КУРСТАС ҚАЛАМГЕР ТУРАЛЫ СӨЗ
02.04.2026
52
0

Иә, биылғы жылы айтулы жазушы-журналист, белгілі баспагер, «Құрмет» ордені мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақау Дәуренбековтің туғанына 80 жыл толды.

Біз, осы Жақаң бастаған, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Баққожа Мұқай, «қос қанатты ақын» атанған, бірнеше орденнің иегері Шөмішбай Сариев, Қазақстанның Халық жазушысы, жазушы-кинодраматург Смағұл Елубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабай қостаған бәріміз – Қазақ мемлекеттік университеті, журналистика факультетінің 1971 жылғы түлектеріміз. Одан бері де, міне, арада елу бес жыл өткен екен.
Мен болашақта қазақ журналистикасына ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетіне олжа салар бұл азамат­тардың қатарына Семей педагогика институтының филология факультетінде бір жыл оқып барып, сәл кейінде қосылғанмын. Ал бұл арада өмірімдегі осындай сәтті бір шақтың қалай болғанын тәптіштеп айтып жатқаным артық болар. Содан екінші курстың алғашқы лекциясы басталған шақта өңі қара торының әдемісі, келісті бір азаматтың қасына жайғаса қалған едім. Ол аман-саулықтан соң іле маған: «Иә, бала, қай жақтан келіп қалдың?» – деген. Түріне бажайлап қарасам, менен жасы сонша үлкен емес секілді. Бірақ өңіне жарасты мұрт қойып алған соң ішімнен «е, жас жағынан менен үлкен болса, болар» деп оған ағалап жөнімді айтқан болдым. Байқаймын, жаңа ғана танысып жатқан «ағайым» маған, жасы кіші «інісіне» риза секілді.
Бұдан кейін екінші бір сұрағын және алдыма көлденең тартқан, яғни өзімнен әкемнің совхозда сиыр фермасының меңгерушісі болып істейтінін біліп алып: «Міне, енді бәрі белгілі болды. Сонда факультет деканына неше сиыр бердіңдер?» – деп қарап тұр көзі сығырая күлімдеп. «Деканға неше сиыр бердіңдер дейсіз, аға. Соның біреуін ғана пойызбен жеткізу қиын шаруа ғой», – деймін мен. Ол менің бұл жауабыма тіптен риза кейіппен, мәз болып күлген. Ал түптеп келгенде факультет деканы – темірдей иілмейтін тәртіптің адамы Тауман Амандосов ағамызға сиыр бермек түгілі ресторанға шақырып сыйлап жіберу де ойға келмепті. Ондай ой болса да, ол кісіге ұсыныс жасауға жүрегіміз дауаламас еді. Баққожаға қайта оралатын болсақ, бұдан кейінгі жерде екеуіміз қиыспас досқа айналғанбыз. Соңынан анықтай келгенде Бәкем менен бір-ақ жас үлкен болып шыққан. Десе де, қай шаруама болса да атсалысып жататын ол мен үшін аға-дос болып қала берген. Бұл – кейінгі әңгіме.
Алғашқы таныстық барысында ол сөзін жалғай келіп, маған: «Бала, сонымен, бұйырса, журналист боламын де, – деп сәл тоқтап барып, – ал сен өзі Жақау Дәуренбековті білесің бе?» – деген. Жақауды пионер кезімнен «Қазақстан пионері», комсомол кезімнен «Лениншіл жас» газеттерінде үздіксіз жарияланып жататын мақалалары арқылы сырттай жақсы білетінімді айтып-ақ жатырмын. Менен сынақ алып отырған «ағатайым» жауабыма тағы да риза кейіппен: «Енді сен бұған дейін сырттай білетін сол Жақау­мен бірге оқитын боласың», – дегені. Бұған аң-таң болған мен: «Ол кісі пионер, яки комсомол басылымдарының бірінің қызметкері болар», – деп Баққожаның сөзіне сенбестік танытқанмын.
Ал расында ол бізбен, бізбен деймін-ау, мен бұрыннан сырттай танитын Жақаңмен курстас болып шыға келгенмін. Сөйтсем, мектептен кейін ол өзі оқыған Арал ауданындағы Сексеуіл стансасындағы білім ордасында пионер вожатыйы, одан соң аудандық «Толқын» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етіп, бізге қарағанда үлкен өмірдің шет жағасын көріп келген азамат екен. Иә, сол жылдары журналистика факультетіне екі жылдық еңбек өтілің болмаса, құжатыңды қабылдамайтын-ды. Менің мұнда семейлетіп барып Жақаулардың сапына қосылғаным да сондықтан.
Ұзын сөзді қысқартып айтатын болсам, уақыт создырмай жағалап барып Жақаңа сәлем бергенмін және өзін баспасөз арқылы бұрыннан сырттай танитынымды айтып жатырмын өзімше. Бұған ол кәдімгідей риза болып қалды. Риза болғандығы шығар, арада көп уақыт өтпей мені өзімен қызылордалық студент жерлестерінің кешіне ертіп барған. Сол шақтарда студент жерлестердің басқосуы жер-жерде өтіп жататын-ды. Айтпақшы, ол оған дейін мені өзімізбен бірге оқитын Шөмішбай, Сұлтанәлі, Амангелді сынды қызылордалық жігіттермен таныстырған. Соның ішінде оқуға түскенше Шөмішбай екеуі Арал аудандық «Толқын» газетінде бірге қызмет еткен көрінеді. Сонда менің курс тобындағы айналдырған жиырма бес студенттің төрт-бесеуінің Қызылорда жағынан болғанына таңырқап қалғаным рас. Енді ойлап отырсам, оның себебі мынада ма деймін… Біріншіден, Қызылорда – ежелден қазақы өңір. Екіншіден деп айтсақ, сонау жиырмасыншы жылдардың ортасында осында еліміздің туы көтеріліп, астана болғаны және бар. Өзі де жанып тұрған абитуриент Жақаудың жазған шығармасы қолына тиген жасынан, ең алдымен, ғалымдығымен жалпы қауымның көзіне іліккен экземенатор оқытушы, кейінде әдебиеттің алыбы атанған Мұхтар Мағауин: «Сені оқуға алмағанда, кімді аламыз», – деген екен.
Ал Жақаңа қатысты әңгімені марқұмның Құдай қосқан жары Шұға ханым жолдасының сексен жылдық мерей жасына орай жақында республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында былайша сабақтайды, яғни Шұға келін болып түскен әулет әдебиет пен мәдениетке жақын орта болып шығады. Атасынан бастап сандық-сандық жиналған кітаптардың ұйытқысы болыпты. Бүгінде жасы тоқсанға жақындап отырған Шыңғыс қария інісі Жақаудың жазу-сызуға, әдебиетке жақын болып өсуіне бірден-бір себепші болған көрінеді. Содан бала Жақаудың мақалалары бесінші сыныптан бастап жергілікті басылымдарда, одан әріде республикамыздың пионер, комсомол басылымдарында жиі жариялана бастайды.
Осы орайда Жақаң туралы мақаламыз тым ресми болып кетпесін деп бір жанды естелік айта кетейін. Жоғарыда оның балығы тайдай тулаған Арал өңірінен екенін айттық. Содан қысқы демалыста еліне жол тартатын ол қайтарда ортамызға бір чемодан балықпен оралатын-ды және біз көріп-білмеген балықтың түр-түрі баршылық. Бұл енді Аралдың болып-толып тұрған шағы. Ал қаяз дегеніңіз – қазыға бергісіз. Никольск базарының түбіндегі университеттің Виноградов көшесіндегі жатақханасының бір бөлмесінде бірге тұратын Жақау, Баққожа, Шөмішбай – төртеуіміз соның бірерін алып, орталықтағы «шахта» деп аталып кеткен кафе іспеттес асханаға жөнеп береміз. Барсақ, онда әдеттегідей әйгілі ақын Мұқаң – Мұқағали Мақатаев, Баққожаның жерлес ағасы отыр екен. Сөйтіп, біз деген Мұқаңмен Жақау­дың, Аралдың бал татыған балығының арқасында сыралатып, әңгіме-дүкен құрып отырғанымыз күні кешегідей есімде.
Солай дегенде, Жақау ішімдік жағына жоқ еді. Оның студент атанған соң қаламына тіптен де қамшы салдырмағаны тағы рас. Курстасымыздың арамыздан топ жарып университетті бітірмей жатып сол шақта әрбір журналистің арманындай болған республикалық жастар басылымы – «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасқаны да, «Бөгенауыл балалары» деген атпен алғашқы жинағын жарыққа шығарғаны да шындық.
Аталған басылымда Жақаң табаны күректей оншақты жыл қызмет етті. Мұндағы әуелгі қызметін қатардағы тілшіден бастаған ол кейінде бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі ретінде жалғастырған. Сол жылдары кейінде журналистика ғана емес, әдебиеттің жампозы атанған Оралхан Бөкеев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Серік Әбдірайымов, Кәдірбек Сегізбаевтардың сапында болған ол, хакім Абай айтпақшы, «соларға ұқсап бағуға» тырысқан. Соның айғағындай, бұл да сол жылдары журналистика мен әдебиетте жиі жарияланып жататын түрлі республикалық бәйгелердің төрінен көріне білген.
Бұдан кейінгі жерде оның баспа саласындағы жемісті еңбек жолы басталды. Ол бұл саладағы қызметін «Өнер» баспасында бөлім меңгерушісі болып бастап, соңынан Бас редактордың орынбасары болып жалғастырған. Ал егемен ел атанып, тәуелсіздікке қол жеткізген шақта сол кездегі Баспасөз министрі Алтынбек Сәрсембаевтың ұсынысымен «Ана тілі» басылымына директор болып барған. Оның ұлттық құндылықтарға, әсіресе тіл мәселеріне бұрынғыдан да мықтап ден қоятыны осы кез. Солайша ол арада көп уақыт өтпей жатып ҚР Баспасөз және полиграфия ісінің қайраткері атанған. Бұл да арамыздан шыққан бірден-бір баспагерге лайықты құрмет деп білеміз!
Баспа демекші, ол осы салада еңбек етіп жатқан шақта мен Алматыға республикалық «Социалистік Қазақ­стан» газетінің Семей өңірі бойынша меншікті тілшісі қызметіне бекітілуге келе қалғанмын. Сонда «Қазақстан» қонақүйіне орналасқан менің бөлмеме Жақау өзінің студент кезінен аса сыйлас достары Болат Асанбаев, Мәди Айымбетовпен берге келіп, батасын беріп кеткені де есте. «Социалистік Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Байжігіт Әбдіразақовты былайғы жұрт дене-бітіміне ғана емес, жүріс-тұрысы, тындырымды ісіне қарай «қара патша» деп әспеттеп жатады. Тілші деген – абыройлы да жауапты қызмет. Билікке жақсаң – халыққа, халыққа жақсаң – билікке жақпай қалуың мүмкін. Ал ол кісі – қай ортада болсын абыройлы. Саған сол ағамыздың жолын берсін», – деген ол. Мұндай аталы сөзге қайтіп бас имессің! Ширек ғасырға созылған тілшілік еңбек жолымда мен өз тарапымнан курстас аға-жолдастың осы баталы сөзін басшылыққа алғанмын.
Содан беріде қанша жыл сырғып өте шыққан. Кәсібі бойынша журналист, нәсібі бойынша жазушы атанған, өмірінің соңғы жылдары баспа саласының білгіріне айналған Жақаң – жасы келген шағында, нақтылап айтқанда, мерейлі 75 жасқа толғанда Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың тарапынан мадақ, құттықтау лебізін естіп кеткен адам. Соған орай курстас аға жолдасымызбен хабарласқанымда көңіл күйі де, алдына қойған мақсаты да өте жоғары еді. Өкінішке қарай, сол шақта өршіп тұрған тәжтажал індеті арамыздан Аралдың абзал азаматын алып кетті. Бір жақсысы, артында мол әдеби мұрасы қалды. Жиырмадан астам кітаптарынан тыс таңдаулы алты томдық еңбегі жарыққа шықты. Оларды саралап-талдау әдебиет сыншыларының еншісінде. Белгілі қаламгердің тартпасында қалған үш пьесасы мұның сыртында. Олардың сахнаға жол тартуы болашақтың еншісінде деп білеміз. «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» демекші, курстас қаламгердің асыл шығармалары да «шаң басқан архивтерден табылып», оқырман кәдесіне жарай беретініне сенеміз!

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті жазушысы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір