Электронды оқулық – заманауи оқу құралы
Елімізде қазір «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жасалған. Бағдарламаның мақсаты – цифрлық технологияларды қолдану арқылы экономиканың даму қарқынын арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, цифрлық экономикаға көшу үшін жағдай жасау. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына арнаған 2021 жылғы Жолдауында: «Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуы тиіс» деп, экономиканы дамыту үшін цифрлы технологияларды күнделікті тіршілікке белсенді ендірудің маңызды екендігін атап көрсетті.
Мемлекетіміздің болашағы технологиялық тұрғыдан дамуға мүдделі, сондықтан бұл бағдарлама – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жалпы білім беретін мектептен бастап оқушыларды осы цифрлық сауаттылыққа бейімдеу үшін түрлі жоспарлар құрылып, жұмыстар жүргізіле бастады. Қоғамның әр мүшесі цифрлық технологиялар мен Интернет ресурстарды күнделікті және кәсіби қызметте тиімді пайдалана алуы мемлекет үшін аса маңызды. Мемлекет басшысын қолдап, ҚР Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетовтің бағыт беруімен оқулықтардың электронды нұсқасын жасаудың қолға алынуы осы бағыттағы келелі істердің бірі – әрі бірегейі болып отыр.
Алдағы уақытта электронды оқулықтар білім беру саласында оқытудың ажырамас бөлігіне айналары сөзсіз. Оқулықтың қағаз нұсқасын негізге ала отырып жасалған бұл оқу құралдарындағы интерактивті материалдар, медиаконтент, яғни аудиожазбалар, бейнематериалдар, анимациялар дәстүрлі оқулыққа қарағанда қосымша қызықты ақпараттар алуға мүмкіндік береді.
Цифрлы технология қарқынды дамып келе жатқан заманда білім беру саласында электронды оқулықтар – жалпы білім беретін мектептерде қолданылып жүрген оқулықтардың қағаз нұсқасына сәйкес келетін заманауи оқу құралы. Мәселен, оқушы мектепке оқу кітабын көтеріп апаруды ауырсынса, қолындағы гаджет арқылы электронды нұсқасын ашып, білім ала алады. Бұл оқу құралының бұдан да өзге басымдықтары жетерлік. Атап айтсақ, кез келген жерде, кез келген құрылғы арқылы кіріп, пайдалануға ыңғайлы, берілген ақпаратты қабылдау мүмкіндігі жоғары, оқушы өздігінен оқып-үйрене алады. Интерактивті әдістер арқылы тапсырмаларды орындап, білімін тексеріп, мұғаліммен кері байланыс жасап, бейнематериалдарды қайталап көруге болады. Мұғалімдер үшін де ол өте тиімді. Әрбір тақырыпқа мәтіндік және басқа да бақылау жұмыстарын беріп, оларды сараптау, тапсырма мен жаттығуларды күрделілігіне қарай әртүрлі деңгейде орналастыру, кез келген сәтте және кез келген орында қолдана алу мүмкіндігі бар. Ата-аналар баласының оқу нәтижесін көріп, сабақ үлгерімін тексере алады.
«Атамұра» баспасы да жалпы білім беретін мектептің 1-11-сыныптарына арналған дәстүрлі оқулықтарын электронды нұсқаға айналдырып, оқу процесіне ұсынып келеді.
«Атамұра» баспасының электронды оқулықтары оқу бағдарламаларына сәйкес жасалған. Баспаның электронды оқулықтары «Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» жүргізген сараптамадан өткен.
Оқулықтар «Атамұра» баспасының www.oqulyqtar.kz платформасында орналасқан және Қазақстан Республикасы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
Электронды платформа – дәстүрлі оқулық мазмұнын түсінікті, тиімді, қызықты интерактивті және мультимедиалы материалдар арқылы цифрландыру құралы. Интерфейсі мұғалім, оқушы және кез келген пайланушы үшін жеңіл әрі түсінікті. html, ccs, javascript және басқа программалау тілдерінің функцияларын қолдана отырып, электронды оқулықтарды жасауға және редакциялауға арналған өзіндік ыңғайлы жүйесі бар. Кросс-платформада, яғни планшетте, компьютерде, смартфонда жұмыс істеуге болады.
Қолданушының жеке мәліметтері халықаралық стандарттарға сәйкес қатаң түрде сақталады. Платформа бір мезгілде қанша пайдаланушы қолданса да, ақаусыз жұмыс істей береді және хакерлердің шабуылдарынан қорғау жүйесі бар.
Платформада Қазақстан Республикасының мектептерінде пайдалануға ұсынылған электронды оқулықтар берілген. Олар «Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» жүргізген сараптамадан кейін толықтырылып отырады. Тағы басқа да көптеген электронды оқулық сараптаманың соңғы кезеңіне жіберілді.
Электронды оқулықты пайдаланудың өзіндік артықшылықтары да жетерлік. Бір платформада барлық цифрлы оқу материалдарына қол жеткізуге болады. Мұғалім мен оқушы арасында кері байланыс бар, яғни тапсырманы оқушы орындап, мұғалімге жібере алады, оны мұғалім бағалайды. Оқушы мен ата-ана оқу нәтижелері туралы мәліметпен таныса алады. Мұғалім оқушылардың оқу үлгерімі мен оқу бағдарламаларын игеру барысына талдау жасай алады.
Платформада пәнаралық байланыс бар, яғни оқулық тақырыптарына қатысты материалдар сол оқулықтың өзінде немесе өзге оқулықтарда кездесетін болса, нақты көрсетіп, тауып береді.
Тірек сөздер бойынша іздеу батырмасы бар және сілтемелер арқылы тез ақпарат алуға болады.
Оқушылар пайдаланатын планшеттер негізгі оқулықтарға қарағанда әлдеқайда жеңіл, мектеп сөмкесінің салмағына қатысты соңғы кездерде айтылып жүрген мәселені шешуге мүмкіндік береді. Планшеттерді пайдаланғысы келмеген немесе пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда дәстүрлі оқулықтарды қолдана алады. Электронды оқулық негізгі оқулыққа қосымша құрал ретінде пайдалануда өте тиімді болады. Себебі, электронды оқулықтағы медиаконтент оқушының білімге деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Сонымен қатар электронды оқулық мақаламыздың басында атап өткендей Президентіміз Қ.К. Тоқаев айтқан цифрландыруға көшудің, еліміздің болашағы – жас жеткіншектерімізді жаңа цифрлық технологияға бейімдеудің бірден бір жолы деп ойлаймыз.
Райхан Райбаева,
жетекші редактор
Алма Оразбаева,
IT маманы