ӘЛ-ФАРАБИДІҢ РУХЫ
Пірімбек Сүлейменов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,
саяси ғылымының кандидаты
Әбу Насыр әл-Фарабидiң еңбектерiнде саясат, мемлекет және билiк, құқық туралы ойлар жан-жақты талқыланды. Саяси философиялық мәселелердi қарастыруда араб-мұсылман философиясы көп жағдайда ежелгi грек философиясына, әсiресе Платон, Аристотельдiң көзқарастарына сүйендi. Саясат, олардың көпшiлiгi үшiн өздерi «қайырымды қала» деп ат қойған идеалды мемлекет iстерi туралы ғылым болып саналды. Мұндай қалалар ретiнде олар бiрге тұрған, мақсаттары бiр, бiр басшылыққа бағынған шағын қауымнан бастап Араб халифатына дейiнгi адамдар қауымдастығын түсiндi. Грек дәстүрлерiн мұсылманның саяси өмiрiмен байланыстыру араб-мұсылман философиясының барлық тармағында өз белгiсiн қалдырды.
Әл-Фарабидің бірқатар трактаттары қоғамдық өмір туралы («Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің афоризмдері», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақытқа жету жөніндегі кітап», «Бақыт жолдарын көрсету» және басқа шағын трактаттары).
Әл-Фарабидің қайырымды және қайырымсыз қалалар туралы ілімі түп тамырымен Платон және Аристотельдің мінсіз мемлекет және мемлекет түрлері туралы ілімінен бастау алады. Алайда, Платон мен Аристотельдің мінсіз мемлекеттеріне қарағанда әл-Фарабидің қайырымды қаласында қауымдар көп. «Қайырымды қалада бес бөлік бар: аса лайықты тұлғалар – ораторлар, есепшілер, батырлар және байлар. Аса лайықты тұлғаларға даналар жатады…Кейін дін қызметшілері және ораторлар, ал нақты айтқанда шешендер, ақындар, музыканттар, жазушылар…
Есепшілер деген – есептейтіндер, геометрлер, дәрігерлер, астрологтар және соған сәйкестер. Батырлар – ол риториктар, күзетшілер… Байлар – ол қаладағы байлықты сатып алатындар, жериеленушілер, малшылар, сатушылар және оған сәйкес келетіндер». Әл-Фараби бұл туралы былай дейді: « Әр адам өзінің табиғаты бойынша былай орналасқан, адам өзінің өмір сүруі және жоғары дамуға қол жеткізу үшін және жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын көптеген заттарға және оның мұқтаждылығын ескере отырып, қандай да бір затты бере алатын адамдар тобынан кейбір заттарға қажетсінеді».
Фараби «Аса лайықтыларға даналар, ақылы бар адамдар және маңызды істерде беделге ие адамдар жатады» деп жазған. Антикалық Грекияда және ортағасырлық шығыста даналар деп негізінен философтарды атаған. Яғни әл-Фараби үшін ең лайықты қауымдағы орынға философтар ие болды деп болжам жасаған.
Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактаты» ойшыл дүниетанымының мазмұнды арналарының бірі. Трактатта ізгілікті қоғам болмысының негізгі тетіктері мен қажетті шарттары туралы жан-жақты талданып, зерделенеді. Мәселен, адамның табиғатынан көмекті қажетсініп, қоғам құруға бейілді екенін және адам қоғамының түрлері көптігін айтады. Себебі, әрбір адамның тіршілік етуі мен кемелділікке жетуі үшін қандайда болсын қауым керек.
Әл-Фарабиге сәйкес, қайырымды қала – шынайы бақытқа жету үшін адамдар бір-бірімен ынтымақтасып, бірге өмір сүретін қала. Қайырымды қаланың ерекшеліктерін анықтап, Әл-Фараби қайырымдыға қарсы қайырымсыз қалаларды және олардың қанша түрлері бар екендігі, олардың басқару түрлері мен әдістерін де назардан тыс қалдырмайды. Егер қандай да бір қала қайырымды қаланың қасиеттерінің біріне ие болмаса, оны қайырымсыз қала қатарына жатқызады. Сол себепті, философ Платон және Аристотельдің атап кеткен қалалардың бәрін қайырымсыз қалаларға жатқызады. Тіпті, философтармен басқарылатын Платонның мінсіз қаласы да қайырымсыз қала саналады. Себебі, әл-Фараби дана философтың басқаруы ғана қаланы қайырымды жасай алмайды деген.
Қайырымды қала туралы ілімде, азаматтық қоғамның мұраты көрініс тапқан десе болады. Өзінің «қайырымды» және «қайырымсыз» қалалардың әр түрлі мінездемелерімен классификацияларында Фараби қоғамның жетілдірілген әлеуметтік құрылымын қайта жасады. Ол қала – мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін береді.
Бүгінгі таңдағы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеялар түріндегі саяси бастамалар сөзсіз ұлы ойшылдың идеяларымен ұштасатыны анық. Әл-Фараби пікірінше, бақытқа қол жеткізу үшін қайырымды қала тұрғындары екі өмірде де бақытты болуға мүмкіндік беретін тәртіптілікке және имандылыққа талпынуы тиіс. Басқаша айтқанда, бұл қайырымды қала тұрғындарының бірлігі мен жақындастығын білдіреді. Дәл осыны «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын құруға қатысты да айтуға болады. Біздің еліміз бен мемлекетіміздің болашағы Қазақ-станның әр тұрғынының, өзіне, отбасына және өз еліне қатынасына байланысты. «Мәңгілік Ел» біріккен ұлттық идеясы ұлттық, тілдік және діни айырмашылықтарға қарамастан барлық жас өкілдеріне жақын болуы тиіс. «Мәңгілік Ел» – ең алдымен жалпы қазақстандық үйдің ұлттық идеясы және біздің ұлы бабаларымыздың арманы.