Мезозой аршылып жатыр
14.04.2017
1445
0
80-ші жылдардың өресінде біздің журналистикамызда Жарылқап Бейсенбайұлының (ол кезде Бейсенбаев) атағы дүркіреп тұрды. Оңай ма, ұлттық журналистика бойынша бірінші болып Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алу. «Кенен, Кенен дейді ғой елдің бәрі» деп Жәкем айтпақшы, бір күні лауреатты көрмекке «Лениншіл жас» газетінің редакциясына бардым. Қолымда Шоқан жайында жазылған шатпырағым бар (сол жылдары Жақаң өзі қызмет істейтін жастар басылымының бетінде отөрім ғалымымыз туралы сериялы мақалалар жариялап, соңыра оларды «Шоқан ізімен» деген атпен кітап етіп шығарғаннан кейін біз, бірқатар студент Шоқан «ауруымен» ауырып қалғанбыз). «Бекенді көр де, әкеңді көр» демекші, Жақаң өңінің ептеген қарасұрлығы болмаса, өзі де Шоқанға іші мен сырты сондай ұқсас, бәденді жігіт екен, тек мұрты жоқ. Сөзге көп құлшына қоймайтыны, әңгімеге сараңдығы да Шоқанға тартпаған. Қара жердей сал­мақты. Әңгімені кесіп, турасынан тартып айтады. «Бір­то­ға, жақсы жігіт» деп қазекең осындайда айтатын болуы керек.
Жақаң ол кезде адамгершілік-тәрбие бөлімін бас­қар­а­тын. Ұзынша енсіздеу бөлменің күн түсер төр жағында бө­лім­нің қызметкері Әділғазы Қайырбеков, одан төме­нірек­теу екінші қызметкер Нұрлытай Үркімбаева жайғасқан, ал Нұрлытайға қарама-қарсы қабырға жақта Жақаңның үстелі. Студент болсақ та жөн-жосықты біліп қалған ша­ғы­мыз, бастықтың өз қызметкерлерінен төменірек отырғаны шамалы таң көрінді. Жалғыз-ақ  артықшылық — телефон­ның құлағы бөлім меңгерушісінің үстел аумағында.
Сол жолы көнтақым редактордың автор мақаласымен қалай жұмыс істейтінін (сол кездегі журналистік слоганмен айтқанда қалай қорытатынын) өз көзіммен көрдім. Қаламы марқая қоймаған жас талап студенттің жазғанын әрлеп, жүйелі өрнегіне келтірем деп әуреленген де жоқ, қидалап қолын батырмады да. Небәрі екі сөзді қалыпқа келтірді, — Семенов Тянь-Шаньскийдің сойын дұрыстады және «кәрзеңке» дегенімді «себет» деп түзетті, сосын шатпағымды сауырдан бір салып, машбюроға қоя берді. Стилімді сақ­тағанына өзімше болып қалдым.

«Ана тілі» газетінің ұжымы. 1991 жыл.

Тағы да бұдан біраз жыл бұрын-ды… Комсомол бытырап, ғылымға ауыс­қан жылдарымның бір күнінде автобуста Ғарифолла Әнеспен ұшы­расып қалдым (ол кезде Ғарекең қо­ғам­дық көлікті пайдаланатын). Сөз­ден сөз шығып, Ғарекең өзінің жаңа­­дан ұйымдасқан «Ана тілі» газе­тіне тіл бөліміне орналасқанын, бас­ред боп келген Жарылқап Бейсен­бай­ұлы редакцияға жазатын жі­гіт­терді жинап жатқанын айтып, өзімнің сон­дағы қосымша қызметтен бағым­ды сынап көруіме шақырды. Барсам, айтса айтқандай, жал-құйрығын та­раған кіл жүйрік  жиналыпты: Ғаре­кең­нен  басқа Бақыт Сарбалаұлы, Қонысбек Ботбай, Шәмшиден  Кері­мов, Байбота Серік­бай (Қошым-Но­ғай), Аманқос Мектеп­тегі, Болат Шарахымбай… — кейбіреуі бір-бір саланың маманы, кейбірі ғылым бабынан жазатын, әйтеуір білім сауаты жоғары жігіттер. Менің еншіме елтану бөлімі тиді. Жайдақ  үстел, сықыр­лақ  орындықтарға жайғасып алып, кірісіп кеттік.
Әдепкі кезеңіндегі «Ана тілі» тол­қын тоғысқандай халде еді. Ха­лық­тың көкірегінен жақсы орын алатын тақырыптарды беріп отырарлық ре­дакциялық ұжымдар ілгерілі-кейінгі заманда аз болмаған шығар, ал газетті сүйетін де, сүйейтін де қалың оқыр­маны бар басылым қандай болатынын өз басым сонда бірінші және бәлкім, соңғы рет көрдім. Сөз болып отырған 1990-шы жылдардың басында қалың қазақтың бойын тап Алаш дәуіріндегідей бір зор бұлқыныс сезімі, рухани ширығу кернеп еді. Осынау ғажайып ұлттық көтерілу, серпілу дәуірінің келтесінен шорт қайырылғанын ойласам, әліге дейін ішімнен қанды бұрау өткендей болады. Иесі де, жүйесі де белгісіз бүлдір­гіге тап болмай, сол қалпымызбен кете бергенімізде бүгінде бір қараға ілігетін едік.
Қайсыбірін айтарсың, зердемде қалып қойғаны, «Ана тілінің» жалпы та­ра­лымының әуелгі 25 мыңнан ке­ле­сі жылы 111 мың данаға өсіп, рекорд жасағаны. Орыс тілді жур­налис­т­ердің арасында «Когда газетчик пишет о газетчике, обязательно наврёт» деген бір сөз бар. Болса болар, бірақ қалай десе де бүгіннің биігінен қараған уақытта «Ана тілінің» әл­гін­дей боп гүлденуінің көп себебінің, бірақ елеулі себебінің бірін әлденеге оның бас редакторының кәсіби және адами қасиеттеріне байланыстыруға жақын тұратыным бар. Бас сарашы­ның (Жақаң келе салысымен «редактор» дегенді «сарашы» деп өзгерткен) кішіпейілділік қасиеті елден ерекше. Жұртпен бірге жалпы асханаға барудан тартынбайды. Алдына атасы өлген келіндей еркінсіп кіре бересің. Бір сөзбен айтқанда, Жақаң біздің көзімізге көрініп тұратын, бірақ даусы құлағымызға онша келе бермейтін, бірақ  көрінбей  жүріп-ақ аз қимыл­мен, азбыншы сөзбен көп іс тындырып тастайтын жайлы бастық болды. Әкімқаралардың шығармашылық таланты – бұйрық беру дейді ғой, ондай таланттан Жақаң мақұрым. Сөйтсе-дағы жәй сөйлегенінің өзі жаныңды жейді. Одан да әкіреңдеп, зіркілдеп ұрысса дейсің.
Мұны неге айтып отырмын?!
Қазіргі бас редакторларға мәлім бір шындықтың болуы мүмкін. Ол – басылымның құлағын ұстап отыр­ған адамның күнделікті ең кемі алты сағат уақыты журналистикаға емес, өмірдің өнбес тәртібіне кететін­дігі. Жалпы біздер, қазақтар, өнер тәрті­бінде ем қонбайтындау халық­пыз ғой. Өнерді, соның ішінде журналис­тика өнерін өсіретін қашан да бірін­ші басшы орнатар қатаң тәртіп. Журналистикада басредтің диктатурасынсыз басылымның жақсаруы неғайбыл. Мықты режиссерлердің театрға сыймайтыны сияқты мықты бас редак­торлардың газет-жур­нал­дардан кетуінің де бір түйткілі осында. Қай редакцияны алып қарасаң да, онда ортақ іске басы ауырмайтын, жаны ашымайтын жекелеген қызмет­керлер (кейде қызметкерлер тобы) табылмай тұрмайды. Бұл қашан да басылым үшін журналист табылса да, басред табыла бермейтіндігінің бір белгісі. Шындығы сол, басылым әрі­ден ойлайтын басред пен кеңінен орайтын журналистердің тандемімен ғана жақсарады. Бұл менің өз пікірім, бәлкім ол кейінгі жылдарда, журналистика қуаңшылыққа ұшыраған кезде қалыптасқан пікір болуы да мүмкін. Ал Жақаңның бағына қарай, ол газетке басшылық еткен жылдары кейін жан-жаққа шашырап кеткен ұлттық журналистиканың таңдаулы кадрлық корпусы шашау шықпаған еді және қазіргідей емес, жұмған жұ­дырықтай бірауызды-тын. Содан да болар, Бейсенбайұлы өздері қамшы салдырмай тұрған және арқасын қа­лың оқырманға  тіреген (редакцияға хат қап-қабымен келіп жататын) ұж­ым мүшелерін мен айтқан диктатура­сыз-ақ иегімен өргізіп, қабағымен жусататын. Қызығы, оларда намазды құбылаға қарап оқымайды, Жақаңа қарап оқиды. Енді ше, басшының жұ­мыс стилі ұжымның көңілінен то­лық шықса – уақыт жағынан шы­ғар­машылық еркіндік берілсе; ай сайынғы айлық және гонорар түрінде екі жалақы келіп қалтаға түсіп жатса; оның үстіне әрқайсысының негізгі жұмыс орны болса. Егер соның ал­дын­дағы кеңестік журналистика тіл­шіні кез келген тақырыпқа салып, өндірістегі көп станокшыдай көк­ж­ұлын етіп ұстаса, Жақаң әлемдік баспасөз тәжірибесіне бағып, бізді арнайы тақырыптарға мамандандырды. Журналистердің өз жүрегіне қо­нақ­таған тақырыпқа ғана қалам тер­беуіне мүмкіндік берді (мәселен, осы жолдар авторына іссапар қара­жа­тын және қаламақысын алдын-ала төлеп, Ресейдің бес қаласына барып, архив-кітапханаларда жұмыс істеп қайтуына жағдай жасады, осы үшін көзім жұмылғанша разымын). Кейбір жазғыштардың пеш түбіндегі қияли ойларын газет бетіне әкелуіне ада-күде тосқауыл қойды, көтеріңкі леп­те, пафоспен жазуды тыйды. Та­ным­­дық сипатынан бұрын ағарту­шылық сапасы жоғары материалдарды көбейтті. Уақыт талабымен санасып, пікірлер әралуандығына мән берді. Жақаң қол қойған жеті жылдағы газет нөмірлерін осы ауан желімдей тұтып жатыр.
Плюрализм десе ойыма бір тауарих оралады.
Бірде Интернет-ресурсты ақта­рып отырып, қызылордалық журналист Айжарық Сәдібекұлының «Жал­ғыз  эмигрант» дейтін мақала­сын ұшыраттым. Автор онда бұрынғы кең­ес­тік арнаулы қызмет генералы А.Мұстафиннің Мұстафа Шоқайды нацизммен сыбайласқан коллаборационист етіп көрсеткен мақаласы облыстық газетке қалай келіп түске­нін, кеңестік шалықтан құтыла қой­маған сол кездегі арнаулы қызметтің жан-жаққа мақала жолдап, Шоқайды қаралауды жоспарлы негізге қойға­нын әңгімелепті. Жазуынша, доға­рыс­тағы генерал мақаласына қосып жіберген хатында материалын бұры­ны­рақта «Қазақ әдебиеті», «Өркен–Горизонт» газеттерінің жариялаудан бас тартқанын, тек республикалық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз ор­ганы – «Ана тілі» газеті ғана 1991 жыл­ғы 8 тамыздағы нөмірінде басқа­нын чекистік мәттақамдықпен тізіп келтіріпті. Мақаланың негізгі мазм­ұны сақталғанымен, мәтін ықшам­дау­ға ұшырағанын, оған қоса сол нө­мірде Шоқаевты жақсылайтын, бұрынғы «Түркістан легионына» қатысушы Уахит Тұрысбековтің естелігі қоса берілгенін айтып, енді өз мақаласын қысқартпай, толық күйінде шығаруды талап етеді.
Иә, ондай жағдай болған. Материал алдымен өзім отырған елтану бөліміне келіп түсті де, соңыра басредпен ақылдаса отырып, жариялауға келіскенбіз. Біріншіден, сол кезде сәнге асып тұрған плюрализмді ұс­тан­дық, екіншіден, ол жылдары арнаулы қызметтің қолындағы Шоқай­ға қатысты материал біздің қо­лы­­­мыз­дағы шөпшек деректерден ана­ғұрлым қомақты-тын (Мұстафа­ның үстінен «Франс» деген атпен тұ­тас досье ашылып, ондаған жылдар бойына агентуралық мәлімет жиналып келгені кейін анықталды ғой), яғни Шоқай мен нацистердің арақа­ты­насы шын мәнінде қалай болға­нын ол кезде ешкім, соның ішінде біз де дәлдеп білмейтінбіз. Ендеше шын­дық­қа көз жеткізбей тұрып, жоға­ры­дағы тұлғаны бірыңғай мақтай беру қалай десе де тарихи объективтілік болмас еді. Қысқасы, бөлім меңгеру­шісі мен басредтің бұл жөніндегі ойы бір жерден шықты және осы факті екеуміздің біраз жас айырмашылы­ғымызға қарамастан тетелей теңесіп, ортайып кеңесіп кетерлік бір «қан тобынан» екенімізді көрсетумен қатар, Жақаңның кез келген адамның пікірін сыйлайтын, әрі объектив­тілікті жоғары қоятын әділ пікірлі адами болмысын, ақиқатшыл азамат­тық ажарын да танытады.
Жақаң негізгі кәсібі – журналис­тикадан әзірге дейін қол үзбей келеді (ал бұл – студенттік жылдарын қосып есептегенде артық-кемі жоқ жарты ға­сыр!). Бес ондық жыл тек қана жазумен машқұл болу дамылсыз іздену, та­банды еңбектенумен ғана келіп қоймайды, ол психофизикалық тұрғыдан үлкен төзімділіктің арқа­сын­да ғана мүмкін болмақ. Жазушы үшін таза ақ қағазды алдына қойып, мелшейіп соған қарап отырғаннан өткен азап жоқ. Дүние тіршілігіндегі ең тозақы нәрсенің бірі. Кейде тіпті бәрін тәрк етіп, Үшқоңырдың шат­қа­лына кіріп, шалаш тігіп жатып алғың кеп кетеді. Жақаң сондай-сондайдан өткен және бар қылатын да, жоқ қы­ла­тын да сөздің азабына шыдап, сынынан абыроймен өтіп келеді. Аз жазады, бірақ талғаммен жазады. Шы­­ғар­машылық қуатының аздығы­нан емес, жаттанды тақырыпқа, қалыпқа қатырылған канонға, нәрсіз сұйық сөзге ата жау бипоздығынан. Содан «Жақаң қашан жазар екен, не жазар екен» деп күтіп жүргенің. Ке­зін­де «Ленжастағы» «Аққу» эстетика­лық клубы аясында жариялаған материалдар топтамасы оқырманды осылай дүр еткізіп еді (кейін «Буыр­қанған бояулар» және «Әдеп әлемі» деген екі кітап болып шықты және Жақаң комсомол сыйлығын осы кітаптары үшін алды). Бізде мас­кү­нем­дікті арнайы тақырып етіп көтер­гендер аз болмаған, әсіресе Хру­щев пен Горбачев тұсындағы ар­ақ­қа қар­сы дүркін-дүркін науқан­дар тұсында біраз қазақ шабуылдайын шабылды емес пе. Осы кіді тақырыпқа «Ден­саулық үшін алып қояйық!» дейтін парадокстік атпен Жақаң да барды. Бұл әлеуметтік зерттеудің жо­ғары­дағы шала шабылулардан айырым қасиеті сонда, егер соң­ғы­ларын оқу боқалды мәймілдете толтырып алып, түбіне жетіп барып «талдау» жасайтын әдеттің қылшығын әсте қисайта алмаса, Жақаңның «ақаңа» шабуылынан соң ауық-ауық алып қойып жүретін біздің өзіміз алды­мызға ас қойып, әкетіп қалғандай күйге түстік. Осының барлығы сөз иесінің мойын бұрғызбастай орынды дәлелінен, кісіні еріксіз иландыратын дәйегінен һәм сөзден саңылау қалдырмай, қиюынан қыл өткізбей жазатын асқан шеберлігінен туындап жатады. Жарылқап Бейсенбайұлы кәнігі аптекші сияқты сөз бен ойды алдымен дозалап бере келіп, бірте-бір­те күшейтіп, соңында оқырманын қалайда өз жағына шығарып алатын, бір сөзін «былай болса» дегізбейтін стилист қаламгер. Қаспағы кетпеген қыр елі – Қызылқұмның қоқты-қоқ­тысында өзеннің басындай ескі адам­­дардың қасында отырып, сөз бағып өскен елдің оғыланы қазақтың қара сөзінің мәйегін бар айшығымен жеткізуімен ерекшеленеді (енді бүгін интернеттің транслейт аудармасын еске салатын қазіргі материалдарды көргенде ауа жетпегендей жұтынып қаласың, сонда бізге жетпей тұрғаны – Жақаңдардың қаламынан тамған баяғы мақалалар, олардағы қазақтың шұрайлы, шүйгін, рақат тіл жайлауы екен ғой). Сөзіміз құрғақ болмасын, айта кетейік, Жарылқап Бейсенбай­ұлы «Ана тіліне» сарашылық еткен жылдары тілімізге жаңадан қосылған аталымдар мен атауларды санап шығу мүмкін емес. Соның барлығы болмағанымен көпшілігі автор-иелерінің аты ұмытылып, халыққа байырғы бояудай сіңісіп, өзіміздің төл сөздерімізге айналып кетті. Осы құбылысты Жақаң бүгінде басқарып отырған «Мәдени мұра» журналының тәржімелік тәжірибесінен де байқай­мыз. Мысалы, ол бұрын әрқилы, әрі сәтсіздеу аударылып келген «барабан купола» тіркесінің «күмбез мойын­дығы» дейтін жүзікке қас қондыр­ған­дай әдемі де табиғи дәл баламасын тапқан. Ал енді біздің осы жерде ұқ­сас­тыруымыздағы «қас» сөзімен ежелгі түркілер нефрит тасын да ат­ап­ты. Әнеу бір жылдары 130-ға келген бір кемпір шөбере-шөпшегін «Маған компьютер үйретіңдер» деп қинапты, сол айтқандай, алпысқа келген жасында заманауи технология­ның құлағында ойнап кеткен Жақаң ондағы жыныс сөздіктерді ақтарыс­тырып отырып, жоғарыдағы сөздің де аутентті баламасын тапты. Айтуынша, «қас» ұғымының семантика­лық мағынасы кең, ол заманында «свастика» мәнін де беріпті (бірақ мен бұл турада свастиканы «гамашпаш» деген өз пікірімде қаламын).
Спорттағы бапкер-ойыншы се­кілді басред кездерінде өзі де қаламын құрғатпай жазған және әдемі, жақсы жазып үлгі көрсеткен Жақаңның материалға ат (тақырып) қоюының өзі бір жосын. Оның бір себебі, ұстазы – есімі қазақ журналистикасы үшін қастерлі Сейдахмет Бердіқұлов қой. Сейдақаңның тақырып қойғыштығы жұртқа мәлім. Мысалы, кезінде бір мерейтойлық мақаласы «Кайнозой аршылып жатыр» деген көкпар аттай ойнақы тақырыбымен тәнті еткені есте (Жақаң жайлы осы мақаламыз­дың да атын ұстазының сол бір материалына ұқсастырып алдық). Ал Жақаң өз кезегінде ұстазы жайындағы ес­телік мақаласына «Ұстахана дүріл­деп тұр» деген ат тақты. Аз сөзге кең мағына сыйғызған оңтайлылығына қоса ертеңге деген сенімін, әріптес­теріне үмітдар оптимистігін көрсете­тін қандай әдемі атау! Жазушыны, оның  жазу мүсінін жазған дүниесінің аты бәрінен де дәл суреттеп беріп тұ­рады деген сөздің шындығына осын­дайда қол қояды екенсің. «Кі­тап­тың аты – адамның көзі» дейтін Константинэ Гамсахурдиа теңеуі шылғи рас.
Жақаң журналистикаға баулып, жазуын түзетіп шығарған шоғыр өз алдына ғой, сонымен бірге тәжірибелі басшының әріптестеріміздің қатарын қалыңдатуда өзгеше, тосын бір әдіс қолданғанын да айту жөн. Осы жұрт­тың бірқатары басқа мамандықтарға ауысқан журналистерден кірпідей жиырылуын қоймағанымен, өзге кәсіптерден журналистикаға келіп, нан айырып жүргендерді «ұмытып» кете береді. Несі бар, бұйырған несібе шығар, жүре берсін, келе берсін. Гәп солардың кімнің қолынан, нендей мектептен өтуінде болса керек. Айтайық дегеніміз, журналистикаға Жақаңның шақыруымен жуықтау болса да өзге кәсіптен ауысып келген марқұм Марат Қабанбай мен марқұм Жұматай Сабыржанұлы (бірі балалар әдебиетінен, екіншісі сатирадан ауыс­қан-ды) «Ана тіліне» келе салысымен «екінші тыныстары» ашылып, аузымен құс тістеген кәнігі көсемсөз­шілер ретінде құлпырып сала берді. Бұл жағынан да Жақаң атса ондыққа тигізетін, соқса қасқыр соғатын түйсікшіл шалымдылығын танытты. Енді айта беруге болады, осынысымен ол тағдыр жолдары ауырлау болып жүрген әлгі қалам­гер­лердің қалған жарық сәуле өмірлерін мәнді де айшықты өткізіп, берерін беріп кетулеріне жол ашты да ғой.

***
Әнеу бір кезеңдерде шын тарихына қаталап жүрген қазақ тарих та­қыры­бына жазылған көркем кітап­тарды оқып, шөл басушы еді. Бұл өзі маң­дайыңа сарт етер шоттың басы сияқ­ты екі жақты нәрсе: негізінде көркем әдебиет оқырманның қиялын ұштап, түйсігін жеттіктіре отырып, тарихи алыс уақыттың тереңіне бойлауына мүмкіндік беретін керемет қасиетке ие. Ғажап емес пе, Ноэль Шаях­метов қалпына келтірген Ма­хам­беттің бассүйегі мен сурет­шілер­дің оған дейін жұрттың айтуымен, бірақ өз қиял жолын негіз етіп салып шыққан сом суреті  адам таңқалар­лық­­тай ұқсас болып шыққан ғой. Аристотель «Поэтикасындағы»: «Тарихты көркем бейнелеу шындық тұрғысынан келгенде тарихи бейнелеуден де дәлірек. Поэтикалық өнер мәселенің мәніне терең бойлатады, ал дәлме-дәл есепшілдік мәселенің егжей-тегжейін тізбелеумен шекте­леді» деп келетін пікір және Карл Маркстің  «Француз  буржуазиясының тарихын Бальзак шығармалары арқылы жақ­сырақ және толығырақ біліп алуға болады» дегені осы жерге дәлел. Уа­қыт өтіп, әдебиет өркендей келе ол тарихи ақпараттардан көр­кемдігі мәнді бірліктерді ғана ала отырып, өз дәуірінің шындығын іздес­тіретін дәрежеге жетті, заманға онтологиялық талдау жасау үрдісін қоса қалыптас­тырды. Бірақ кенже жазулы халықтар әдебиетіндегі тарихи жанр тарихи жағ­дайларды суреттеумен шектелуден көпке дейін арыла алмады (солар­дың ішінде қазақ әдебиеті де болға­нын  және онда басталған оң өзгерістер нарық­тың келуімен тоқтап қалғанын мойындауымыз керек). Себебі, сипат­та­машылық  әлгі көркемдік тәжірибе­нің тікелей қайнары болып саналатын ғылыми білімнің негізінде жатыр еді. Сондықтан ішінде Әбіш Кекіл­баев, Әнес Сарай, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы бар бірқатар «алпыскер» қаламгер суреттемелік та­рихи проза ендігі жерде өскелең талап-тілекті қанағаттандыра алмайтынын сезіп, шекара-жігін нақпа-нақ белгілеу мүмкін емес алабөтен бір жанрда жаза бастады. Солардың қа­та­рынан 1970-ші жылдар өресінде біздің кейіпкеріміз де табылды, бірақ ол жоғарыда аталған топқа әнеу бір ұқсай да қоймағанын айтуымыз керек. Себебі, сайып келгенде, шын­дық­­тың арқауын тарихи өреде ширату­да дәйектілікті ұстану сол шын­­дықтың өзіндей кәделі бола алмай­тын-ды. Шындықтың туған, бекіген сәттерін шынайы болмыш өмірмен және заманды жіті ұғыну сезімімен өлшей отырып қайта жаңғыртып, көз алдымызға келтіре алмасақ, онда тарихи ақиқатты да ешқашан түсіне алмақ емеспіз. Ал бұл міндеттің үдесінен объективті түрде өзі суреттейтін уақиғаларға сырт ба­қылаушы болып қала беретін «фак­тологиялық проза» ыңғайында­ғы қаламгер мен кабинетпен шек­те­летін интеллектуал зерттеуші-эссеис­тен гөрі бағзыны ре­конс­трукциялауға мүмкіндік беретін журналист-жазу­шы, басқаша айтқанда, кейіпкерге айналып кететін автор ғана шыға алатын. Редакцияда жүргенінде, газеттің «қара қамытынан» мойын босаған сәттің бірінде тарих музасы Клио келіп, көкірегіне ұя салып кеткен Жарылқап Бейсенбайұлының маңдайына тағдыр бізге мүлде таңсық осынау жаңа құбылыстың, – шынтуайтында, бұрынғы көркем очерктік прозаның, кейінгі эссеистік проза мен зияткерлік журналистиканың қосындысынан түзілген аралық жанр – тарихи эссеистиканың басында тұруды жазыпты. Және де журналис­тік кәсіп оған осы орайдағы тырна­қ­алды ізденістерін тарихи гео­гра­фияның, оның «көшпелі» әдістері – іссапар, экспедициялардың көме­гімен өрістетуіне, яғни тарихи шын­дық­ты он екі қырлы, он сырлы өмір­дің өзінен іздеуіне жол ашыпты. Әсі­ресе тілші кезінде Шоқанның ізі­мен жаяу-жалпы жүріп жасаған саяқ саяхаты, сол сапар нәтижесінде тревел-бук стилінде жазылып жарық көрген кітабы ұлттық  журналис­тика­мыз­ға жыл келгендей жаңалық сыйлады. Сол тұстағы осы тектес ілгерілі-кейін­ді ізденістер – жазушы Қал­м­ұ­қан Исабаевтың Ертіс-Қара­ған­ды каналын бойлап жаяу жүрген сапары, журналист Зұлқарнай Са­қиевтың Сырдарияны жағалап жасаған экспедициясы, тележурналист Серік Байхоновтың салдауырмен өзен өрлеген жобасы бірі өндіріс­тік, екіншілері экологиялық мақ­­сат-міндетті көздесе, Жақаңның «Шоқан ізімен» кітабы – тарихи өткенімізді мосылап қос тігіп, жаппа құрып жатып, тау-тас кезіп жүріп тірілтудің отының алды, суының тұнығы ретінде өзі де тарихқа кірді. Жуырда сол кітап «Шоқан» деген атпен «Қазақстан» баспасынан кеңейтіліп, түзетілген күйінде екінші рет басылып шықты, бұл басылым көппланды, яғни онда Шоқанның тұңғыш толық  ғұмырнамасы жасалумен бірге Кенесары-Наурызбай қаза­сы­ның да жайы алғаш рет жүйеленіп, талдап берілген, десе де мен үшін осынау жойқын еңбектен гөрі сонау қалақтай алғашқы нұсқа ыстығырақ. Жақаңның орнында болсам, реп­ринт­тік басылым жасаған болар едім. Кітабың – өмірбаяның, ал өмірбаян­ды өзгертуге бола ма?!
«Шоқан менің көп уақытымды алды, бірақ ол өкінетін бейнет емес еді» деп Әлекең (Әлкей Марғұлан) айтпақшы, Шоқанның әбігері Жа­қаңа да біраз бейнет болғанымен, түбі хайыр. Жақаң «Шоқан ізіменнен» соң барған жерінде өзіне сеніп тапсы­рыл­ған басылымды алдыңғы ба­сы­лым­дардың алдына алып шығумен қатар редакциялық мүмкіндікті тиім­ді пайдаланып кітап жазуын әдетке айналдырды. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Қазақ шежіресі» зерттеуі осылай жасалды. «Ана тілінде» жүргенімде кәтекі қалам­гердің бұл материалды қалай жинағанын, құдды қазіргі шоу-бизнестің атжалман продюсері  іс­петті халықты қызған үстіне қыздыра түсіп, материалды қалай еселеткенін (аз уақытта 2 мыңнан аса шежіре түс­ті) өз көзіммен көрдім. Жеті атамды айтар алдында міндетті түрде қағазға қа­рап алатын мен осы істі ат басындай алтын берсе де атқара алмас едім.
Жақаң өзі тұғырдан көтеріп, төрге шығарған сүйікті «Ана тілінен» талант-тәжірибесі толысқан, басылымды «Ұлт газеті» деңгейіне көте­рейін деп тұрған кемел шағында қол үзуге мәжбүр болды. Бас жарылып, көз шыққан дәнеңесі жоқ. Белгілі жай емес пе, көңіліне ұнамаған адам­ды қызметтен нарықтың әлегіне, тағы бірдеңелерге сайып босата салатын. Сөйтіп Жақаң  Астанаға ауысып, жаңа қала, соны ортада өмірінің жалғасты кезеңін табулараса – таза парақтан бастады. Тағы да мігірсіз ең­бек, тағы да тынымсыз ізденіс. Ал­ла­ның адамға тартқан сыйының бірі жағдайға бейімделе алу ғой, – ҚазАқ­па­рат агенттігінің қазақ контентіне жауап беретін бас редакторы мұнда да жұмысты жаңа сапаға көтеріп әкетті: өзіміздің «қара орыстармен» жағаласып жүріп, ұлттық мазмұнды көбейтуге қол жеткізді, елімізде бі­рін­ші болып шетелдегі қандастары­мыз­ға арнап араб және латын қаріпті ақпараттық прейс-парақшалар жүйе­сін жасап енгізді (қазір осы тәжірибені «Қамшы» сайты сияқты ұлттық интернет аясы сәтті пайдаланып жүр). Техниканың  тілін өзің біліп тұрма­саң, тіліңді кім алады?! Осыны ұққан Жа­қаң аз уақытта заманауи ақпарат­тық технологияларды еркін меңгеріп ал­ды. Сол білгенінің арқасында ин­тер­нет-ресурстардың ұшы-қиырсыз айдынында еркін жүзіп, нәтижесінде көптен көкейде жүрген ойын – қазақ тарихының арғы түркі кезеңдерін зерт­теу ісін жүзеге асыруға кірісіп кет­ті. Ғұн тарихының үлкен білгірі От­то Маенхен-Гельфеннің «Ғұмыр бойы жаңалық ашуға арбалумен жүріппін» деген сөзі Жақаңа да қара­тып айтылғандай.
Негізінде Жарылқап Бейсенбай­ұлы интеллектуалды тарихқа Шоқан арқылы келген деу жөн. Байқаған адамға, Шоқанның жазғандарында арғы тарихымыз бойынша  әдістеме­лік ойдың ұшқындары бар. Бірақ Шоқан­ның кезінде ориенталистика енді-енді қарақаттанып келе жатқан. Одан беріде ол, соның ішінде Батыс түр­ко­ло­гиясы орасан ілгері кетті. Азияның Еуропаға барып өзін тауып жатқаны сияқты, бертін темір дарбаза құла­ған­да шетел ғалымдарының шығар­ған кітаптарынан өз тарихымызды өзіміз ашып, талып қала жаздағаны­мыз бар. Сонымен бірге оларда даусыз жетістіктермен қатар еуроцентристік көпе-көрінеу бұра тартушылықтар­дың орын алғаны да анықталды. Егер соларды орнына қойып, түркілік нұс­қалы материалдарды пайдалана отырып тосын факт ұсынып, тыңнан дәлел келтірсе, екеуінің арасынан Қо­жекең айтатын «дегенбай» шашпа палау шығар еді. Бірақ содан бергі ширек ғасырдай уақытта біздегі тарих ғылымы түр­кология бойынша ауызға аларлық еңбек бітіріп тастады деу қиындау болып тұрғаны. Бәлкім, осы тақы­рыпта жарияланып жатқан мақала­лар, шығып жатқан кітаптар бар шығар, бірақ соларды біз – қалың оқырман оқымасақ, ой елегінен өт­кізіп талқыламасақ, сөйтіп семген санамызды селт еткізбесек, одан не пайда?! Біле білгенге, тарих дегеніміз, ең алдымен, біздің осы заман шын­дығы туралы түсінігімізді жылдамдататын ерекше ғылым ғой. Оны білуіміз тарих доңғалағы неге басқа жолмен кеткен жоқ, неге дәл бүгінгі күнге бастап әкелген сүрдек соқпақ­пен дөңгеледі деген сауалға толымды жауап алуымызды және болашағы­мызды ой көзімен көріп, болжауымызды жеңілдетпек. Ондай жауапқа, ондай болжауға бүгінгі академиялық ғылымды дендеп алған оқтау жұтқан­дай стандарттар, санада сартап болып сіңіп қалған тұрақты тұжырымдар мен біржақты қағидалар ырық берер емес, содан да тарихымызда аламыш-аламыш ақтаңдақтар мен бозтаңдақ­тар аяқ алып жүргісіз. Қиыны – «ака­де­мияның қалбырға салып тастаған май шабақтарының» (Қалтай Мұха­мед­жанов лұғаты) жалпылама тео­рия­лық мәселелерді одан өткен жал­пылама сөздермен әуезе еткен ұзын-сонар дерексіз дүниелері жұрт­тың тарихқа деген көңілін әбден суытып біткенін олардың өздерінің де жете сезінбеуі. «Жарлыны хан қойсаң да көжені айтады» демекші, он тарих институтын ашып берсең де баяғысы­нан танар түрі жоқ. Одан да қиыны – өз беттерімен тарихи зерттеулерге барған басқа мамандық иелерін, соның  ішінде жазушы-журналистерді осы тақырыптар бойынша зеңбірек добы жететін жерге дейін маңайлат­пауы.
Алайда, әр нәрсенің өзіндік шегі бар. Лосев дұрыс айтқан: «Блаженны учёные-профессора, ибо скоро скиснуться они на своих факультетах!». Осы сөздің дәлеліндей болып соңғы жиырма жылдың өресінде қоғам ха­лықтың талап-сұранысына орай өз ішінен тарих жазатын оншақты ұс­тын авторды екшеп шығарды: Қазақ әлемін құбылыс ретінде ке­шен­ді зерттеудің керегесін керіп кеткен жазушы-журналист Ақселеу Сей­дім­бек, қазақ тарихын арғы дәуірлердегі түркі өркениетінен іздеген ақын Олжас Сүлейменов, марқұмдар – журналист А.Айзахметов пен географ Серікбол Қондыбай, ілгергі орта ғасыр­дағы түркі тарихын қопарған жазушы-журналист Қойшығара Салғараұлы, жазушы Тұрсын Жұрт­бай, кейінгі орта ғасырдағы ұлттық тарихты тесіле зерттеп жүрген жазушы Әнес Сарай және жазғандарына жазушы-журналист деп қол қоятын Жарылқап Бейсенбайұлы (байқайсыз ба, дәуірлер қалай әдемі қиылып бөлін­ген!). Жақаңның зерттеу ныса­ны­ның ерекшелігі – қазақ-түркі тарихын ізерлеуді адамзат тарихының елең-алаңынан бастауы және мұны нақты тарихи-жағырафиялық аяда – Орталық Азия (Хартленд) аймағы бойынша алуы. Жиырма жылға созылып келе жатқан осы азапты да мігір­сіз жұмыстың алғашқы нәтиже­лері «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» (Алматы, «Қайнар», 2006) және «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» (Астана, «Ғылым», 2015) деген атпен екі кітап түрінде жарияланды. Бірі 20, екіншісі 30 баспа табақ­тан тұратын іргелі еңбектер. Біз пақыр әудем жерден көрінетін омақаға сүрініп, апталарды безбендей алмай жүргенімізде, Жақаң мың­жыл­дықтарды мұрнынан тізіп, кө­ген­деп тастапты. Ал сен пақыр ап­таларды ғана безбендей алатынды­ғыңнан үнемі-ұдай «анау неге олай, мынау неге бұлай» деп келетін қап­таған жауапсыз негеш сұрақтар­дың қоршауында жүргенің. Әсіресе ке­кір­елеп олай-бұлай шығып, ел көріп, жер тани қалғаныңда әлгі сауалдар ми қыртыстарыңда жауап тілеп анталай тізіле қалатынын айтсайшы: ирантекті Тәжікстандағы көне мекендер неге фарси забониша емес. таза қазақша Айхан, Шортақай деп аталады? Айханың Айхан, ал Шорта­қай – «шортанның шабағы» ретінде тек қазақ тілінде сақталған емес пе Грузиндерге қазақтың «көше» дейтін сөзі сол өз мағынасында қалай жұ­ғыс­­ты  болған? Тіпті хан қала­сы­ның аты Тбилиси – «жылы су» дейтін мағынасымен тілімізге өте-мөте ұқ­сап тұрған жоқ па? Гректер желаяқ, жүйрік кісіні «Аякс» дейтіні, ал қа­сап­шыны «хасап» атайтыны қалай? Ханзу жұртының  нанды «нан», апаны «або» дейтініне жол болсын?! Пе­рудегі шөлстанның Атакама аталуы нелік­тен? Тынық мұхиттағы Мальта аралы мен Байкал-Ангара­дағы Мальта тұрағының аттарының бір мағынаны – малта тасты білдіруін немен түсін­діруге болады? Мальта қайда, Байкөл қайда!? Міне, осылай-осылай кете береді… Тамашасы сол, осы және өзге де жауапсыз сұрақ­тарымызға Жақаң­ның қос кітабы нақты жауап береді.
Бұл еңбектер негізінде компилятив, соның ішінде әрқайсысы 300-дің үстіндегі ғылыми қайнарларды бір жерге топтап, әр бөлім, әр тараудың ретімен сүзіп талдап, қорыту арқылы бірнеше пікірдің ортасынан ортақ түйін шығаратын сүлделеу (силлогизм) әдісімен жазылған. Егер сол пайдаланылған дереккөздердің парақ­тарын ұзыннан ұзақ жайып тастар болсақ, құдай біледі деп ай­тайық, теңіз кешкен Магеллан сияқ­ты жер шарын бір рет орап алуға қаптал жетер еді. Ал енді осы ұшы-қиырсыз кітап-мақаланы тек оқып шығудың және жай оқымай, ішіне түсіп оқу­дың, әр жерде шашылып жүрген бол­­жамды идеяларды қиыр­дан жиып, қиыннан қиып, топшылауын көпей, жүйелілігін дөкей етіп негізгі мақсатыңа қызмет еткізудің тозақы азабын айтсайшы. Бұл мақала соның бәрін жіліктеп талдап жататын жер емес. Жақаңның бұл еңбегіне бізге дейін Жанат Елшібек, Ержан Уәйіс, Болат Шарахымбай, Мәриям Қы­рым­лы секілді қаламы ұшқыр, ойы үшкір авторлар рецензия мақала арнап, бағасын беріп қойған. Сондық­тан келтесінен қайырғанда әңгіме былай.
Ж. Бейсенбайұлының зерттеулері алдымен түркі тектес жұрттардың талай мыңжылдықтарға кететін тарихы бар екенін қандай да болсын тірі ағзада биологиялық ақпаратты сақтап, ұрпақтан ұрпаққа бұлжытпай беріп отыратын тірі торша (клетка) өзегіндегі нуклеин қышқылы арқылы пәк тұрарлықтай етіп дәлелдеп берген ДНҚ-генеалогиялық зертте­ме­ле­ріне арқа сүйейді. Гаплотоптарды талдау нәтижелері түркі этносы мен тілінің ілкі бастауы бұдан 50-60 мың жыл бұрынға кететінін көрсеткен. Яғни осы тарихи уақытта шығыс ностра тобындағы ілкі алтай, түпкі түркі тілді қауымдар Жерорта теңізі мен Шығыс Азия аралығындағы алып аумақта тұтаса қоныс теуіп жатқан. Бұдан да дәлірек айтқанда, ең ілкі атажұрты – Таяу Шығыс (біз жақтан қарағанда Таяу Батыс). Соңы­ра басым көпшілігі шығысқа қарай лықсыған. Бірқатары Солтүстік Ир­ан, Орта Азия жерінде орнығып қалған, өңгесі Алтай-Саянды қуалап, жол-жөнекей көшінің  және бір бөлі­гін сонда қалдыра отырып, Беринг бұ­ғазы арқылы Америка асқан да, кейін «үндіс» атанған. Ілкі омарта жерде қалып қойғандары – шумерлер. Минусин ойпатындағы Афанасьев малшылар қауымы, олардың мұрагерлері Андрон, Арқайым (Ара­қайың), Ботай мәдениеттері, сондай-ақ Енесай-Днепр ара­лы­ғын­дағы Көнешұңқыр (Көнежам) мәде­ниеті, бұлардың барлығы да түркілік сипатта болған. Бір-бірімен қазіргі түркі тілдеріне жуықтайтын диалек­тілерде ұғыныс­қан. Бұл қауымды тек үнді­ирандық деу қате. Арғытүркілер еуропеид әлпетті болғандықтан Батыс ғалым­дары оларды үндіеуропалық дей берген. Ал негізінде жабайы жыл­қыны қолға үйрету, сүйек ауыздық, үзеңгі жасау, арба міну әлемге осы арғытүркілік ортадан тараған. Алғаш қымыз ашытып, жылқы малын со­ғым­ға жыққан да ботайлықтар екен­дігі анықталып отыр. Қорытып айт­қанда, арғытүркілерге тән ежелгі атамекен, қазір айтылып-жазылып жүргендей, Саян-Алтай мен Ордос арасындағы кеңістікпен ғана шек­тел­мейді, ол – Хинган мен Каспий аралығын қаусырып жатқан күллі Орталық Азия аумағын қамтиды. Автордың пайымдауынша, Батыс және Ресей ғалымдары соңғы кездері ғылыми айналымға қосқан сан түрлі археологиялық, остеологиялық, этнографиялық, мифологиялық, топонимикалық, этнотектік, глотто­генез­дік, лексика-семантикалық және ДНҚ-генеалогиялық деректер осылай демеске лаж да қалдырмайды. Бұл бағалы мәліметтердің қазақтар­дың зәузаттық төркіндерінен бәз-баяғысынша табылуы – халқымыздың бағзы түркі ата-бабасының ұйық жұртында отырғандығының, яғни автохтондығының даусыз дәлелі. Осылайша Жарылқап Бейсенбайұлы түркі тілдері тарихын 2-3 мың жылмен шорт қайырып жүрген еуроцент­ризм­ді, алтайлық қауымдардың пай­да болу ареалы мен түпкі тілі бастапқы қалыптасқан кеңістікті Алтайдан батысқа қарай шығармай­тын «үндіеуропалық» теорияны ақырындап, бипаздап отырып және еуроцентршілдердің өз материалдарына сүйене отырып талқандап шығады. «Өзі құрған торға өзі түсті» деген осы (Батыстың еурокіндікшіл зерттеушілерін айтамын).
«Бипаздау» дегеннен шығады. Негізінде Жарылқап Бейсенбайұлы­ның кейінгі кітаптары – гипер­реа­листік еңбектер. Олар тарихи шын­дық қатаң, дәлме-дәл ғылыми дә­лел­­демелерге негізделгенде ғана ашылады дейтін қағида бойынша орындалған. Соған сай тарихи зерттеудің заманауи тәсілдері: нақ­ты­лық­тан дерексіздікке, дере­ксіз­діктен деректілікке көшіп отыру, салыстырмалы-тарихи, тарихи-жүйелі әдістер, сондай-ақ баяндау қисыны, тарихилық принциптері және салғастырудың, объектив­тілік­тің, дереккөздерге сын көзімен қа­рау­дың жалпы ғылыми әдістері аралас қолданылған. Осы қалпында оларда теңеу қуып, эпитет аулау былай тұр­сын, тілдік эквилибристиканың қан­дайына да орын қалмасы өзінен өзі түсінікті. Содан ба екен, Жақаң­ның тіл өрнегі, стилі осы жолы ептеп қасаңсығандай көрінеді, бірақ бұл сырт көздің үстірттеу әсері. Терең аңғарып қараса, олардан бәрібір екі қаңылтырды қосып, жымдастыра жауып жіберетін ауылдың кәтекі ше­бе­рі­нің әдіс-машығының ізін көр­гендейсің: автор ретті жерінде ғы­лы­ми лұғат пен халықи қара сөзді жі­лік­тің майындай ұйқастырып, тоғытып жіберіп отырады. Осы қасиет бір есептен мәліметкөзге, дерекке сүйенгіш таза ғалымдық ың­ғайды эссеистикаға жуықтатады. Қазақта бұрын ғылыми әдебиеттің де, көпшілік қолды әдебиеттің де мұндай түрі болмаған. Дәлірегі, болған, оның жарқын мысалы – 45 қара сөзімен тарихи эссеистика­мыз­дың негізін салып кеткен Абай. Бірақ ат беріліп, айдар тағылмаған. Ал Батыста пәнсалааралық зерттеудің бұл тәжірибесі инфороман, этно­-
г­рафиялық роман, т.с.с. деп түрліше аталып жүр. Оларда тарихи монографияны деректі прозаға, тіпті тарихи романға да ұқсататын көзқарас бар. Соған сай олар бұл дәйектеме-роман жанрын әрдайым көтермелеп, дем беріп отырады. Мысалы, 2015 жылы беларусь жазушы-документалисі Светлана Алексиевичке «У войны не женское лицо» деректі бестселлері үшін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді. Еуропалық оқыр­ман­ның  талғам-тұщымына  лайық­тап жазылған жағдайда жоғарыдағы нобелист кітаппен деңгейлесе алар­лық дүние біздің қаламгерлерден де шы­ғуы мүмкін, егер эссеистикаға деген көзқарасымыз жөнделген жағдайда. Кезінде тарихшы ғалымдар «жазғаны таза тарих емес» деп, ал географтар «таза география емес» деп бетбақтыр­май, қатарларына қабыл­дамай қойған Лев Гумилевтің басына келген әрі-сәрілік біздің эссеист жазушылары­мыз­ға да қатысты болып отыр. Со­лар­дың көбі Жазушылар ода­ғына мүше, алайда толық мағы­насындағы жазушы ретінде қабыл­дана бермейді десек қателесер ме екенбіз. Бұдан шы­ғар жол – Жазушылар одағы жанындағы деректі проза секциясын деректі проза және эссеистика секциясы етіп қайта құру.
Жақаң бүгінгі дөңгелектеу датасын – жетпіске келген атаулы күнін қашанғыдай еңбек үстінде қарсы алып отыр. Берекелі ел мерекелерін тойлап жатқанда, кейде қазып айтамын деп жүріп қажып та қалатын қаламгер «қара лашығында» компью­терін жүгері қуырғандай бытырлатып, қағаз бәдіздеуде. Мақсат айқын, іс нақты: Алладан уәсиет етілген борышын ада ету. Ойбай, ұмытып барады екенбіз ғой, ол бүгінде жур­на­лизм­мен де шұғылданады: жо­ғары­да өзіміз айтып өткен Ұлттық музей жанынан «Мәдени мұра» – «Культурное наследие» дейтін әп-әде­мі, ал ең бастысы рухани саламыз­ға аса қажет журнал шығарады. Ағылшыншасы омыртқаны бұтарла­ған­дай ағамыздың ара-тұра журнал­дың екі тілдегі нөмірлеріне қоса олардан бірде кем түспейтін халық­-
а­ра­лық тілдегі нөмірлерін де жасап қоятынын айтсайшы. Баяғы «Қазақ шежіресі» кітабын қайта қарап, қайы­ра сараптап, «Ұлы даланың ежелгі тарихының этномәдени төр­кін­дері» деген жалпақ иллюстрация­лық кітап ретінде Ұлттық музейдің «Қазына» сериясымен шығаруға әзір­леп қойғаны және бар. Кезінде Әлкей Хақанұлы «Сексеннен асқасын адамда біртүрлі бір шабыт пайда болады екен» деп өндіріңкіреп барып кетіп еді, сол айтқандай біздің Жақаңның да «порох» толы оқшантайының тығыны енді алынған сияқты. Тек осынау еселі еңбектері үшін атақ бері­ліп жатқаны, яки кеудесіне теңге-тана тағылғаны естілмейді. Себебі, өзі қолдан жасап алған және дүние­жүзілік тәжірибеде қолданыла­тын өте-мөте дұрыс принциптердің бірі – «Атақты сұрап алмайды, атақты ел-жұрт бастап, өкімет қолдап береді» де­генге саяды. Біз «Әр жазушының өзіне лайықты орны бар. Қай-қайсы­сына да лайықты құрмет көрсетілуі тиіс» десек те көнбейді. Атақсыз қазақ өзін сапсыз ожау секілді сезінер болар еді, ал Жақаңда ондай сезімнен дым жоқ. Ойлаймын: неде болса Ал­ланың назары түскен бұл кісі осылай ниетке рия, мақтангершілік арал­астырмай орташа жүріп-ақ үстем шығатынын біледі-ау деп. Ендеше бұл – өмірді түсінгені.
Осы қалпыңыздан танбаңыз, Жақа! Ешкімге жалынбай, қорынбай, аршып жатқан мезозойыңызды те­реңдеп қаза беріңіз, ал біз қадірлі ағалардың жанында қадірімізді арттырып жүре берейік.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ.

ПІКІР ҚОСУ