ДЕГДАР ҚАЛАМГЕР ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР
Әдебиетке өр талантымен келіп, артына мол рухани қазына қалдырған айтулы тұлға Асқар Сүлейменовтің бірге жүрген қаламдас достары, алдыңғы буын ағалары жазған осынау естеліктерде Асқар Сүлейменовтің шынайы болмысынан, қаламгерлік қуатынан, өнегелі өміріннен сыр шертеді.
Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ:
Асқар Сүлейменов – арамызда жүріп-ақ жұмбақ жанға айналған; әр сөздің түбірінен ар іздейтін, Сүгір күйшінің қара сөздегі сыңары; болмыс пен танымды таразының екі басына салып безбендеген тума талант иесі.
Шыңғыс АЙТМАТОВ:
Өткен күндер елесі… Өмір дегің келмейді, күндер деп құтыласың. Тірлік сапарында қаншама құрлық пен ендіктерге өкшеміз тимеді. Қаншама әзіз пенделермен сырлас, сапарлас һәм дәмдес болмадық. Бірақ, бәрі бірдей жадыңда тұра ма?
Ал, қазақтың талантты жазушы-драматургы Асқар Сүлейменов есімді қыран қабақ, қара сұр, орақ мұрын ойлы азаматымен сирек те болса әрбір жүздескен сәтіміз әлі күнге көз алдымда. Менің Бішкекте өткен бір мерейтойыма достарым Қалтай, Сейдахметтермен бірге үзеңгілес келгені де бар. Анда-санда уытты әзілі болмаса, еркін көсіліп сыр ашпайтын жас жігіттің бір жолы аса терең біліміне, тіпті өлшеусіз зерделігіне расымен таң қалған едім.
Мұншама терең білім-білікті, кең пайымды азаматтың артында қалған рухани мұрасы қаншалықты мол екенінен де бейхабарлаумын. Бірақ, мәселе сол мұраның көп-аздығында емес, саздығында жатса керек. Ендеше Асқардай бірегей тұлғаның ұлттың рухани әлеміндегі алар биік орнын тани білу, бағалай білу – кейінгілерге, бүгінгі ұрпаққа сын. Оның бірегей туындыларын үзіп-жұлмай, халқына толық жеткізу басты міндет деп білемін.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ:
ҚАБІР БАСЫНДАҒЫ АЗАСӨЗ
Айналайын, Асқар бауырым!
Арасаттан оралмаған әкеңнің шайқалған шаңырағын қайта тіктеп, жер қауып қала жаздаған жесірдің көлдеткен көз жасын қайта құрғатып, құлыншақтай қарындастың тұлымшағын желбіретіп, қолынан жетектеп, астана есігін енді аттаған жасөспірім кезіңде-ақ, күллі қазақ қауымының рухани ордасының қақ төрінен ойып тұрып өз орныңды алып ең. Атаң да табақтас, ағаң да дастархандас бола алмаған жақсы-жайсаңды аузыңа қаратып, тізелес отырып, терезеңді тең ұстап, тебіренте мәслихат құрып ең. Жүзіңнен іні түгілі аға именіп, сөзіңнен шала түгілі дана қаймығушы еді. Жарық жалғанның бәр қырын қапысыз танып, бәр сырына қапысыз қанып туған туа ғұлама басыңмен қай ортаның қай мәжілісіне түссең де, көз біткенді телміртіп, көңіл біткенді емірентіп жүре беруші ең. Көкірегіңе даңғыл, көмейіңе бұлбұл орнап туғандай елден ерек дара болмысыңнан тайсалмайтын маңдай, таңғалмайтын таңдай жоқ еді.
Бәлкім, біздің ғасырымызда, біздің топырағымыз бен біздің нәсілімізден сенен білімді, сенен шешен, сенен турашыл, сенен қайсар, сенен мәрт азамат енді туса, туар. Бірақ, бұрын тумағанына біз кепіл. Әуелден де асып туған асылдықтың қасиеті қанша болса, қасіреті де сонша екенін басқа білмесе де, Сен білесің. Сондықтан да төбеңе аласа төнсе, еңкеймей, биік төнсе, шалқаймай, өмір жолын алшаң басып, асқақ жүріп тауыстың. Өйткені, Асқар деген сенің атың ғана емес, затың да еді. Атыңа сын, затыңа мін жуытпай, өзіңнің де, сөзіңнің де бәсін биік ұстадың.
Анда-санда бір туатын, бір туса да ірі туатын Аршлан талантыңның сирек төлдерін қолымызға айбына алушы едік. Хиуадан шауып, қисынын тауып жатқан ой иірімі мен сезім үйіріміне, сөз кестесі мен пікір дестесіне, жолбарыстың жонын шымшылап ойнағандай жүрек жұтқан қайсар шыншылдыққа, тереңнен суырып айтатын, таңдайды қуырып айтатын азаматтық уытқа, ешқашан ешкімге, ештеңеге ұқсатпай, елден ерек мүсінделген бітім-пішімге айызымыз қана рахаттанушы ек. Сонда жазғаның қандай тағлым болса, жазбағаның да дәл сондай тағлым екеніне көзіміз әбден жетуші еді. Қаламыңнан жаратылған сол сиректің бәрі де асылдар санатынан орын алып, алыстарға жететініне сеніміміз кәміл. Өзіңе өзің сонша қатал, тіпті сонша қатыгез басыңмен өзгелерге сонша мейірбан, сонша сахи ең. Өнеріміздің қай саласындағы да өз тұсыңдағы жасық пен жаманның ешқайсынына да зәредей де қатысың болған емес, ал жақсы мен асылының бәріне де сенің сіңірген еңбегің зор. Талайына қолма-қол атсалыстың, талайына ақыл қостың. Сондықтан, сен өз заманыңдағы өнер дүниесінің сарабдал қазысы, салихалы ақылгөйі бола білдің.
19 мамыр, 1992 жыл
Шерхан МҰРТАЗА:
АСҚАР АЙТҚАН СОҢ…
Кереметтей жаймашуақ дос едік десем, ол жалған болады. Жек көрісу де жоқ. Заманның талабына орай кейбір қылықтарын ұнатыңқырамасам да, талантын сыйлап, сыпайы сәлемдесіп қана жүруші едім.
Ұмытпасам жетпісінші жылдардың іші шығар, басшылар маған Ереванға барасың, Налбандянның тойы өтеді, соған қатысасың, қасыңа өзің қалаған бір жазушыны қосып ал, деді.
Налбандянның кім екенін жалпы білемін, бірақ шығармаларын шекіп оқыдым десем өтірік. Алыстағы армянның өткен ғасырдағы ұлы ойшылын қазақ ақын-жазушыларынан кім білуі мүмкін?
Ары ойлап, бері ойлап, лайықты кісі таппай, Жазушылар одағындағы қызметіме келе жатыр едім, Қара Шаңыраққа кіреберісте алдымнан Асқар шыға қалды. Басында ақ қалпағы бар. Кәдімгі ақ қалпақтың өзін ол мәнерлеп, өзінше оймыштап, біртүрлі сәнмен киетін.
Жайшылықта бірде бас изесіп, бірде сұлықтау ғана амандасатын екеуміз бұл жолы бір-біріміздің қолымызды қысысып, сәл үнсіз тұрып қалдық.
– Старик, ты чем-то озабочен? – деді Асқар тұңғиық нәркес көзін мұң шалғандай, қасын керіп.
– Рас.
– Чем могу помочь?
– Ереванға барасың ба?
– Сізбен бе? («Енді «сізге» көшті).
– Иә.
– Онда не бар?
– Налбандянның тойы бар.
– С удовольствием.
Ол Созақтың сақарасында емес, Еуропаның қақ ортасында өскен джентельменше қалпағын алып, бас иді.
– С вами с превеликим удовольствием.
Айтарын айтсам да, артынан ойланып қалдым. Өйткені мына заманның, мына қоғамның сызып қойған шеңберінен шығып кете беретін, уақыттың бар жүгеніне басы сыймай қоятын мінезі болушы еді. Ол мінезді Алматыда, Жазушылар одағының үйінде көтерерсің, ал бөтен елге барғанда қалай болады?
Не де болса, тәуекел.
Сонымен Ереванға бардық. Әуежайға табанымыз тигеннен-ақ Асқар баяғы-баяғыда, адамзат баласының алакөбең таңы жаңадан атқанда өмір сүрген Урарту дейтін мемлекеттің тарихын, мынау әуежай жанында жатқан ескі қаланың орны екенін айтып сайрап ала жөнелді. Күтіп алушы армян жазушылары бұған таң қалды:
– Арменияда бұрын болып па едіңіз? – деп сұрады.
– Жоқ. Бірінші рет. Оның өзі мына Бәйдібек шалдың арқасы, – деп мені меңзеді.
– Қалайша? Бұл кісі Шерхан Мұртаза емес пе?
– Бәйдібек деген тентек бабасы болған. Менің жездем. Бұдан мың жыл бұрын жасаған.
Армяндар түсінбей аң-таң. Асқардың әзіл-қалжыңына қанықпаған, қайдан білсін.
–Мың жыл бұрын жасаған кісі қалай жездеңіз болады? – деп күледі армяндар.
– Менің апамды алған. Мен Мұхаммед пайғамбардың нәсілімін. Ақсүйек. Ол кезде қараға, қазаққа қыз бермегенбіз. Бірақ, бұл кісінің бабасы Бәйдібек алған. Өйткені «нахал» болған.
Армяндар қарқылдап күлсін.
– «Нахал» емес, батыр болғаны ғой.
– Солай деп түсінсеңіз таласым жоқ. Батыр ғана емес, ақылды болған. Әйтпесе менің апам анау-мынау қазаққа тимейді ғой.
Сөйтіп, өзінің өткірлігімен, тапқырлығымен, ағыл-тегіл білімімен, орысша таза, әрі өте сиқырлы, мәнерлі сөйлеуімен Асқар армяндарды бірден тәнті қылды. Налбандянның арғы-бергі өмірбаянын, философиялық туындыларын теріп айтып, оған өз көзқарасын, өз бағасын бере отырып, талдап-талдап, армяндарды тағы таң қалдырды.
Мен өзім де таң қалдым. Бұрыннан біле ме, жоқ, Ереванға барасың деп мен айтқаннан кейін дайындалды ма, қалай болғанда да, армян тарихын, салт-санасын, мәдениетін, ұлы Комитастан бастап, арғы-бергісін білу жөнінен біздің абыройымыз басқа делегациялардан гөрі зау биікке көтеріліп кетті.
***
Біз, ақын-жазушылар, бір-біріміздің шығармашылығымызды оқи бермейміз. Бір-бірімізді іштей, етене тани білмейміз. Ондай олқылықты толтыру талпынысы ертеде, сонау Сәбит, Ғабит замандарында болған. Кейін-кейін бәрі де әдіра қалды.
Міне, осындайда бір-бірімізді жете білісетін, жек көрсек те, жақсы көрсек те бір-бірімізбен бас қосып, тоқайласатын жер – Жазушылар одағының шығармашылық үйі еді. Өз басым сол жерде «Қызыл жебе» романының екі кітабын жаздым. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетін», «Жанпидасын» сонда аудардым. Енді сол бір құтты мекеннен де айырылдық.
Айтайын дегенім, сол шығармашылық үйінде Асқарды тани түскендей болдым. Бір күні Асқардың бөлмесінде Әбекең, Әбділда Тәжібаев, тағы біраз ақын-жазушылар бас қостық. Асқардың бөлмесінде домбыра, күйтабақ ойнататын аспап тұрады. Ол Біржанның «Теміртасын» ешкімге ұқсамайтын терең тебіреніспен айтады. Ол әсіресе Қазанғаптың күйлерін құдайындай құрметтейді. Қазанғаптың күйлерін Доспамбет, Марқасқа, Қазтуған жырларына қосып, әнге айналдырады. Бірде Әбекеңе қарап:
– Әбеке, осы Қазанғаптың әр күйіне арнап бір-бір өлең жазсаңыз қайтеді? – деді.
Әбекең күлді.
***
Асқар ұлы Ғабеңмен, Ғабит Мүсіреповпен дос болды. Асқардың «Бесатары» туралы Ғабең бекер тебіреніп жазған жоқ. Дарынды дарын таниды. Екеуі бір-біріне әкелі-балалы, яки ағалы-інілі адамдардай еркелейтін.
***
Қызулау екен. Бір күні маған:
– Пьеса жаз, – деді.
– Нені жазам?
– Рысқұловты!
– Ойбай, пьеса жазып көрген емеспін.
– Шындасаң, жазасың. Дәл қазір кезі келді. Әйтпесе кеш болады.
Өзіме өзім сенбесем де ойланып қалдым. Е, көрсем көрейінші деп қағаз-қалам алдым. Ойланып отырып-отырып, бісміллә деп, ақ қағазға: «Сталинге хат» деп астын екі рет сызып қойдым. Ар жағы белгілі, сол спектакль театр сахнасынан әлі түскен жоқ.
Егер Асқар түрткі болмаса, мен пьеса жазар ма едім, жазбас па едім, Құдай білсін…
Қазан, 1994 жыл
Мұрат ӘУЕЗОВ:
Қазақтың – ұлттық бостандықты аңсап, еркіндікке ұмтылған алдыңғы қатарлы зиялы қауымының ішінен Асқар
Сүлейменовті ерекше атағым келеді.
Менің ең алғашқы мақалам қазақ тілінде шықты, сірә, 1967 жыл болуы керек, ол кейін «Дружба народов» журналының бәйгесін жеңіп алды. Ал, ол мақаланы әуелі Асекең қазақшаға тәржімалап, «Жұлдыз» журналына бастырды. Асқар Сүлейменов жақсы дәстүрді бастады. Ол шеттен келген, тілін ұмытқан қазақтарды қазақ етуді өзіне мақсат етіп қоя білді; шала қазақтарды кесіп тастамай, өз ортасына қайтаруға тырысты, тіпті мұны өзінің ұлттық парызы санады. Тілін білмейтіндерге қазақ мәдениетінің қилы-қилы, қатпарлы-қатпарлы тұңғиықтарын ашты, төл тіліміздің ғажап мүмкіндіктерін көрсетті. Асекеңнің домбырасы, Асекеңнің әндері әлі күнге көз алдымда, әлі күнге құлағымда. Аса биік парасат, энциклопедиялық білім иесі, дегдар азамат – Асқар Сүлейменовті өз ұрпағының, одан кейінгі де бірнеше буынның рухани көсемі болды деп айтуға толық негіз бар.
Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ:
Асқар Сүлейменов – халқына, еліне қалтқысыз қызмет етудің үлгісі; тамырын түп тереңнен тартар хас зиялылық, дегдар азаматтық. «Өмірден өз жолыңды табу аз, сол жолмен қасқиып тура жүріп өту үшін жүрек-жұтты ерлік, талыс төзім керек» дейтін суреткер шығармалары – жан мен жасампаз рухтың ғұмырбаяны; дүние болмыстың мәні мен адам болмыстың мұраты туралы қуатты ой-парасаттың, кеше – бүгін – болашақты уақыт шеңберінен шығып, тарихи, рухани-мәдени контексте зерделеудің биік түзілімі.