Фантастиканың ертеңі
Атақты американдық фантаст-жазушы Артур Кларк өзінің журналистерге берген сұхбатында: «Фантастика – болашақтың әдебиеті, ал фантаст жазушылар – болашақ дәуірдің адамдары», – деген екен. Бұл пікірді толығымен құптауға болады, себебі, болашақты зерттейтін ғылым футурология сияқты фантастика да адамзат өркениетінің келешегін пайымдап, алдын-ала болжауға тырысады.

Футуролог ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, адамдардың ойлау қабілеті белгілі формацияның идеологиялық бұғауынан шығып жаңа бір деңгейге көтерілген кезде ғана қоғамда жаңашыл, жағымды өзгерістер болатыны хақ. Ал бұндай адамзаттың ой-өрісін өзгертетін факторлардың бірі әдебиет болса, оның ішінде фантастика жанрының ролі ерекше.
Өткен жылы белгілі жазушы, оншақты фантастикалық романдардың авторы Жүніс Сахиевтің шығармашылығы бойынша Қазұу-дың магистранты Иманова Айгүл Серікбайқызы «Жазушы-болашақгер Жүніс Сақұрпағының (Сахиевтің) авторлық сериялы ғылыми-болашақтық романдарындағы ғылыми идеялар» тақырыбында магистрлік диссертация қорғады. «Қазақ әдебиеті» газетінің 2016 жылғы 3-ші маусымдағы санында Шәмшиден Әбдіраманның «Фантастика – ғылыми ой-өрісті тәрбиелейді» мақаласы жарық көрді. Онда ол «ғылыми фантастика» терминін «ғылыми болашақтық» деуді, тегімізді қазақшалауды ұсынды. «Түркістан» газетінің 2016 жылғы 1-ші Желтоқсандағы санында Жүніс Сақұрпағының ( Сахиевтің) «Ғылым мен ғылыми жанрдың тірегі еді», «Қазақ әдебиеті» газетінің 2016 жылғы 2-ші Желтоқсандағы нөмірінде Жүніс Сақұрпағының (Сахиевтің) «Асыл мұраңыз ел игіліне қалады» мақалалары жарияланды.
2013 жылы Орынбай Жанайдаровтың іс-қимылының арқасында Қазақстан фантастикасының антологиясының үш томдығы орыс тілінде «Сөздік» баспасынан жарық көрді. Онда жеті жүзден астам жас авторлардың шығармалары басылды. Ондағы шығармалардың басым көпшілігі алдын ала баспасөзде жарияланған байқауға байланысты «Байқоңыр» ғарыш айлағының мәселесін қамтыды. Өзім осы жинақтардың бас сараптаушысы болғандықтан жарық көрген шығармалардың ішінде атап өтетін дүниелер болғанын айтар едім…
Фантастика жанрында жазатын жастар Қазақстанда баршылық, бірақ оларға үкімет тарапынан, қоғамдық ұйымдар тарапынан Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан қолдау ауадай қажет. Оларды жаңа бір шығармашылық деңгейге көтеру үшін фантастика жанрына қатысты түрлі байқаулар, басқа да іс-шаралар өте қажет!
Сонымен қатар, баспалар тарапынан маркетингтік зерттеулер жасалынып, фантастикалық әдебиеттің тұтынушыларға қажеттілігін анықтау өздеріне де пайдалы болар еді. Осындай кәсіби түрде кітаптардың қажеттілігін анықтау біздің нарықтық заманның міндетті іс-қимылы болуға тиіс.
Кітап шығару мәселесінде жарнама да дұрыс жолға қойылуға тиіс. Сонда ғана кітап саудасы өз деңгейінде өз қызметін жүзеге асыра алады.
Нәрбин Кенжеғұлова,
фантаст-жазушы
ПІКІРЛЕР1