Алтын шырақ
25.08.2017
1118
0

Ғалым Жайлыбай


Ешкімнің елемей-ақ сый,
атағын,
Ұлтыңның түгендесең ұят, арын.
Тасына тағдырымыз таңба салған
Басына бір түнеп қайт, Би атаның!

Би ата!
аты осындай,
заты осындай,
Бабамның бәтуалы батасындай.
Шалқардың шағалалы айдынындай
Арқардың алшы түскен сақасындай.

Кездерде асылымнан тірі айырған,
Шыр еткен шындық тауып шырайымнан.
…Байрақтай басымызға бақ байлаған
Қаймақтай қара сөзден қыл айырған.

…Қазыбек!
Қазыбек би қаз дауысты,
Жалғадың рухыңмен жазға қысты.
Төріңе Төле,
Әйтеке малдас құрып
Көліңе аққу қонып,
Қаздар ұшты.

Оралтып он сан ойын,
жамыратып,
төгілген көкейінен лағыл,
ақық.
Дауылын дәуірлердің кері айдаған
Бауырым,
Бабамыздың бары бақыт.

Шындықты шым батырып шырғалаңы,
Мұңайсаң мұнар күннен мұң қалады.
…Рухы қаз дауысты Қазыбектің
Басына Балқантаудың бір қонады.

Соқпағы керуенімнің әр күн сынақ,
Қайтесің,
Қасиетінің нарқын сұрап.
…Қазақтың қаз дауысты Қазыбегі
Алаштың қолындағы Алтын шырақ!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір