ШАХ ӨНЕРДІҢ ШАХИМАРДАНЫ
17.06.2022
585
0

«Абайдың жолы – әлемнің жолы. Қасиетті Тәңір жолы. Мұны ұлы Мұхаң айта алмай «Абай жолы» атады. Бізге осы жолмен жүру керек, басқа жол жоқ. Дүниеде не бар, соның бәрі Жаратушының туындылары. Ал оның жаратылысы өнер ғой. Адамның өнері – ақыл-ойы, ал ақыл-ой – өнер. Ақыл-ойдан керемет әуен-мәннің ырғағы шығады. Әуен-мәннің ырғағында үш қасиет бар – үн, нұр, ауа. Осы үшеуі шырақ отын жағады, қуат бөледі».

Бұл – ұлт әдебиеті мен мәдениетінің ұлы классигі Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл, ал жазушының «Абай жолы» эпопеясының жазылғанына 80 жыл толуына орай өткен «Ой толғау» – Абай жолы» атты монооперасын ұсынған әлемге танымал опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шахимардан Әбіловтің моноопера кіріспесіндегі ой түйіні. Әнші: «Жаңа Қазақстанға апарар жалғыз жол – Абай жолы, одан басқа жол жоқ», – деді тыңдарман қауымға.
Әлемге аты мәшһүр әншіні оқырманға таныстырудың өзі артық болар. Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрының жетекші әншісі әлемге әйгілі опералардың басты партияларын орындап, қазақ өнерінің керегесін кеңейтіп жүр. Әсіресе Вердидің «Риголетто», «Травиата» және «Аида» спектакльдеріндегі Риголетто, Жермон, Амонасро, Чайковскийдің «Қарғаның мәткесіндегі» Томский, Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығындағы» Грязнов, Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай ханындағы» Бұқар жырау партияларын айрықша атап айтқан жөн.


Абайға апарар жол
Қазақ руханиятының кез келген саласында өрелі биікке жеткен тұлғалардың Абай әлеміне соқпай кеткені некен-саяқ. Бүкіл әлемді тамсандырып, өзге елдердің мәдени кәусарынан қанып ішкен, сол арқылы алыс-жақын шетелдерді қал-қадерінше бағындырған тұлғалар бізде санаулы болса да баршылық. Десе де, Абайдың тұмса жырларынан, терең толғаныстарынан, әлемдік деңгейдегі романстарынан нәр алып, сусындамаған адамның әлдебір толымсыздығы, кенделігі менмұндалап тұрады. Күллі әлемнің жауһарын бойына сіңірсе де, өз ұлтының ұлы тұлғаларын терең түсіне алмаған жанның жаһандық мәдениетке қосар үлесінің мол боларына көз сенсе де, көңіл сенбейді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Италияның Джузеппе Верди атындағы сыйлығының иегері, көптеген әлемдік конкурстардың әділ қазысы, аты алысты шарлаған жампоз өнер иесі, баритон дауысты опера әншісі, профессор Шахимардан Әбіловтің темірқазығы – Абай әлемі, Абай әндері, Абайдың философиялық дүниетанымы. Сондықтан да қазақ мәдениетінде, қазақ ән өнерінде Шахимардан Қайдарұлының орны бір төбе. Өнер әлеміне қадам басар алдында дипломдық жұмысын «Абай» операсындағы Абай партиясын орындап қорғаған Әбіловтің ұлы кемеңгердің ойына үңіліп, жан әлемін нұрландырған шағы басталған еді. 1981 жылы басталған жол 41 жылдан бері үздіксіз ізденіспен жалғасып келеді. Алты құрлықтың қай түкпіріне барса да, алдымен Абай әлеміне тағзым етуден бастайтын өнер тарланы Абайдай алып мұхиттың тереңіне сүңгіген сайын көкірегі сәруар шуаққа толатынын қуанышпен әңгімелейді. Киелі Кереку өңірінде дүниеге келген әнші бала кезінен Абай жырларын жаттап, ауылдастарының Абай әндерін орындағанын құлағына құйып өскен. Сондықтан да болар жыл өткен сайын Абай дүниесі оны магниттей тартып, Абаймен тыныстап, Абаймен сырласуды ғадетіне айналдырған.
Бүгінде Шахимардан Қайдарұлының репертуарында Абайдың өз әндерінен бөлек, барша композиторлардың ақын сөзіне жазған әндері бар. Егер солардың бәрін орындаса, бір тәулік жетпеуі мүмкін. Абайды орындаудан бөлек, зерттеумен айналысатын профессор Сыдық Мұхамеджановтан бастап, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Мансұр Сағатов, Теміржан Базарбаев, Базарбай Жұманиязов, Нағым Меңдіғалиев, Төлеген Мұхамеджановтардың романстарын нақышына келтіріп шырқап жүр. Әлемнің даңсалы сахналарында бұл әндер талай мәрте Шахимарданның орындауында шырқалды. Шетелдік ақпарат құралдары қазақ әнінің бай мазмұны туралы талай мәрте тебірене жазды.
«Абайсыз өткен күнім жоқ, – дейді әнші. – Егер бір сәт Абайды оқымасам, оның иірімі бөлек әндерін іштей ыңылдап, көкірегіме құймасам, онымен сырласпасам, жандүнием жадау тартып, жетімнің күйін кешемін. Менің дертім – Абайдың дерті. Тұтас әлемді шарпыған түрлі оқиғаларға ой жүгірткенде, еліміздегі түрлі жағдайларға көз салғанда, айналамдағы қоғамдық процестер мен жеке адамдардың басынан өтетін әрқилы тағдырларға назар аударғанда, «осы іске Абай қалай қарар еді? Қалай жауап берер еді? Қалай күйінер еді? Қалай сүйінер еді?» деген сұрақтар ойымнан кетпейді. Кешегі қаралы қаңтар оқиғасы неден туды? Адамдар санасын неге қараңғылық тұмшалап барады? Биік мінбердегі кейбір мырзалардың тойымсыздығы мен ашкөздігі қайдан шықты? Осының бәрі өзегімді өртейді. Меніңше, қарапайым халықтан жоғары элитаға дейін Абайды шыт жаңа түсінуге, оқуға, жай оқып қоймай, Абайдың жолымен жүруді үйренуіміз керек. Біз адассақ, тұтас ұрпақ адасады. Бізді болашаққа бастар жол – Абай жолы. Одан өзге жол жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру жайлы айтты. Жаңа Қазақстан дегеніміз – меніңше, Абай әлеміне ұлт болып бет бұру. Жаңа Қазақстанға Абай жолымен ғана бара аламыз».

«Ой-толғаудың» мәні

Тақауда Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткен «Ой толғау» монооперасы тыңдарманды аурасы бөлек әлемге жетеледі. Үлкен театрдың фойесінде өткен опера тыңдарман мен орындаушының арасындағы іркілісті бөліп, бір бүтінге айналдырды. Моноопераны фортепияно партиясын дарынды жас, «Шексіз музыка» атты Литвада өткен халықаралық байқау­дың жүлдегері, үздік концертмейстер атағына ие докторант Әлияр Өтетілеу сүйемелдеді. Әсем ән мен тәтті күй, ойлы сөз, нұрлы ақыл, жылы жүрек өзара үйлесім тапқан кеш бір жарым сағатқа созылды. Бір жарым сағат бойы сахнада Шахимардан Әбілов өзінің кестелі ойлары мен Абай әндерін орындап, жырларынан үзінділер оқыды. Тыңдарман кеш бойы тек Абаймен жеке сырласып, хакімнің терең пәлсапасымен сусындады.
Моноопераның беташар әні – «Қараңғы түнде тау қалғып…» болды. Ұлы Гетеден Лермонтов аударып, оны Абай қазақша сөйлеткен кестелі жыр тура қазақ топырағының исін сездіреді. Үш алыптың рухани сабақтастығы тамсандырмай қоймасы анық. Ал бұл сөзге жазылған ән қазақ халқының мәңгілік мұрасы іспетті, хас өнерге бас ұрған зерделі тыңдаушы мен орындаушылардың асыл қазынасына айналып кетті. Одан ары «Қарашада өмір тұр», «Адамның кейбір кездері», «Қуатты оттай бұрқырап», «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық аймен» жалғасып, бір иірімнен екінші бір иірімге тарта берді. Арасында әнші Абай сөздеріне жазылған композиторлардың шығармаларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Үш бөлімнен тұратын «Ой толғаудың» бірінші бөлімінде 14 ән орындалып, фортепиянодан есті әуен есіп тұрды. Алматының зиялы қауымы, өнер сүйер көпшілік сілтідей тынып, мазмұнды кештің мәніне тебірене терең үңілгендері рас.
Әнші моноопераны ең алғаш өзінің туған жері Кереку өңірінде қойған. Әуе­лі Машһүр Жүсіп Көпеевтің басына зиярат етіп, Баянауылда ел-жұртпен кездесіп, Екібастұз қаласында, облыстық филармонияда концерт берген. Облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақовтың бастауымен Абай хакімнің басына тәу етіп, гүл шоғын қойып, сол жерде жұртшылыққа Абай әндерін шырқаған. Одан кейін Бұқарада 14 жыл оқыған Уахит хазіретке арнап құран оқып, бата жасаған. Сол сапарында өнер жанашыры өңір басшысы Әбілқайыр Ысқақов пен С.Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықовтың қолдауымен моноопераны алғаш елге ұсынған. Қазір моноопераны тыңдауға ынталы жұртшылықтың әр өңірден хабарласып жатқандары көп. Шахимардан Әбілов алдағы уақытта тағы екі бөлімін ұсынуды жоспарлап отыр.
«Бұл моноопера – ұзақ жылдық ізденістен туды, – дейді Шахимардан Қайдарұлы. – Мен Абайдың әндерін және Абай сөздеріне жазылған композиторлардың романстарын жіті зерттеп жүрген адаммын. Абайдың барлық әндерін жүлгесімен, тақырыптық мазмұнымен орындасаңыз, ұлы поэма шығады. Абайдың әр сөзі «сөйлейді». Әндері де шер көңілден бүлкілдеп шыққан романстар тізбегі. Бәрін жинақтасаңыз, Адам, Табиғат, Жаратушы ұғымдарының бүтіндігі шығады. Өзі де «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» демей ме?! Махаббат пен ғадауат майданының түп қайнарын Абай романстары арқылы жете түсінуге болады. Ол үшін зерделі сана керек. Әлемдік классикалық өнерде «Италия ән мектебі», «Орыс ән мектебі» деген секілді қалыптасқан тіркес бар. Мен қай жерге барсам да алдымен қазақ әндерін орындаймын. Біздің халық әндері, халық композиторларының, Біржан, Ақан, Естайдың әндері әлемнің қай елдерінің де әндерінен артық болмаса, кем емес. Абайдың романстары кез келген еуропалық мәнерден бөлек. Шетелдерге гастрольдік сапармен шыққанда Абайдың жауһарларын, Естайдың «Қорланын», тағы басқа бірегей туындыларды шырқаймын. Бәрі таңырқасып, әннің авторын сұрап, нотасын берші, біз де орындайық деп өтініш жасап жатады. Қазақ әнінің кең диапазонына таңдайларын қағып, біздегі далалық сарынға бастарын иеді. Мен қай елге барсам да репертуарыма міндетті түрде Абайдың және өзге қазақ әндерін көптеп кіргіземін. Әлемді қазақ әуезді әндерімен таныса екен деймін. «Ой толғауға» дейін талай мәрте Абай әндерімен әлемді араладым. Абай әндері менің қанатым секілді. Шет жұрт мені таныса, конкурстарына бағалаушы етіп тағайындап, арнайы концерттеріне шақырса, студенттеріне лекция-концерт өткізуге ұсыныс жасап жатса, соның бәрінде Абайдың үлесі бар. Моноопера – жүрегімнен ұзақ жыл сүзгіден өтіп, ішкі әлемімде талай мәрте қайнаған хакімге тағзымның сұрыпталған формасы».

Күллі қазақ жылаған жыл

Шахимардан Әбілов – ұлтын айғаймен емес, жүрекпен сүйген тұлға. Ол өз халқын Абай шығармаларымен емдеуді мақсат етіп қойған дарын иесі. Соның бір дәлелі 1986 жылы анық көрінді. Әнші өзінің халқын шығармашылығымен үнемі тереңге бойлатумен келеді.
1986 жылы әнші Абай әндерін тірнектеп жинап, жеке концерт беруді жоспарлайды. Архивтерді ақтарып, кітапханаларды аралайды. Сонда архивтердің бірінен композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» сөзіне жазылған әнді кезіктіреді. Зер сала үңілсе, әуені мен сөзі тұтасқан ғажап ән. Әлі ешкім орындамаған. Өрімі бөлек әннің шаң басып жатқанына таңырқайды. Бұл ән өзінің орындаушысын күтіп жатқанын сезген әнші романстың тереңнен сыр шертер жұмбақ күйіне елітіп, өзінің репертуарына қосуға бел байлайды. Көп өтпей Алматыда қанқұйлы Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түседі. Ел – алаң. Боздаған жұрт. Қазақтың өрімдей жастары қырылып, аман қалғандары қуғындалып, ұсталып, оқудан шығарылып жатқан шақ. Күллі Совет одағы қазақты ұлтшыл деп айыптап, биік мінберден оспадар пікірлер лек-легімен ақтарылып тұрған кез. Көп өтпей Қазақстан композиторларының пленумы өтеді. Жүрегін шер кернеген әнші осы пленумда өзі аз бұрын архивтен тапқан «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымды» орындайды. Жүдеу көңіл жұртшылық мызғымастан тыңдайды. Ән біткен соң көпшілікке көз салса, залдағы бүкіл қазақ көздерінен аққан жасты сүртіп отыр екен. Ұлттың аянышты тағдыры, дәрменсіздік, бірін- бірі қолдай алмаған көпшіліктің ішкі күйінішін әнмен өрген әншінің не айтқысы келгенін тыңдарман қауым анық ұққан-ды. Сол үшін де көз жастарына ерік берген болатын…
Пленум кезінде өзге елге іссапармен кеткен композитор Еркеғали Рахмадиев елге келген соң жұрттан: «Жаңа әнің керемет екен. Шахимардан тамаша орындады. Көпшіліктің көңілін әнмен жұбат­ты» деген сөзді естіп, өз құлағына өзі сенбейді. «Қайдағы жаңа ән?!», – деп, әншіні іздесе керек. Сөйтсе, ертеректе жазғанымен, ешкім назар аудармаған соң ақынның әйгілі жырына жазған әнін ұмытып та кеткен көрінеді. Содан бастап әнші мен композитор жақын араласып, шығармашылық тандем құрады. Архивте сарғайған әннің бағы жанған соң Абайдың тағы алты өлеңіне ән жазады. Бұл кеш туралы ақын Қорғанбек Аманжол былай толғайды:
«1991 жылы КСРО құлағаннан кейін республикалардың Композиторлар одақтары Мәскеуде біріккен жиын өткізіп, жүйенің құлауы – мәдениеттің ыдырауы еместігін мәлімдеді. Сонда Ш.Әбілов Мәскеу консерваториясының Кіші залында қазақ романстарынан концерт беріп, бағдарламаға Рахмадиевтің Абай өлеңдеріне жазылған, негізінен сиясы кеппеген жеті шығармасын да енгізген болатын. Зал толы қауым керемет қошеметпен қабылдады. «Музыкальное обозрение» газеті: «Абай өлеңдеріне жазылған Еркеғали Рахмадиевтің топтамасы аса көрнекті әнші Шахимардан Әбіловтің орындауында пленумның көркін келтірген жарқын жаңалығы болды» деп жазды. Бұл бағаға біз сөз қоспай-ақ қояйық. Бұдан соң Төлеген Мұхамеджанов та ізін суытпай төрт романс шығарып, сыйлады. Сөйтіп репертуар молыға берді. Абай концерт­терінің төрт құбыласы теңеліп, маңдайы жарқырап, жолы ашылып, Абайдың ән дариясының тиегі осылай ағытылды».

Шахимардан ән салады, Жәнібек тамсанады

Абай әндерін және ақын сөзіне жазылған ең таңдаулы романстарды орындауды өзінің өмірлік миссиясы санаған әншінің алғашқы Абай концерт­терін зиялы қауым өкілдері өте жақсы қабылдады. Қазақстан Жазушылар одағында өткен кешінде танымал жазушылар тебірене сөйлеп, әншінің ізденгіштігіне сүйсініп, Абай әндерін жаңа қырынан, мүлде басқа деңгейде танығандарын айтып, алғыстарын жаудырады. Осындай бір кешке бірегей әнші, қазақтың мәдениетін терең зерделеген интеллектуал, оқымысты Жәнібек Кәрменов куә болады. Классикалық мәнерде орындалған Абай шығармаларының шуағы Кәрменовке қатты ұнайды. Өзі де Абай әлемімен жететаныс, сөйлесе қызыл тілдің шешені, ойы жүйрік, ән өнерінің білгірі Жәнібек Кәрменов Шахимардан Әбіловке қолқа салып, бірлікте кеш өткізуге ұсыныс жасайды. «Сен ән сал, мен жүргізушісі болайын. Абайдың әндерін кең ауқымда халыққа ұсынайық», – деген досына Әбілов те келісе кетеді. «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген қанатты сөз енді «Шахимардан ән салады, Жәнібек тамсанады» дегенге ұласады. Алғашқы концерт Жамбыл филармониясында «Әнді сүйсең, менше сүй» деген атпен өтеді. Аншлаг. Алматының күллі өнерпаздары, зиялы қауымы, дегдар тұлғалары жиналып, қос жампоздың лекция-концертін сілтідей тынып, тамашалайды. Сөздің мәйегін ағытқан Кәрменовтің әр әнге байланысты айт­қан кіріспесі, ағытыла шерткен сыры, одан кейін Әбіловтің құйқылжыта орындаған әні аңызға айналып кетеді. Екінші концерт – «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа». Бұл концертте де сол көңіл күй, сол аура. Абайды таныдым, білдім деген сайын сан қатпар ойдың иіріміне малти беретініміз сияқты Шахимардан-Жәнібек бірлестігі жеткізген сыр да көпшілікті одан арман елітіп, Абай мұрасын жаңа деңгейде түрлендіре түседі. Қос тұлғаның жоспары көп еді… Кемі жеті концерт береміз деп уағдаласқан. Әр концерттің жалпы құрылым жасалып, мазмұны түзілген… Бірақ ол арманға екі дос жете алмады. Қапелімде ән жампозы Жәнібек Кәрменов қара жолда қазаға ұшырады. Досының ажалы Шахимардан Әбіловке өте ауыр тиді. Бір жылдай мең-зең қалыпта жүрген әнші ақыры серпіліп, досының қазасына арнап «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты концертін жалғыз өзі берді.
Ең өкініштісі – өнердің қос тарланы өткізген екі концерттің видеотаспасының жоғалуы. Рухани енжарлық, немкеттілік, жауапсыздық енді ешқашан қайталанбайтын байлығымызды құрдымға жіберіп отыр. Ол кештер ел жүрегінде тек аңыз болып қалды.

Әлемді Абаймен аралаған әнші

Абайдың 150 жылдық мерейтойы әншінің атын алыстарға шарлатты. Сол жылы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, 50-ден астам концерт қойды. Репертуары – Абай әндері. Қазақтың қай қаласына барса да, ұлы ақынның рухани кәусарына шөліркеген жұртшылық әншіні қолдап, тебірене тыңдаумен болды. Ал шетелдегі сапарлардың жөні бөлек. Шетелге алғашқы сапар Лондоннан басталды. Қазақтың біртуар перзенті, жазушы Роллан Сейсенбаев Лондон төрінен «Абай» клубын ашып, мерейтойға орай салтанатты кеш өткізеді. Скрипкашы Марат Бисенғалиев, ән дүлдүлдері Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевпен бірге Шахимардан Әбілов Абай ариясы мен Чайковский романсын орындайды. Қазақтың кіл өнер майталмандарының концертін атақты Лондон камералық оркестрі сүйемелдеді. Бұл концертке Еуропаның әйгілі өнерпаздары қатысып, жоғары деңгейде өткен кешке жоғары баға берді. Би-Би-Си: «Лондон төрінде керемет мәдени оқиға болды. Қазақстан әншілерінің концертіне қатысқан жұртшылық тамаша әсерге бөленді» деп жазған кезі – осы.
Әнші бұдан кейін көптеген концерт берді. ТМД көлемінде қазақ әншісі бармаған ел жоқ. Жапонияның астанасы Токиода, Хиросима, Нагасаки қалаларында Әбілов салған әнге, ол берген кештерге ағылған жұрт қарақұрым. Ал Италия, Түркия, Финляндия, Польша, Швеция, Португалия, Германия секілді әлемнің әр түкпірінде өткен гастрольдік сапарларын тізбектеп тауысу мүмкін емес. Ол – Абайдан бөлек, Чайковский, Рахманинов, Шуберт, Брамс, Моцарт сияқты композиторлардың әндері мен романстарын тек өзіне тән мәнермен орындаудың шебері.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

P.S. Репертуарында Абай өлеңдеріне жазылған 70-тен астам романс, әлемнің және қазақтың 500-ге жуық әндері бар әншінің шәкірттері қазіргі уақытта еліміздегі классикалық ән өнерінің майталман шеберлеріне айналған. Алматы мен елордадағы опера және балет театрының актерлар құрамында профессор Әбіловтің шәкірттері көп. Шах өнердің елімізде дамуына зор үлес қосып келе жатқан әншінің әр кеші тағлымға, терең танымға, эстетикалық құпияларға толы. «Ой толғаудың» қалған бөлімін өнер сүйер қауым асыға күтеді.

Қорғанбек АМАНЖОЛ
ШАҺИ АРМАН
Шаһимардан Әбіловке

Шаһимардан, Шаһимардан,
Пәни жалған, шаһи арман.
Ән сәуесі нөсерлеген
Көз жетпейтін бақилардан.

Күміс бұлақ, кәусар үннің
Салқар шағын мен сағындым.
Алты қырдан асыршы бір
Әуезесін ән шағылдың.

Жаның ғажап, сән керемет,
Мағына да, мән де бөлек.
Бекзат болмыс сырбазым-ай,
Шаттандырдың әнге бөлеп.

Арсыдағы ән қанатың
Ғаршыларға жалғанатын.
Алыстарға сапар шеккен
Абыздарша толғанатын.

Шың басында Шаһимардан,
Ән шәулісі шалқи алған.
Жомарт жүрек, сақи жаннан
Шалқыған ән – шаһи арман!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір