Көзі ойылған «Бес арыс»
24.11.2022
1007
0

Жақында Qulan.kz онлайн киім дүкенінің «Бес арыс» атты киім коллекциясына қатысты дау тұрды. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтың суреттері бар жейделерді сатылымға шығарған дүкеннің киімдеріне қатысты екіұдай пікір пайда болды. Көзін алып тастаған ұлт зиялыларының бейнесі біраз адамның титығына тиген секілді. Бір-ақ күнде ақпараттық алаңдарда бұл мәселе төңірегінде түрлі пікір айтылды.

Ашық пікір алаңына шақырамын

Qulan.kz – ұлттық нақышта және ислами мәндегі сөздері бар киімдер сататын киім дүкені. «Көзсіз» Алаш арыстарына қатысты дауға компания өкілдері «шариғатқа сай шығардық» деп жауап беріп отыр. Мәселенің мән-жайын өз аузынан есту үшін біз Qulan.kz-тің атқарушы директоры Нұрбол Тілекұлына хабарласып, «Бес арыс» коллекциясына қатысты дау-дамайға пікір білдіруін сұрадық. Нұрбол Тілекұлы бұған қатысты ашық пікір алаңына шығып, дизайнер, ҚМБД өкілі, алаштанушылар бірігіп, мәселенің анық-қанығын анықтауымыз керек дейді.
«Бұл мәселе бір-ақ күнде таралып кетті. Бұған дейін ешкім ләм-мим деп айтпап еді. Біз киімдерді шығармас бұрын халықтан сұрап, әлеуметтік желіде дауысқа қойғанбыз. Бәріне ұнады. Журналисі де, мұғалімі де, бәрі киіп жүрді. Неге «көзсіз» шығарды деген сұраққа келсек, шариғатқа сүйендік. Өзіңіз білесіз, шариғатта үйдің ішінде тірі жанның бейнесі болса, сол үйге періште кірмейді деген сөз бар. Осыны есепке алдық, оған қоса басқа да имамдардан, исламды тереңірек білетін адамдардан сұрап, осындай қадамға бардық. ҚМДБ-дан ресми рұқсат алған жоқпыз. Бірақ ел алдына шығардық», – дейді Нұрбол Тілекұлы.
Айта кетуіміз керек, бұл дау өршіп кеткенде ҚМДБ өкілі мұндай киімге тыйым салынбағанын айтқан болатын. Компанияның атқарушы директорынан «ҚМДБ пікірімен келісесіздер ме?» деп сұрағанымызда, Нұрбол Тілекұлы бұл мәселе бойынша әлі де бірқатар мәселелердің басын ашып алуымыз керек дей келіп, былай деді:
– Біз шығаратын киімдерді алатын адамдардың көбі намазхан. Олар бұл киіммен жұма намазға барады, намазға тұрады. «Сондай жағдайда киюге бола ма?» деп сұрайды. ҚМДБ-нің пәтуа бөлімі «намаз оқығанда кимеген абзал» депті. Осының басын ашып алу керек. Көзбен шығаруға болса, онда солай істейміз. Біз сияқты кәсіпкерлер, жастар болмайды екен деп ойлап қалуы мүмкін ғой. Сол үшін барлық мамандарды пікір алаңына шақырамын. Сол жерде айтылса, бәрі түсінікті болар еді. Қазір біздің ісімізге қарсы қоғамдық пікір ауанында нашар көзқарастар қалыптасып келеді. Бізді біреулер «уахабистер», «адасқандар» деп айыптап жатыр. Ондайдан Құдай сақтасын! Біз де – дәстүрлі дінімізді құрметтейтін, әдеби шығармаларды оқитын, әніміз бен күйімізді тыңдайтын адамдармыз. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алғанмын.

Мұндай әрекеттер – ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік

Дегенмен қалың бұқараға бұл жайт ауыр тигені анық. Жағдай ушығып бара жатқан соң Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы да пікір білдірді.
«Әлеуметтік желілерде Алаш арыстарының бейнесі салынған киімдерге қатысты жазбалар жарияланды. Киімдерге салынған суреттерде Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді тұлғаларымыздың көзін жасырған. Осыған байланысты қоғамда наразылық туындауда.
Мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында жасап жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді.
Шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ. Мүфтият бұған қатысты пәтуа шығарған емес. Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер – ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік», – деді  Ағабек Қонарбайұлы.
Сонымен қатар Ағабек Қонарбайұлы ислам дінінде адамдардың, жануарлардың, басқа да тіршілік иелерінің суреті салынған киімдерді шығаруға тыйым салынбағанын айтты.
«Асыл дініміз мұндай киімдерді шығаруға қарсылық білдірмейді. Алайда тірі жанның суреті салынған киіммен намаз оқымаған абзал. Мұндай киіммен намаз оқу – мәкруһ. Ал осы мәселеге қатысты сұхбат берген ҚМДБ Төраға орынбасары, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлының сөзін кесіп, тек бір жақты бағытта пікір таратып, қоғамда екіұдай көзқарас тудыру дұрыс емес», – деді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы.

Көзімізді ашқан көсемдердің көзін ойып алып, көздеген мақсатына пайдалану – көзсіз көрсоқырлық!

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса да бұған қатысты пікір білдіріп, дүкен иелерін жазаға тарту керек деп жазыпты.
«Сол дүкен иелерінің өзін немесе әке-шешесінің солай көзін ойып алып, жейделерге салып саудаға шығарса, қалай болар еді? Оған өлсе де бармас еді олар.Бұл Ұлттың көзін ашқан ұлылардың көзін ойып алып, халыққа шығару – ұлты үшін құрбан болған тұлғаларды екінші рет өлтіру! Біріншісі – бұдан бір ғасырдай бұрын Алаш арыстарын түгел атып-асқан Кеңес Одағының қандықол жендеттерінің жауыздығы еді! Екіншісі – сол Алаш арыстарының өздері армандаған Тәуелсіздіктің 31 жылында діни көрсоқыр ұрпақтары топастықпен өлтірді! Бұлар бұндай тас надандығымен, ақша үшін ар-намысты аттап, таптап өтіп, қасиетті дініміздің атына кір келтіріп отыр.
Мемлекеттік тиісті органдар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай сауданың көзін Ұлт ұлыларының көзін ойып алумен тапқан пайдакүнемдерге шұғыл тойтарыс беріп, тоқтатып, жауапқа тартуы тиіс!», – дейді депутат.
Бұл айтылған пікірлерге сүйенсек, ұлт зиялыларының кескіні діни көзқарасқа сай өңделгенін аңғаруға болады. Егер бұған ешқандай діни сенімнің қатысы болмаса, тек дизайнерлік сипаттағы өнім деп алсақ, дау туындай қоймас па еді, кім білсін. Өндіруші тарап «Бес арыстың» суретін өзгертемін деп қателікке бой алдырған секілді. Халық алдына дауысқа қойғанмен, өздері айтқандай, дүкен аудиториясының басым көпшілігі дін ұстанатын адамдар болған соң, өзге пікірдегі халықтың көзінен таса қалған. Бұл киім коллекциясының шығып кетуі де сол үшін болар. Алаш зиялыларын елге таныту, дәріптеу мақсатында ұлт зиялыларының бейнесін тарату дұрыс та шығар. Бірақ олар ешкімнің жекеменшігі емес. Оны өңдеуде жеке түсінік пен көзқарасқа сүйенуге болмас. Бұл мәселенің көтерілгені – тағы бір нәрсені айшықтайды. Ұлт зиялыларының тағдыры – халықтың жазылмаған жарасы. Қазақтың бойында әлі де тарихқа деген өкпе бар. Жазықсыз жапа шеккен, ұлт қаймағынан айырылған ел әлі де әділетті бағасы берілмеген тарихқа күйінеді. Сол себепті бұл мәселе халықтың намысына тиді. Заманауи білімге жетелеп, қазақтың көзін ашқан зиялылардың көзі ойылғаны сол бітпеген жараның аузын қайта ашқандай болды…

Абзал Сүлеймен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір