Сөз – мінез
Ақ қағазға көк сияны жеделдете желдіріп, сөз сиқырын мінсіз меңгергеніңмен көп ортаға шыққанда ойыңа есі дұрыс екі ауыз жолды түсіре алмай әлек болатының бар. Мұндайда түнді таңға жалғап қағаз шимайлағаның да, қазіргі дәуір мен Сократтан тартып, сонау антикалық ойшылдардың ой тұңғиығына бойлағаның да бекер болып қалатындай. Өйткені, қай кезде де халық мінберде көсіле сөйлеген шешенді (егер ол шындықты айтса) жандарына жақын санаған. Сырлы әуенге құлақ құрышыңды қандырып, көкейдегі күйіңді күмбірлете тартқанын өз құлағыңмен еститін сәт кімге ұнамасын? Мұндай кезде іштегі мұң мен сырың сөйлеп тұрған сол сөзгердің көмейінде жанданып, толғағы жеткен тоқсан ауыз жолмен сыртқа шығып жатады. Қиқардың өзін қалыпқа салатын қасиетті сөз болса, оны айта білу де өнер екен. Өнер болғанда да екі сөздің басын құрап жеткізу емес, көкейден шыққан тыңғылықты ойыңды жиналған көптің жүрек сүзгісінен өткізу. Сөйлеудің ар жағында жауапкершілік деп аталатын жүгі ауыр міндеттің тұрғаны да осыдан көрінсе керек.
Дүниеге қамшы ұстар келсе «халықтың сөзін сөйлер азамат болсын!» деп тілек айтатын қазақ ежелден әрбір ойының астарына бір сыр бүгіп қалдырғандай. Сырт көзге бірін-бірі оңай мойындай қоймайтын қазақтың топ ішінде сөзімен оқшауланған тілуарды көргенде соншалық қошеметпен қолпаштай жөнелетініне таңданасың да, соңынан мұның бәрі сөз құдіретінің жемісі екен ғой деген ойға тоқтайсың. Әйтсе де «әр қазақ сөздің қадірін білген» деген тәмсілдің бар екеніне қарамастан, халқымыз не себептен айналасында жүргендердің бәрін сөзгер атай бермегенінің сырын ұққың келеді. Бұқар жырау меңзеген «шешімін таппас даулардың» шығуына да себепші шаршы топта сөйлеген «шешеннің» орамсыз ойлары екенін аңғарасың. Көп алдында қанша көсілгеніңмен бойыңа халықтық мінез дарымаса ел атынан сөз айтамын деу босқа әуреленгенмен бірдей болып көрінеді. Халықтық жадының адам сенгісіз кереметінің көрінісі болар, әдебиеттің өзін ғасырлар бойы ауыздан ауызға өткізіп, қазіргі күнімізге жеткізген ділмарларды естіп, дәріптеуге келгенде сөз таппай қиналасың. Қара сөздің қасиетін таныған ауыл ақсақалдарының өзі әлі күнге Жамбыл мен Нартайдың жырларын жатқа соғып отыратыны бар емес пе! Бойыңа ананың ақ сүтімен дарыған өнерің, әкенің қабағынан аңғарып, жүрегіңе сіңірген мінезің болмаса мінберге шығып даңғаза ойларды айтқаннан да ешбір абырой таппасың анық. Ел алдына шығып сөз айтудың өзі үлкен өнер екендігі өз алдына, мінезге де тәуелді көрінеді. «Екінің бірі ақын» десек те, халық жадында тек санаулы тұлғаларды сақтап қалыпты. Олардың артықшылығы неде екен деп санаңа сілку салар сан түрлі сауалдарға жауап іздеп кетесің.
Халық өз ішіндегі дертін дәл тауып басып, оны жан тебірентер жырымен ортаға салғанды – ақын, ал қызыл тілмен жеткізе білген кісісін – шешен дейді. Сөз қадірін түсінер басшыны төбесіне көтеріп, мерейін өсіретіні тағы бар. Әуелі көптің көкейіндегі ойды түйсігіңмен тоқып алып, оны көмейге келгенде көркемдеп жеткізе алмасаң жұрт атынан сөйлеуге хақың жоқтай көрінеді. Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп» жеткізе білудің өзі үлкен өнер екендігі. Қазақ қара сөзден қаймақ сүзген хас талантының бағасын жақсы білген. Содан болар, «халықтық ақын», «халықтық жазушы» деген тәмсілдер әдебиетімізбен бірге жасасып келеді. Халық кімді сүйеді, кімге сенеді, кімді үлгі тұтады деген сауал ертеден-ақ қалам ұстар әрбір адамды толғандырған болса керек. Сөз дарыған шешенді көргенде халқы да баласы көкпар шапса үйде отырып тақымын қысатын анаға ұқсап дүлдүліне қарап «апыр-ау, айта білсе екен» деп отырады. Айта білудің астарында елдің естігісі келген мұңы жасырынып жатқандай. Ақиқатында сахарада шөліркеп қалған жолаушының бір шөлмек суды дәмететініндей, ділмардан да халық мауқын басар нәрлі сөз күтеді. Мейлі сөз бастаған шешен, ел басқарған көсем, не болмаса тілдің көркін кіргізетін ақын-жазушы болсын, одан халықтың күтетіні – шындық. Топ ішінде дараланған біреу шындықты айтып тұрса, шыбық тисе де шыңқ етпестеріңнің өзі делебесі қозып, қолпаштай жөнелмей ме?
Көп алдына шығып сөйлеу қандай қиын болса, сол топтың ішкі әлемінде жасырынып жатқан дерттің тамырын дәл тауып басу, сонда тұрған әрбір адамның жүрегіне қозғау салу да оңай болмасы анық. Аудиторияда дәріс оқып тұрған дәріскер сондағы жиырма студентке осылай әсер ете алса, уақыт өте келе ол сүйікті ұстазға айналады. Құрметтеу де осыдан келіп туатындай. Адам жанына әсер ету арқылы мойындату әу бастан-ақ Құдайдан берілген қасиеттің таланттың ерік-жігерімен ұштасуы болса керек. Құлагердің топ жүйріктен оза шабуы, қыран құстың үнемі қиядан көрінуі, тумысынан тұлғасына тектілік дарыған ақтаңгердің әсірелеуден алшақ жүрері де кездейсоқтық еместей.
Бір сәтке көз алдымызға сансыз халық жиналған үлкен сахнаны елестетіп көрелікші. Мінберге ақын көтерілді. Сілтідей тынған тыныштықтан кейін шабыттың үні естіле бастады. Үйлесімге құрылған ғажайып картинаны көруге келгендердің жүзінен не өкініштің, не бір күмәннің табы байқалмайды. Бәрінің көзінде баяғыда ұмыт қалған сағыныш деп аталатын сыр жасырынған. Ақын көмейіне сыймай сыртқа ұмтыла шашыраған әрбір өлең жолдары бейнебір жиналған көпшіліктің көкейіне құйылып жатқандай. Құмға сіңген судай емес, өзенге құйған бұлақтай мөлдір. Сіздіңше, бұл мінберге шыққан ақынды халқының ол тек ақын болғандығы үшін ғана ұйып тыңдауының көрінісі ме? Көпті сөзіңе іңкәр ету үшін өлең, не монолог жазып қана шектелу аздық ететіндей. Жазған дүниең тау суындай тұнық болғаны өз алдына, сол толғамыңды көпке жеткізу үшін іштегі бұрқасын дауылды сыртқа, мыңдаған тыңдарманың сағына жиналған сахнаға да алып шығуың талап етіледі. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» демей ме Абай. Өлеңді жаза білумен қатар, өзің оқи білу де өнердің ішіндегі ұлығы. Тағы да бір сәтке қиялымыздың көкжиегіне көтеріліп көрелікші.
Ұлылыққа ұмтылған тәкаппар тіршіліктің шерлі құпиясын тарқатқан кім бар? Қаумалай қоршаған қарақұрым көпшіліктің толассыз шапалақ соғуына масаттанғандай оң қолын алдаспанша жоғары сермеген ақын өз өлеңін оқып тұр. Бір мезетте миллион адамның жүрек қылын үзіп түскендей болды. Жиналғандардың бірінің көзінде жас, ал енді бірі өлеңмен өрілген шексіздікке қайта-қайта қарай бергісі келеді. Ақын жырларымен бұрын таныс болмағандар жанындағы серігін түрткілеп, ым-ишарамен «Бұл кім?» деп сұрауда. Тұла бойды шымырлатар сырлы әуенге елітіп тұрған тыңдаушы «Евтушенконы білмейсің бе?» дегендей, сұрақ қойған серігіне таңырқай қарайды.
Бұл көрініс Евгений Евтушенконың Аугусто Пиночета режимі құлағаннан кейін Чилидің ең жоғарғы үкіметтік марапатын иеленіп, Ла-Монедадағы президент сарайы балконынан мыңдаған адамның алдында «Сантьягодағы көгершін» поэмасын оқып тұрған сәті. Оның бұл поэмасы Чилидегі төңкеріс пен президент Сальвадор Альенде қазасынан кейін туған еді. «Менің ең жақсы көретін дүнием – «Сантьягодағы көгершін». Ол мыңға жуық адамды өз-өзіне қол жұмсаудан алып қалды және бұл көрсеткіш келген хаттардан оқып білген мәліметтерімнің бір сарасы ғана» дейді Евтушенко. Жақында ғана оқырмандарын тастап, мәңгілік мекенге аттанған орыстың ұлы ақынының жырлары оның өз мінезіндей адуынды еді. Бұл көрініс ақын сахнаға көтерілгенде қылаң беретін. Айтпағымыз – ақынның да арасында көкіректегі лаулаған жалынды сыртқа шеберлікпен шығара білетіні, айта алатыны болады деген ой ғана. Ал сол шеберліктің астарында таланттан бұрын қалыпқа сыймас мінез жасырынып жатқандай көрінеді.
Халықтың ыңғайына қарап, бұрынғы бабалар философиясын меңгерген тұлғаның мерейі басқа елді былай қойғанда, өз елімізде қашан да құрметті екенін көреміз. Сөйлей білуді өнер деп атасақ, әрі қарай тереңдеп барғанда оның үлкен ілім екендігін де аңғаруға болады. Бұл ілімді грекше «риторика» деп атап, оған ағылшын ойшылы Фрэнсис Бэкон: «Риториканың мақсаты – өз ниетін табысты жүзеге асыру үшін ақылын қиялға қарай бағыттау. Әрине, «өз ниетін табысты жүзеге асыруды» «қоғамға әсер ету» деп те айтуға болады» деген анықтама береді. Сонда Бэкон айтқан «өз ниетін табысты жүзеге асыру» дегенге мән берсек, халық алдына шыққан әр адамның ішкі өз мақсаты болатынын және ол адам сол мақсатына қарай бағдар алатынын білу қиын емес. Сөйлер сөзге келгенде қиып түсер қылыштай қайсар мінезімен көзге түскен Қазыбек би он төрт жасында-ақ шешендігінің арқасында жоңғар ханына қарата «…Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» деп сөз семсерін жұмсаған күннен бастап Қаз дауысты Қазыбек атанды емес пе? Тұлымшағы желбіреген баладан бастап, бойына «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы сіңіріп, әділеттілікті аңсаған, шымбайына батса шындықты айтатын арлан мінезді құптаған да қазақ. Тұлғасына сөз дарыған кісіден қай кезде де ұлттық дәстүр мен халықтық мінез күтетінің де осыдан болар. Мұндайда «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлаған жыр алыбы ойымызға оралады. Халықтық мінез демекші, әр адамның өзіндік мінезі болатынындай ұлтта да мінез болады екен. Әйтпесе «жылқы мінезді қазақ» деген сөздер айтылар ма еді? Сөз өнерін бағалаған қазақтың сонау көшпенділік кезеңінен бастап ақын-жырауларды ерекше қадір тұтуының себебін іздегенде, олардың халықтық дәстүрдің темірқазығы екендігін ұғып, сауалыңа жауап тапқандай боласың. Жүйелі сөздің реті осындай болады екен ғой деп қазақтың қанына сіңген биязылығын көнбістікке балағандар халықтың атынан сөйлеуге өзін құқылымыз деп санап, тірілерді былай қойғанда, сүйегі асыл Абай мен Жамбылды тілдейді келіп! Өлгеннің артынан сөз айтпаған қазақтың қасиетті салты өзгергені ме? Әлде, бұл Абай айтқан бес нәрсенің үшеуі «өтірік, өсек, мақтаншақтықтың» қатар келген көрінісі ме екен. «…Мініңді ұрлап жасырып, Майданға түспей бәйге алма…» деген Абай сөзі ойға орала береді. Әсілінде бұрын да ондайлар болған. Бір қызығы, халық олардың ешбірін жадында сақтап қалмапты. Осыған қарап халықтық жадының қасиетіне тағы да бір қайран қаласың. Бір адам не болмаса бір топ емес, қалың бұқара халық жүрегінің төріне жайғастырған алыптарға бойындай ғана биіктіктен қарайтындарды кездестіргенде, санаңа сіңген ойлардың сапырылысқан тұңғиығына қайта сүңгисің. Сүңгисің де, «мыңмен жалғыз алысқан» Абай да, халықтық жадының бейнебір айнасындай Жамбыл да тұлғасы биіктеніп, өз тұғырында бекем тұрғанын көресің. Кейінгі толқынды былай қойғанда, тарихтың алтын тақтасына есімін қалдырған алыптардың өзін мойындатқызбайтын адам көкірегіндегі қандай күш болды екен? Әйтсе де, Құлагерге қастандық қылған Батыраштардай, шын мықтыны мойындамайтындардың болуы да заңдылық сияқты көрінеді. Олар бізге әділеттілік пен әділетсіздіктің, жақсылық пен жамандықтың, арсыздық пен адалдықтың формуласы жоқ болғанына қарамастан уақыттың өзі белгісіз бір дәлдікпен алыптарын аспандата түсетінін дәлелдеп тұрғандай.
Жамбылды миллион жол өлеңді жатқа айтқан деседі. Ел ішінде қарапайым халықтың ақынға деген көзқарасын сезінгенде, оның құдіреті халықтық әуенмен сүрленген тума талантында екен ғой деп ұғасың. Ішке сыймаған дарын өлең өрнегімен көркемделіп сыртқа шыққанда жарды соғып ағатын асау өзен толқындарындай арнаға сыймаса керек.
Сөз деп аталатын теңіздей тереңдікке бойлап кеткенде ол әлемнің құпияларына кезігіп, ойың сан саққа жөнеледі. Сергелдеңге түсіп, санаңда буырқанып қайнаған ой орамдарына сүңги бастайсың. Сол ойды қағазға түсіру қандай қиын болса, көп алдына шығып, сөз айту да сондай болып көрінеді. Мұның бәрі сөз деп аталатын үлкен ғимараттың ішіндегі жиһаздары ғана сияқтанады. Іштей «сөз алып, мен де сөйлеймін, мен де айта аламын» дейсің. Бірақ санаңның төрінде жан-жағыңнан қадалған мыңдаған көздер «сенің алдыңда да талайлар шыққан. Айтсаң, Бауыржандай тіліп айт. Айта алмайды екенсің, қасиетті сөзді қор қылма!» деп тұрғандай көрінеді. Осындайда халықтың мінезі, халықтың қалауы, халықтың арманы «Қара сөзімен» қазақты оятқан Абайдың қаламы мен Жамбылдың қабағында жасырынған екен ғой деп, ішкі рухыңды сеніммен суарып аласың.
Нұрлайым БАТЫР.