«Күлтөбе» хабарында мен оқыған бір кітап…
05.04.2023
2572
0

Махамбет университетінің магистрант жастарымен бұл жолы «Күлтөбе» хабарында бас қостық.  «Күлтөбедегі» әдеби басқосуда хабар қонақтарымен бірі автор, бірі жас оқырман, бірі сыншы, әдебиеттанушы көзімен әдеби көркем туындылар талданды. Қазақ әдебиеттануының жаңа бағыттары, әдебиеттанудың өзекті проблемалары аясында ой-пікірлер ортаға салынды.   

Бұл жолы «Күлтөбеде» қазіргі қазақ прозасы, соның ішінде психологизм, сана ағымы  тақырыптары арқау болды. Осыдан екі жыл бұрын, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – отыз кітап» атауымен  танымал қазақстандық авторлардың  поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма  саласындағы 30 үздік шығарма жалпыхалықтық оқуға іріктелді. Аталған акцияның мақсаты қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап,  халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдеби мұраны зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, сонымен қатар жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу болса, осы мақсат үдесінен шығуға бүгінгі жас оқырман, жас ғалымдар қандай үлес қосуда деген орынды сұрақ туады. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Ғылыми кітапхананың бірлесуімен «Бір ел – бір кітап» акциясын қолдау аясында дәстүрлі түрде шаралар өтеді. «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» білім беру бағдаламасы бойынша оқитын магистрант жастар таңдалған кітаптардағы туындыларға әдеби талдау жасап, өз пікірлерін ортаға салып келеді.   Өткен оқу жылында «Мен оқыған бір кітап» жобасын қолға алып, сабақ аясында бірқатар шаралар өткізіп, осы жобада әдеби шығармаларды талдағанбыз. Кітап оқу, әдеби туындыны ғылыми талдау аясын кеңейту бағытында биылғы оқу жылында «Күлтөбе» хабарын жүргізуді қолға алдық. Әр магистрант әр сабағымда бір шығарманы талдайды, ғылыми негізді тұжырым жасайды, пікір айтады, баға береді, насихаттайды. Филология факультетінің әдістемелік апталығында бастау алған «Күлтөбе» хабарының алғашқы санына қазіргі қазақ прозасы, соның ішінде психологизм, сана ағымы  тақырыптары сөз болды. Әдебиетті «өміртану құралы», «адам жанының айнасы» деп жиі айтамыз. Әдебиеттің мұндай сипаттарды игерудің бір сыры оның өмірдегі көкейкесті мәселелерді көтеріп, адам жанының құпия қойнауларына тереңдей үңіліп, талдап тануға бейімділігінде жатыр. Көркем өнердің өзге түрлеріне қарағанда, әдебиеттегі көркемдік әлемі жан-жақты ойластырылып, жинақтаудың ең жоғарғы дәрежесіне жеткен дүние болып дараланады.

Әдебиеттің әлеуметтік күші – оның адам жанының тылсым құпияларын ажырата алуынан көрінеді. Адам жанының қалтарысында қағыс қалған сезім, түйіткілдер бас көтеріп, оның жанын мазасыздандырады. Тіпті ілгеріде өтіп кеткен оқиғалардың адам санасында қайтадан жаңғырып, беймаза күйге түсуі жиі бой көрсетеді.

Қазақ әдебиеттану ғылымында суреткер туындыларына тән психологизм мәселесін бірқатар ғалымдар зерттеу өзегіне айналдырғаны  хабар басында айтылды. Солардың бірі  зерттеуші Б.Майтанов: “Психологизмнің негізгі қызметі — өмірлік шындық пен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Бұл ретте осы құбылыстың  ішкі салалары деп, даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен  қиялдан қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті түрлі мәселелердің өзара ықпал, әсерін айқындау. Бүгінгі қазақ әдебиетінде психологизм көркем шындық принципінің айырмас сыңары бола жүріп, қоғам өмірінің диалектикасын мол нанымдылықпен суреттеуде зор танымдық эстетикалық міндет атқарып келеді,”- дейді.

1-курс магистранты Бәтен Альбина «Күлтөбе» хабарына Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Айқай» повесімен келіп, оқырман көзімен өз ойын ортаға салып, пікір білдірсе, енді бірде әдебиеттанушы көзімен тереңнен талдау жасауға талпынған:

  • Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Айқай» шығармасында түрік жауынгері Мехмед соғыста жеңіске жетіп, елге аман-есен оралған соң үйленіп, бір емес төрт қыздың әкесі атанса да, Тәңірден ұрпағын жалғастырар ұл сұрайды. Күні-түні тілеген тілеуін Құдай қабыл етіп, оған өте талантты ұл сыйлайды. Повесте оның Сұлтан есімді ұлы жастайынан ауылдың көркі де сәні де болып, би билеп нағыз биші атанғаны айтылады. Өкінішке орай, үміт еткен көз нұры болған Сұлтан көп кешікпей айықпас дертке душар болады. Сол күннен бастап Мехмедтің отбасы қара жамылған үй секілді түндігін ашпастан осы қайғымен күресіп таңды атырып, кешті батырып жүрген кезі еді. Ақыры Мехмедке Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлын алыстағы жалғыз Жалаңаштауға апарып тастауға тура келеді. Жазушы осы кезде шығарманың арнасын мүлдем басқа жаққа бұрады. Осы сәт психологиялық күйзеліске, тартысқа толы жан-тебіреніспен суреттеледі. Шығарманы оқи отырып мұнда екі жақты көзқарастың болғаны анық көрініс табады. Бірі – туған-туыс, ел ішінің алапес дертіне шалдыққан жас баладан жиіркеніп одан бойларын аулақ ұстауы болса, екіншісі – өзгенің көңіліне қарап, сөзіне еріп өз ұлынан бас тартқан ата-анасының жатсынуы психологиялық қарама-қайшылықты көрсетеді. Бір жағынан қоғамның заңдылыға бағыну керек деген ой да туындайтыны жасырын емес. Себебі, ел ішінде бірге түтін түтетіп, қазан-ошағын бірге қайнатып, ауыл ішіне бітісіп кеткендіктен не болсада көнбеске амал жоқ та секілді. Осы елден алапес дертіне шалдыққан ұлың алыстататуға байғұс әке мәжбүр де болды. Әйтеуір, Мехмедтің Тәңірден сұрап алған баласын тірідей, жапандағы жалғыз таудың арасына апарып тастап, қашып келе жатқандағы психологиялық жан күйзелісі, оқырманның да көңіліне қаяу салмай қоймайды. Шығармада ішкі монолог басым болғандықтан, көбіне кейіпкер өз-өзімен сөйлесуге, өзі шешім қабылдауға, өзіне-өзі ашуланып, біресе өзін аяп ішкі ойымен арпалысқа түседі. Жазушы шығармадағы кейіпкердің қиын тағдырын, өмірін, бұралаң жолдарындағы қателігін түзетуге асыққан жанның ұмтылысын, психологиясы мен тебіренісін, үздіксіз күресін асқан шеберлікпен бейнелей алды. Бір кездері қан сасыған ортада қарсыласының қанын шығарып өлтіргеніне қуанған Медмедтің бұл күнәсі ұлының тән, өзінің жан дертіне шалдығуына алып келген шығар деген ойға қаласың. Құдайдың осы сынағы Мехмедтің кезінде жасаған қателіктерінің өтеуі шығар. Мұны кейіпкердің өзі де сезгендей. Шығармада араға екі жыл салып құсалықтан әйелі қайтыс болған соң, оның аманатын орындау үшін Мехмедтің бір кездері ұлын тастап қашқан Жалаңаштауға жолға шығуымен өрбиді. Осы кезге дейінгі кейіпкердің өмірі ар азабымен арпалысумен өтеді. Ол осы сапарға ботадай боздап қайғыдан қан жұтып, ұлы өзін кешірді ме екен, әлде мені жек көріп кетті ме деген сансыз сауалмен күйзеліп келе жатырғаны шығармада анық байқалады. Қаламгер кейіпкерінің азапты өмірін, жан дүниесіндегі арпалысын, сезім сергелдеңін, ащы зарын, қиын тағдырын шебер суреттей білген. Оған мына бір оқиға да дәлел бола алады. Мехмед жанына серік болсын деп ертіп келе жатырған иті Сұлтанның дауысын естіген кезде тордан қашып шыққан құстай ұшып барып оған жабыса кетеді. Ал, өзіне жақындау жерде соңынан ерген алты балапанын қорғаштап тызақтап  жүрген торғайды көруі Мехмедтің жанын одан сайын ауыртады. Сол кезде кейіпкер өзінің мал екеш жануар ит құрлы, тызақтап балапанын қызғыштай қорғаған торғайдай бола алмағанына қатты арланады. Жазушы осы кезде Мехмедтің ұяттан өлердей бейнесін, намыстан кірер жер таба алмай саңдалған сәтін, Құдайдан тек қана өлім сұраған азапты кейпін шығармада психологиялық тебіреніспен суреттейді. Тынымбай Нұрмағанбетов шығармасында ішкі монолог басым болғандықтан кейіпкердің ішкі сөйлесуі көп байқалды. Сонымен бірге қаламгер барлық оқиға мен кейіпкерлерді бір-бірімен ішкі монолог арқылы байланыстыра білді. Қаламгер тілінің өткірлігі мен әсерлігі оның шығармасында кейіпкер етіп алған адамы, яғни тірі мақлұғынан бастап, жан-жануарларына дейін, тіпті анау күңіреніп тұрған аспан мен бұлтқа, тау-тасқа да жан бітіріп көз алдына бейнесін әкелгенімен ерекшеленеді. Менің ойымша, жазушы осы шығармасы арқылы «адам – құдайдың ұлы жұмбағы» екенің оқырманға жеткізуге тырысқан секілді. Осы шығарманы оқыған оқырманның өзі автордың «адамша өмір сүріңдер» деген ойды көздегенін саналы түрде ұғуы қажет.

Ахметжанова Аяулым:

  • Мен «Күлтөбенің» алғашқы санындағы әдеби талдауға Әділбек Ыбырайымұлының «Кезбе бұлттар» романын әкелдім. Әділбек Ыбырайымұлының 2021 жылы шыққан «Кезбе бұлттар» романына тоқталсақ, роман бізге «Зауқайыр» деген атпен етене таныс. Автор өз шығармасын роман-триллер деп атаған. Бұған негіз қандай? «Триллер – оқырманның немесе көрерменнің алаңдаушылық сезімін туғызуға, толқу мен қорқынышын ұялатуға бағытталған әдебиет және киноның жанры» екені анық. Әрине, «Кезбе бұлттарды» оқып отырғанда да осындай сезімдерді бастан кешіреміз. Сонымен қатар романда күш көрсету, қорқыныш ұялату сынды әрекеттер көрсетіледі. Роман мазмұнында Әбдірахманның  Нұрмираға үйлену үшін Гүлжан мен Гүлмираны пайдаланудан шығарма басталады. Пролог пен эпилогта автор тағдыр тәлкегіне түскен қыз тағдырының бүкіл ғұмырын көз алдына әкеліп өткізеді. Шығарма одан әрі Эльмираның толғақ кезінде қайтыс болуы, Гүлмираның ғашығы Жанаттың жол апатына түсіп мүгелдек болуы, мұндай ауыртпалыққа төзбеген Жанаттың өз-өзіне қол жұмсауы, Гүлмираның екінші некесінің сәтсіз болуы, Ұланның опасыздығы, Бітім мен Гүлжан, нойандардың құрығына түскен Гүлжанның тағдыры, Жасаралдың Нұрмираға көмектесуі, өмірден жолы болмаған Нұрмираның өз-өзіне қол жұмсауы сынды оқиғалармен баяндалады. Негізгі тақырып – аумалы-төкпелі кезеңдегі замана жайы болса, негізгі идея – үшем қыз тағдыры арқылы «құпиялы да тылсым әлемнің» зұлматын көрсету. Роман – шытырман оқиғалы, «психологиялық бестселлер». Алма кезек суреттелетін екі кезеңнің болмысын ашатын төрт аралық кейіпкер бар. Шығарманың негізгі өзегі осылардың бастан кешкен оқиғаларына құрылған. Романның мазмұн өрісі хронотоптың, яғни уақыт пен кеңістік тоғысындағы кейіпкерлер әрекетінен туындап отыратын оқиғалардың дамуы арқылы ашылады. Романда тоқсаныншы жылдардағы аумалы-төкпелі заманның келбеті шынайы бейнеленсе, сол кезеңнің ақиқатын үшем Элмира, Гүлмира, Нұрмира және Гүлжан бейнелері арқылы ашады. Сонымен қатар шығармада баяндалатын негізгі жаһандық-әлеуметтік проблема – анашаға тәуелділік. Өз ұйымдарына зорлықпен болса да кісі жинау – негізгі миссиялары. Олар үшін ақша маңызды емес, олар үшін негізгісі – өздері сияқтыларды көбейту. Мысалы, Гүлжанды алдап, өз орталарына түсіруі. Сонымен қатар «қазір нағыз пара беру мен алудың ұшқындап өскен заманы» деп түйіндейді.  Кейіпкерлердің психологиялық жан күйзелістерін автор  ішкі монолог түрінде берген. Мысалы: «Бүгінгі күннің әлпеті жаман. Шашын жайып жіберіп, мысасына мінген жалмауыз мыстанға ұқсайды. Әні-міне қоянның көжегіндей бүріскен бұларға қанды шеңгелін салатын сияқты. Қараңғылықтың қойыны тым сұсты. Үрейді алып, құтты қашырып бекітулі есіктің арғы жағында басқа әлемнің адамдары ұлыған бөрідей небір азарлы үн шығарады. Қыңсылайды, шыңғырады. Бірте-бірте жер бауырлап, бұларға қарай жылжып, жақындай түсетін сыңайлы. Көгенкөздердің қорыққанын мазақ қылғандай, шәрмеңкелердің біреуі сақ-сақ күлді. Қу қардың күлкісінің өзі жанға түрпідей тиеді».

Қанатова Шамшырақ:

  • “Жармақ” романы – қазақ әдебиетіне жаңалық алып келген Мұхтар Мағауиннің туындысы. Роман 65 тараудан тұрады, әр тарау өз кезегінде кейіпкердің ойы арқылы екшеленіп, жалпы шығарманың идеясын көрсетеді. “Жармақ” – тың ұғым. Түсіндірме сөздікте ұғымға “бүтіннің бөлшегі, екінші жарымы” деген анықтама берген. Роман тақырыбындағы жармақ – адамның екінші жартысы. Шығармада сана ағымы бас кейіпкердің жанының екіге бөлінуі арқылы көрініс табады. Бас кейіпкер бұл психикалық ауруға қалай  тап болды? Ол туралы шығармада былайша баяндалған: “Басыма көлденең, шарасыз қиындық түскенде, тағдырдың екі тарам жолының қайсысын таңдарын білмей, дал болған. Азапты болса да, ғылым жолы артық көрінеді, кеңшілікте, бейбіт өмір сүргім келеді.” Өзінің осындай шатасқан ойларына шырмалып, кейіпкердің екінші жармағы пайда болады. Солай романда тағы бір кейіпкер пайда болады, жармақтың бірінші  жартысы Мұрат – ғылым жолында сәтсіздікке ұшыраған, сүйген адамына қосыла алмаған, отбасы ойрандалған, бірақ өмірдің осындай сынақтарына қарамастан, бойындағы адалдық пен шынайылықты жоғалтпаған жан, ал оның жармағы Марат – дүние ағымына ілесемін деп, билікке жету жолында адалдықтан аттап, мансапты бірінші орынға қойған, үлкен ортасы бар, сый-құрметке бөленген, сүйген жары қасында. Жазушы романдағы кейіпкерлердің сезім күйін, толғанысын, қуаныш-қайғысын барлық қайшылығымен «жан дүние диалектикасын» терең ашып бейнелеген. Мараттың бұндай психикалық ауруға тап болуы – өміріндегі миссиясын анықтай алмауы деген ой түйдім. Шығарма соңы Мұраттың, екінші жармағын өлтіремін деп өз-өзіне қол жұмсауымен аяқталады. Менің ойымша, ол Маратты іштарлықтан емес, онық қитұрқы әрекеттеріне, билік жолындағы әділетсіздіктеріне көз жұмып қарай алмағандықтан сондай шешімге келді. Осы аталған шығармалармен қатар, хабарымыздың алғашқы санында әлем әдебиетінен де туындылар талдау нысанына алынған болатын. Олардың қатарында  Бернадин Эваристоның  «Ару, Әйел, Басқалары» («Girl, Womаn, Other») романы да бар.  Ол туралы сөз алған Ғайнеден Әселханым:
  • Бернадин Эваристо «Ару, Әйел, Басқалары» («Girl, Womаn, Other»). Бұл заманауи әйелдердің тағдыры баяндалған полифониялық роман. Бернадир Эваристоның осы туындысы  2019 жылы Букер сыйлығын иемденеді. Айта кету керек, Бернадин ағылшын тілінде жазылған романдар арасында Букер сыйлығын алған тұңғыш қара нәсілді әйел. Туынды қара нәсілді 12 нәзік жандының өмірі жайында. Романның негізгі идеясы – адамдардың тең екенін жеткізу. Адамның өткен өмірі, ориентациясы, нәсілі, діні қандай болса да адам боп қалуы маңызды деген тақырыпты көтереді. Автор сюжетке қарағанда формаға көбірек ден қойған секілді. Кейіпкерлердің бәрін соңында байланыстыратын белгілі бір сюжет желісі жоқ. Пунктуациялық ережелер сақталмайды. Нүкте орнына әр сөйлем жаңа абзацтан басталады. Бұл туындыға өзгеше атмосфера сыйлайтындай. Бірінші бөлімде Амма Бонсу есімді театр режиссер-педикюрі мен оның қызы Язз, Амманың құрбысы Доминик туралы сөз болады. Амма өзінің «Дамгомеяның соңғы амазонкасы» деп аталатын қойылымының тұсаукесеріне бара жатады. Лондондағы ұлттық театрға апарар жолда ойға шомып кетеді.  Ол өзінің актерлық жолы жайлы, жеке театрын құру жолында кезіккен қиындықтар жайлы және ана атандырған қызы мен сол аналық сыйлаған бақыт жайлы ойлайды. Қызы Язз өзімшіл, өз-өзіне сенімді, қайсар мінезді боп өседі. Колледжде қатарластарының сынына ұшырайды. Өйткені оның өмір туралы ой-пайымы басқалармен салыстырғанда басқа еді. Құрбысы Доминикке келсек, ол афроамерикандық Нзин есімді әйелге ғашық болып, онымен бірге ғұмыр кешуге бел буады. Алайда, Нзин оны үнемі бақылауда ұстағысы келіп, қыспаққа алады. Бұл шығармашыл Доминикке керіс әсерін беріп, еркіндікке ұмтылуына итермелейді. Көп ұзамай ол Лос-Анджелеске көшіп, әйелдердің өнеріне арналған фестивальдың негізін қалайды. Және бұнысы үздік нәтиже береді. Келесі бөлім мектеп кезінде құрбы болған Кэрол мен Латиша жайында. Екеуінің тағдыры екі түрлі өрбиді. Бірі оқуын үздік тәмамдап, жақсы жетістіктерге жетеді. Кэрол банк қызметіне кірсіп, сәтті тұрмыс құрады. Екіншісінің өмірінде үлкен қасірет орын алды – әкесінің үйден кетуі. Мектеп бітірген соң Латиша дүкенге сатушы боп кіріп, әр түрлі ер адамнан үш перзент сүйеді. Романның тағы бір кейіпкері Пенелопа өзін өмір бойы британдық тұқымға тиесілімін деп санап келеді. Ширли Кинг есімді әріптесін қара нәсілді болғаны үшін және оқытудың өзгеше формасын ұстанып, өзі секілді қара нәсілді қыздарға бөлек көзбен қарайтынына шамданады. Олардың арасында нәсілге бола бақталастық пен жек көрініш оты тұтанады. Роман соңында Пеналопа өзінің таза британдық емес екенін біледі. ДНК сараптамасы оның бойында африкандық қанның барын көрсетеді. Қиын тағдыр кесірінен баласынан бас тартуға мәжбүр болған анасына реніш сақтамай, роман соңында онымен кездесіп, құшағына енеді. Адам баласы ашық айтуға ұялатын ішкі сезімдері, нәпсісі, күнәлары мен қателіктері ашық баяндалады. Мейірім, кешірім, махаббат, сатқындық, шарасыздық… Әйел адам басынан кешуі мүмкін барлық сезімдер осы романда бар. 12 түрлі мінез, 12 түрлі тағдыр, 12 түрлі шешім. 14-93 жас аралығындағы нәзік жандылардың әрбірі жолында кезіккен кедергілерге қайыспады. Әйелдің ішкі рухының қаншалықты мықты болатынын тағы бір мәрте түсінгендей боласың.

         Хабар соңында магистрант жастар «Күлтөбенің» кезекті санында әдеби талдауға таңдалған туындыларды топ болып та талдайтындықтарын жеткізді. «Күлтөбенің» алғашқы хабарының университетіміздің Ғылыми кітапханасының оқырмандар залында өткені әдеби басқосуға әдемі реңк бергендей.  Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаевтың «адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген әдемі сөзімен әдеби хабарымыздың нүктесі қойылды. Ал біз оқырман жас көп болсын, әдеби талдау нысанында оқитын кітабы бір емес, мың болсын  дейміз.  

 

Рита Сұлтанғалиева,

   ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір