Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы: Президенттің сөзі жастарға рух берді, саясаткерлерге сабақ болды
29.05.2023
158
0

Кешегі күні президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзі барша жұрттың көңілінен шықты деп ойлаймын.

Қазіргі әлемдік қарым-қатынастар, тұтас жүйелер мен әлемдік ықпал ету орталықтары бұрын-соңды болып көрмеген дағдарысқа ұшырап, кім не айтарын білмей, абдырап қалған тұста Мәскеудің төрінде, дәл солай, еліміздің Тәуелсіздігі мүддесі тұрғысынан сөз сөйлеуі – Еуразиялық одақ құрамындағы басқа президенттерге үлгі болды деп санаймын.
Бұрын ешкім де Еуразиялық одақ ішінен бөлек отау тігіп, дербес мемлекет құрып жатқан Ресей мен Беларусь басшыларына осылайша өткір сөз айта алмаған. Біздің президентіміз сол бастаманың одаққа мүше басқа мемлекеттердің мақсат-мүддесіне сәйкес келмеуіне тоқталды. Оның бұл тосын пікірі форумға қатысып отырған Армения, Қырғызстан секілді елдердің ойынан шыққан болуы керек. Бірақ олар ойларын ашық білдіре алмады, ал Қасым-Жомарт Тоқаев қасқайып тұрып айтты.
Мемлекет басшысы бұған дейін де ЕАЭО жұмысына қатысты әділ сын айтқаны есімізде. Бұл жолы да ол бұрын көтерілген өзекті мәселелер әлі өз шешімін таппағанын баса көрсетті.
Президентіміз сонымен бірге ЕАЭО-ның қажеттілігі мен тиімділігін халыққа көрсете білудің маңызын атап өтті. Ол да дұрыс, өйткені ел ішінде осы одақтың ел экономикасына не беріп, не қойғанын көп адам біле бермейді.
«Келісіп пішкен тон келте болмас», президенттің: «Интеграция мәселесін келісе отырып шешу қажет», — деген сөзі де қолдауға тұрарлық. Өйткені көп жағдайда одаққа қатысты маңызды мәселелер бір орталықта шешіліп кететінін біз шенеуніктер мен кәсіпкерлерден естіп, біліп жатамыз.
Ел басшысының халықаралық мінбелерде дәл осылай, Қазақстанның Тәуелсіздігі мен егемендігі, түпкілікті ұлттық мүдделерді ашық қорғап, басқа ел басшыларына жақпаса да, ерекше мінез көрсетіп, сөз сөйлеуі халқымызға, әсіресе өскелең ұрпаққа ерекше рух береді, жастардың намыс-жігерін оятады. Сонысымен құнды, сонысымен бағалы.
Сөз соңында айтарым: ұлт пен мемлекет мүддесін осылайша батыл әрі ашық түрде қорғауды басқа шенеу­ніктеріміз бен өзін саясаткер санап жүрген басқа да тұлғалар, саяси күштер де үйренсе, еш артықтығы болмас еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір