ҚАЛАМГЕР МЕРЕЙІ
02.12.2022
655
0

Биыл ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Парасат» орденінің иегері, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты Иран-Ғайып 75 жасқа шықты. Қабырғалы қаламгердің мерейтойын Сыр елі дүркіретіп өткізді.

Мағыналы да мазмұнды кештің шымылдығын автордың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты драмалық дастаны түрді. Шығармада он тоғызыншы ғасырдағы қазақ ауылы ішіндегі үлкен жанжалға ұласқан бір оқиға суреттеледі. Бұл істі шешуге келгенде, билер де бітісе алмайды. Осындай қиын-қыстау кезеңде жұртты қырғыннан құтқарған Арғынбай батырдың анасы Қазына ананың соңғы шешімі болады. Мәңгілік ел халқының бүгінгі достығын, бірлігі мен ынтымақтастығын насихаттайтын драма қайран қазақ аналарының ұлылығына бас идіреді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің режиссерлігімен сахналанған тарихи қойылымның басты рөлдерінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова, Мәдениет саласының үздіктері Арай Көшімбаев, Ұғым Баймаханов секілді белгілі артистер ойнады. Көрерменнің зор ықыласы қойылымнан кейін ұзаақ қол соққанынан-ақ білуге болады.
Содан соң сөз алған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мерейтой иесін құттықтады. «Сыр өңірі – Түркі әлемінің аңызы, ортақ абызы Қорқыт бабаның, туған халқына жерұйық іздеген Асан Қайғының, найзалы батырлар мен найзағай ақындардың Отаны. Бұл сапты қазақтың қабырғалы қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, арқалы ақын, дарынды драматург, Сырдың саңлақ перзенті Иранбек Әбітайұлы жалғайды», – деді ол. Сонымен бірге ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтың құттықтау хаты мен аймақтың ең жоғарғы наградасы Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстап, қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жапты.
Бұдан кейін ақынның «Топыра­ғың­ды басқаным – тау асқаным» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби-сазды кеш ақын болмысын сомдаған театр­ландырылған қойылымнан бастау алып, Иран-Ғайыптың «Ұлы өзен» атты әні хор ұжымының сүйемелдеуімен орындалды.
Мерейтой иесіне филология ғылымдарының докторы, академик, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып құттықтау лебізін арнап, осынау шығармашылық кештің жырсүйер қауым үшін тағылымы мол екенін атап өтті. Сыр бойын дүбірлеткен әдеби жиыннан алған әсерін жыр шумақтарымен өрнектеп жеткізді.
Енді бір сәт ерек мінезді ақын Иран-Ғайыптың өзі сөз алып, көңіл пернесін дөп басып, күзгі жапырақтай саулап, жүрек түкпірінен төгілген жыр шумақтарымен Сыр халқына ыстық ықыласын жолдады.
Кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ербол Есендосов ақын қаламы­нан туған «Қорқыттың көрі», «Мен іш­пеген у бар ма?», «Кертолғау», Махамбет драмаларынан монологтар оқыды. Сондай-ақ Хазірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи, Тұрмағамбет шайыр тұлғасын танытуға арналған рухты жыр жолдары көрермен қауымның жүрегіне жол тауып, қошеметіне бөленді.
Шығармашылық кеште Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, жалпы Сыр өнерпаздары ақын сөзіне жазылған ән-жырларды орындады.
Қазақ әдебиетінің қоржынына сүбелі де сүйекті туындылар қосқан қаламгердің өмір жолы ұзақ, шығармашылық жолы мәңгі болғай!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір