Болашақ Нобелистерді мақсатты түрде даярлау керек
30.09.2022
841
0

Нобель науқаны – дүрбелеңге толы науқан. Төрткүл дүние демін ішіне тартып, жыл сайын қазанды күтіп, сарылады. «Күтіңдер» дегендей Швед академиясы да асықпайды. Бәрін сараптап, жіпке тізгендей етіп, әрқайсына жеке-жеке тоқталады. Жылдың басында ұсынылған кандидаттар жылдың соңына дейін үш кезеңнен өтіп, ақтық мәреге жер сүзе жақындайды.

Мыңдаған кандидаттар физика, химия, медицина, экономика, бейбітшілік және әдебиет саласы бойынша бақ сынайды. Ғасыр жасаған бұл сыйлықтың мәртебесі шарап сияқты уақыты өткен сайын жақсара түсіп жатыр. Бүгінде Нобель сыйлығының талаптары мен өткізілу алгоритміне өзгерістер еніп, түрлене түскен. Мысалы, бұған дейін әдебиет саласы бойынша ұсынылған авторларды біз елу жылдан кейін ғана білсек, қазір оны арнайы сайттың өзінен-ақ онлайн қарай беруге болады. Аноним деген нәрсе жойылды. Қарап ғана қоймай, дауыс беріп, «қиқу» салып отырсаңыз да сізге ешкім «қой» демейді. Технологияның дамуы, әлемдік саясаттың ашық позиция ұстануы – Нобельге де оң әсерін тигізе бастаған. Сайтта қаралым мен әлемнің түкпір-түкпірінен берілген дауыстардың нәтижесінде авторлардың бірі озып, бірі артта қалып, тайталасып келеді. Әзірге нақты кімнің аты бірінші келерін дөп басып айту қиын. Кандидат­тардың ешқайсы осал емес. Сыйлықты үміткерлердің бірі саяси мәселе тұрғысынан алуы мүмкін болса, бірі әдебиетке әкелген жаңалығы бойынша басым. Тіпті жазушылық емес, саясат, тарих, философия, музыка бойынша танымал болған авторлар да Нобель рейтингісінен бой көрсетіп жүр. Солардың бірі алда-жалда аталмыш сыйлықты қанжығасына байласа таңғалмаймыз. Себебі мұндай оқиға Нобель тарихында бір емес, бірнеше рет тіркелген. Олардың қатарында У.Черчиль, Б.Рассел, Р.Эйкен, А.Бергсон, Т.Моммзен, Б.Дилан сияқты алыптар бар. Әдебиет саласы бойынша Нобель комитетінің бүйрегі осы жылы кімге бұрады екен – ол жағы енді үлкен сұрақ белгісі.
Нобель – таңғалдыру мен тосын шешімдердің сыйлығы. Одан бәрін күтуге болады. Бар халықтың назарын рейтингке қаратып қойып, «айдаладан» заты түгіл, аты белгісіз біреуді қоя салуы да мүмкін. Былтырғы А.Гурна соған дәлел. Абдуразакты бұған дейін әдебиеттің айналасында жүргендер болмаса, оқырман қауым жете тани бермейтін. Оны автордың өзі де мойындайды. Дәл осы тәсіл биыл да қайталанып, елуге тақау автордың ішіндегі ілініп-салынып жүрген біреуі алып кетсе, оған да таңданбаймыз. Не болса да, «Нобель комитеті дүйім оқырман қауымның шешімімен санасады» деген үлкен үміт бар. Кандидаттардың есімін ашық көрсетуіне қарағанда, бұл үміт орынды да.
Ендеше осы арадан бір қайырып, статистикаға көшсек.
Алдымен соңғы бір айдың көлемінде алдыңғы бестікке жиі шыға берген бес авторды атап өткім келеді. Олар: Салман Рушди, Сергей Жадан, Харуки Мураками, Сәлім Бәрәкат және Стивен Кинг.

Салман Рушди – тегі индиялық, Британ жазушысы. 1981 жылы «Іңір балалары» атты романы үшін Букер сыйлығын алды. «Сайтанның саздары» (ма, сандырағы ма?) атты төртінші романы қоғамдық наразылық тудырып, Иранның бас имамы Хомейни оның басын алуға пәтуа шығарған болатын. Осы даудан кейін Британ әкімдігі оны өз қамқорлығына алды. Күні бүгінге дейін ол шығармаларын біріккен корольдік атынан жазып келеді. 1983 жылы Ұлыбританияның Корольдік әдебиет одағына мүше болды. Бірақ оның басына тігілген пәтуа әлі күшін жойған жоқ. Осы жолғы Нобельге басқан қадамы да саяси жағдайдың «былығы» болуы әбден мүмкін. Егер Рушди Нобель сыйлығын алса, Ислам әлемі біріккен корольдікке ультиматум жасауы да ғажап емес. Себебі «Сайтанның саздары» атты кітабы тікелей діннен шыққан, пайғамбарды келеке еткен және оның ілімін «өтірік» деп тап­қан арандату кітабы еді. «Тапсырыспен жа­зылған болуы да мүмкін» деген болжам бар.
Жазушы ретінде Салман Рушди – образды ойлау мен көркем эстетикалық талғамның жазушысы, араб поэтикасын жетік меңгере отырып, «Мың бір түн» бояуларын өз шығармаларында сәтті пайдаланған талғампаз автор. Содан болар, әлем оқырмандары оның шығармаларын саяси агитезасын алып тастап оқығанды жақсы көреді. Ал Нобель бергісі келсе британдықтар мен шведтердің өз қолында.

Сергей Жадан – украиналық ақын, прозаик, эссеші. Биылғы Нобель сыйлығы рейтингіндегі ең жас жазушы. Оның рейтинг бойынша алға шыға беруін сарапшылар тікелей Украинадағы соғыспен байланыстырады.
Бірақ Сергейдің соңғы он жыл бойы басқа мемлекетте тұратынын [Бельгия] және осыған дейін де бірнеше рет Нобель­ге ұсынылғанын ескерсек, ешқандай саяси мән таппайсыз. Керісінше, оның прозадағы лексикалық тіліне сүйсінетін пост-кеңестік жазушылар «Ворошиловград» атты романына жоғары баға беріп, «күллі бір ұрпақтың манифесті» деп төрге шығарды. Оның шығармаларында құлаған Кеңес өкіметі және одан қалған «жаралы ұрпақтың» қоғамда өзін таппауы сөз болады. Сергей Жадан –биылғы бәйгенің басты фигурасы. Сергей Нобель алар болса, жас жағынан Киплингтің рекордын жаңартып кетуі мүмкін.

Харуки Мураками – жапониялық постмодернист жазушы, аудармашы, қысқа әңгімелер шебері. Оның кітаптары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылған. Бүгінгі әлем әдебиетіндегі ең табысты әрі ең танымал авторлардың қатарында. Оның осы танымалдылығы оған Нобель алуына кедергі болады деген пікір бар. Бірақ соған қарамастан Нобельге қатарынан жетінші жыл ұсынылып жатқан Мураками-сан оқырманның тілегімен алда келеді. Оның жазуы да, Нобельге деген талпынысы да, жүгіруі сияқты, алдыңғы орынды алмаса да, артта қалмайды.

Сәлім Бәрәкат – сириялық жазушы, ақын. 1951 жылы Сирияның солтүстігіндегі Қамысты деген ауданында дүниеге келген. Ата-анасы күрд ұлтынан. Дамаскіде араб тілін зерттеген. Кейін 1972 жылы Бейрутқа көшіп барып, бес өлеңдер жинағы мен екі романын шығарған. 1982 жылы Кипрға келіп, танымал палестиналық акын Махмуд Дарвиш басқарған «Әл-Кармель» әдеби журналында қызмет атқарады. Онда жүріп тағы жеті роман, екі өлеңдер жинағын жазып тастайды. 1999 жылдан бастап Щвецияда тұрады. Оның еңбектері араб, күрд, ассирия, армиян мәдениетін тығыз зерттегенімен ерекшеленеді. Ол өз шығармашылығында түріктердің күрд халқына жасаған саяси озбырлығын сөз ете отырып, Ататүріктен кейінгі Түркия мемлекетін «жоғалған Эдем» деп кінәлайды. Батыс Еуропа, Таяу Шығыстың белгілі ғалымдары Сәлім шығармашылығына оң бағасын беріп, оны «құбылыс» ретінде қарастырып отыр. Биылғы әдебиет саласы бойынша «Нобельдің бестігінен» түспей келе жатыр.

Стивен Кинг – америкалық жазушы, сценарист, қысқа әңгімелердің шебері. Жетпіс бес жастағы «қорқыныш королінің» Нобельге аса әуестігі жоқ еді. Биыл аз роман жазғаннан ба, әлде жылдам Нобель алу керек болды ма, әйтеуір рейтинг тақтасынан оқ бойы оза шауып тұр. «Форбес» журналының айтуынша, Стивен Эдвин Кингтің дәл қазіргі қаржылық жағдайы 50 млн АҚШ долларына бағаланады екен. Соған қарамастан жазушы Нобельден де дәмелі екенін жасырмайды. Оқырмандары көп, атағы да аспандап тұр. «Әдебиетке оқырмандар назарын тартқаны үшін» деп берсе де, жарасымды.
Ал ендігі сұрақ; қазақ Нобель алуы үшін не істеуі керек? Бұл тұрғыдан орыстардан үйренеріміз көп. Ресейдің атақты сыншысы, жазушы Дмитрий Быков осыдан оншақты жыл бұрын Нобельді зерттеуге ден қойып, оған тіпті арнайы ютуб бағдарламасын да ашқан болатын. Кейін ол жобасы мемлекет тарапынан қолдау тауып, телеэкраннан орын тепті. Онда Нобельді зерттеуге отызға тарта мамандар шақырылып, елуге тақау бағдарлама түсірілді. Жалғыз сұрақ сол: «Нобельді қалай алуға болады?». Былай қарасақ олар Нобелистерді қолдан соғып жатыр. Соның нәтижесінде биыл Нобель кандидаттығында Ресейден он шақты үміткер бар. Алдағы жылдары Ресей бұл көрсеткішті ұлғайта түспек.
Бізге де көп шаруаны қоя тұрып, Нобелистерді мақсатты түрде даярлауды қолға алу керек. Бір Нобель керек болса, қазаққа керек. Басқа сала болмаса да, қазақ әдебиетінің, қазақ тарихының, қазақ пәлсапасының бір Нобель алуға хақысы бар. Оған әсіресе 60-70 шы жылдардағы қазақ әдебие­тіндегі шығармалар сай. Жақсылап аударып, құнттап, жарнамасын жасап жіберсе, әлем әдебиеті сөрелерінен жарқ ете қалар күн де алыс емес. Ал жас авторлар мақсатты түрде Нобель талаптарына сай жұмыс істесе, алдағы Нобель солардікі.

Жантас ЕРКІНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір