Яссауи кесенесі: жұмақ пен тылсым
19.08.2019
1088
0

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында әрбір тарихи жәдігердің түп тамырына үңіліп, терең зерделеуді насихат еткені мәлім. Түркістандағы Яссауи кесенесінің салынғанына сегіз ғасыр өтті. Әулие ақынның мұнаралы мешіті сан алапаттарды, қилы кезеңдерді бастан кешірді. Панасызға – пана, рухани шөлдегенге сусын болған Яссауи жырлары әр жүрекке рахим самалын құйды.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – аса үлкен порталды, күмбезді құбылыс. Оның ені – 46,5 м, ұзындығы – 65 м. Ғимараттың ора­сан зор порталы (ені – 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы – 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Орталық залы­ның төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана (мұнда қазан тұруы себепті – қазандық деп аталған) күм­безінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі – 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы – 1,8-2 м, қа­зан­дық қабырғаларының қалындығы – 3 метр. Жалпы тұрқы – симметриялы, жеке бөл­шектері ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады:
Қазандық;
Үлкен Ақсарай;
Кіші Ақсарай;
Құдықхана;
Кітапхана;
Асхана;
Көрхана;
Мешіт;
Қазірігі кезде бұл алып құрылыс – қазақ халқының негізін құрған көптеген түркі тайпаларының тілін, дінін, мәдениеті мен тарихын зерттеуде құнды дерек болып табылады.
Сәулеттік ерекшелігі мен әлеуметтік қызметі күрделі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі жөндеу және қалпына келтіру  жұмыстарының өзіндік сыры мол. Қалпына келтіру тек кәсіби шебер-реставраторлардың қолымен ғылыми негізде іске асырылғанда ғана нәтижелі болатыны сөзсіз. Кесенедегі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын сипаты мен маңыздылығына қарай бірнеше кезеңге бөліп қарастырған орынды.
Бірінші кезең – кесене салынғалы бергі ХХ ғ. бас кезі, яғни І дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі кезеңді қамтиды. Екінші кезең – 1917 жылдан 1950 жылдардың бас кезіне дейінгі кезеңді қамтыса, үшінші кезең – 1950 жылдың бас кезінен,  мұражай ашылған 1978 жылға дейінгі уақытты еншілейді, ал төртінші кезең –  кесене мұражай мәртебесіне өзгеріп, «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» болып аталған 1991 жылдан осы кезеңге дейінгі уақытты қамтиды.
Яссауи кесенесінің жұмбағы мен тылсымы келешек ұрпақты да сан алуан ойға шомдырары сөзсіз. Ал ғұлама ақын жайлы айтылар сөз ешқашан бітпек емес.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір