Сұрақ көп, жауап аз
Әрбір қоғамдық формация мемлекет тарихында өзіндік із қалдыратыны белгілі. Дамудың өзге саласына көшкен мемлекеттің өткеннен сабақ алып салауат айтуы оның әр басқан қадамын нықтай түсетіндей. Халықтың басынан өткен қилы кезеңнің мемлекет пен оның тұрғындарына тигізген салқыны іштегі кекті үдеткеннен гөрі жүрісті өндіруге қамшы болғаны абзал. Бүгін біз қазақ халқы бастан кешірген қилы кезеңнің халық жадында қандай із қалдырғаны туралы саясаттану саласында іргелі ізденіс бастап, соны пікірлер айтып жүрген Саясаттану мамандығы бойынша философия докторы (PhD), конфликтолог Мұхтар СЕҢГІРБАЙМЕН бір-екі ауыз әңгіме өткіздік.
– Өткен жылдар туралы айтқанда, көбіне біржақты көзқарасқа мойынсұнып кететініміз байқалады. Кеңестік кезеңге қатысты пікірлер екіге жарылып, бір жартымыз жатта кеп жамандасақ, қалғанымыз мақтауын асырып, өткенді аңсаймыз. Бұл көзқарастар нені білдіреді?
– Бұл «постимпериялық детерминизмді» білдіреді. Яғни біз қазіргі қазақ қоғамындағы бар мәселенің түп-төркіні Ресейдің отарлау саясатында жатыр деп есептейміз. Дәстүр-салттың ұмытылуы, отбасылық құндылықтардың төмендеуі, жемқорлық, ішімдікке құмарлық, тіпті ата-әжелерді қарттар үйіне өткізу, тастанды бала, суицид мәселелерінің туындауына сол Кеңес Одағы кінәлі дейміз. Анығында, бұған Кеңес Одағының соңғы жылдарындағы қайта құру мен жариялылық науқанынан бастау алған ұлттық ояну кезіндегі нарратив себеп болды. Қоғамдық пікірдің қалыптасуына әсер еткен ірі шығармалар, соның ішінде ғылыми, көркем кітаптар, спектакльдер, әндер, өлең-жырлардың барлығы «тағдырдың тезінен аман қалған» қазақ ұлтына 300 жылдық отаршылдықтың тигізген кесірі туралы айтты.
– Мұның бәрі дұрыс емес пе?
– Дұрыс емес деуге болмайды. Бұл – постколониалдық қоғамның даму заңдылығы. Үлкен жарақат алған ұлттар, әсіресе, постколониалдық қауымдастықтар осындай реакция білдіреді. Бірақ ол жарақаттарды емдеудің жолдарын қарастырған жөн. Мұнымен қоса, өзін қорсыну, өзгелерден қауіптену, интеграциядан қашқақтау сияқты сезімдерден арыла бастау керек. Мұндай постколониалдық ойлау жүйесі біздің рационалды ұлт ретінде дамуымызға кедергі жасайды. Біз әр нәрсенің астарынан жаушылдық іздеп отырғанда, басқа ұлттар ғылым мен техниканы, технологияны, өндіріс пен бизнесті дамытып жатыр.
– Мұның бәрін реттейтін жүйені мемлекет қалыптастырғаны жөн емес пе?
– Әрине, негізгі идеологияны қалыптастырып, бағыт сілтейтін, мәселелерді күн тәртібіне шығаратын – мемлекет. Қарапайым халық көп нәрсені мемлекеттің түсіндіруі бойынша қабылдайды. Бірақ ұлттық тарих, отаршылдық, ондағы Ресейдің ролі дегенге келгенде билік пен интеллигенцияның пайым-түсінігі бір-бірінен алшақтап барады. Бір қызығы – отаршылдық езгі, ашаршылық, қуғын-сүргін, Желтоқсан туралы ауыр жайттардың барлығын алдымен биліктің өзі күн тәртібіне шығарды да, кейіннен оларды кейін ысыра бастады. Ең бастысы – 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында отаршылдық дегенде сын садағы тиетін басты нысан – патшалық Ресей және оның жалғасы ретінде КСРО аталатын. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деген сөз жиі айтылатын сол тұста отаршылдық кезіндегі кеткен есемізді қайтаруда билік өте белсенді болды. Мәселен, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан тұлғалар Тәуелсіздік жарияланардан төрт күн бұрын ақталған. Бұған Семей ядролық полигонын жабу сияқты ірі тарихи оқиғаларды қосыңыз. Сол тұста биліктің өзі тарихтың ақтаңдақтарын ашуға көп күш салды. Бірақ кейіннен бұл үрдіс саябырсып қана қалған жоқ, мазмұны да өзгеріп, абстрактілі, қандай да бір ұлтпен қатысы жоқ «тоталитаризм» деген сияқты ұғымдарға қарай көбірек бұрыла бастады.
– Мұның себебі неде?
– Мұны өте қарапайым себеппен түсіндіруге болады. Коммунистік партияның шекпенінен шыққан саяси элита санасы оянған қазақ ұлтының көшбасшысы ретінде билік тізгінін қолына алып, оны нығайтуы керек болды. Алда мемлекетті құру міндеті тұрды. Экономикалық жағдай нашар болғандықтан және халықтың ішінде кеңестік кезеңнен қалған элитаға деген күмән болғандықтан, биліктің даусы қоғамдікімен үндес шыққаны жөн еді.
Бір жағынан тәуелсіздік эйфориясы басылған соң Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін ескере келе осы жолды дұрыс деп тапқан шығар. Яғни тарихтың ресми интерпретациясы «Ресей отаршылдығынан» «тоталитаризмнің сабақтары» сияқты нысанасыз бағытқа ойысуы 1995 жылы Конституцияны қабылдау кезінен басталды деуге болады. 1993 жылғы конституция Қазақстанды «өз мәртебесін өзі айқындаған қазақ мемлекеттілігінің формасы» деп таныса, жаңа Конституцияда «тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқына» айналды.
Сол кездегі Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі 2013 жылғы баяндамасы тарихқа деген ендігі көзқарастың қандай болатынынан хабар береді. Тәжин ХХ ғасыр тарихын «ұлттық» пен «тоталитарлықтың» қақтығысы ретінде сипаттайды, әрі тоталитаризм деген аяусыз машина ұлтына қарамай қазақты да, орысты да, украинды да, бәрін жаныштады дейді.
Оның үстіне билік тоталитаризмнің зардаптарын мысалға келтіру арқылы өзінің демократиялық сипатын дәріптеуге тырысады. Яғни кеңестік идеология «Зар заман ақындарын» патшалық империализмді, феодализмді сынауға пайдаланған болса, қазір де барлық жамандықты кеңестік кезеңге арту үрдісі бар.
– Мұны постколониалдық қорсынудан арылуға жасалған қадам дей аламыз ба? Өткеннің зардаптарына қадалып қалмай, алға жылжуымыз керек емес пе?
– Бірақ жарақатты жазу үшін оның беті ашылуы керек. Яғни тарихты зерделеу оны демократияландыру жолымен жүзеге асуы тиіс. Тарихи мұра тек жарияланып қана қоймай, оны түрлі көзқараспен интерпретациялауға мүмкіндік берілуі тиіс. Яғни отаршылдық тұсындағы жақсы мен жаманның бәрі объективті талқыға түсіп, пікір-таласқа арқау болуы керек. Ресейдің бұрынғы отарындағы постколониалдық көңіл-күй туралы объективті зерттеулер шетелдерде шығып, талқыланып жатыр. Мәселен, жақында Жапонияда тұратын ғалым Т.Дадабаевтың кітабы шықты. Оның жүргізген зерттеулері бойынша, Кеңес Одағының жүргізген саясаты түгелдей отаршылдық сипатта болмаған, социалистік мемлекет құру идеясы басты орында тұрған.
– Сонда сіз айтқан тарихи жарақатты жазу үшін не істеу керек?
– Біріншіден, ауыр тарихи оқиғаларға қатысты ашық пікірталас болуы керек. Мәселен, 1931-33 жылдардағы ашаршылыққа қатысты бірнеше пікір бар. Ең кең тараған пікір – Ресейдің қазақтарды қырып-жоймақ болған отаршылдық саясаты. Бұдан басқа «ұжымдастыру кезінде жіберген қателіктер» деген де пікір бар. Тың игеру, Желтоқсан, Арал мәселесі, полигондар – барлығы отаршылдықтың салдары саналады. Мұнда тек жылап-сықтау емес, бұл оқиғалардың қалай, неден болғаны анықталып, басқа колониалдық қоғамдардағы осы тақылеттес оқиғалармен салыстыра талдануы керек. Яғни тарихқа салқынқанды көзқарас қажет.
Екіншіден, халық көкейдегі сұрақтарына жауап алуы керек. Қазақтар орыс бодандығына өз еркімен кірді ме, жоқ па? Ашаршылықты геноцид деп тану керек пе, жоқ па? Желтоқсан ұлт-азаттық көтеріліс пе, жоқ па? Халық, әсіресе зиялы қауым өкілдері, белді тарихшылар бұл сұрақтарға саяси тұрғыда жауап берілгенін қалайды. Мәселен, М.Қойгелді сынды тарихшыларымыз қазақ халқының соңғы ғасырларда орыстардан үш рет ойсырай жеңілгенін айтады. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде күн тәртібіне шығып, содан бері көкейде қалып қойған осындай сұрақтарға жауап алмаса, сыздаған жара сыздап тұра береді.
Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.