Мәңгілік мұң
19.12.2022
326
0

Қолымдағы «Көрген түстей, сағымдай…» ат­ты күнделік кітапты ақтара бастағанда бір жапырақ қағаздың сусып барып, жерге құлаған жерінен көтерген менің жан дүнием шексіз сағыныштың сызын сезінгендей болды. Көз алдымда қауырсындай жеңіл болмыс, жұқалтаң, нәзік те мейірімді жанардың өбіп тұрып қарсы алатын сәт­тері елестеді. Қайтарылмайтын уақыт­тан мәңгілік жоғалғанын іздеген жолаушыдай кітаптың ішіне үңіле түстім… Үңілген сайын ішіндегі сан түрлі терең ойлар мен тылсым мұңның иірімін сезінесіз. Табанды ойларға жетелейтін тағдырлар мен психологиялық жан-күйлердің бәрі айналып келгенде санаңызда жарқырап тұрған бір тұлғаның, яғни ұстазымыз академик Зейнолла Қабдоловтың кеңістігімен бедерленетінін байқайсыз. Бұл «Менім тірі жүргендегі ең басты, бірінші міндетім, борышым – Зекеңді сақтау, қолдан келгенше күту» деп өзіне ант еткен асыл жары Сәуле ана Қабдолованың Зекең туралы қалдырып кеткен баға жетпес мұрасы еді.

Аурудың алғашқы белгісі білінгеннен бастап ұстаздың әрбір күні мен сағатынан мазмұн іздеген Сәуле ананың жанының жылулығы мен арпалысы көз алдында семіп бара жатқан ұлы тұлғаның өмірге деген құлшынысын оятуға арналады. «Құдай-ай, арыстай Зекем-ай… Дүниені орап алатын ойың енді бір уыс болып қалғаны ма, жаным жылады…», – деп өзгермелі әлемнен сол уақыт­тың қандай да болмасын сәтін сақтауға деген ұмтылыс, болған оқиғаның қайтымсыздығын сезінумен бірге сіңеді. Тұлға өміріне енуге рұқсат бере отырып, оның ішіндегі құбылыстарды сезінуге, көз алдыңызға келтіруге итермелейді. Әр қилы тағдырлар мен жан алысып, жан беріскен дүниеде Зекеңді өмірлік серігі ғана емес, ұлт­тың «арғымақтың соңғы туған қазанаты» ретінде бағалайды. Ақыл мен парасат­тың биігінде ұстазды жанының жарығы болатындай ең жігерлі сөздермен қамшылайды. «Сенің жарқыраған көзіңе қарап, аяғыңды сипап отыру – маған бақыт», «Екеуміз сөйлесіп, бір-бірімізді көріп отыруымыздың өзі – бір бақыт, құдайдың сыйы» деуінің өзі де ауру тудырған мазасыздықтарды сезіндірмеу. Академиктің аурухана төсегінде таңылып жатса да, ойындағы жоспарлары мен үмітін аялау. Сәуле анамыздың әдет­тегі өмірінің бұзылуы, өмірдің адам қалағанындай болмайтынын «Құдай-ай, ең құрыса осы күйімізді ұзағырақ қылса», – деп азапты уақыт­ты да шегінде ұстап қалуға тырысқан жанайқайы дер едік. Бұл азап – физикалық ауырсынудан емес, жоғалтудан қашу, үмітсіздік сезіміне бой алдырмай жанталасу. Жарқын тұлға бейнесі мен болмысынан айырылып қалу қорқынышы Сәуле анамыздың күрең мұңына айналады. «Еңкейгеннің еңсесін көтеру, еңбектегенді тік тұрғызу» қағидасымен ғұмырын өрнектеген Зекеңнің «Жан біткен жер үстінде жалғыз дүркін тіршілік етпек, ал осынау бір-ақ берілер өмірде адам бола білуден асқан бақыт бар ма?» деп, «Оймақтай ой» деген мақаласында жазғанындай, ғалым үшін өлім барда өмірдің мәнін таппайсың. Ұлы ұстаздың ұғымындағы өмірдің мәнін жоятын ол – өлім ғана екенін сезінеді. Аурудың алғашқы белгілерінде-ақ «Осы уақытқа дейін тек өмір туралы ғана ойлаппыз, онымыз дұрыс емес, мынау соған ескерту» деп 1999 жылдың ақпанында айтқан екен. «Бұл күндеріміз де бір күндері бітеді-ау…» деп топшылайды. Яғни Зекеңнің сұңғылалығы сол өзінің ішкі әлемін сезіне білді. Ішкі жан дүниедегі жылылық пен жарыққа толы болмыс өмірді де солай қабылдай білді. Өмірдің әрбір сәтін сәбилік көзбен қарап, таза, аңғал жүрегімен қабылдаған нәзік ойлардан өз кеңістігіндегі үп еткен дірілді де сезінесің. «Зекең эмоцияның адамы ғой» дейтін Сәуле апайдың сөзінің жаны бар екенін мойындайсың.
Күнделіктегі бір естелігінде мынадай жазба адамға терең ой салады. Сәуле апай Зекеңнің шығармашылық азап үстінде жазғандарын жыртып, жақтырмай лақтырып тастаған қиындыларды да тастауға қимай, біртіндеп қосып, ондағы жазуға үңіліп, үлкен ой іздейді. Сондай жыртылған қағаздардың бірінде былай жазылыпты: «Толстой!… Әуе­зов!.. Ұлы талант­тардың табиғатын, жан жүйесін адам түсінбес күрделі болатыны ма сонда? Тіпті күрмеуі қиын күрделі екен ғой. Мұқым…» Ұлылықтың болмыс, бітімін, жан дүниесіне бойлаудың қаншалықты қиын екендігін сездіреді. Зекеңің «Сөз өнері» еңбегінде өнерді жасаушы шебер жөнінде, психологиясы туралы байыптау керектігін «Ал творчествоның психологиясы – өз алдына жеке пән. Демек, әдебиет­тің теориясы мен творчествосының психологиясын шатастырмау керек», – деп ескертеді. Қазіргі әдебиет­тануда психологияны жалғастырып тұрған көркем шығарма объектісіндегі адам бейнесі негізгі талқылауға көшіп отыр. Кейіпкер бейнесін психологиялық жай-күйі, болмыс-бітімі, мінез-құлық, эмоциясы, ішкі сезімдері мен қасиет­терін тану, зерделеу шынайы өмірдегі болмысты тануға жетелейді. Тіпті оқырман қабылдау тұрғысындағы қағидатқа негізделген әр түрлі көркемдік әдістер шеңберінде психологиялық талдау, нақты мазмұндау жүйелі стильдік міндет атқарып келеді. Ғалым болашақта күрделі мәселенің басы ашылатынына сенімді ой айтады.
Адамда шынайы ұлылық жасырын тұрады. Адам – ұлы. Бірақ оның ұлылығы – шектеулі, оның ұлылығы – еркіндікте, азат­тықта болу керек. Адам да табиғат сияқты сан түрлі ішкі түйсігімен өмір сүреді. Ішкі әлемге ену арқылы дүниені таниды. Ол ішкі рухани қуатпен толысып, лапылдаған отқа, жалынға айналады. Жарық болады. Шынайы байлық – сенің мәнді де сапалы өмір сүруің. Яғни табиғат­тың нәрімен жаратылыста өмір сүруін, өмірді қалай қабылдағанына байланысты, оның мәнін – мәңгілікті тануға итермелейді. Мәселен, Зекең «Сәулеме хат» эссесінде жалған дүние­нің мәні туралы жарына сыр ашады.
«Жә, жарық дүниеде өлшеусіз дым да жоқ. Бәрі өлшеулі, мұны әлбет­те мен бұрын да білетін сияқты едім. Бірақ өмірдің өткінші екенін өз басымнан мұншалық шұғыл, күтпеген жерден, тіпті аяқ астынан кешем деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес.
Асылы, адам өлімге ешқашан бой үйрете алмайтын шығар. Енді, міне, сол тұйыққа…
…Мұндайда бір адам екеу болады екен. Өзі, рухы! Айтыс, ақырғы айтыс, жоқ айтыс емес, алапат айқас басталады. Мен қазір сол күйдемін. Бір өзім екеумін – өзім, рухым – екеуі де өзіммін!». Әдет­те сағыныштың өзі мұңмен ауыстырылады. Зекеңнің дүниеден өткеннен соң Сәуле апайдың әрбір күні аяулы жанның естелігімен мәнді болғандай. Кейде бір ойдың құшағында отырып, «Әр үйдің берекесі бір адамда тұрады ғой» деп асықпай сөз бастап кетуші еді. Ұстаздың тілдік қолданыстары мен уәждерін, ұшқыр ойлары мен тауып айтылған әдемі сөздерін байыбына барып, мәніне тамсанып отыратын. Ізгілік пен кісілік адамға тән арлы әрекет­тердің бәрін көз алдында өткізе отырып, шын ділімен рухына тағзым ету. Сағынышын басатын кезде Кеңсайдағы жарының басына барып, құран бағыштағаннан кейін аса бір көңілденіп, «Бір жеңілдеп қалдым ғой» деп, үстінен бір жүк түскендей көтеріліп қалатын. Сәуле апай әрбір сөзі мен ісі сәйкес келетін халқының қалаулы азаматының бағасын арт­тырып, рухына демеу болып, сындарлы ғұмыр кешті. Әрбір сөзі нақылға айналып отыратын анамыздың өнегесі, тәлім мен тәрбиесі, барлық нәрсеге рухани биіктік талғаммен қарайтын бекзат­тығы ерекшеленіп тұратын. «Бәрі талғаммен туады» деген Зекеңнің көзімен қарауға үйренген талап әр нәрсені де жіті бақылауға алуға бейімделгенін танытатын.
Ұстазымыздың аяулы жары Сәуле апайымыздың ыстық мейіріммен жазған естелік күнделігі уақыт өте келе баға жетпес тарих пен деректерге толы мәнді еңбекке айналып отыр. Қабдоловтың қасиетін терең ойларымен дара тұлғалық қайталанбас бүтін бітімін аса биіктетіп тұрған еңбектің құндылығы да оның шынайлылығында жатса керек.
«Бәрі таусылады, тартылады, бірақ мұхит кемімейді» деген ұстаз қағидасы өзінің ғылым деген алып кеңістіктегі орнын паш еткендей. Уақыт өте келе сол жазбалар әр оқырманның рухани азығына айналып отыр.

Сәуле ЕРЖАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры, ф.ғ.д.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір