«ӘКІМ ТАРАЗИ ӘЛЕМІ»
Осы аптаның дүйсенбісінде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада классик жазушы, Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Таразидің 90 жылдық мерейтойына арналған «Әкім Тарази әлемі» атты әдеби шара өтті. Қаламгердің он екі томдық шығармалар жинағы мен «Ауыл шетіндегі үй», «Мұстафа Шоқай» кітаптарының тұсауы кесілді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кеш тізгінін ұстап, аса көрнекті жазушының шығармашылығы туралы тұшымды ой өрбітті.
Зиялы қауым өкілдері, жазушының қаламдас інілері мен шәкірттері Тарази шығармашылығының астарлы иірімдері туралы кең көсіле сөйлесе, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов пен Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Жүдебаев домбыраны бебеулетіп, қосыла күй тартты. Мәдениет саласының тізгінін ұстап отырған атқамінерлердің қаламгерге ерекше ықыласы мен шынайы пейілдері жұртшылықты тәнті етті.
Іс-шара аясында Әкім Таразидің Ұлттық архив қорындағы «Жеке тектік қорындағы» құнды құжаттар, сирек кездесетін кітап көрмесі мен қолтаңбалар көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды. Кеш соңында қаламгер шеберханасында шәкірттерімен кездесу өтті.
Әкім Тарази – жазушы, кинодраматург. «Қорқау жұлдыз», «Тасжарған», «Шер», «Қиянат», «Андрей», «Москва-Баласаз» секілді көптеген шығармалардың авторы.