Алғаш сені көргенімдей мөлдірсің…
01.06.2022
1057
0

Мен сенің сүйгім келді кірпігіңнен,
Кірпігім ілінген жоқ ілкі күннен.
Көзің бе? Көзің – шуақ мекені ғой
Кете алмай мөлдіріңде Күн кідірген.

Келді ғой сүйемін деп өліп айтқым,
Атыңның әрбір һәрпін бөліп айтқым,
Жүректің әр дүрсілін теріп айтқым…
Айта алмай неге соны кері қайттым?

Мұзтаумын, от ішімді билеткенде,
Мылқаумын, сөз ішімді күйреткенде.
Сылтаумын, сен сөйлеуді сиреткенде
Шырқауды бәрін кері үйреткен не?

«Сәлем!» деп жазғым келіп оқталамын.                                                                                                                                                                                                                Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ
«Сәлем!» деп жазуыңа жоқ па амалың?
Қорғайды мені сенен күнде солай
«Үндемей сүю» деген оққағарым.

***
Өзіңмен өзің қоршалған,
Өзіңе өзің тоналған.
Зорайып шығып зор шамнан
Өзіңе өзің қамалған.

Өзіңе өзің тасталған,
Өзіңе өзің қауіпті.
Өзіңнен өзің басталған
Өзіммен өзім жауықтым.

Өзіңмен өзің сөйлескен,
Өзіңнен өзің жылаған.
Өз-өзін іздеп кей кештен
Өзінен қашқан ұлы адам.

Өзімді өзім жастанып,
Өзімнен өзім күрсініп,
Өзімнен бәрі басталып
Өзіммен біткен тіршілік.

Өзіңнен асқан өтеу жоқ,
Өзіңді ішкен жалбызсың.
Өзің мен өзің екеу боп,
Өзің мен өзің жалғызсың.

Өзіңмен ғана егесің,
Өзіңде неге маза жоқ?
Өзіңнен құлап өлесің,
Өзіңнен асқан жаза жоқ.

***
Солқылдасын жүректе ұлып бір ән,
Сен көр де тұр таңертең күліп тұрам.
Қашқан сайын өзіңнен лағнет айтып
Шын сүйгенін жаныңнын біліп тұрам.

Шыққыр көзде шық болып тұнып тұрам,
Тағдырың боп тамырда бүлік қылам.
Қасіретіңді бір үрлеп ұмыттырам.
Сенен басқа ешкімді сүймегенін
Күндердің бір күнінде шын ұқтырам.

Сынық көңіл секілді сынық құман,
Сен ойлайсың көнбес деп ырық бұған.
Сен көр де тұр таңертең күліп тұрам,
Және бәрін көргендей біліп тұрам…

***
Менің жұпар иісімде жалбыз бар.
Жылытады ол тоңдырғанда жанды ызғар.
Көп нөпірдің келе жатсам ішінде
Мені танып қояды ылғи жалғыздар.

Менің жұпар иісімде жалбыз жүр.
Сырын таппай бақталасып сан қыз жүр…
Әлдекімді іздері хақ жан күзгі,
Әлдекімін таппаған соң жалғыз жүр….

Сол жалбыздың өзісің ғой, жұпарым,
Үзілетін шағы жетті жұқаның…
Ең соңғы дем сен боп шығар кеудемнен
Сынған кезде саялаған бұтағым.

Менің жұпар болмысымда сен жүрсің.
Алғаш сені көргенімдей мөлдірсің…
Сенсіз өмір мүмкін болса, о, Тәңірім,
Осы күзден қалмай мені сендірсін.
***
Махаббат ол – аталғанда есімің,
Жалқы сәт қой өлген жүрек селт етер.
Махаббат ол – аталғанда есімің,
Жалқы сәт қой отты көзің мөлт етер.

Махаббат ол – аталғанда есімің,
Жалқы сәт қой өміріңді тәрк етер,
Махаббат ол – көп адамның біреуін
Жер-жаһанда қайталанбас жалқы етер.

Махаббат ол – тұтас ғұмыр ішінде
Жалғыз сәтің жанып тұрып жарқ етер!
Махаббат ол – кеудеңдегі әлдене
Ол есіне түскен кезде солқ етер.

***
Тұншығатын түндерді бөліспедік.
Күн шығатын күндерді бөліспедік.
Ынтығатын кездерді бөліспедік,
Ұмтылатын сөздерді бөліспедік.

Өрт пен уды қақ бөліп, тең ішпедік,
Сүйдік және жек көрдік…
Беріспедік…
Көріспедік!
Өбісіп өліспедік!
Теріс кетіп барамыз, теріс келіп.

Ештеңеге ешқашан келіспедік.
Сүю қаһ қой. Сонда да сеніспедік.
Жараса алмау – жолы ма ібілістің?
Жара салмау – емес ол періштелік!
Жанарымда қанша күн боталадың?
Мен сонша рет кештім ғой от алаңын.
Сен ішіме сыймадың, от адамы,
Мен сонда да атыңды атамадым.

Ақыл менен жүректің мәрт егесі –
Маған таныс бұл өрттің әр төбесі.
Екеумізге бұйырған бақ шығар бұл –
Сүймеу, жанбау, сағынбау мәртебесі.

***
Кеудең от боп жанатынын біле ме?
Жан отының тоңатынын біле ме?
Жанның жалғыз қалатынын біле ме?
Жанның көзден таматынын біле ме?

Ойдың ойсыз жонатынын біле ме?
Жүрек қысып соғатынын біле ме?

Құштарлықтың болатынын біле ме?
Орманыңды өрт алатынын біле ме?

Жасын тиген шарпылысын біле ме?
Ауасы жоқ алқынысын біле ме?
Күн көзіне кім тұнғанын біле ме?
Күнде өзіне ұмтылғанын біле ме?

Жәудіреген жан дірілін біле ме?
Жанды іреген таң күбірін біле ме?
Мүмкін емес, мүмкін емес білмеуі…
Мүмкін қажет емес шығар үндеуі.

***
Гүл секілді булыққан құмырада,
Мұң секілді бусанған Іңір ана
Өле де алмай, не өліп сүйе де алмай
Бір келе алмай кеттік қой ымыраға.

Өмір зая болды ғой, ғұмыр ада,
Кім аспанда күн кешті, кім ұрада?
Іңір солай өледі ыңырана
Гүлдер солай өледі құмырада.

Сезім тілін жұтқандай құмыға ма?
Осы сорлы жүректі кім ұғады, ә?
Сен сыймайсың уақытқа зымыраған
Мен сыймаймын бақытты құмыраға.

***
Жаным – сенің тынысыңда.
Жаным менің – қыл ұшында,
қағанатың, хандығыңда
Хазіретілі ұлысыңда.
Жан есімің – жан нұрында
Ешкім іздеп таба алмайтын
Ешкім ұрлап ала алмайтын
Жүрегімнің түкпірінде
Жан дертімнің бұрышында
Жан дұғамның тіл ұшында.
Келген мына ұлы сында
Ұрысың ба? Ұлысың ба?
Мен білмеймін. Білетінім –
Жаным сенің уысыңда
Көзіңдегі алдаспанда
Қолыңдағы қылышыңда.

***
Бәрін де білесің!
Сендікпін!
Ізі де қалмады өрліктің.
Үш күнде көрге де үйренер,
Мен тіпті өзіме көндіктім.

Көндіктім жаумайтын жаңбырға,
Көндіктім көнбейтін тағдырға.
Өлімге көндіктім қаңғырған
Көндіктім айналса жан нұрға.

Осыдан өледі өлсе адам,
Үнсізсің…
Таусылды дем, шарам…
Не деген тәкаппар үнсіздік
Көндіге алмадым мен соған…

***
Күлгені де әдемі, жүргені де әдемі
Күн лебіндей өртеген үр демі де әдемі.
Тұншықтырып жаныңды,
қармағаны әдемі,
Алдағаны әдемі, арбағаны әдемі.

Бақбақ гүлін алаңсыз үрлегені әдемі,
Біліп тұрып барлығын, білмегені әдемі.
Сезіміне дәргейдей сыйынғаны әдемі,
Тізерлеп кеп алдыңа қиылғаны әдемі.

Бір өртеніп, бір тоңып,
сезім билеп қар кештік,
Әдемінің алдында дәрменсіз
бір хал кештік.
Сені ойлауға жоғалтқан
мәнсіз күнім әдемі,
Әдеміден жеңілген әлсіздігім әдемі.

***
Неге ұмытып қалмаймын есіміңді?
Неге ұмытып қалмаймын есімімді?
Неге қарғыс атпайды дүниедегі
Барлық телефондарды өшірулі?

Қатты жауып кеткенмін есігіңді.
Қатты жауып кеткенсің есігімді.
Көктеміңді қайтып ал кешігулі
Күзіңді де қайтарам өшігулі.

Сенің содыр жүрегің басып алған
Мендік сорлы жүректе басы қалған.
Бұл жынды хал қаңғып жүр кеңістікте
Тақтайшасын мойнына асып алған.

Тұтқын болып сезімге ұсталғандар!
Өлтіруге және оны құштар жандар!
Аясында өліңдер махаббаттың
Аясынан байланыс тыс қалғандар!

***
Ішімде ылғи күледі бір бүлдіршін,
Ішімде өмір сүреді бір бүлдіршін.
Ақ мұнтаздай тілегі оның бүлдіршін.
Дақ түспеген жүрегі оның бүлдіршін.

Сықылықтап күлсе сол бір бүлдіршін,
Шықылықтап күлсе сол бір бүлдіршін.
Лықсып ағар көзімнен жас бұрқ етіп,
Өмір өтіп кеткендігін білдім шын.

Тонның ішкі бауындай боп үлбір шын,
Ішкі әлемнің шамындай бір күн жүрсін.
Балалықты өлтірмеңдер іштегі
Бақыт сонда жүрген шығар, кім білсін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір