БІЛІКТІ БАСПАГЕР, ІСКЕР БАСШЫ
03.05.2023
296
0

Ләйла Өтебаева – ел мәдениеті мен рухани өмірін өркендетуге елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан жандардың бірі.

Қазақтың небір майталман азамат­тарының талбесігі – Ертіс өңірінде дүниеге келген Ләйла жастайынан өнерге құштар болып өсті. Қазақ қыздар педагоги­калық институтының музыка факультетін бітірген ол – халқымыз мәдениетінің тарихына аты алтын әріптермен жазылған вокальды-аспаптық «Айгүл» ансамблінің белді мүшесі болды.
Мәдениет қайраткері Марат Балтабаевтың басшылығымен құрылған бұл ансамбль өткен ғасырдың 1980 жылдары республикамызда кеңінен танымал болумен бірге, ұлтымыздың өнерін алыс-жақын шетелдерге де паш еткені мәлім. Қазақтың кіл дарынды қыздарынан құралған ансамбль талай рет халықаралық конкурстардың лауреаты атанды, қиян шет­тегі Африканың Конго мемлекетіне дейін гастрольдік сапармен барып қайт­ты.
Кейіннен тағдыр жолы оны ойламаған жерден мүлдем жаңа арнаға бұрып жіберді, сөйтіп, ол өзіне беймәлім баспагерлік мамандықтың дәмін татып, сырына қанықты. Бұл саладағы қызметін әуелі «Жібек жолы» Баспа үйінде менеджер болып бастаған Ләйла уақыт өте келе осы баспаның атқарушы директоры, Бас директоры дәрежесіне дейін көтеріліп, кітап индустриясы мен полиграфиясының белді маманына, еліміздің белгілі баспагеріне айналды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаңырақ көтерген «Жібек жолы» Баспа үйі – бұл күнде республика жұртшылығына кеңінен танымал, еліміздегі іргелі де алдыңғы қатарлы баспалардың бірі. Айта кетерлігі, ұйымшылдығы жарасқан бұл ұжымда баспа ісінің үлкен мектебінен өткен тәжірибелі, кәсіби біліктілігі жоғары, сайдың тасындай іріктелген қызметкерлер еңбек етеді. Баспа елімізде өтіп тұратын халықаралық және республикалық кітап көрмелеріне белсене қатысып, кітап басу ісін насихат­тауға, оны оқырмандардың игілігіне айналдыруға өзіндік үлесін қосуда. «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген басылымдар көптеген жәрмеңкелер мен кітап көрмелерінде әлденеше рет дипломдар мен сыйлықтарға ие болды. Осындай игі істердің баршасы – іскер басшы Ләйла Нұртайқызының қажырлы еңбегінің жемісі. Баспадан жарық көріп жатқан мән-маңызы ерекше, үлкен рухани сұранысқа ие сан-салалы кітаптардан оның қәсіби маман, өз ісінің білгірі ретіндегі қолтаңбасы анық аңғарылады.
Өмір белесіндегі айтулы дата – 60 жылдық мерейтойына Ләйла баспагер ретінде үлкен жетістіктермен жетіп отыр. Бүгінде ол «ҚР Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» жоғары атағының иегері. Баспа саласындағы ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесіне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, Еуразиялық мәдениет қорының «Мәдениет қайраткері» құрмет­ті атағы және белгісімен, Қазақ­стан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» және Ресей мемлекетінің «За заслуги в полиграфии и издательском деле» медальдарымен марапат­талған.
Ләйла Нұртайқызы кәсіби білікті­лігі­мен қатар баспагерлер арасында адами қадір-қасиет­терімен де зор беделге ие. Әріптестері оны ішкі мәдениеті жоғары, жан дүниесі бай, үлкен жүректі адам ретінде құрмет­теп, қадір тұтады.

Балжан ХАБДИНА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір