НАЙЗАҒАЙ БҰТАҒЫНА ҚОНАҚТАҒАН…
10.04.2017
1598
0

Таяуда Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қанипа Бұғыбаеваның туғанына 75 жыл толуына арналған салтанатты әдеби сазды еске алу кеші өтті. Шараны ақынның баласы, белгілі күйші Талап Қараш жүргізді.

Кәдірбек Құныпия­ұлы, ақын:
– Артында Талаптай ұлы қалған Қанипа мен Қанағат аға бақытты деп ойлаймын. Апа­йымыздың 75 жылдығы құтты болсын! Жаңа бейнебаяннан көрдіңіздер. Ке­зін­де Қазақ поэзиясының көп қам­қоршы­ларының бірі болған, шашы да теңіздің толқынындай бұйра­ланған Әбу ағамыздың өз қы­зындай болып, әрі батасын алып, кейін сол Тұманбай, Қадыр ағалардың сенімін ақтаған Қа­нипа апамыз өзінің биігіне көзі ­ті­рісінде көтерілді. Қазақстан Жазу­шылар одағында өткен талай мүшәйраларға қатысып, шоқтығы биік екенін көрсетті.
Кезінде мынау тұрған Ұзын­ағаш­­қа барып досым марқұм Есен­құл Жақыпбеков және Нұр­лан Әбдібеков, Рапбек, Әуелбек бәріміз бір поэзия кештерін өткізетінбіз, сонда Қанипа апамызда «мужской род женский род» деген болмайтұғын. Бізбен бірге тойлап, көптің ортасында шабыттана өлең оқыған кездері әлі көз алдымда! Поэзияда өзінің бір ғажап құбылыс екендігін көрсете білді. Мен облыстық «Жетісу» газетінде бірінші орынбасар болып біраз жылдар қызмет атқардым, сонда өлеңін редак­цияға жаңа жазып бастаған адамша имене әкелетін. …«Айналайын інім, мына өлең қалай, осы өлеңім ұнай ма, осы мен қандай ақынмын… деп кездескен жерінде пікір сұрап тұратын.
Сауық ЖАҚАНОВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Қанипаның өлеңдерін оқып отырып, Адам мен таби­ғаттың ег­із екендігін сезінесің.
«Адамның ашқым келіп қабақтарын,
Сезімді күн нұрына сабақтадым.
Үнімді көшкен бұлтқа
тыңдатқым кеп,
Найзағай бұтағына қонақтадым», –
дейді. Қандай ғажап! Тұнып тұр­ған сурет. Сол суреттерді қалай көре­ді деп таң қаласыз.
Ұлжан АйнАқұлова, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Қанипа апайымның қолы­нан талай рет дәм татып, ақылын ес­тіп өскен сіңлілерінің бірімін. Өзі аздап қожанасырлау болатын. Жыр кештерінде талай қызық әңгімелер айтып, шек-сілемізді қатыратын. Сондай кештердің бірінде «саған Алматыдан келген ақын-жазушылар ғашық болып қалыпты», – деді. – Ал мен Алтын екеуіңе бұрыннан-ақ ға­шық­пын деп күлдіргені де әлі есім­де. Негізінен алғанда бұл әу­лет өте талапты да дарынды отбасы. Қанипа апайдың қызы да әнші, әрі композитор. Менің репертуарымда Ләззаттың бірнеше әндері бар.
Базархан Қосбасаров, профессор:
– Бүгін бір жақсы кештің куәсі болып отырмыз. Мен Қанипа Бұ­ғыбаеваның отбасымен кіш­кен­тай кезімнен таныспын. Ол кездері біз 9-шы класс оқып жүр­ген баламыз. Сол кездері біздің ауылға Алматыдан Әнуар Мұқа­шев деген кісі басшы болып кел­ді. Жақсының жақсы­лығын айт дейді ғой. Не керек, сол кісі келген соң біздің ауыл гүл­де­ніп кет­ті. Неше алуан құры­лыс салынды. Ауылға өнерпаздар да келе бастады. Кәдімгі шертпе күйдің ше­бері, өнер зерттеуші Уәли Бекенов келгеннен кейін ауылға Қанағат Қарашев пен Қа­нипа әпкеміз келді. Күнде кешкі­сін думан бас­талады. Надежда Лушникова деген ақын келді. Тіле­палды Сатышев өзі актер, өзі Жам­былдың ұрпағы. Дабыртай ағалар, Базарбек Атшабаров.
Сол Қанипа әпкей, Қанағат, Уәли ағалардың өнеріне еліктеп, мен де өнер жолына түстім. Бүгін нағыз өнерді сүйетін, Қанипаның жырларын сүйетін тыңдармандар жиналған екен. Мына Талаптың да жан жары, Қанипаның тұңғыш келіні Зәуре Смақова бел­гілі сырнайшы ұстаз, Халықа­ра­лық деңгейдегі музыкант еке­нін де айта кеткенім жөн болар. Ал Қанипаның қыздары Ләззат пен Ләзиза аудан мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Мінеки, мұның бәрі кездейсоқтық емес.
Базаркүл Әжіқожаева, әнші, актриса:
– Әр жылдың наурызында Қа­нипа апаның үйіне жиналып, бәріміз тойлайтынбыз. Апай әде­биетке тартса, Қанағат аға ме­ні өнерге баулитын. Бір күні мені Қанипа апай шақырып алды да, «мен саған өзім шығарған әнімді берейін, орындап жүр­ші», – деді. Менің жолдасым Сағымбек те ән шығарады. Қа­нипа анамыздың көптеген өлең­деріне кезінде ән шығарған.
Рапбек Терлікбаев, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы:
– Барлықтарыңызды Жамбыл ауданы әкімшілігінің атынан бүгінгі әдеби еске алу кеші­мен құт­­тықтаймын! Ең алдымен ақ­ын анамыздың артында қалған үш жарығына аудан әкімі Жандарбек Ермекұлының дайында­ған Жамбыл атындағы сый-кә­десін тапсырайын. Мен өз басым Қа­нипа апаймен 20 жылдай көрші болдым. Ол кісінің шәкірті болдым десем болады. Сондай бір аңғал мінезді, ақ көңіл жан еді. Тәтем өмірден өткеннен кейін арнау өлеңдер, естелік эссе жаздым. Ағам мен Тәтем бақытты ғой деп ойлаймын. Орнында бар оңалар демекші, міне, бүгін ұрпақтары мұрындық болып, үлкен сарайда еске алып жатырмыз… Қазақ барда Қанипаның поэзияда ғұмыры ұзақ болмақ!
Әбетхан Тоқтаған, ақын:
– Менің түсінігімде ол кісінің бір қанаты поэзия болса, бір қа­на­ты ән екен. Ол кісі тіпті ән өнерін қуса да ғаламат әнші болатынына көзім жетті. Мен осынау әулетке бас идім.
Оралжан Масатбаев, қоғам қайраткері:
– Бұл бір есте қалатын кеш бол­ды. Ақын Исраил Сапарбай­дың «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» дейтін өлеңінің мазмұнын толтыратын ақын апамыздың ісі мәңгілік. Пифагор математик ай­тып кеткен екен, «Цифры это всё» деп. Міне, 19 деген сан, Құ­ран­­ның матема­тикалық негізі екен! Апамыздың иманы жолдас болсын!
Кеш белгілі өнер саңлақтары Құр­манбек Байқуатов, Әйгерім Қарсақбаева, Алтын Әліпбаева, Роза Шымырбековалардың өне­рі­мен өрілді. Сазгер Ләззат Қара­шева анасының сөзіне жазылған әсем әндерін әуелетті. Көркем сөз шебері, өнертанушы Анджела Мұхаммед Рахимова Қанипа­ның орыс тіліне аударылған жыр­­ларын оқыды. Жиында республикалық зағиптар кітап­хана­сының директоры, Алматы облысы, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Ерлікбай Бессат­ұлының алғыс хаты Талап Қарашқа табыс етілді. Талап Қана­ғат­ұлы кештің өтуіне қолдау көр­­сеткен Жамбыл атын­дағы қа­зақ мемле­кет­тік филармо­ния­сының бас директоры Жеңіс Сей­доллаға ал­ғысын айтып, «Күй Мұқағали» атты төл туынды­сы­мен Еске алу кешін түйіндеді.

Меруерт Жақсылықова.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір