ШАҒЫН БИЗНЕС  ҚОЛДАУЫН ТАПСА, ҚАЙТАРЫМЫ ДА МОЛ БОЛМАҚ
01.04.2020
933
0

Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған мәлімдемесінде бірқатар маңызды нәрселер айтылды. Және мемлекетімізді басқа бағытқа бұрған секілді. Дегенмен ол кісінің айтқанын болдырмауға тырысатын  күштер де жоқ емес.

«Халықтың жағдай неге мұнша төмендеп кетті? Экономикалық тұрғыдан  Өзбекстаннан да бір табан артта қалып қалдық па? Бұлай болатын жөні жоқ еді ғой» деп уайыдап жүргенмін. Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде нақты ұсыныстар айтып, ел көкейіндегі мәселелерге біраз тоқталғандай болды. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты онлайн жұмыс тәртібіне көшкендердің айлығы сол қалпында сақталатынын, ал жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік көмектен тыс қалмайтынын негіздеп өтті. Бұл – бүгінгі  шырғалаңнан халықтың еңсесін тік көтеріп шығуының басты жолы.

Екінші маған ұнағаны, шағын және орта бизнес туралы біраз жақсы дүниелер айтты. Бұған дейін билік тарапынан шағын бизнес хақындағы тұжырымдарды естіген емеспіз. Осы салаға бөлінген қаржының 90 пайызы орта бизнеске кететін де, 10 пайызы ғана шағын бизнесті қамтитын.  Шағын бизнеске де көп көңіл бөлінуі керек екенін алға тартып бірнеше рет мақала да жазғанмын. «Орта бизнеске берілген несиенің қайтарымы да мол әрі тез, ал шағын бизнестегі кішігірім ғана мекемеге бөлінген қаражат кейде қайтпай да қалады» деген үкіметтің де уәжі дұрыс шығар, алайда ол қолдауға жатпайтын еді. Жалпы, біздің мемлекетімізде шағын бизнесті қолдаудың жүйесі дұрыс қалыптаспай, ол өз алдына бөлек  өмір сүріп жатқан еді. Әлемдік кеңістікте, керісінше, шағын бизнес ірі кәсіпорындардың қызметін атқарып келеді. Президент мәлімдемесінде шағын бизнеске бөлінген қаражаттың да қайтарымы болатынын тілге тиек етіп, халыққа қажетті азық түлік пен тұрмыстық өнімдерді шағын бизнес арқылы тарату қажеттігі жайлы отыз жылдан бері айтылмаған мәселені көтерді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру деген Қазақстан үшін бір қайғы болды. Ең бірінші бұл бастама 1994 жылы бастау алып, Талапкер Иманбаев деген азамат жиналған ақшаны алып қашып кетіп, бір жағы жүйелілік жоқ кезде ерте бастап қойып, жүзеге аспай қалған еді. Енді енгізілер шағында да түрлі қиын кезеңдерге тура келіп қалдық. Сол қиындықтарға бой алдырмай, оңтайландыруға бағытталған шаралардың қай-қайсысы да өте дұрыс. Міндетті әлеуметтік сақтандыру – біздің ертеңіміз. Президент ұсынысы халық денсаулығына қатысты бағы жанбай тұрған салаларға қозғау болады деп ойлаймын.

Тікелей қаржыландыру көздері де сөзге арқау болды. Мемлекеттік даму институттары деген бізде көп. Бірнеше ұйымның аты аталғанымен,  «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамы» туралы айтыла қоймады. «Неге соңғы кезде ол турасында айтылмай жүр?» деген сұрақ тұрады жұрттың көкейінде. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің  7 еншілес компаниясының ішінен «Аграрлық несие корпорациясы» ғана бөлініп алыныпты. Ол холдингтің 6 еншілесі ауыл шаруашылығын қаржыландырудың түрлі жолдарымен айналысады емес пе?

Халыққа қатысты мәселелерді бір мәлімдемеге сыйдырып айту қиын әрине. Дегенмен келтірілген ұсыныстар еш кедергіге ұшырамай, жүзеге асып жатса, ел үшін үлкен демеу болмақ.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір