МАХАББАТ МҰНАРАСЫ
12.11.2022
1592
0

Бала кезінен әдеби лақап есімге Заһар Сұрмерген деген атты таңдап алған ол, өмірінің соңғы жағында «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Мәдениет» порталының тапсырысы бойынша жас жазушылардың шығармаларына сыни пікірлерді осы лақап атымен жазып, олары түрлі сайттарда жарияланып жүрді. Жазған сындары жастар арасында ерекше дүмпу туғызды. Ақиқаттың алмас қылышымен тіліп тұрып турасын айтатын Сұрмергенге оқырмандар да, жас жазармандардың өздері де ерекше риза болатын. Бұның бәрі оның әдеби білімді терең игергені мен қолын мезгілінен кеш сермесе де дөп сермегендігінен.

Заһар Сұрмерген деп отырғаным – былтыр қайтыс болған аяулы да асыл жарым, жазушы Заман Самалбекұлы Төлеуов!
Бойында жазу өнеріне жетелеп қоймаған тылсым құдіреті бар ол зейнет демалысына шыққан соң ауылының шетіндегі «Қарақуыс» деген жерге барып баяғы Шәкәрім қажы секілді жапан даладағы ескі қыстауда жалғыз өзі тұрады. Ондағы бар мақсаты өзінің туабітті еңбекқорлығымен түрлі бағыттағы әдеби кітаптар оқып, білімін көтеру әрі оңашада армансыз шығармашылықпен айналысу болған. Атақты Ақан сері туралы жазбасында Мағжан Жұмабаев серінің мылқау баласымен бірге жапан даладағы жалғыз үйді жайлағанын, жұрт «Ақан жынданып кетіпті, Перінің қызына үйленіпті» деп өсек таратқанын айтады. Ақанның басындағы осы жай Заһар Сұрмергеннің, яғни Заман Төлеуовтің де тура басынан өткен. Бұдан оның ұлылармен рухани тығыз туыстығын байқап, қайран қалмасқа шараң жоқ.
Кейін Заман осы оңаша өмірі жайын­да «Қарақуыс» атты роман жазып, ол романы аламанда топ жарып, бас бәйгені жеңіп алды. Оның кітап болып басылғанын көзімен көріп, қолымен ұстап кетті. Ерекше қуанды, әрине! Бұл роман ол екеуміздің өткен Һәм бүгінгі өміріміз туралы. Кітаптағы басты кейіпкер Ғалам – Заманның өзі болса, оның өмірге құштарлығын арттырған Қырмызы атты кейіпкері – мен өзіммін. Әттеген-айы, ол өмір бойына етегінен тартып, еңсесін езіп келген сол өзінің қарақуысынан шыға алмады. Оның үлкен арманы «Қарақуыстан» кейін «Ақуыс» атты роман жазу еді. Өзі армандаған сол ақуысына жете алмады. Қу тағдыры жеткізбеді…
Нағыз таланттардың көбісінің жолы, тарихтан жақсы білеміз, қашан да ауыр болған. Оның әр түрлі себебі бар. Алла Тағала әу баста көкірегіне шабыт ұрығын еккенімен, оның ары қарай тамыр жайып, бүршік атуы біреуде ерте, біреуде кеш. Тағдыр жолы әр қилы. Тұрмыс-тіршілігі сан алуан. Біреулерге не керектің бәрін үйіп-төгіп бере салатын жомарт Тәңірі, біреулерге келгенде, кең жолын тарылтып, қысып қояды. Өмір сынақ болғандықтан, біреуді байлықпен, біреуді кедейлікпен, біреуді әйелмен, біреуді баламен сынайды. Тағдыр сынағына төтеп бере алмай, морт сынғандар қаншама. Бірақ пендесіне әр қилы тағдыр сыйлаған тәңірі өзінен үміт үзбеген құлдарын кеш те болса жарылқап жататынын жоққа шығара алмайсыз. Заман соны жүрекпен сезініп, мойындап, тағдырына ризашылығын білдірді.
Соның ішінде шығармашылықпен айналысатын адамның өскен ортасы қолайлы болмаса, тұрмысы келіспесе, қанша жерден талантты болса да, тас қамалды бұзып шығудың оңай емесін, өмірдің сан түрлі соқпақтарында сүрінген, бүлінген, орта жолда шаң қауып қалған, оқыстан орға жығылған жүйрік жазушы Заманның тағдыр жолына үңілгенде, оны анық байқайсыз. Құдай берген таланттың кеуделерде тұншығып, бүр жара алмай солғанынан ауыр қасірет бар ма? Оны кімнен көресіз. Өрістете алмаған өзінен бе, басып жаншуға, керек болса таптап өте шығудан тайынбайтын арсыз айналасынан ба, көңілі жетім, көзі соқыр қоғамынан ба? Жер басып жүрген адамды сынаққа салған ғаламның бізге белгісіз жұмбақ заңынан ба? Түтіні түзу шықпаған отбасынан, жұп болып тұра жараспаған жарынан ба? Сұрақ көп, жауап та әрқилы…
Техника қарыштап алға басқан сайын адам тұрмысы да онымен ілесе дамығанымен, рухани жағынан артқа кете бастайтынын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Өмірдің ажырағысыз бір бөлшегіне айналған қолымыздағы ұялы телефоннан әлеуметтік желіге кірмейтін адам сиректің сирегі бүгінде. Саясатыңыздың сансыратқан сан сауалы да, арзан көңіл аздыратын бейәдеп хабар-ошарлар да, бәрі-бәрі осының ішінде. Қыз-қыз қайнаған базардан әркім өзіне керегін іздейтіні секілді, сергек саналы, көкірегі ояу жандардың да отыратыны осы әлеуметтік желі болғаны жасырын емес. Оның тұнық ойларын, тұма сырларын алғаш осы әлеуметтік желіден ұшыратып, көз қадап, көңіл тоқтаттым. Мен ғана емес, көзіқарақты фейсбук оқырмандары Заман Төлеуов деген қаламгердің есімін бұрындары естімегені хақ. Соңғы жеті-сегіз жылдың ішінде ғана интернеттен жазғандарын оқып, жүзін танып қана қоймай, әр жазғанын таңғала қадағалайтын болып еді жұрт. Соның бірі – өзіммін. Жүрек сырын ұғысқан сайын мен оның, ол менің тағдырыма біржола айналатынын әу баста мен де, ол да білген жоқ. Мені тағдыр онымен өмірінің соңында жолықтырды. Ал оның өмірі өте күрделі де қиын, қайшылыққа толы болыпты.
Басынан бастап өзінен сыр суыртпақтап білгенімді айтсам, шешесі Ғайнижамалды бір қызымен бірге жеңгедей әмеңгерлікке алған әкесі Самалбек сол кезде егделеу жасқа келген қойшы болыпты. Сол қойшының шаңырағында 1949 жылы өмірге келген Заман алты жасына дейін қойшы ауылдан аттап баспай, оңаша қойнауда өмір сүргендіктен, бала шағында тұмса табиғатпен етене болып, жаратылыс жаратқан тіршілікке қанығып өседі. Осының бәрі оны кейін жазушылыққа жетелеген болса керек. Мектеп жасына жеткен соң, оқуға бару үшін амалсыз ауыл ішіне келіп, туыстарының үйінде, интернатта жатып, елмен араласа бастайды. Бұрын үйден аттап шықпаған бала сол кезде қойлы ауылдағы анасын қатты сағынып, демалыста оны көргенше, құшағына тығылып, мейіріміне кенелгенше асығады екен. Мен Америкадан не басқа алыс шет елдерден елге келгенше сол кездегі аяулы анасын күткендей кейіппен мені де қатты тосып, асыға күтіп отыратынын айтып еді. Жазуы да, жаны да жұмсақ, ерекше еді ғой.
Заман 9-10-сыныпты орыс мектебінде оқып бітіруге мәжбүр болады. Себебі, сол кезде сүйек туберкулезіне шалдығып, ауруханада ұзақ жатып емделгендіктен, осыған дейін оқып келген қазақ мектебінен қол үзуіне тура келген.
Зәкеңнің үйде екі дипломы бар. Алғаш­қы бітірген оқуы – фельдшерлік. Екіншісі – кооперативтік техникум. Әдебиетке қатты құштар өрт кеуде жас шағында мұнаралы Мәскеуді жағалап, М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқығысы келгенімен, жолы болмайды. Алматыға Жазушылар одағына да жақындағысы келіп, шеше жағынан туыстығы бар, атап айтқанда бөлесі болып келетін атақты жазушы Әнуар Әлімжановтың алдына барады. Марқұм Әлімжанов: «жазушы болу үшін әлі пісіп-жетілмегенсің», – деп, арман арқалап келген баланың арқасынан қаға қоймапты. Жазушы ағасы солай жас балаға үлкен талап қоюының басқа да себебі болды ма, ол жағы маған анық мәлім емес.
Өмір бойы үлкен қаладағы әдеби ортадан алыста, ауыл ішінде күйбең тіршілікпен қартайғанша қажып, оның үстіне жазушылыққа немесе қалам қызметіне мүлдем жуыспайтын фельдшер, сауда саласы, қойма, клуб меңгерушісі секілді кәсіптер төңірегінде қызмет еткен ол ішқұсалыққа ұшырайды. Сол ішқұсалықтан қытымыр қыс бойы жазумен айналысып, жылынып, көктем шыға сол қыстағы жазғандарын лаулаған отқа тастап, өртейді екен. Көз майын тауысып жазған ақ парақтарды қызыл жалын әбден жалмап бітіргеннен кейін ғана жан сарайы босап, өзін дерт боп басқан ауыр салмақтан құтылғандай, ерекше жеңілдеп қалатынын айтқаны бар еді бірде маған. Жазу оған бала кезінен жазылмас дерт болып жабысқан. Мазасын кетіріп, өмір бойына көкірегінде тыншу бермеген жазушылық дертін ол осылай жазғандарын өртеп жіберіп басады екен. Атақты орыс жазушысы Николай Гоголь өмірінің соңында жүйке ауруына, рухани дертке ұшырап, өзінің «Өлі жандар» («Мертвые души») кітабының екінші томын өз қолымен өртеп, жойып жібермей ме. Гоголь сипаттаған қоғамдағы «кішкентай адамның» қорлыққа толы өмірін Заман өз басынан кешпеді, соның бәрі айналасында болмады деймісіз.
Интернеттің арқасында өзінің дарын қуатымен шығармашылық ортаға тез танылып, замандастарын тез мойындатқанымен, одан тым тез көз жазып қаларын ешкім де білген жоқ. Бәлкім, сезсе жалғыз өзі ғана сезген болар. Әлем жұртын сансыратқан тәжтажал дерті басқалармен бірге оны да ойламаған жерден осыдан бір жыл бұрын ортамыздан жұлып алып кетті. Әдебиеттегі ойсырап қалған орны өз алдына, мен үшін бұл аспан құлап, жер жарылғандай болды десем, асыра айтқаным емес. Оның «Алтын қалам – 2020» әдеби конкурсы тарапынан аса жоғары бағаланып, «Үздік роман» номинациясы бойынша Бас жүлдеге лайық деп танылған «Қарақуыс» романы – оның өз өмірінің астарын жазған, өзін ғана емес, менің де өміріме арнап жазған туындысы. Әзірге шектеулі данамен басылған бұл роман оқырман қолына кеңінен жетер ақжарылқап жақсы күндер де туар алдымыздан.
Заман екеуміз бас түйістіре отырып кино көргенді ұнатушы едік. Артынан соны кәдімгідей талдайтынбыз. Соңғы көрген киномыз «Дневник памяти» еді. Кинодағы ерлі-зайыптылар соңғы рет бірге сөйлесіп, екеуі бірге мәңгіліктің құшағына кетеді. Сол кезде мен «Қанша қиын өткелден өтсе де, екеуінің мәңгілікке бірге кетуі не деген бақыт» деп айтқан едім. Бізге ондай мәңгілікке бірге кететін бақыт бұйырмағанмен, жүрек түкпіріндегі мәңгі нұры сөнбес сәулелі шақтарды бұйыртқанына шүкір Алланың! Әттеген-айы, сәулелі сол бір шақтардың тым қысқа болғаны…
Заманның маған мессенджер арқылы жолдаған хаттарына менімен бірге үңілсеңіз, оның жүрек сырларын терең ұғын­уыңыз­ға жарап қалар, құрметті оқырман! Міне, ол маған жазған хатын әдеттегідей ылғи да осындай сөздермен бастайтын:

«…Жаным! Жер бетіне бекерге жаралдым ба деп едім, енді оның терістігіне көзім жетіп келеді. Құдіреті күшті Жаратушы маған деген ризығын әлі түгесе қоймапты. Небір сындар мен сынақтардан тегін өткізбепті. Соңғы көпірден өтерде Сені кездестірдім. Алғаш рет осы аяулы сөзді арнап айттым саған «Жаным» деп…»
«…Ол жеті тауды, жеті көлді, жеті өзенді өтіп, қырық жыл көз майын тауысып сені іздеген бір ғана адам. Ол ақыры сені тапты, енді қасық қаны қалғанша сен үшін жеті басты жалмауыз бен алты басты айдаһармен алысуға дайын….»
«…Теріс сөз бен кері пікірдің бізге қажеті қанша. Мүмкін өзің қалайсың ба? Менің ойымша жарыққа ұмтылу керек сияқты. Тұңғиыққа құлдырағаннан гөрі, сондықтан таза ой мен шын сезімді қадірлейік, олар да үлбіреген гүл тәрізді. Егер оны сыбыртқымен әр жолы қисынды-қисынсыз шаңы кетсін деп соға берсек не болады. Тазара ма, әлде?..
Сен менің бойыма сіңіп кеткен Өзімсің…».
«…Енді бірнеше сағаттардан соң, сенің дүниеге келген тұңғыш күнің туады. Менің көз алдым, бүткіл аспаным сенің бейнеңмен көмкеріліп, қайда қарасам өзіңді көргендей боламын. Себебі, менің тас пен шөңге төгілген тар жолыма сен гүл ектің. Суалған көзім қайта жарықты көрді. Соғудан жалыққан жүрегім өмірге қайта құлшынды. Сенің жастығың немесе өзге бір қырларың емес, мені қайта оятқан да, тірілткен де – сенің мөлдір жан дүниең. Шынымды айтсам, сен сияқты әйел заты тек қиялда ғана болады деп, егер әңгіме жазсам сонда армандайтын шығармын деп ойлаймын. Тек бұл тәтті түс болмаса екен деп тілеймін. Әсіресе бүгінгі кеш мен үшін қастерлі. Неге десең, мен өмірімде бір адамның туған күнін сонша қастерлейді екенмін. Ол сенің туған күнің! Егер мен кімді ренжіткім келмейді десем, ол – сен! Егер мен кеудеңді кім үшін қалқан қыл десе, сен үшін деп сеземін. Жүрегімнен ыстық қан бойыма тарап, төңіректің сұлулығын сез­дірген сенің құдіретің. Егер кімнің дауысын естіп, кімнің ойын тыңдағың келеді десең, ол – сен! Егер кімді жалықпай тыңдайды десең, ол – сен! Бүл менің бақытым! Сен сыйлаған!».

Заманымның әрбір жүрек қағысы мен сезім дірілі таңбаланып қалған хаттары осылай жалғаса береді, жалғаса береді…
Үндістандағы атақты теңдессіз Тәжмахал мұнарасын білмейтін адам жоқ шығар жер бетінде. Ол әлемнің жеті кереметінің біріне жататын мұнараны аппақ мрамордан Жахан Шах өзінің асыл жары Мұмтаз ханымға арнап салдырған. Жахан Шахтың ендігі бір арманы осы Тәжмахалға қарама- қарсы, одан ешбір жері аумайтын тағы бір теңдессіз мұнараны қара мрамордан салдыру болыпты. Ақ пен қара! Өмірдің мәңгі бітпейтін тартысы дейсіз бе, жоқ, ер мен әйелдің біріне-бірінің алтын жіптей тартылған асыл да шексіз мәңгілік махаббатының белгісі дейсіз бе, өзіңіз білесіз. Қанша жерден құдіретті патша болса да, Шах Жахан тағы бір Тәжмахалды, бұл жолы ақ мрамордан емес, қара мрамордан салдырмақ болған жоспарына жете алмады. Өкінішті, әрине! Заманға да «Қарақуыстан» кейін «Ақуыс» атты роман жазу арманы бұйырмады. Өзінің ҚАРАҚУЫСЫНДА қалып қойғаны өкінішті. Өзі армандаған сол АҚУЫСЫНА жете алмады. Жеткенде, ол әрбір жолы ақ мрамор іспеттес сөз бен сезімнен қаланған теңдессіз МАХАББАТ мұнарасы болатыны кәміл еді…

Гүлмира АЖИХАНОВА,
артында қалған аяулы жары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір