ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАҒАН
06.04.2022
1047
0

Ахмет Байтұрсынұлының ұшан-теңіз еңбегі ұлт жүрегінен орын тапқандықтан, туған халқы оған «Ұлт ұстазы», «Ұлттың рухани көсемі» деп ардақтап ат берді. Ұстаз есімін ұлықтау ел тәуелсіздігі мен дамуының, ұлттық құндылықтар мен ұлт мұратының жүзеге асып жатқанының белгісі. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО, әлемдік деңгейде тойлау  Еліміздің әлемдік аренадағы бет-беделін асыратын шараларға айналуы шарт.

Осы ретте 2022 жылдың 6 сәуірінде «Тұран» университетінде көрнекті тілтанушы ғалым, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, алғашқы әліппенің авторы, қазақ ғылымы мен білім беру жүйесін ұйымдастырушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессорларының бірі, ақын, философ, мәдениеттанушы, саясаткер, идеолог, педагог, өнертанушы, әдебиеттанушы, XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларын тәрбиелеген ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының ғана емес, барлық замандағы ұлтшылдардың рухани көсемі –Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет – ұлт ұстазы» атты  шығармашылық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, халқын алға жетелеуге ұмтылған, оның зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан Алаш тобының рухани көсемі, тіл білімінің атасы, Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын жан-жақты таныту мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға университетіміздің ректоры, э.ғ.д., профессор Рахман Алшанұлы Алшанов арнайы келіп қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараны қазақ тілі пәнінің оқытушысы Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы жүргізді. Сондай-ақ  арнайы спикерлер мен шығармашылық топ шақырылды. Райхан Имаханбет (Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы) «Ахмет Байтұрсынұлының тілдік мұрасы: зерттелуі мен зерделенуі»; Бижомарт Қапалбеков  (Мемлекетттік тілді дамыту институтының директоры, ф.ғ.к.) «Ұлттық рухтың ұлы тілі»; Бақыт Қалымбет (Алматы қаласы әкімі аппараты Тілдерді дамыту және Ономастика бөлімінің басшысы) «А.Байтұрсынұлы және ұлттық саясат»; Абай Мырзағали  (Қазақтың алғашқы баспасөзі мен оқулықтарын зерттеуші) «А.Байтұрсынұлы және қазақ газеті» атты баяндамаларын оқыса, «Ахмет – ұлт ұстазы» атты телехикаяда басты рөлде ойнаған актер – Байғали Есенәлиев, Ахметтің жары – Бәдрисафаның рөлін сомдаған актриса – Майя Веронская, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері – Жұмағали Маханов, телехикая режиссері – Мұрат Есжан, телехикаяның бас продюссері  – Айсәуле Әбілда өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алысты.

Сонымен бірге  университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері де бұл іс-шараға белсене қатысып, өз ойларымен бөлісті. «Ахмет. Ұлт-ұстазы» телехикасын сомдаушы актерларға  жан-жақты сұрақтар қойылып, қызықты пікірталасқа  ұласты. 

Іс-шараны «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының атынан ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы және Айжан Булекбаевна Жуминова ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел өте  қызықты өтті. Әсіресе, өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алған студенттер қауымы үшін бұл шараның  берері көп. Жиын соңында Журналистика мамандығының 1-курс студенттерінің дайындаған оркестрлік топтың «Ерке сылқым» күйі шертілсе, Маржан Нұрмұхамедова «Балқадиша» әнін шырқап, Байғали Сұлтанбекұлы мен Мерхат Назимов А.Байтұрсынұлының өлеңдерін оқыды.

Рахман Алшанұлы шығармашылық дөңгелек үстел соңында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбетті «А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен» марапаттады. Сондай-ақ «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикасының киноактерлеріне Алғыс хат табыстады.

Айнұр ҚАРШЫҒАЕВА,
«Тұран» университеті, «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының ф.ғ.к.,
қауымдастырылған профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір