келгені үшін жерден жеті қоян тапқандай қуанып, жадырап кет­ті. Сұрауын сұраса да, іші от жалын болып күйіп тұрды. Бұл сұрақты бұған дейін де қанша рет қойған, қаншама рет жауабын да алған. Алша дүрс еткізе жауап берді…
– Байға тием!
– Байға?.. – Алшадан мұндай жауапты күтпеген бұл абдырап, ләм демей, тұрып қалды.
– Иә, солай!– деді Алша.
– Кімге? – деді бұл шошыған түрмен.
– Кімге… – Алша жуаси қалғандай болды. Марат оның аузынан «бұл әзіл ғой» деген сөзді естігісі келді. Бірақ Алшаның дауыс ыңғайы әзіл айтқандай көрінбеді. – Әйтеуір біреуге де… Пешенеме жазғанға…
– Пешенеңе кімді жазыпты? – деді ол.
– Оқысаң білесің.
– Оқиын ба?
– Оқышы… – Алша оған маңдайын тоса берді.
Марат­тың мұрнына оның иісі келді. Алша Маратқа маңдайын тосты… Екеуі жақындай түсті. Алшаның кеудесінен сыртқа теуіп тұрған төсі айдың жарығымен ап-анық көрінді. Марат­тың бақайынан бастап миына дейін жеткен өрт сезім оның бойына белгісіз бір күш бергендей болды. Ол Алшаны өзіне тарта қат­ты құшақтап, бетінен, еріндерінен ебедейсіздеу сүйіп алғанын байқамай қалды. Бұған дейін сүйісіп көрмегендіктен, қолапайсыздау сүйді. Сілекейі Алшаның бетіне жағылып қалған ба, ол жеңінің ұшымен бетін ақырын сүрт­ті… Екеуі тым-тырыс қалды. Кеуделерін бүлкілдеткен сезім ғана білінер-білінбес соғып тұрғандай сезілді. Ыстық леп… Алша бойын ала қашып, сықылықтай күлді.
– Неге күлесің? – деді ол тізесінің жаңа туған бұзаудың тірсегіндей дірілдеп тұрғанын білдірмеуге тырысып.
– Мұрындарымыз түйісіп қала ма деп…
– Мен де солай ойлағанмын… – деді Алша.
– Кинодағыдай сүймейсің бе?.. – Алша құшағынан сытылып шықты да, жалт-жұлт еткен қара көздерімен бұған тесілді. Найзадай кірпіктерін қадап жылышырай қарап, әдетінше екі бетінің ұшындағы шұңқырын көрсете жымиды да жалт бұрылып, үйіне қарай жүгіре жөнелді…
Арқасында қос бұрымы ырғала тербеліп, Марат­тың жас жүрегінде бүр жарған балаң сезімдерін осы бұрымдарға қосып, өріп алғандай қараңғыға сіңіп кет­ті…

* * *

… Ол ойланып, терезенің алдына келді. Сырт­та қыстың қою қараңғы түні. Терезеден түскен жарықтан күні бойы жауып тұрған қар бүртіктерінің жерге бірінің артынан бірі түсіп жатқанын көрді… Ол бүгін қайырылып, қайта көз алдына келген балалығын көпке дейін ойлап, таңға жуық талып ұйықтап кеткенін сезбей де қалды…

* * *

Кабинетіне кіріп, хатшы қызды шақыратын кнопканы басты. Хатшы қыз кабинетке кірді.
– Шаһаргүл, кешегі қыздың жөн-жосығын білесің бе?.. Телефон нөмірін қалдырып па еді? – деді ол.
– Қалдырған, Марат Әлиевич, – деді де, қағазға жазылған нөмірді алып келді хатшы қыз.
Ол қыздың нөмірін теріп, тұтқаны құлағына жақындатқанда, ұзақ-ұзақ қоңырау үні келді құлағына.
– Алло… – деді қыздың үні. Артқы жағынан әуежайдағы хабарламалар естілді құлағына.
– Бұл мен… апаңның кластасы… Марат… – деді ол асыға.
– Тыңдап тұрмын… – деді қыз мағынасыз ғана. Амандасқан да жоқ.
– Сен қай жердесің?.. – деді Марат.
– Әуежайда… – деді қыз.
– Бір жаққа ұшып барасың ба? – деді ол.
– Иә… – деді қыз терең күрсініп. – Ошқа…
– А, онда жақсы болған екен!.. Апаң Алшаға менен дұғай сәлем айт! Кластасыңыз сізді үнемі ойлап жүреді екен де… Кеше әкеліп бергендерің үшін көп рақмет… ол… балалығымызды есіме салды… – деді. – Амандық тілеймін!.. Апаңа жас кезінде жапон жаулығын алып беремін дегенмін. Қа-ап, сенің ауылға баратыныңды білгенімде, апаңа жапон жаулық беріп жіберетін едім, – деді ол баяғыда берген уәдесін қазір еске алып. – Алло, Айшолпан естіп тұрсың ба?.. Қыз жауап орнына күрсініп:
– Апам енді сіздің жаулығыңызды таға алмайды… Апамнан айырылып қалдым… – деді де өксіп-өксіп жылап жіберді. «Бикеш, телефоныңызды сөндіріңіз! Қазір ұшақ орнынан қозғалады» деген үн Айшолпанның тұтқасынан оған анық естілді. – Алло… алло… Айшолпан!.. – деп не айтарын білмей дағдарып қалды…
Телефон сөнді. Қайта қоңырау шалды… жауап болған жоқ…. Осы сәт­те оның көз алдына күлгенде екі бетінің шұңқыры көрінетін, жәудір көз Алшасы, сол жылдары жауған қалың қар, құйрығы келте, төрт көз ит, айлы түн, екеуінің бір-біріне берген сыйлықтары, лақтырған қары абайсызда тиіп кетіп өрт­тей болып қызарған Алшаның көзі, алғаш сүйіскендері… қыздың қос бұрым ұзын шашы… бәрі-бәрі үзілген таспадай көз алдынан өте шықты. Әр елесті көз алдынан қайта өткеріп, сол алыс қалған балалық шағынан өзін іздеді. Оларды баяғыда жоғалтып алғанын енді сезді… осы жоғалып кеткен елестердің бір парағында өшпей қалған жазудай болып Алшаның елесі қалыпты. Көп жылдан бері кеудесінде елеусіз ғана сақталып келген естеліктер Марат­тың көкірегін сыздат­ты. Өн бойын ашу кернеп, жүрегі қысылды. Сырт­та қақаған қара суық. Кеше жауған түбіт­тей жұмсақ қардың үстіңгі қабаты мұз болып қатып қалыпты… Оның көкірегінде қатып қалған осы мұздай сезімді Алша жұдырықтай жүрегіне түйіп алып алысқа…алысқа…қайтып келмес жаққа алып кетіпті.
Жан дүниесі әппақ қардай пәк балалықтың таза, қиялға бай күндері, алғашқы сүйіскен сәті мұның көңіліне қаншама жыл өткен соң қайта ораларын сезіп пе еді?.. Адам жанының тамыры балалық шақта қалады, қыз осы сәт­терді көзінің қарашығындай сақтап келген екен, бірақ бұл арт­та қалған осы естеліктерге қайта орала алмай жүрген. Қас-қағым сәт­те қайта жадына оралған бұл естелік оны сол дүниеге қайта араластырып жіберді.
Ол бір сәтке тосылып тұрып қалды. Сол балалық шағының шындығына ақылы жетпесе де, бағасын біліп тұр ма?.. Баяғыдағы оқиға алыста қалған балалық шағына жетелеп алып барғанда ол бүкіл өмірінің бір тамшы көздің жасындай құлап түскенін сезді. Сол бір тамшы көз жасында оның Алшасы бар еді…

* * *

… Қар қайтадан жапалақтап, тоқтаусыз жауа берді.

Қырғыз тілінен аударған
Әсем Ережеқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір