ҰЛТ ӨНЕРІНІҢ КОРИФЕЙІ
13.05.2022
2796
0

 

Бақыт НҰРПЕЙІС,
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы

Қазақ өнерінің хас шебері, сахна мен экранның жарық жұлдызы, еліміздің мақтанышына айналған дара тұлғалармыздың бірі – КСРО халық артисі, КСРО мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының иегері Асанәлі Әшімовтің есімі тек қазақ еліне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де мәшһүр.

Ұлы суреткер А.Әшімов халықтың қайнаған ортасынан шығып, сол халықтың бүкіл болмысы мен жандүниесін театр мен кино өнерінде қатар өрді. Сонау 1961 жылы Алматы консерваториясының актерлік факультетіне түсіп, театр өнерінде қазақтың кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтан, кино өнерінде дара дарын Шәкен Аймановтан дәріс алған жас актер өнердің сан тарау күрделі белестерін басып өтіп, қазақ өнерінің шамшырағына айналды. Театр сахнасы мен кино экранына алғаш қадам басқан сәттен-ақ, бірден қанатын кеңге жайып, соншалық зор күш-қуатпен, ешкімге ұқсамайтын тегеурінмен және нық сеніммен аршындай келді.

Оның сахнада шынығып, адамдық әрі шығармашылық қалыптасуына, көркемдік мақсатының орныға түсуіне өзінің үздіксіз ізденісімен қоса, ұлттық театрдың іргесін қаласқан өнер тарландарымен, олардың қайталанбас ізбасарларымен серіктес болуы да көп септігін тигізді. Таланттар шоғырымен бірге сахналық ғұмыр кешіп, шығармашылық қалыптасу мен дамып өсудің тұтас үрдісін бастан өткергені әмбеге аян. Театр саласында қазақ өнерінің майталман шеберлері Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, С.Майқанова сынды, т.б. ата буын актерлардың ұстаздық үлгісін көрген А.Әшімов М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында ойнап, сан алуан бейнелердің галлереясын жасады. Қалың көпшілікті сезімталдықпен, сыршылдықпен, актерлік ажармен баурап, шеберліктің шыңын танытты. Елі мен жері үшін, заман ағысы мен тағдыр талқысында өмір кешкен, болмысы мен рухы, зердесі биік кейіпкерлерді зор ынтамен орындап, халықтың риясыз құрметіне бөленді. Театр сахнасында М.Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Қодар, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен – мұның барлығы жақсы ойналып, сәтті шыққан рөлдер ғана емес, актер талантының құдіретімен жасалған қайталанбас, оның шығармашылық келбетін анықтайтын бейнелер. Сонымен қоса актер өткір мінезді рөлдерге, пластикалық қимыл-қозғалысқа ден қоятын қызу қанды сахна суреткері екенін байқатты. Шынында да ол сомдаған бейнелер – көркем сырымен, психологиялық қуатымен, терең философиясымен алынбас асқардай жоталанып жатқан дүниелер. Жоғарыда аталған рөлдер А.Әшімовті трагедиялық қуаты мол, зор масштабтағы сахна суреткері ретінде де, нәзік сезімді, терең психологиялық иірімдерге қиналмай бара алатын романтикалық ыңғайдағы кейіпкер қатарында да, жарқын ойын-күлкі бағытындағы комедиялық актер есебінде де бар қырын ашып берді. Ол – аталған бейнелердің барлығында да сахна заңдылықтарын қатаң сақтай отырып, кейіпкерді биік те бай ішкі мәдениетпен орындап, терең ойлар айта алатын дарын иесі екенін таныта алды. Бір ғана Қодар бейнесінің өзі қазақ актерлік өнеріндегі бір мектеп десек артық айтқандық емес. Ертеден халық санасында қара күш иесі болып жатталып қалған Қодардың түр, сымбаты Қозыдан кем емес, ел мен жерін өліп-өшіп сүйетін, намысын қолдан бермейтін, сұлуға ғашық сезім иесі болып бейнеленді. Қызғаныштың қызыл шоғын үрлеген Жантықтың арбауына түсіп жазықсыз Қозыны мерт еткен Қодардың күйзелісін актер тамыршыдай дөп басып, дәл берді. Бұл туралы Ә.Сығай: «Зұлымдық пен қатыгездік ылғи қара ниеттіліктен емес, махаббатты қорғау жолында да туып жататынын сездіргендей. Қозы өлді, шерлі боп Баян сорлы қалды. Жұртқа қарауға жүзі шыдамаған Қодар Асанәлінің еңкейе еңбектеп, тізелей, тәлтіректеп, белі кеткен мәстектей қайқаңдап сахнадан шығып бара жатқан сәтін көргенде актер тастаған философиялық ойдың құдіреттілігіне таңданбасқа шараңыз қалмайды», – деген.

Театр сыншысының бұл жазғанынан өз күнәсін мойнына алған Қодардың (А.Әшімов – ред.) адам қанын жүктегені үшін өзін кешіре алмай бара жатқан қасыретін аңғару қиын емес. Кейіпкердің ішкі жан-дүниесіндегі арпалысты, сыртқы физикалық әрекетпен ұштастырған актердың шеберлігі шынымен де Қодардың трагедиялық болмысын тереңдеткен еді.

Иә, актерлік палитрасы өзіндік бояумен, өзгеше ажармен айшықталған А.Әшімовтің әрбір рөлі кереметтей жасалған нағыз еңбектің нәтижесі. Қазақ және шетел драматургиясының ірі туындыларындағы орталық кейіпкерлерді ойнау – актер өнерінің деңгейін анықтайтын шығармалық өлшем. Мұндай күрделі рөлдерді меңгеруге Асаналі Әшімов табиғи талант, өмірлік тәжірибесінің үстіне көп ізденудің, оқып, білудің, мәдени шеңберін кеңейтудің нәтижесінде жетті. Актер күнделікті газет-журналдардан тыс әдебиеттің озық үлгілерін, әлемдік театр өнері жайындағы жаңалықтарды қалт жібермей оқып, зердесіне тоқып, қиял көкжиегін кеңейтуді алғашқы кезекке қойды. Сондықтан ол рөл дайындау үстінде режиссердің бергенімен шектелмей, қайта тұтас спектакльдің шешімдеріне ой жүгіртіп, пікір таластырып отырумен пьесаның сахнада дұрыс бейнеленуіне ықпал ете білді.

Актердың қай рөлін алып талдасаңыз да, оның әрбір кейіпкермен біте қайнасып, шалқар шабытпен мүсіндегені байқалады. Айталық, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасындағы Еламан бейнесін жасау үшін қаншама ізденгені кезінде көп жазылды. Ә.Сығай: «Асанәлінің кейіптеуіндегі Еламан – парасатты жан. Ол – мінезге бай. Секунд сайын өзгерер, іштей мың құбылар сергек мінезді қаһарман. Соның ішінде Еламанды оқшау көрсетер бір қасиет ол оның жан біткенге жылылығы, момын да мешеу елге мейірімділігі. Міне, актер А.Әшімовтің де образ тағдырын шешер тұстағы ең қапсыра ұстаған, табан тіреген тұсы осы еді», – деп спектакль оқиғасының өрбуіне сай  Еламан жан-дүниесіндегі өзгерістерді актердың нанымды шығарғанын жазған. Яғни Еламан актер ойынында түрмеге дейін қарапайым балықшы, сезімтал шаруа болса, балықшыларды қорлаған Федоровты өлтіргеннен кейін оның ел қамы үшін күрт шешімдерге бара алатыны, жеке басына қауіп бұлты төнсе де намысын таптатпайтын өр мінезді етіп кескіндеді. Бір сөзбен айтқанда, актер кейіпкердің бұйығы, көнбіс қалпынан ел тағдырына жаны ауыратын күрескерге айналу үрдісін айқын ашты.

М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасына режиссер Ә.Рахимов режиссурасымен қойылып, театр репертуарында ұзақ жүрген Игорь Вовнянконың «Апат» пьесасындағы (ауд. С.Жүнісов) Асан рөлі  –актердың шығармашылық өмірбаянындағы кесек бейнелердің бірі.  

Спектакльдың басты кейіпкері Асан қария – катер капитаны болған матрос. Арал теңізі тартылып, ел-жұрт көшіп кетсе де, құмға бөккен катерін үй етіп, сол жағалауда жалғыз өзі қалған Асанның жамандыққа қарсы күресуі актер ойынында жан-жақты ашылды. Теңізді құрдымға кетіріп, түбіне жеткен адамдарға деген Асанның (А.Әшімов) қарсылығы бүкіл адамдарды ойлануға шақырады. Оның кейіпкері – адамзаттың табиғатқа қиянат жасауы болашақ ұрпақтың тамырына балта шабумен бірдей екенін тайталмастан айтып, зорлықшыларға ашық қарсылық танытады. Бұл спектакль туралы театр сыншысы А.Қадыров «Дала Сократы» деп аталатын мақаласында: «Асан-Әшімовтің сахнаға шығатын мизансценалары өте бейнелі. Жағалауы тартылып қалған Арал алыс көкжиекпен астасып кеткен. Көкжиекте,  көз ұшында иығына асқан қауашағы бар Асан қарайып көрінеді де, алға жылжыған, жақындаған сайын көзге зор көріне бастайды. Авансценадан кең иықты, тұла бойынан әлдебір қуат сезілетін, жүзі ашық кейіпкерді көреміз. Меніңше, Ә.Рахимов, авансценадағы мизансценаны көрермен Асанның зор денесін көрсін деп қана емес, жан дүниесіндегі сезімдерді, қиналыс-күйінішін, жан дауысын сезсін деп, әдейі құрған сияқты. Көрермен осы сәттерде кейіпкердің жан-дүниесіндегі астан-кестеңді ерекше сезініп отырады», – дей келіп, актердың өз кейіпкерінің жан ширығуы мен рухын өте нәзік те шебер бере білгенін кеңінен талдаған. Шынымен де, жақсылық пен ізгілікке деген сенімін жоғалпаған түйсігі мықты, көкірек көзі ояу Асанның өз сенімі үшін ештеңеден тайсалмайтын адами болмысы актер ойынында терең ашылды. 

Алпыс жылдан астам уақыт бойы қазақ театры мен киносының көркі болып алмастай жарқырап, оттай лаулаған актердың қазақ киносында жасаған бейнелері өзіндік даралықпен бедерленді. Актердың кинодағы алғашқы рөлі 1958 жылы С.Мұқановтың «Ботагөз» романының желісімен түсірілген фильмнен басталды. Содан бері қазақ киносының әлемдік деңгейден көрінуіне өз үлесін қосып келеді. Оның – «Қыз Жібектегі» Бекежан, «Атаманның ақырындағы» Шадияров, «Транссібір жүрдек пойызындағы» Қасымханов рөлдері актерлік шеберліктің үлгісі болып қана қойған жоқ, шын мәніндегі ішкі болмыс-бітімінің жан-жақты көп қырлылығымен және онда бейнеленген адамгершілік, психологиялық сипаттардың тереңдігімен ерекшеленді. Зерделі актер өзі сомдаған бейнелер арқылы қалың көпшіліктің адамдар туралы түсінік пен түйсігін, эстетикалық көзқарасын кеңейтіп, кейіпкерлердің бойына өз қарым-қатынасын, ой-пікірін сіңіріп, жеке ойын да білдіріп отырды. Көрнекті актер, қайраткердің ұлттық өнерге сіңірген үлкен еңбегі лайықты бағасын алды. «Атаманның ақыры» фильміндегі Шадияров бейнесі үшін Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973), «Қан мен тер» спектаклінде (Ә.Нұрпейісов, реж. Ә. Мәмбетов) Еламан бейнесі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974) атанды.

 Талант қашан да «сегіз қырлы, бір сырлы» келетіні әлімсақтан аян. А.Әшімов дарынының да ауқым аясы мол, жаратылысы бөлек. Оның қазақ театры мен кино өнеріндегі режиссерлік қолтаңбасы айтарлықтай еңбек, айшықты бір белес. Өнер өрінің биік шыңдарына шығып, әрқилы бағыт-бағдарлар мен стильдерді ұстанған, әртүрлі көркемдік мектептердің өкілдері болып саналатын театр және кинорежиссерлерімен жұмыс істеп барып, әркімге жалын сипата бермейтін күрделі де, қиын мамандық режиссураға мол тәжірибе жинақтап кірісті. Саңлақ актердың режиссурасымен М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрының  сахнасында Н.Гогольдің «Ревизор» (1979), Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді» (1987), И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» (1987), С.Ванустың «Сұлтан болсам егер мен» (1988), Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» (1989) спектакльдері қойылды.

Қоғамдық, мемлекеттік, мәдени өмірде қыруар істер тындырып, республиканың сан-салалы өнерінің өсіп өркендеуіне қомақты үлес қосып келе жатқан Асанәлі Әшімов Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында ұзақ жылдардан бері ұстаздық қызметті де қатар алып келеді. Тәжірибелі педагогтың ең басты ерекшелігі студенттерге ой-түйсікпен әсер ету арқылы сахнада табиғи өмір сүрудің мүмкіндігіне қол жеткізе алатындығы. Шәкірттерге дәл, анық мақсаттар қойып, бейнелі түрде ойлауға бағдар береді. Кейіпкер мінез-құлқы мен физикалық сезінуін сенімді шығаруға жетелейді. Сөйтіп болашақ бейненің «дәнін» табуға дұрыс жол сілтеп, олардың сахнада еркін әрекет жасауының заңдылықтарын ұқтырады. Әрине, мұның бәрі қыруар уақыт пен еңбекті талап ететіні белгілі. Соған қарамастан «инемен құдық қазғандай» ұстаздық жолда А.Әшімов жас буын өрендерді тәрбиелеуден жалыққан емес. Бүгінде өз шеберханасынан түлеп ұшқан шәкірттерден құралған «Жаңа ғасыр» деп аталатын жас театр актердың жетекшілігімен  жемісті жұмыс істеп келе жатыр.        

        Иә, қазақ өнерінің корифейі А.Әшімовтің рухани қазынасын ұрпақтарға дәріптеп, актер әлемін тануға деген зерттеулер алдағы уақытта жалғаса беретіні сөзсіз. Біз Асанәлі ағаны мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақ, толағай табыстар тілейміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір