Жастық жыры
07.04.2017
1765
0

Мағиза
ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ


АТТАНАРДА
Жаз жымиды бар алдыңда ызғар деп,
Оған бола көңілімді бұзғам жоқ.
Әуресі бір басынан асатын,
Бұл қаланы жақсы көрдім сіз бар деп.

Қалауыңды таба алмайды кейде ешкім,
Көше кезіп сіз туралы ой кештім.
Ыс түтіннен көздері удай ашыған,
Жапырақпен сыбырласып сөйлестім.

Күндізгідей жарық екен кеш тіпті,
Тыныштықта жапыраққа ес бітті.
Көліктерден көре алмапты, ал кеште,
Бір-екі рет үніңізді естіпті.

Жан дертінің тапқан әрең бір емін,
Дауысыңыз тым жағымды білемін.
Кім туралы сөйледі деп сұрауға,
Бата алмадым, діріл қақты жүрегім…

Моншақ сырмен тебіренттім түн ішін,
Аңсаттырды күмбірлеген күміс үн.
Бұл қаланың біртүрлілеу ауасын,
Аттанарда жұттым тағы сіз үшін…

ЖҮРЕ БЕРСЕМ ҚАЙТЕДІ
Бір көргеннен ұнағасың сен маған,
Мен де сені ұнатып.
Бәрін кері жасайды екен кейде адам,
Сезімдерді жылатып.

Жүрегіңе өңгеріліп мен кеттім,
Қиялым боп қап қойдың.
Жиі-жиі есіңе алып сен де өттің,
Тұтқынымын тәтті ойдың.

Өмір кілең тұрмайды екен назыңнан,
Ғажайып бір күй кештік.
Сәтті шыққан бір әуеннің жазылған,
Мәтініндей үйлестік.

Жете алмадым жоқ сияқты ой шегі,
Бір сағыныш тербейді.
Жүрегіңде жүре берсем қайтеді?
Жерге түскім келмейді!

ЕРТЕГІ-ЖЫР
Еліктіріп ертегіден,
Айтпаңызшы үзінді.
Сіздің ұйқы тыныш па еді?
Біздің ұйқы бұзылды.

Шаршағанмын сағынудан,
Аза бойым қаза боп.
Сіздің ойлар қандай күйде?
Біздің ойда маза жоқ.

Көрген тәтті түс едіңіз,
Жорушы жан табылсын.
Биік ұшқан құс едіңіз,
Жетпегенде сабылсын.

Сізді қайта көрмейтіндей,
Төзім неге кемейді?
Біздің жүрек қимай тұр ғой,
Сіздің жүрек не дейді?

* * *
Тілдеме алмай жынданасыз,
Тесіп өтіп жебе мұң.
Мені әркімнен қызғанасыз,
Түсінемін себебін.

Бір қалада тұрмағасын,
Тағдырыма көнемін.
Шым ойларға шырмаласыз,
Тимейді еш көмегім.

Көрген бетте нұрланасыз,
Күле сізге еремін.
Кеткеннен соң мұң ғанасыз,
Несін іздеп келемін?

Жүрегімде бүр жарасыз,
Жанды нұрға бөледім.
Ойымда тек сіз ғанасыз,
Сізді жақсы көремін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір