Еңсегей бойлы Ер Есім… ескі деректер неге жоқ?
08.06.2021
6319
2

Тарихшы Берекет Кәрібаевтің Қазақ хандары туралы зерттеулеріне байланысты жазылған сын мақаланы жариялап отырмыз. Жариялай отырып, сынға қарсы пікір білдіруге Б. Кәрібаев мырзаның толық қақылы екенін ескертеміз. Сондай-ақ, «Қазақ хандарының тарихын» оң бағалаған: т.ғ.д. профессор Т.Омарбеков пен т.ғ.д. профессор Ғ.К.Кенжебаевтан да жауап болып жатса, мархабат дейміз.

Редакция.

 

Самат ӨТЕНИЯЗОВ, т.ғ.к. Мадрид және Әл Фараби атындағы ҚазҰлтық  университеттері профессоры

Осы уақытқа дейін Қазақ хандары туралы көп жазылды. Әсіресе ХҮІІІ ғасырдағы Абылай мен Әбілхайыр туралы көп жазылғаны соншалық…көп дау мен тартыс туғызды. Берекет Кәрібаев – Қазақ мемлекеті тарихын зерттеп, сол тақырыпта докторлық диссертация қорғаған ғалым. Осы зерттеуінде дауы мен тартысы көп ХҮІІІ ғасырдағы хандар дәуіріне бармай, 1715 жылы қайтыс болған Тәуке ханмен «Қазақ хандарының тарихын»  тәмамдаған екен. Аталған кітапты қарай отырып, басқа хандарға тоқталмай-ақ,  Есім хан туралы бөлімге еріксіз іркілуге  мәжбүр болдық. Есім хан туралы зерттеудің шала жазылғанын автордың өзі де мойындайтын сияқты… Зерттеу соңында «…біз Есім хан туралы тұжырымдамамызды аяқтай келе бұл жұмыс қазақ тарихындағы белгілі тұлғаның тарихи роліне арналған алғашқы жұмыстардың бірі және болашақта тың деректер арқылы Есім ханның тарихи бейнесі одан әрі терең зерттеле түседі деп ойлаймыз» –деп бітірген екен. Ал біз мақаламызда тың деректердің  ғана емес, талай жазылып,  жауыр болған кейбір ескі деректердің зерттеуге кірмей қалғанын айтуға міндеттіміз…

Біздің халықтың тарихына қатысты мәселелер  қазақ халқының тарихын зерттейтін ғалымдар көбейген сайын  көбейе түсетін  сияқты. Қазақтың аты аңызға айналған Есім ханының егеменді Қазақ елінде жолы болмай-ақ қойды.    «Қазақ хандығы» деп аталатын Қазақ мемлекеті соңғы екі мың жыл ішінде Еуропа мен Азия тарихында демократиялық басқару құрған жалғыз мемлекет еді. Жалпы айтқанда қазақ ғалымдары мен жазушылары хандар туралы көп жазғаны рас. Көп жазғандықтан қатесі де көп болды. Шындығында Қазақ мемлекетін хандар емес, билер, яғни рубасылар билеген болатын… Хан сайланбалы болды. Ханды халық сайлаған жоқ,  рубасылар сайлады. Ол заманда тамыр таныстықпен хан сайлану мүмкін емес еді. Әскери қолбасы бола алатын, кеудесін оққа төсеп, ел қорғайтын ержүрек жанды,  Жәнібек ханның ұрпағын 41 рубасы билер хан сайлайтын…

Қазақтың әйгілі ханы Есімді орыс саясатшылары жоқ етуді армандап неше түрлі комбинациялар жасады. Соның бірі Ресейдің «Империал банкі» жасаған жарнама Қазақстан телеарналарында 4 жыл бойы көрсетіліп  тұрды. Ресей тарапынан болған осы бір кезекті арандатушылыққа Қазақстан өкіметі бір сөз айта алмай бұғып отырды.

Қазақ тарихының жарқын беттерінің бірі Сантас оқиғасына қатысты Есім ханның ерлігін Ресей саясаткерлері бұрмалап, Ақсақ Темірге теліп, жарнама фильм түсіріп, 4-5 жыл бойы бүкіл ТМД елдерінің телеканалдарында айналдырды (1994-98 жылдары). Бұл жарнама фильм Ресейдің «Империал банкі» тапсырысымен жасалған-ды. Оның режиссері – Тимур Бекмамбетов, Атыраудың тумасы… Қазақ тарихын бұрмалау үшін әдейі қазақ деген аты бар режиссерге жарнама фильм жасатып сүйегімізді жасытты.

Сол 90-шы жылдары егемендікке қуанып жүрсек те, аталған жарнаманы күніне бірнеше мәрте көріп, талай қазақтың жүйкесі жұқарды…

Біз сонда Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтінің директоры, академик М.Қозыбаевке өтініш жасап:

–  Біздің тарихымызды бұрмалап, Ресей телеарналары Темірлан атымен Сантас оқиғасын күні түні көрсетіп жатыр. Бұл ерлік қазақтың әйгілі ханы Есімдікі екенін Шоқан Уәлиханов тасқа басқандай етіп жазып кеткен. Сіз соған қарсы пікір жазып, мынандай бассыздықты тоқтатсаңыз екен, – деп жалындық…

Әрине, академик Қозыбаев ешқандай қимыл жасамады… Бірнеше жыл бойы теледидардан сол жарнама түскен жоқ… Ақыры «Империал банкі» жабылған соң (1998) әйтеуір тоқтады-ау. Аталған банк банкротқа ұшырапты. Қазақ елінің қарғысы жеткен болар.

Міне, осылай, Қазақ хандарын Ресей көзкөрекі қорлап жатқанда, жүздеген ғалымдары бар Қазақстан тарапы үндемей қала берді. Оның бер жағында Қазақ хандары туралы талай кітаптар жарық көрді. Сол кітаптардың бірі Б.Кәрібаевтың  Қазақ хандары тарихына арналған кітабы екен.  Жалпы айтқанда оның да бұрынғылардан асып кете қоймағаны белгі болды.

Аталған кітапта айтылуға тиісті, алайда айтылмай қалған тарихи фактілерге тоқталсақ, Есім хан есімі қазақ мемлекеті тарихында ерекше үлкен орын алады. Сол тарихи тұлға заманы Қазақ хандығының ең күшейген құдіретті кезі еді.

Есім хан билік құрған тұста – ХҮІІ ғасырдың бірінші жартысында, Қазақ елінің тарихында елеулі оқиғалар болғанын көреміз. Шын мәнінде Қазақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрған еді сол заманда. Бұхар хандығына қарасты жерлердің өзінде қазақ сұлтандары мен батырлары билік жүргізді. Орта Азия мен Қазақстан жерінде екі хандық – екі мемлекет болды. Олар Қазақ хандығы мен Бұхар хандығы. Сондықтан олардың бақталастығы да жоғары дәрежеде болды. Мысалы, Әндіжан өңірін Абылай сұлтан, Жизақты Алшын Бекоғлы, Самарқанд қаласын және уәләятын Жалаңтөс батыр биледі. Қырғыз елі Қазақ мемлекетінің құрамында өмір сүрді. Есім ханның сенімді серіктерінің бірі қырғыз Көкем би еді.  Қазақ – қырғыз достығы мен туысқандығының шыңы да сол кезде көрініс тапты. Жоңғарларға әлденеше рет соққы берілді.

Бұл даңқты кезеңде Қазақ елінің атқа мініп, шайқасқа кірмеген жылы жоқ шығар. Қазақ елін қорғап, шайқас үстінде мемлекетті нығайтқан халқымыздың Есім хан, Салқам Жәңгір, Жалаңтөс батыр сияқты ерлері еді.

Алайда, тарихымызда даңқты және аласапыран кезі болған сол ХҮІІ ғасырдың бірінші жартысында үлкен трагедиялы оқиға да орын алды. Сол бір қайғылы оқиға 1628 жылы «Қатаған қырғыны» деп аталады. Қанды қырғынның кінәсін мойнына алған Еңсегей бойлы ер Есім хан тағынан бас тартып, мемлекет билігі сөз жүзінде оның баласы Жәңгір сұлтанның қолына өтті.

«Сөз жүзінде» деп текке айтып отырған жоқпыз. Қазақ хандарының билігі шектеулі болды. Ел билігі ру басыларының – билердің қолында еді. Ханды сайлайтын да солар, әскер беріп жорыққа аттандыратын да сол елдің игі жақсылары еді. Қаражат пен заң да солардың қолында болғанын әлі күнге дейін қазақ ғалымдары қаперіне алмай келе жатқаны өкінішті-ақ. Хандарды мақтап арзан ұпай алуға жұрттың бәрі құмар. Сол қазақ елінің алтын заңын бір рет бұзған Есім хан болатын (19). Ол билер мен рубасылардың келісімін алмай Қатаған елін қырып салды. Неге? Бұл сұрақтың жауабына төменде ораламыз.

Есім хан заманында өмір сүрген тарихи тұлғаның бірі Жалаңтөс батыр. Сондықтан біз Есім хан мен Жалаңтөс батырдың саяси қызметін  бірге қарауға міндеттіміз.

XVII ғасырдағы Казақстан мен Орта Азия тарихында ерекше орын алатын тарихи тұлғаның бірі Жалаңтөс батыр (1576-1656) би Сейтқұлдың ұлы болатын. Оның шыққан елі Кіші жүзге қарасты Әмудария мен Сырдария алқабын мекендеген алты ата Әлім руының Төртқара [1] атты бөлігі.

Жалаңтөс батыр өзінің аса даңқты өмірінің ақырына дейін Самарқан қаласының әмірі болды. Оның өмірі мен қызметіндегі негізгі оқиғалар мыналар:

1612 жылы Бұхар ханы Иманқұл көп әскермен Түркістан атырабына баса-көктеп кіреді. Алдыңғы соққы қарақалпақтарға тиетін болған соң, Жалаңтөс батыр өз әскерімен көмекке жетеді. Әйгілі Жалаңтөс қолынан қаймыққан Иманқұл амалсыздан, соғысты бастай алмай, келіссөзге келеді. Алайда бұл Бұхар ханының уақытша айласы екенін түсінген Жалаңтөс батыр әскер жиып, Иманқұлды түгелдей талқандау үшін әскери дайындығын арттыра бастайды. Мұны білген Иманқұл Жалаңтөс тұрғанда өзінің Бұхар тағында отыра алмайтынын түсініп, оған Самарқан қаласын және сол төңіректегі уәлаяттарды сыйға тартады. Сөйтіп, Жалаңтөс Самарқан әмірі атанып, таққа отырады [2].

Артында Қытай империясы тұрған Жоңғар қалмақтарын әлденеше рет талқандағаны үшін және басқа да көптеген ерліктері ескеріліп, 1625 жылы Жалаңтөске «Аталық» деген құрметті атақ лауазым беріледі.

Жалаңтөс 1640 жылы Батур қоңтайшы басқарған қалмақтардың Дәшті Қыпшақ даласына жасаған кезекті шабуылын тойтарады. Бұл шайқасқа Жалаңтөс Самарқаннан 30 мың әскермен шыққан екен.

1643 жылы қалмақтардың Жетісу аймағына тағы бір шабуылы басталады. Бұл жолы олар 50 мың әскермен лап қойған еді. Сол кездегі Қазақ хандығының бір ұлысы – Қырғыз еліне үлкен қауіп төнді. Салқам Жәңгір дұшпанды тоқтату үшін бар болғаны 600 жауынгерімен асығыс аттанады.

Тау шатқалында жаудың көп әскерін жанқиярлық ерлікпен тоқтатып тұрғанда, жиырма мың әскерімен Жалаңтөс батыр келіп жетеді де, шайқас тағдырын шешеді. Осынау үлкен шайқаста Жоңғар шапқыншылары мықтап талқандалады. Кейінірек тарихшылар мұны «Орбұлақ шайқасы» деп атады. Жалаңтөстің бұл үлкен ерлігі туралы көптеген тарихшылар жазды [3].

Жоғарыда айтылған оқиғалардың бәріне Есім хан куәгер болған еді. Себебі 1645 жылы ол әлі тірі еді.

Ал өмірінің соңғы күніне дейін Жалаңтөс батыр Орта Азияға қатысты барлық соғыс қимылдарына қатысып, әскер басқарып, көптеген жеңістерге жеткен, яғни түрік халықтарының тағдырында ол әрқашан шешуші рөл атқарған. Ол – батыр ғана емес, баһадүр, әмір және би деген атаққа ие болған тұлға. Қазақ тарихында «би» деген атақ – ең жоғары дәреже. Себебі, мұндай құрметті атаққа батырлар мен хандардың ие болуы өте сирек жағдай.

Жалаңтөс батырдың өмірі мен қызметін жан-жақты түсіну үшін ол өмір сүрген XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мен Орта Азияның әлеуметтік жағдайы мен саяси тарихына қысқаша шолу жасайық.

XVI ғасыр мен XVII ғасырдың бірінші жартысында  Қазақ мемлекеті сыртқы жауларымен аянбай соғысып жатса да, көптеген түйінді мәселелері бола тұрса да, сол кездегі іргелі мемлекеттің бірі еді.

XVII ғасырдың басында дүниеден өткен тарихшы Кадырғали Жалаири Қазақ мемлекетінің іргелі ел екенін айта келіп, Тәуекел ханды (1583 — 1598 жж.) «Бүкіл ислам патшасы» [4], – деп мадақтап жазған.

Әрине, мұндай жазулар сол кездегі қазақ мемлекетінің жылдан жылға нығайып бара жатқанын және Орта Азиядағы әрбір саяси жағдай қазақ ханының қатысынсыз шешілмегенін дәлелдейді. Олай дейтініміз, сол кездегі Орта Азияның көп жері Қазақ хандығының қоластында болған. Мысалы: қазіргі Қырғыз жері, Ташкент уәлаяты, Қарақалпақ елі, Сыр мен Әмудария арасындағы аумақтың көп бөлігі және қалмақтардың біраз жері. Міне, дәл осындай жағдайда сол кезде Орта Азия жеріндегі ең күшті мемлекет – Бұхар хандығының тағдыры да Қазақ елімен байланысты болған. Бұхар ханы Иманқұл бұл мемлекетті өзі басқарған заманда, яғни 1608 — 1644 жылдары, Қазақ елімен амалсыз достық қатынаста болу керектігін түсінді. Сондықтан ол Жалаңтөс батыр секілді аса беделді тұлғамен жақсы байланыс жасады. Оның Жалаңтөс батырды Самарқанд қаласы мен уәлаятының әмірі етіп қою себебі: біріншіден, Қазақ хандығымен достық қатынаста болу. Екіншіден, саяси істерді шешу үшін, әсіресе сыртқы жаулардан қорғану әрекетінде қалың әскері бар Жалаңтөс батырды пайдалану. Сол арқылы мықты Қазақ мемлекеті тарапынан ешқандай әскери қимылды немесе шабуылды болдырмау.

Алайда, Иманқұл хан, өзі қанша тәуелді болғанмен, Қазақ хандығын ыдыратып, билікті қолына алуды ойламай қалған жоқ. Осыған байланысты оның бірінші әрекеті Ташкент әмірі Тұрсын сұлтанды өз құрығына ілдірумен бітті.

Бұл оқиға былай болған еді. Ташкент әмірі Тұрсын сұлтан Қазақ елінің аты аңызға айналған ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің туысы болатын. Ташкент уәлаяты халық тығыз орналасқан бай өлке еді.

Иманқұл хан Тұрсынды осынау бай өлкенің әмірі Есім ханға тәуелсіз, өз алдына хан болуға азғырады. Өзімшіл Тұрсынға бұл пиғыл ұнап қалады. Еңсегей бойлы Ер Есім жоңғар шапқыншыларымен соғысып жатқанда, Тұрсын өзін Ташкенттің ханы деп жариялайды. Сондай-ақ, хандық белгісі ретінде өзінің есім сойы жазылған ақша да шығара бастайды. Ел шетіне келген жаумен Есім хан соғысып жатқанда, Ташкент уәлаятынан ешқандай көмек жібермей, іргесін аулаққа салады. Осынау ел ішіне салынған іріткіні ушықтырмас үшін, Есім сабырлылық жасап, егесті қантөгіссіз бітіруді ойлайды. Тентек болғанмен, туыс қой, сабасына түсер деп есептесе керек. Мұны басқаша түсінген Тұрсын өз жерін ұлғайту үшін Қазақ хандығының жеріне қол сұға бастайды. Есім хан қан төкпес үшін қанша сабырлық сақтағанмен, қазақ сұлтандарының көбі бұған наразылық білдіреді. Алайда Есім хан айтқан соң, одан асып кете алмайды.

Дегенмен, сол кездегі Әндіжан әмірі – қазақ сұлтаны Абылай Тұрсын сұлтанға алғаш рет қарсы шығады. 1623 жылы Иманқұл хан оған да одақтас бола қалады. Себебі, оған керегі қазақ сұлтандарының бір-бірімен қырқысқаны еді. Абылай сұлтанға Иманқұлдың қаншалықты жәрдем бергені белгісіз, әйтеуір, қолтығына су бүріккені рас.

Екі сұлтанның: Абылай мен Тұрсын сұлтанның әскері сол жылы Шахрухия бекінісінің түбінде кездеседі. Алайда сұлтандар соғысқысы келгенмен, екі жағының да әскерінің көбі қазақ жауынгерлерінен тұратын, олар өз туыстарымен шайқасуды ар көріп, майданнан бас тартып, кері қайтады. Оның нәтижесі Иманқұл жіберген қосындарды Тұрсын сұлтанның талқандауымен аяқталады. Бұған қатты наразы болған Иманқұл Абылайды Әндіжаннан қуады. Осы жағдайларды сырттай бақылаған Есім хан тез арада көмекке келіп, Абылай сұлтанды Әндіжандағы өз орнына отырғызады. Ал Тұрсынға тиіспейді, себебі, қан төгілмесін деп, сабырлылық сақтаған болуы керек. Оның үстіне, өз бауырымның тентектігі өзге жұрттың дұшпандығынан қауіпті болмас деп ойлаған.

Сондай-ақ, Есім хан 1625 жылы Түркістандағы ордасына Тұрсын сұлтанды жиналысқа шақырып, билер кеңесіне қатыстырып, Жоңғар қалмақтарының шапқыншылығына қарсы күрестің жоспарын баяндайды. «Бірлік болмай, тірлік болмайды, аса қауіпті сыртқы дұшпандарымызды талқандауымыз керек, ол үшін тізе қосып, бірге аттанамыз», — деп жоспар құрады.

Әрине, ішінде не жатқанын кім білсін, сыр білдірмеген Тұрсын Есім ханның ұсыныстарына’қарсы болмайды. Елдің бірлігін, мемлекеттің келешегін ойлаған ардагер тұлға – Еңсегей бойлы Ер Есім Тұрсын сұлтан туралы өз қатесін кеш түсінді. Қалай болғанда да, өзі асыраған күшігі өзін қабады деп ойлаған жоқ еді. Бір тентектің бүлігінен Қазақ елінің бір бөлігі қырылатынын ол білген жоқ еді…

1627 жылы ел шетіне Жоңғар қалмақтары шабуыл жасаған кезде, бұрыннан дайындалып жүрген Есім хан көп әскермен шығысқа асығыс аттанады.

Мықты дайындықпен барған қазақ әскері жоңғарларды ойсырата жеңгені тарихтан белгілі.

Осынау үлкен соғысқа Тұрсынның өзі бармағанын және әскер жібермегенін былай қойғанда, ол адам ойламаған қастандық пен қанішерлік және Қазақ мемлекеті тарихында үлкен сатқындық жасайды.

Ташкент уәлаятындағы қалың қазақтың сайдың тасындай көп әскерін жібермей қалған Тұрсын сұлтан Есім ханды қалмақтан жеңіліс табады деп топшыласа керек.

Есім хан жоңғарларға қарсы жанқиярлықпен соғысып жатқанда, Тұрсын Қазақ елінің астанасы Түркістанға қалың әскермен шабуыл жасайды. Жауынгерлері алыстағы соғыста жүрген қарусыз қатын-қалашты қанға бояп, Есім ханның әйелдері мен балаларын тұтқындап, Ташкентке жөнелтеді.

Есім хан көп әскермен жоңғарларды талқандауға бара жатқанда қазіргі Қырғызстан жеріндегі Ыстықкөлдің шығыс жағында тұрған ертедегі сақ заманынан қалған Сантас қорғанының жанында бір күн аялдайды. Сол жерде оған Көкем би басқарған қырғыз жігіттерінің әскері келіп қосылады.

Осынау тастан үйілген Сантас қорғанының тасын алғаш рет Есім хан өз әскерінің санын анықтау үшін пайдаланады. Себебі, даладан тас жинап жүруге уақыт тығыз болғандықтан, үюлі жатқан дайын тасты пайдаланған. Әрбір жауынгер бір тастан алып, басқа жерге тастап, әрі қарай жүре береді. Сонда басқа жерге үйілген тастың өзі кішігірім үйіндіге, яғни қорғанға айналған. Жауды жеңіп келе жатқанда әлгі үйілген тастан жауынгерлер бір-бірден алып бұрынғы орнына, яғни Сантас қорғанына қайтадан тастаған. Еңсегей бойлы Ер Есім сонда қалған тастар арқылы өзінің құрбан болған яғни шахит, қаза тапқан жауынгерлерінің санын шамалаған екен.

Осынау оқиға ел аузында аңыз болып сақталған. 1856 жылы Ш.Уәлиханов зерттеген аңыздың екі нұсқасы ел аузында сақталған. Бірінші нұсқасы Есім ханға қатысты болса, екінші нұсқасында Сантас оқиғасының авторы – Әмір Темір дейді. Ол Қытайға бара жатқан жорығында әскер санын осылай анықтаған делінеді. Өз заманында Қырғыз елі тарихын терең зерттеген Ш.Уәлиханов бірінші болып Есім ханға қатысты аңыздың шындыққа дәл келетінін анықтап жазған еді.

Ш.Уәлиханов Әмір Темірге қатысты аңызды: “… Исторические известия совершенно противоречат этой легенде. Тамерлан действительно шел на Китай, но при самом выезде из Самарканда умер в городе Отраре…” [5] — деп анықтап, одан әрі қарай Есім ханға қатысты аңыздың дұрыстығын:

«… Дикокаменные киргизы насыпь Сантаса приписывают казахскому хану Ишиму, как памятник его победы над калмыками-зюнгарами. Это имеет более вероятия. Ишим действительно был на этих местах и действительно одержал победу над хон- тайдзием…” [6], — деп ақиқатын жазып қалдырған.

Тұрсын сұлтан Есім ханның Түркістандағы ордасын шапқан соң, оның жоңғарлармен соғыстан қалай келетінін асыға тағатсыз күтеді. Әрине, ол қазақ ханының дүшпандармен соғыста жеңілгенін тілегені рас. Алайда оның хабаршылары Есім ханның үлкен жеңіспен қайтып келе жатқанын хабарлайды. Сонда Тұрсын қатты сасады. Келер жолда оған тұтқиылдан шабуыл жасап қазақтың батыр ханының басын алудың жоспарын құрады.

Ал Есім хан болса, өз еліндегі адам ойламаған қайғылы хабарды Сантас қорғаны жанында есіткен дейді.  Ашуға булыққаны соншалық көзі қанталаған Еңсегей бойлы Ер Есім жеңіспен оралған бар әскерін атқа қондырып, асығыс Ташкентке бет алады. Сонда оған Көкем би басқарған қырғыз әскері де  өз жерінде қалып қоймай Ташкентке бірге аттанады. Тұрсын сұлтан Есім ханды  оны ізіне ерген көп әскермен Сайрам (кейбір деректерде Чиназ) түбінде қарсы алады. Осылай алғаш рет қазақ әскерлері бір-біріне қарсы үлкен шайқасты басынан кешіреді.

Қалмақты талқандап келе жатқан жеңімпаз әскерге өз бауырларымен соғысу оңай болған жоқ. Шайқастың аты – шайқас, бірі жеңсе, екіншісі жеңіледі. Есім ханнан жеңілген Тұрсын Ташкентке қашады. Бұл оқиғаны есіткен басқа да қазақ сұлтандары көтеріледі.

Ташкент түбіндегі шайқаста Тұрсын әскері түгелдей талқандалады. Өзі қашып, Ташкентке тығылып, сонда өз нөкерлері осынау қанішерді түтқындап, Есім ханның қолына тапсырады. Ашуға булыққан Еңсегей бойлы Ер Есім Тұрсын сынды сатқынның басын кесіп алып, Бұхар ханы Иманқұлға жөнелтеді. Бұл сәлемдеме – «Жақында сенің де басың кесіледі» деген үстем хабар еді…

Қазақ еліндегі қайғылы жағдай мұнымен біткен жоқ. Көп жылғы қалмақтармен болған соғыста әбден шаршаған және оның үстіне Тұрсын сынды қанішерге қатты ашуланған Есім хан оны жақтаған әскерлерді де түгел қырып жібереді.

Негізінен Ташкент уәлаятын ертеден мекендейтін қалың елдің көп бөлігі Қатаған болатын. Қадырғали Жалаири: «Алаш мыңы үш сан, Қатаған қауымы екі сан»  [7] деп жазған еді дәл сол оқиғадан 25 жыл бұрын. Әттең… осынау қалың ел Қатағанның азғантай бөлігі, яғни Есім хан әскері құрамына кіргендері ғана аман қалады. Ташкент уәлаятындағы Шанышқылы елі сол қалың қатағандардың бір бөлігі ғана.

Сыртқы және ішкі жаулармен соғыстар, оның үстіне, бір Тұрсынның әлегінен қаншама халық қырылды, міне, осынша қанды және қайғылы оқиғалар Еңсегей бойлы Ер Есімді қажытқан еді. Ол көп үзамай мемлекет билігін баласы Жәңгірге беріп, өзі тек кеңесші рөлін атқарады.

Есім хан талқандаған соң, қалмақтардың көп бөлігі Қазақ мемлекетінің қоластында қала берді. Сол кездегі Жоңғар мемлекетінің басшысы Хара-Хула өлген соң, оның баласы Ердене Батур қоңтайшы билікті өз қолына алады. Ердене Батурдың мемлекет басына келуімен сол елдің бірігуі және нығаюы басталады. Ал соған сәйкес Қазақстан мен Орта Азия елдеріне Жоңғар тарапынан қауіп те күшейе түседі. 1635 жылы Жәңгір сұлтан өз қоластындағы әскерлермен (әскерінің құрамында жалғыз қазақ емес, қырғыздар және қалмақтар да болған) бірге Жоңғарға қарсы жорыққа шығып, оларды көп шығынға ұшыратады. Ал келесі жылы Батур қонтайшы қазақ еліне жорық ұйымдастырады…

1640 жылдан бастап Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетін біріктіріп нығайта бастады және 1643 жылы қазақ еліне үлкен  шабуыл жасады. Осынау Жоңғар шапқыншылығы басталғанда, қырғыз жерінің көп бөлігі жау қоластында қалды. Батур қоңтайшы сонда 50 мың әскермен баса көктеп кірген еді. [10]. Жәңгір мынау тұтқиылдан болған шабуылды есіте сала асығыс аттанады. Бұл соғыстың тағдырын Самарқаннан Жалаңтөс батыр келіп шешкені туралы талай жазылды….

Біздің бұл жерде айтпағымыз – 1643 жылғы оқиғалар кезінде Есім хан тірі еді, сондай-ақ,  сол тарихи жағдайлардың куәсі болған еді. Тарихшы Берекет Кәрібаев қазақтың атақты ержүрек ханы Есімді 1629 жылы қайтыс болған деп бұрынғы тарихшылардың қатесін қайталаған екен (163-бет). Есім хан 1645 жылдан соң қайтыс болған. Әрине нақты жылы мен күні белгісіз.

Б.Кәрібаев зерттеуінің негізгі кемшілігі – Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектерін пайдаланбағаны алдымен көзге түсті. Бұл жағдай жалғыз Б.Кәрібаевтікі емес, Қазақ тарихын зерттеуші барлық ғалымдардың қатесі…

Б.Кәрібаевтың кітабындағы негізгі кемшіліктер мыналар:

  1. Қазақ мемлекеті (Хандығы) тарихын зерттей отырып, Ш.Ш.Уәлихановқа көңіл бөлмегендіктен көп қателіктер жіберген. Тек қана Шоқанды қарау емес, алдымен содан бастау керек еді. Бұл барлық тарихшылардың алдындағы міндет. Берекеттің кітабындағы Библиографияда қай қайдағы тарихшылардың тізімі болса да, Қазақ мемлекетінің алғашқы зерттеушісі Ұлы Шоқан жоқ. Кітапты оқымай тұрып-ақ бұл көңілге күдік ұялатады.
  2. Қазақ мемлекеті тарихына қатысты қазақ тілінде жарық көрген зерттеулерді де (М.Мағауин, Б.Көмеков, С.Өтениязов ж.б.) түгел пайдаланбағаны көрініп тұр.
  3. Қазақ мемлекетіндегі Билер институтінің ролі көрінбейді. Қандай хан болса да, рубасылар мен билердің көмегінсіз хан ештеңе жасай алмағаны тарихи шындық…

Осының бәрі жалғыз Б.Кәрібаевтың қатесі емес, Қазақстан тарих ғылымының қатесі.

Қорыта айтқанда Қазақстан тарихшылары орыстың айтағымен тек Әбілхайыр хан тарихына ғана қиянат жасап жүрген жоқ екен, Еңсегей бойлы ер Есім хан тарихына да атүсті қарап жүргені өкінішті-ақ.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
т.ғ.к. Мадрид және Әл Фараби атындағы
ҚазҰлтық  университеттері профессоры.

 

 

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 09.06.2021 | 16:58

Керемет деректер. С. Өтениязов сізге рахмет. Бұл келешек жас ғалымдарға айтылған ақыл—кеңес

Қонақ 05.09.2021 | 15:45

Тарихымызға ат үсті қарап Ресей саясатын қолдаушылар азаятын емес. Осы мақалада көрсетілген ащы шындықты біліп қалай ішің ашымайды…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір