«БАЛАҒА ЖҰМСАЛҒАН ҚАРЖЫ – болашаққа құйылған инвестиция»
Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның ғасырға жуық тарихы бар. Биыл құрылғанына 95 жыл толған білім ұясының өткеніне зер салсаңыз, педагогикалық ұжым қазақ қоғамының саяси, рухани, экономикалық сұраныстарына жауап беру жолында талмай еңбектенгенін, ұлттың атын әлемге жайған небір саңлақтарды бауырынан түлетіп ұшырғанын байқайсыз.
Қазақ өнері мен ғылымының бірегейлері – Күләш Байсейітова, Әбілхан Қастеев, Кәкімжан Наурызбаев, Найла Базанова, Абдолла Қарсақбаев, Асқар Тоқпанов, Нұрғиса Тілендиев, Нүкетай Мышбаева, Әсет Бейсеуов, Шора Сарыбаев, Смағұл Елубай секілді жүздеген ұлт зиялылары осы оқу ордасының қыран қанаттылары. Бұл есім-сойлар қазақ руханиятының діңгегіне айналғанын жұртшылық жақсы біледі. Кезінде Алматы шаһарында «жалғыз қазақ мектебі» атанған білім ошағының тарихы бұралаң жолдарға толы болғаны да мәлім. Ұлт ойының кемелденуі мен өсуіне айрықша үлес қосқан гимназия атына заты сай биігінен ешуақыт түскен емес. Мектеп директоры Рахима Бөлекбайқызы Сәкеновамен жаңа оқу жылы қарсаңында жолығып, шағын әңгіме өрбіткен едік.
– Рахима Бөлекбайқызы, биыл Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның 95 жылдық мерейтойы екен. Жаңа оқу жылымен барша оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтаймыз! Алматыдағы ең таңдаулы қазақ мектебінің бірін басқарып келе жатқаныңызға он жылдан астам уақыт өтіпті. Әңгімемізді осы мектеп тарихына қысқаша тоқталудан бастасақ.
– Бұл мектеп – ғасырға жуық тарихы бар, ұлт зиялыларының небір дүлдүлдерін қанаттандырған оқу ордасының бірі һәм бірегейі.
Алғаш 1924 жылдың 22 қазанында қазақтың өлкелік тәжірибелік мектебі болып құрылған.Мектеп ашардағы міндеттің бірі қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды сынақтан өткізу болыпты. Біздің мектепте тәжірибеден өткен оқулықтарды басқа өңірлерден ашылып жатқан мектептерге таратқан. Орта мектепті бітірген жастар Республиканың әр түкпірінде әртүрлі сала бойынша жемісті еңбек еткен. Елге танымал мектеп түлектерінің бәрінің атын атасам, ұзаққа созылар. Өнер, ғылым, білім, руханият саласында олар салған жол бүгінгі ұрпаққа ғана емес, болашаққа да өнеге, үлгі дер едім. Мектеп ашылғанда қазақ оқымыстылары қатты қуанып, барынша көмек қолын созғанын, әртүрлі үйірмелер ашып, оқушыларды өнер мен білімге баулығанын кәрі тарих дәлелдеп отыр. Айталық, 1934 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өзі мектепке арнайы келіп, оқушылар мен ұстаздар қауымымен кездесуі, 1936 жылы мектеп бітірген алғашқы түлектердің кешіне Сәкен Сейфуллиннің қатысуы – білім ұясының қазақ қоғамы үшін қаншалықты маңызға ие болғанын әйгілейді. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Дина апа, Жамбыл ата, Мәлік Ғабдуллин, Роза Бағланова, Олжас Сүлейменов, т.б. бүкіл қазақ интеллигенциясы қонақта болған. Бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді. Еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген ардақты азаматтарды кездесуге шақырамыз. Өмірден өтіп кеткен арыстарды еске алу шараларын өткіземіз. Біз кімді шақырсақ та, олар осы №12 білім шаңырағына келгендерін жақсылыққа балап, риза-қош болып қайтады. «Ағаш ағаштан мәуе алады» демеуші ме еді халқымыз. Белгілі тұлғалардың айтқан әңгімесі, берген тәлім-тағылымы жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
– Сол кездегі Республика орталығындағы жалғыз қазақ мектебінің тұрақты ғимарат таба алмай, қаланың әр бұрышына көшкенінен де хабарымыз бар. Тіпті, бір жылдары жабылып та қалыпты…
– Иә, №12 мектептің тарихына қарап отырып, бір ғасырлық қазақ тарихының қилы сәттерін көз алдыңызға елестетесіз. Әуелі, мектептің тұрақты мекені болмай, қаланың әр бұрышына орын ауыстырып, көшіп жүргені, тіпті 1968-69 жылдары ауыл балалары мектеп-интернатта қалып, қалалық балалар №40 орыс мектебіне ауыстырылған. Бұл – қаладағы жалғыз мектепті жабудың амалы еді. 1971 жылы ұлт зиялылары, Қазақстан Жазушылар одағы, белгілі қаламгерлер атсалысып, арызданып жүріп мектепті қайта аштырған. Сол ашылуда Сәбит Мұқанов келіп, кілтті өзі тапсырған. Мектепті ашу үшін үй-үйді аралап, ата-аналардың қолын жинап, 1500 бала тапқан. «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына осы істе қаламгерлердің еңбегі зор болғанын айрықша айта кеткім келеді. Қазір қаладағы қазақ мектептері жыл санап көбейіп келеді. Кеңес заманында осы қалада, сол кездегі ел астанасында жалғыз қазақ мектебі ғана болған десе, сенбейтіндер де табылар… Сондықтан, бұл мектептің тарихын қазақтың бір ғасырлық тарихымен байланыстыра қарау артық болмас. Отарлықтың қамытын киген шағымызды ұмытпай, ел еркіндігінің қадірін білгеніміз жөн.
– Мектептің қазіргі тыныс-тіршілігі туралы елден тек жылы пікір естиміз. Мектеп түлектерінің еліміздегі және шетелдегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарына түсетінін, білім ордасының Алматыдағы ең үздік 10 мектептің алдыңғы қатарында екенін де жақсы білеміз. Соның бір нәтижесі болар, жуырда ғана Алматы қаласы әкімінің арнайы грантының Гран-при жүлдесі беріліп, 24 211 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықты жеңіп алды дегенді естідім. Бүгінгі күн сұранысына орай, тәлімгерлерге қандай биік талап қоясыздар?
– Біз өз биігімізден түспеу үшін еңбек етеміз. №12 мектептің білім саласына бергені ешуақытта төмендеген емес. Бұл – осы шаңырақта еңбек ететін ұстаздар қауымының жауапкершілікті сезінуінің, талмай еңбектенудің көрсеткіші. Сан-цифрларды тізбелеп, өзімізді өзіміз мақтамай-ақ қоялық, әкім грантына тектен-тек ие болмағанымызды жұртшылық өзі-ақ түсінер.
Мен 2007 жылдан бері осы мектепті басқарып келемін.
Ең бірінші, ұстаздарға «Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның» атына сай білім беру керектігін ескерткенмін әрі әлі соны талап етіп келемін. Мектеп педагогтарына жүктелер негізгі жауапкершілік – кәсіби біліктілік қана емес, белсенділік, жан-жақтылық әрі ашықтық. Негізі, әр баланың бойында жасырынып жатқан талант болады, оны көре білу, сезе білу, уақытында қанаттандыру ұстаздардың көрегендігіне байланысты. Әр бала – қазақтың болашағы. Ұстаздарға осыны үнемі айтып отырамын.
Екіншіден, ата-ананың жауапкершілігі. Олар балаларын тек ұстаздарға тапсырып қоя салмай, өздері де жетелеп жүріп үйретуі, ынталандыруы керек. Біздің мектепте түрлі үйірмелер, қосымша пән оқулары бар. Соларға қатыстырып, мұғалімдер тапсырмасын күнделікті қадағалап, баланың бейімін, ынтасын айқындап, соған сай білім алуына, өзінің дарынын ұштауына көмектесуі керек. Баланың біліміне, өнеріне, тәрбиесіне жұмсалған қаржы – болашаққа құйылған инвестиция екенін ұмытпаған абзал.
Үшіншіден, біздің мектеп ағылшын тілі мен математиканы тереңдетіп оқытады. Біздің түлектердің алды бірден Еуропа елдері мен АҚШ-тың білім грантын жеңіп алып жатады. Мен ұстаздарға үздіксіз сапалы білім беру керектігін, оқушылардың тілге, математикаға қызығушылығын оятудың заманауи мүмкіндігін жетілдіру қажеттігін үнемі айтып отырамын. Мектебіміздің мұғалімдері де өздерінің жаңа оқу әдістемелерін ұсынып, республикалық байқауларда жүлделерге ие болып жүр. Олардың әдістемелерінің нәтижелері балалардың сапалы білім алуына септеседі деп кесіп айта аламын.
– Қазір ғаламтордың заманы ғой. Әр баланың қолында қымбат телефон бар. Техника мен технология жаңалықтарын білім саласына қалай үйлестіріп жүрсіздер? Балалардың алар тәрбиесіне ғаламтордың да ықпалы мол екендігіне келісесіз бе?
– Өте маңызды сұрақ қойып отырсыз. Меніңше, технологиядан тосырқаудың қажеті жоқ. Біз қаласақ та, қаламасақ та, ғаламдық жаңалықтан қалыс қала алмаймыз. Технологиялық дүмпу жыл санап өзгеріп жатыр. Былтырғы жаңалық биыл ескіріп қалады. Сондықтан, жас ұрпақ одан өзіне қажеттіні алуы керек. Әрине, ата-аналардың жауапкершілігі бұрынғыдан он есе жоғары болуы керек. Өйткені, баланы бұзатын жағдайлардың бірі – мектеп уақытынан тысқары бос уақыт. Оны қалай тиімді пайдаланады, нені көріп, нені тыңдайды – бәрі ата-ананың иелігінде. Баласын телефонға, әлеуметтік желіге тапсырып қоймай, өздері қадағалап, нені көріп, кіммен сөйлесіп жүргеніне, қандай сайттардан тағылым алатынына әркез мән беруі керек.
Негізі, технология – білім алудың ең оңтайлы тетігі. Қазір тіл үйрену, өнер үйрену, білім жинау – әлдеқайда қолжетімді. Мектеп ұстаздары оқушыларды интернеттен пайдалы мағлұматтар іздеуге бағыттап отырса, құба-құп. Ғаламтор – қорқынышты емес, ғаламторды игерудің жолдары – қорқынышты.
– Жоғарыда бір сөзіңізде, Тәуелсіздік жылдарында қазақ мектептері көбейгенін айтып өттіңіз. Бірақ орталықтарда қазақ мектептерінің саны әлі де аз ғой деп ойлаймын.
– Оныңыз рас. Қазір мектебімізде 1800-ден артық бала оқиды. Негізі бұл мектеп 1100 балаға лайықталып салынған. Әу баста орыс мектебіне арналып тұрғызылған ғимаратты 1975 жылы зиялы қауым өкілдері жоғарыға арызданып, тек қана қазақ тілінде сабақ беретін мектеп болсын деп талап ете жүріп, әзер қол жеткізген. Содан бері осы сәнді ғимаратта отырмыз.
Айтпақшы, біздің мектептегі балалардың саны екі мыңнан асып кеткен кез де болған. Бұл – 1986 жыл еді. Сол кездегі ұлттың жанашырлары Шона Смаханұлы бастаған ардақты қаламгер ағаларымыз: «Бір ғана мектеппен шектеліп қалуға болмайды. Әрбір ықшамауданнан қазақ мектебін ашуымыз керек», – деп бастама көтеріп, ұлттың санасын оятты. Оқушыларымыздың жартысын, мұғалімдерімізді әрбір ықшамаудандарға бөліп, осы күнгі №62, 86, 131, 159 мектептерді аштық. Мен Шона Смаханұлы ағамыздың қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларын ашуға, көбейтуге қосқан үлесін ешуақытта ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Бұл мектеп, балабақшалардың ашылуы үлкен жеңіс болды. Сең бұзылып, қазақ мектептері көбейе бастады. Бірақ, әлі де болса орталықтарда қазақ мектептері өте аз екені рас. Жұртшылықтың көбі балаларын орталықтағы элиталық мектептерде оқытқысы келеді. Бірақ, оған орын шектеулі. Қазақ мектептерінде балалар қысылып, қымтырылып оқып жатқанын несін жасырайық…
– Жаңа оқу жылы құтты болсын! Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Т.ӨСКЕНБАЙ