«Бауыржан Нөгербек мұрасы: теория, сын және кинопедагогика» халықаралық форумы
17.04.2023
395
0

2023 жылғы сәуір айының 20-21 күндері Қазақ ұлттық өнер университетінде  «Бауыржан Нөгербек мұрасы: теория, сын және кинопедагогика» атты  еліміздегі кәсіби кинотанудың негізін қалаған кинотанушы, профессор, өнертану кандидаты, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нөгербек Бауыржан Рамазанұлының 75 жылдығына арналған Халықаралық форум өтеді. Форум Қазақ ұлттық өнер университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.

 Форум аясында профессор Бауыржан Нөгербек мұраларының бүгінгі киноүрдіс пен кинотану саласындағы маңызы туралы мәселелер қарастырылатын отандық және шетелдік кинотанушылар мен кинематографистер қатысатын ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді (online және offline форматында).

Сондай-ақ, аталмыш Форум аясында қазақ киносының белгілі шеберлері – кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Болат Қалымбетовтің фильмдері көрсетіліп, шеберлік дәрістері өтеді. Сонымен бірге кинотанушы, өнертану докторы Гүлнар Әбікееваның шеберлік дәрісі жоспарлануда.

 

Өтетін күні: 20-21 сәуір, 2023 жыл

Өтетін орны: Қазақ ұлттық өнер университеті, № 245, 111 аудиториялар

Басталуы: 10:00 (20.04.2023)

Мекен-жайы: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 50

 

Жауаптылар:

Ұларбек Нұрғалым +7 (701) 789-88-80

Габдрашитова Камила Әлімжанқызы +7 (702) 487-84-00;

Әбен Гүлмира Сәлімгерейқызы +7 (708) 672-62-11

ҚОСЫМША АҚПАРАТ

Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек (06.08.1948 – 27.06.2017) – кинотанушы, кино тарихшысы,  киносыншы, педагог, өнертану кандидаты (1989), өнертану профессоры (2005), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999), «Құрмет» орденінің иегері (2011).

1948 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Ұлытау ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Мәскеу қаласында ВГИК-тің сценарлық-кинотану факультетінің кинотану бөлімін (профессор Н.П. Туманованың жетекшілігімен) тәмәмдаған.

«Қазақфильм» киностудиясында Мультипликация бірлестігінің бас редакторы, «Қазақфильм» киностудиясының сценарлық редакция алқасының мүшесі (1971-1981), Қазақстан кинематографистер одағының хатшысы (1981-1985), М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, театр және кино бөлімінің аға ғылыми қызметкері (1985-1999), Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының (қазіргі Т.Қ. Жүргенов ат. Қазақ ұлттық өнер академиясы) проректоры (1993-1994), ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Мәдениет комитеті, театр өнері және кинематография бөлімінің бастығы (1999-2001) қызметтерін атқарған.  1993 жылдан бастап педагогика саласында жұмыс істеді. Қазақстандағы кинопедагогиканың негізін қалаушыларының бірі, кәсіби кинотану мамандығының негізін қалаушы. 1993-2010 жылдары Т.Қ. Жүргенов ат. Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотанушылар шеберханасына жетекшілік етті. Отандық кино тарихында кинотанушылардың алғашқы буын түлектерін оқытып шығарған (1993-1997; 1998-2002; 2002-2006; 2006-2010). Қазақстан Республикасы Білім саласының үздік қызметкері атанды (1998).

2010 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызы Мұсақожаеваның шақыруымен Астана қаласына жұмысқа келді. Аталмыш университетте «Операторлық өнер және өнертану» (2010), «Өнертану» (2011) кафедрасын құрып, кафедра меңгерушісі қызметін атқарды әрі кинотанушылар шеберханасына жетекшілік етті (2010-2017).

Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек – бүкіл саналы ғұмырын қазақ киносының өзекті мәселелерін зерттеуге арнаған көрнекті ғалым. Қазақ анимациялық, көркемсуретті киносына арналған ғылыми еңбектері мен  отандық кино өнерінің дамуына үлес қосқаны үшін Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығымен (1978), КСРО кинематографистері одағының сыйлығымен (1985), «Құлагер» ұлттық кинеатографиялық сыйлығымен (2008) марапатталды.

«Очерки истории казахского кино» («Қазақ киносы тарихының очерктері», авторлар ұжымы. Алматы: «Ғылым», 1980), «Когда оживают сказки: мультипликационное кино Казахстана» («Ертегіге жан біткенде: Қазақстанның мультипликациялық киносы». Алматы: «Өнер», 1984, монография), KASACH FILM (ГДР, Берлин, 1985), Cinema Kazakho – Kazakh Cinema (Италия, 2002); «Кино Казахстана» («Қазақстан киносы».  Алматы:  Ұлттық продюсерлік орталық, 1998), «Қазақ киносының тарихы» (қазақ тіліндегі оқулық, Г.Қ. Наурызбекова және Н.Р. Мұқышевамен бірлесіп жазған, Алматы, 2005), «На экране «Казахфильм» («Экранда «Қазақфильм», Алматы: «RUAN», 2007), «Экранно-фольклорные традиции в казахском игровом кино» («Қазақ көркемсуретті киносындағы экрандық-фольклорлық дәстүрлер». Алматы: «RUAN», 2008), ДД атты кітаптардың авторы. Сондай-ақ, қазақ, орыс, ағылшын, неміс, корей, голланд, серб-хорват, италиян тілдерінде жарық көрген 250-ден астам мақала, рецензия мен эссенің авторы.

Бауыржан Нөгербек «Дидар», «Шәкен жұлдыздары», «Еуразия», «Алтын мінбер» (Ресей, Татарстан Республикасы), «Saryarka short film festival» сияқты тағы да басқа көптеген халықаралық және республикалық кинофестивальдердің Қазылар алқасында жұмыс істеді.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір