Жүрегі «Семейім» деп соққан…
Қасиетті топырағыңнан айналайын, қайран Семей! Сенің аялы алақаның басынан сипаған, арқасынан қаққан, маңдайында ерніңнің табы қалған, кеше және бүгіндері Алаштың біртуарларына айналған әсіре қарапайым, әсіре дарынды пенделеріңді түгендеп, ақ қағазға тізер болсам, көгентүбіне жетуім қиын соғатынын білемін. Қазіргі менің міндетім: «Қасиетті Семейімнің табанына қадалған шөгір менің маңдайыма қадалса етті. Өніп-өскен жерімнің жақсыларын сүйікті етіп, жамандарын бір қуысқа түйіп кетіп, әлі күнге кетілмеген қаламымның қарымы жеткенше жарты ғасырдан астам уақыт жырлап келемін. Көкірегімнен шыбындай жаным пыр етіп ұшып кетер зауалды шаққа дейінгі жазатын жақұтым да, басымдағы бақытым да – өзіңсің, туған жер!» – деп төгіліп жүрген, қабырғасы сөгіліп жүрген адал да қарапайым қаламгер Дәулет Сейсенұлы жайлы бір ауыз жылы сөз айту.
…Мінезді қаламгердің бүгінге дейін шыққан онға тарта деректі кітабы оқырман қолында. Ол — жеті драманың авторы. Драма демекші… Бұл жанрда да Дәулет Сейсенұлы халыққа Шыңғыстауда кіндігі қиылып, қазақтың көгіне өрмелеп шығып күн болған арыстарын айналып кете алмай, соларды төңіректеп, олардың Жидебай мен Сырт Қасқабұлақта, Орда тауы мен Күшікбай асуының қойнау-қолатында, сай-саласында қалып қойған құпияларының қақпасын қағып, соларды уақыт тозаңынан аршып, оқырманға күміс табақпен тартуға әрекет жасайды. Ұлылар тағылымына екпін түсіреді. Кейіпкеріміздің «Абай-Шәкәрім», «Мұхтардың мұраты» атты драмалары – соның айғағы. Ал, оның «Махаббат вальсі» драмасы — белгілі композитор Бекен Жамақаевтың шолақ та шамкөс ғұмыр-жыры. Жалпы, Жамақаев бейнесі осы уақытқа дейін көркем әдебиет жанрларында айшықталмағаны, тіпті, айтылған күннің өзінде де тиіп-қашып қана сөз болғаны шындық. Бекен сынды трагикалық кейіпкерді сомдау, оны өз деңгейінде режиссерге ұсыну – қиямет. Бұл тақырыпқа бару – Сейсенұлы тарапынан ерлік!
Жәнібек Кәрменов сынды күміс көмей әншіні исі қазақта білмейтіндер аз. Ол Алласы дарытқан табиғи талантының арқасында жарқылдап жүрді. Жарқылдап күлді. Күннің өзінде көлеңке, Айдың өзінде дақ болады деп жатамыз. Осы бір тұрақты сөз тіркесінің Жәнібекке келгенде жалауын жығатыны рас. Тағы да… «Сұлудың сүйрігіне, жылқының жүйрігіне жай түседі» деген де сөз бар халықта. Жүйрігіміз де, сүйрігіміз де Жәкең еді. Ажалдың жайы тым ерте түскені – өкініш! Міне, өзінің досы, ауылдасы, сыныптасы, қазақтың біртуары хақында жазылған Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады» атты драма-реквиемі Семейдің Абай атындағы драма театрында өзінің тұсауын кескеніне қуандық.
….
Әлібек Қаңтарбаев,
Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО
филиалының директоры
(Толық нұсқасына газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)